"ЖОЛЫ ҚИЫН": БҰРҚАНБҰЛАҚ САРҚЫРАМАСЫНА БАРЫП КӨРДІҢІЗ БЕ?

Уақыты: 29.06.2020
Оқылды: 1926
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жетісу жерінің тау-тасы, өзен-көлі, орман-тоғайы, шөл даласы өзінің сұлу келбетімен адам баласын қашан да тәнті еткен. Осындай табиғаттың барлық түрін бір ғана Жетісу жерінен табуға болады. Киелі жерлер мен тарихи жәдігерлерге толы орындары тағы бар. Жетісу жерінің тылсымға толы табиғаты адам баласының өмірге құштарлығын арттырып, көңілге еріксіз тамаша көңіл-күй сыйлайтыны белгілі.

Сондай тамаша табиғаттың бірі - Жетісу Алатауының Қора шатқалындағы күнгей жар қабақтан сарқырап ағып жатқан Бұрқанбұлақ сарқырамасы.

Бұрқанбұлақ сарқырамасы – Азиядағы ең биік сарқырамалардың бірі. Сарқырама төрт бөліктен құралады. Жалпы ұзындығы 168 метр биіктікті құраса, көзге көрінетін төртінші бөлігінің ұзындығы - 114 метр. Сарқырама сай ішінде ұзыннан ағып жатқан Қора өзеніне құяды. Сарқыраманың бастауы сонау биік шыңдардағы қардың еріген суларынан басталып, жол бойы тұма сулары қосылып арнасы үлкен Сарқыраманы құрайды.

Жан-жақты қоршаған таулардың жақпар-жақпар жар-қабақтары, қараса көз жетпейтін биік шыңдары, сай ішінде қаулап өскен шыршалы орманы сұлулығымен адам баласын ерекше баурайды. Сай іші соны шөп. Шатқалдың күнгей жағы шағыл тастар мен бөргез, қалың жынысты бақатал мен аршалар өскен. Флора-фауна түрлерінің басым көпшілігін осы жерден табуға болады. Қызыл кітапқа енген өсімдіктер мен емдік шөптердің түр-түрі бар. Олардың ішінде марал жусан, жылқы сарымсақ, шәй шөп сынды өсімдіктер де бар. Биіктіктен төмен қарай екпінмен құлдилап құлап аққан тау суының күнге шағылысқан ұсақ тамшылары әртүрлі түске боялып, кішігірім кемпірқосақ құрайды.

Экзотикалық табиғаттың осы бір сұлу көрінісі тұла бойыңды сергітіп, күллі жан-дүниеңді емдеп шығаратындай. Өзен бойынан бастап тауға қарай өрмелей өскен биік шыршалар қараса көз жетпейтін биік таулармен таласатындай. Жаз мезгілі шыға сала Бұрқанбұлақ сарқырамасын жан-жақтан келіп, арнайы тамашалаушылардың саны артуда. Жақын жердегі Текелі, Қапал елді-мекендерінен бөлек, Алматы, Талдықорған сияқты қалалардан, тіпті, қала берді шетелден келушілер де көптеп кездеседі. Мұнда келген адамдар үшін арнайы жататын орындар салынған.

Жетісудың асыл қазынасына айналған Бұрқанбұлақ сарқырамасы Қазақстанға да, алыс-жақынды шетелге де танымал. Өзіндік сұлу табиғатымен баураған әсем табиғат кімді де қызықтыратыны белгілі. Яғни, Отандық туризмді дамытуға қолайлы жер.

Табиғат адамзаттың бір бөлігі десек, осындай көркем табиғатты көргісі келетін адамдарға жағдай жасалу керек деп ойлаймын. Басты мәселе Бұрқанбұлаққа келетін жолдың тым қиын екендігі. Келушілер Текелі арқылы көтерілетін жолдың жарамсыздығына қарамастан, Қапал арқылы Ойжайлаумен көтеріліп, ирек арқылы түседі.

Бұл - Бұрқанбұлаққа қызығушылардың жыл сайын саны артуда деген сөз. Ата-бабаларымыз біздерге қалдырған осындай тамаша табиғатымызды қаз-қалпында келешек ұрпаққа аманаттап қалдыра білу үлкен іс. Қолда бар алтынның қадірін біліп, аялап, қорғай білу – өзіміз үшін ғана емес, келешек ұрпақ үшін аса маңызды екенін ұмытпайық.

Қалқаман АБДРАХМАНҰЛЫ,

Ақын Сара мемориалды музейінің қор сақтаушысы

Алматы облысы