ГАЗЕТ ҚАЛАЙ ТАРАТЫЛАДЫ? "ҚАЗПОШТАНЫҢ" ОБЛЫСТАҒЫ БАСШЫСЫМЕН СҰХБАТ

Уақыты: 28.06.2020
Оқылды: 1317
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», – дейді. Иә, жаңалықтың жаршысына айналған басылымдардан қай саланың маманы болса да, өзіне керектіні табады. Сондықтан, халық қажетті дүниелерін жылдам алу үшін газет дер кезінде қолына түсуі керек. Ол оңай шаруа емес. Бір ғана басылымды шығару үшін бірнеше мамандық иесі жұмыла жұмыс істейді. Ал ауа райының қолайсыздығына қарамай газет-журналдарды үйді-үйге тарататын пошташылардың жұмысы тіптен ерек. Осыған орай, мерзімді баспасөзді таратушылардың тыныс-тіршілігімен танысу, газеттің оқырманға жеткенге дейінгі процесін білу мақсатында «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының басшысы Мұхит КӘРІБАЕВПЕН аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Газетке мақала жазу журналистердің міндеті болса, дер кезінде тарату «Қазпошта» қызметкерлерінің жұмысы. Осыған орай, газет қалай таратылатынын, пошташылардың жұмысын толықтай тарқатып берсеңіз?

– Бұрындары газет редакцияның өзінде басылатын. Бүгінде тендерді ұтып алған баспахана басып шығарады. Мәселен, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері Алматы қаласынан шығады. Біздің мақсат – газетті уақытылы тарату болғандықтан қызметкерлеріміз таңғы сағат төртте Алматы қаласына барып, қос басылымды алып келеді. Содан кейін сорттау бөлімі оны әрбір ауданға бөліп, арнайы көлікке салып жібереді. Аудандағы қызметкерлер әр ауылға, газет толы сөмкелерін арқалап үй-үйге таратады.

Кейбір газеттер баспаханадан сортталып келеді. Бірақ барлық газет бір уақытта шықпағандықтан қызметкерлеріміз күні-түні жұмыс істеуге мәжбүр. Бұрындары газеттер шалғай аудандарға бір-екі күн кешігіп баратын. Қазір барлық басылым әрбір ауданға күнделікті, уақытылы жеткізіледі. Аудан орталығынан алыс жатқан кейбір шалғай ауылдарға ғана бір-екі күн кешігеді. Пошташылар күніне шамамен 10 келі сөмкесін арқалап, 10 шақырым жол жаяу жүреді. Сондықтан, оларға велосипед беріп жатырмыз. Газетті асыға күтіп, түске дейін жетпесе, мазасызданып отыратын оқырмандар көп болғандықтан, облысымыздағы 500 пошта бөлімшесінің 800-ден астам пошташысы барынша тез жеткізуге тырысады.

– Әр саланың өзіндік қиындығы болады. Ауа райының қолайсыздығына қарамай, жұмысын қалтқысыз орындайтын пошташыларда қиындық туғызатын қандай мәселелер бар?

– Аудан, қалаларға бума-бума газет тасығандықтан біз үшін бастысы – жол мәселесі. Бір ғана мысал, Алакөл мен Талдықорған ортасында жол жоқ десек те болады. Ойқыш-ойқыш жолдармен жарты тонна газет тиеп, күнделікті газет тарату қиынның қиыны. Өйткені, 3-4 сағат жүретін жерге 6-7 сағатымыз кетеді. Екі күннің бірінде көлігіміз істен шығып, жиі жөндетуге тура келеді. Қаламызда жаңадан салынған үйлер көп. Кейбірінің көшесінің нөмірі тұрмақ, аты да болмайды. Үйді  табу да мұң. Сондықтан, пошташының әрбір күні қиындыққа толы.

– Қазір айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған ғаламтордың дамыған заманы. Десе де, қолына ақ парағы мен қаламын алып, баяғыша хат жазысатын жандар бар ма?

– Иә, қазір әлеуметтік желі дамыған қоғам. Көбіне жұрт бір жаңалық қарау үшін смартфонға үңіледі. Осыдан екі жыл бұрын барлығы электрондық жүйеге көшуіне байланысты хаттың саны күрт төмендеп кеткен болатын. Әлеуметтік желінің де кемшіліктері көп. Жазған дүниең өшіп қалуы немесе басқа біреу электрондық жүйеңді бұзып оқуы мүмкін. Осындай мәселелер көбейіп кеткендіктен биыл қайтадан хаттың саны көбейіп келеді. Әсіресе, мемлекеттік мекемелер хат арқылы құжаттарын жібереді. Бір-бірімен хат жазысып сөйлесетіндер де жетіп артылады.

