КҮМІСТІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ: КӨЗ ТИЮДЕН ҚОРҒАЙ МА?

Уақыты: 12.07.2020
Оқылды: 1666
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақ дәстүрі ұғымында ай сәулелі жылтыр күмістің ем, тазалық беретін қорғаушы күші бар деп саналған. Отбасылық береке, бақыт пен денсаулыққа оң әсер ететін қасиеті бар деп есептелген. Сондықтан да тұрмыста пайдаланатын ыдыс-аяқтарда, жиһазда, киіз үйдің ағаш керегесін, ат әбзелдерін, сырт киімдерді  күміспен күптеп, әшекейлейтін болған.

Халқымызда металды құйма әдіспен әрлейтін тәсіл кең таралған. Балқытылған күміс қалыпқа құйылып, суыған соң қалыптан алынып егеумен бұдырлары өңделген. Құйып жасалған бұйымдардағы өрнектердің жиегі жайылыңқы болып келген. Күміс бетіне сызылып түсірілген өрнектердің үстіне қашап немесе егеу арқылы ойып із түсірілген. Одан соң ойғыздың бетін қашап өңдегенде өрнектің жиегіндегі қырларын аздап доғалдандырып  тегістейтін. Ою-өрнектің ішіне қара түсті ұнтақ толтырып, қара бояу ерігенше қыздыратын немесе бұйымның қыздырылған бетіне ерітілген қара бояу құйылатын. Суыған соң бетін әбден жалтырағанша ысқылайтын. Бұл тәсілмен әрленген әшекей бұйымдардың өрнек суреттерінің күрделі әрі  әрқилы болуы ою түрлерімен,  ақ күміс пен қара бояудың бір-бірін айшықтап ашып тұруының себебінен эстетикалық әсері ерекше болады. Күміс беттерін көбінесе қозғалысты сездіретін ирек сызықты өрнекпен толтырып, ал қара өрнекті ысқылап жылтырату  бұйымға ерекше әр береді. Тастар орнатылған әшекей бұйымдар әрқашан тартымды болған. Бұйымдарға орнатылған тастарды қазақтар «көз» деп атаған. Олай аталу себебі, кей бұйымдарға орнатылған тастардың адамды қорғап қоршайтын қасиеті бар деп саналған. Қазақ халқы ақық тасын көбінесе күміске орнатып бойтұмар ретінде кеңінен пайдаланған. Әшекейге орнатылған ақық ұшынған аурулардан қорғайды деп есептелген. Қазақ халқы өзге ұлттан асыл мұрасы, зергерлік бұйымдары арқылы ерекшеленеді. Әрбір зергерлік бұйымнан ойы ұшқыр, сезімі жоғары, қиялы терең, талғампаздықты көреміз. 
Зергерлік өнер – қолданбалы көркем шығармашылықтың ең көне түрлерінің бірі. Бұл өте нәзік те күрделі өнер. 

Салтанат  КҮЛДІБАЙҚЫЗЫ,
М. Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің 
бөлім меңгерушісі