– Газетке деген көзқарасыңыз қалай? Газет көп оқисыз ба?

– Әр ауыл мен аудандардағы атқарылып жатқан жұмыстарды, тарихты, салт-дәстүрімізді, танымал тұлғаларымызды дәріптейтін мақалаларды оқу үшін шаңырағы киелі, айтары айшықты облыстық газеттердің әр шыққан санын қараймын. Республикалық газеттердің де бірін қалдырмай оқимын.

Газет – аймақ тарихы, ел шежіресі. Елімізде не болып жатқанын әрбір адам білуі керек. Жиі газет оқимын. Бірақ кейбір газеттерде қарапайым халық түсінбейтін күрделі мақалалар көп жазылады. Бала күннен газет оқып өссек те, кейбір сөздерді мүлдем түсінбей қаламыз. Кезіндегі басылымдар оқысаң, бірден баурап алатын, ұғынықты болатын. Сондықтан, мақалалар қарапайым халыққа түсінікті тілмен, жеңіл жазылса дейміз.

– Кейде оқырмандар газет кешігіп жетеді деп реніш білдіріп жатады. Газет қандай себептермен уақытылы жеткізілмей қалатынын айтып өтсеңіз?

– Газетті асыға күтетін оқырмандар көп болғандықтан, біз басылымды барынша ертерек таратуға тырысамыз. Десе де, кейбір шалғай ауылдарға газет кешігіп қалып жатады. Оған себеп – қаражат мәселесі. Ауылдағы пошташылардың жалақысы өте төмен. Біз өзімізді-өзіміз қаржыландыратын болғандықтан таситын газеттің санына байланысты еңбек ақы белгіленеді. Кейбіреуі шалғай ауылға газет тасығанымен ол жерде 10 адам ғана газетке жазылуы мүмкін. Он газет үшін бір көлік жібереміз. Пошташының жалақысы аз болғандықтан жұмысшылар жиі ауысады. Осының салдарынан газет уақытылы жетпей қалып жатады.

Жұмысқа үйренгенше газеттерді шатастырып басқа үйге тастап қоятындар кездеседі. Сондықтан, халықтың арасында наразылық туып жатады. Бірақ өрескел қателік жібергендер міндетті түрде жауапқа тартылады. Сенім телефонына хабарласқан жанның әрбір қоңырауына жауап беріп, арыз-шағымын тыңдаймыз. Егер пошташы кінәлі болса міндетті түрде шара қолданамыз.

Әйтсе де, қызметкерлердің барлығы жаман деп топырақ шашпаймын. Халық асыға күтетін пошташылар да бар. Бізге хабарласып, хат жазып мына қызметкеріңіз жақсы жұмыс жасайды екен деп жұртшылық алғыс білдіріп жатады. Тіпті, ауырып қалса, қалын біліп жазады. Әрине, халықтың ризашылығын алғысы келетін әрбір қызметкер аянбай еңбек етеді. Газеттерді барынша уақытылы жеткізуге тырысамыз.

– Пошташылардың тұрғындарға айтар өтініші қандай?

– Газетті дер кезінде тарату – біздің міндетіміз. Бірақ басылымды қанша жедел жеткізгенімізбен оны күтпек түгіл, пошта жәшігін орнатпаған үйлер әр өңірде жетіп артылады.

Осындайда газетті қайда тастаймыз? Жер үйге кірейін десең, иттер байланып тұрады. Әр үйдің қашасына қыстырып кетеміз. Көпқабатты кодталған үйлердің есігін аша алмай, әр пәтерге хабарласып немесе сыртқа адам шыққанын күтіп тұрамыз. Ішіне кіргенімізбен көбі есік ашпайды. Амалсыз тағы есік сыртына қыстыруға тура келеді. Сыртта тұрған газетті басқа адамдар да алып кетуі мүмкін. Осыдан кейін газет келмеді деп наразылық білдіреді.

Біздің өтініш – әр үйге пошта жәшігі орнатылса. Бір жылдың ішінде 6 пошташыны ит қапты. Жол жөнделіп, жабайы иттерге шара қолданылса дейміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан - Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы