"ҚЫЗДЫ ТІРІДЕЙ ЖЕРГЕ КӨМДІ": АРАБ ТҮБЕГІНДЕГІ НАДАНДЫҚ

Уақыты: 20.07.2020
Оқылды: 1894
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай көпке кетсең.
                                ЫБЫРАЙ

Осыдан он төрт ғасырдың ар жағында араб түбегі надандықтың шегіне жетті. Бір отбасында қыз бала дүниеге келсе, ол шақалақтың әкесіне одан асқан қорлық болмады. Жүрегінде мейірімі бары қызын ұл балаша киіндіріп, көптің көзінен жасырып өсіруге тырысты. Ал жүрегі тасқа айналғандары өзінің қанынан жаратылған қызды туа сала тірідей жерге көмді. Сондағы әр әкенің қорланғаны – қызы өскенде жезөкше болып, айналасындағы еркектермен ойнас жасап, атыма кір келтіреді деген надандық түсінік еді. Осындай қараңғылықтан жарыққа, надандықтан адамдыққа жетелеген Алла тағала тек араб халқы үшін ғана емес, адамзат баласы үшін қасиетті Құран кәрімді түсіріп, оны жеткізуші Пайғамбарын сол ортадан таңдады. Сөйтіп, Ұлы Алла тағаланың соңғы пайғамбары әрі сүйікті құлы Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) жаратушы Иеміздің бұйрығы мен тыйымдарын Құрандағы 114 сүре мен оны түсіндіру үшін өзінің хадис-шарифтері арқылы 23 жылдың ішінде күллі адамзатқа жеткізіп кетті. Алла тағалаға деген құлшылықтан кейінгі ең жоғарғы дәреже ата-ананы құрметтеу екенін Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өз хадисінде тайға таңба басқандай етіп көрсетті. Бір сахаба: «Я, Расул Алла (с.ғ.с) ең бірінші жақсылықты кімге жасаймын» дегенде Алла Елшісі (с.ғ.с) қатарынан үш рет «АНАҢА» деп жауап береді. Міне, осылайша адамзат баласы үшін ананы құрмет тұтып, қадірлеп өту парыз амалдардың біріне айналды. Құдайға шүкір, қазақ елі дәл араб түбегіндегідей надандыққа жетпей қызы бойжетіп, ұзатылғанша «қонағым» деп төрден орын берген, анаға деген құрметі ерекше болған халық. «Дала қоңырауы» атанған Ыбырай бабамыздың да «АНАНЫҢ СҮЮІ» деген төрт-ақ шумақ өлеңінде аяулы жанның балаға деген мейірімі мен махаббатының  шексіз екені баяндалады. Бірге оқып, анаға деген перзенттік сезімімізге нәр беріп көрейік, оқырманым! 


Ыбырай дананың туған жылы мен қайтқан уақытын мөлшерлей келе бағамдасақ, бұл өлеңнің жазылғанына да бір жарым ғасыр болыпты. Құдды білім іздеп, ғылымның соңына түсіп, жырақта жүрген бүгінгі ұрпаққа арналғандай. Жүйелі айтылса, киелі сөз де ғасырлар керуенімен бірге жасап жүре береді екен ғой. 
Кім сендерді, балалар, сүйетұғын,
Қуанышыңа қуанып, қайғыңа күйетұғын?
Түн ұйқысын төрт бөліп, кірпік қақпай,
Шешең байғұс дамылсыз жүретұғын.

Таңданғанда тіліміз таңдайға жабысатындай сұмдық теңеу де жоқ бұл жерде. Қарапайым ғана қара өлеңнің ұйқасымен өрілген төрт-ақ жол. Ал астарына үңілсеңіз перзентінің жанын жаулығына түйіп, ертелі-кеш соның амандығын тілеумен күнін өткізген аяулы ананың бейнесі көз алдыңызға келе қалады. «Шырылдаған торғай да, балапанын қорғайды», «Қарға баласын сүйеді аппағым деп». Бұл сөздер құс екеш құстың да балапанына деген махаббатын көрсетеді. Ал ананың мейірімі одан мың есе артық болмаса, кем емес екені ақыл иесі адам баласы үшін айтпаса да түсінікті. Құран аяттарын оқығанда «Биссмилләһи рахмани рахим» деп бастайды. Мағынасы: «Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын». Міне, он сегіз мың ғаламның, көк пен жердің және ондағылардың, яғни күллі жаратылыстың иесі Алла тағаланың ең Ұлы сипаты осы – Аса қамқор, ерекше мейірімді. Біз өмір сүріп отырған Жер шары мен біз білетін, білмейтін барлық ғалам жаратушы Иеміздің ерекше махаббатымен, мейірім-шапағатымен жаратылған. Құдай тағала өзінің шексіз мейірімінің бір мысқалын адамзат баласының ішінде ананың жүрегіне салған екен. Сондықтан ана – жер бетіндегі ең мейірімді жан. Осындай әдемі сезіммен келе жатқанда әсерлі ойды ойран қылатын әрекеттер де санаға сап етіп түсе қалады. Қазіргі қоғамда Алланың нәсіп еткен осындай мейірімінен бас тартып, ана деген аяулы есімге тіл тигізіп, перзентінің арын ораған ақ жаулығын кірлетіп жатқан жандар қаншама?! Түн ұйқысын төрт бөліп, ақ білегін талдырып, ақ бесігін тербеткен асыл анасының көңілін жасытып, самайындағы ағы мен маңдайындағы әжімін көбейтіп жатқан ақымақ бала да аз емес мына қоғамда. 

Ананы сыйлау үшін немесе ана деген аяулы атқа ие болу үшін академия бітіріп керегі де жоқ. Тым болмаса, осындай дала ділмарларынан қалған аманат сөзге зер салып, одан ғибрат алып, амалына айналдырса жетіп жатыр емес пе?! 
Кім сендерді, балалар, тербететін,
Еркелетіп, ойнатып, сергітетін.
Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін.

Ананың басындағы алтын тәж ол – баласының анасының тірі кезінде көңіліне мұң, жанарына жас үйірмей адал перзенті болып, дүниеден өткенде құранын бағыштап, дұғасын жасап, Алладан жарылқау тілеп отыратын артында қалған салиқалы ұрпағы. 

Ендеше бұл – қоғамның дерті. Өзі өмір сүріп келе жатқан орта мен жүріп келе жатқан жолының қиыс кетуінің жемісі. «Ұл таптым деп қалжа жеген» қайран ана. Жарқылдай келіп, құшағына еніп, маңдайынан сүйіп, бар керегін алдына үйіп тастап жатқан перзентінің жемқор екенін қайдан білсін. Шексіз мейірімімен емізген ақуыз сүтінің өтеуіне арамнан ас ішкізіп, арамнан киім кигізіп жатқанын сезіп те отырған жоқ қой.

Муъаз ибн Әнастан (р.а) жеткен хадисте Пайғамбарымыз саллаллаһу алайһи уә сәлләм: «Алла Тағала Құран оқыған және ондағы жазылғанға сәйкес амал еткеннің ата-анасына Қиямет күні тәж кигізеді. Ол тәждің нұры дүниедегі күн нұрынан да күшті болады», – деген. Анасын сүйген перзенттің Алла алдындағы сүйікті амалының қандай екенін осы хадистен-ақ білуге болады. Ал Ыбырай дана айтқандай жалқаулықпен күнің өтіп, жамандықпен атың шықса анаға одан асқан қайғы-қасірет жоқ. «Балаң жақсы болса, жердің беті жақсы. Балаң жаман болса, жердің асты жақсы», – деген бұрынғылардан жеткен сөз текке айтылмаса керек. Ана үшін баласының атқа мініп, таққа отырғаны зор қуаныш, әрине. Бірақ, тақ пен атаққа қалай жетті? Әңгіменің негізі осында. Шың басына қалықтап қыран да, бауырымен жылжып жылан да шығады. Мәселе, қайсысының қалай шыққанында. Осы ойды бүгінгі қоғамның таразысына салып көрейікші. Елдің тізгінін ұстап, көшін бастап немесе басқа да майлы жілікті мүжіп, жайлы орында отырған қаншама азамат бар?! Сол жерге жеткенше табан ет, маңдай терін төккені де бар, киіз қазықты жерге кіргізетін тоқпағының мықтылығымен өткені де бар. Салыстырып қарасақ, тер төгіп жеткендері аз да, ол қиындықты айналып өткендері көп. Соның нәтижесінде біздің қоғамда жемқорлық пен парақорлық үйреншікті жағдайға айналып, салтанат құруда. Ал енді осы ойымызды Ыбырай дананың «Ананың сүюі» өлеңінің тармағымен талдап көрейік. «Кірпі баласын жұмсағым деп» сүйіп жатқанда, әр ана баласын одан да мың есе сезіммен сүйетіні шындық. Ендеше, әкенің қанынан жаралып, ананың сүтінен нәр алған перзенттің елді зар қақсатып, пара бермесе ісін алға жылжытпайтын жемқор болуына не себеп? Ақ сүтін берді, тәрбиесін бойына сіңірді, өсірді, оқытты, жеткізді. Перзенті алдындағы борышын орындады. Сонда жемқор бала қайдан шықты?! Қазір құрықталып жатқан жемқордың шыққан тегін ақтарып жіберсеңіз көргенсіз емес, көпті көрген орта. Тексіз емес, тектілігі бабадан балаға жалғасып келе жатқан ұлағатты шежіресі бар. Ендеше бұл – қоғамның дерті. Өзі өмір сүріп келе жатқан орта мен жүріп келе жатқан жолының қиыс кетуінің жемісі. «Ұл таптым деп қалжа жеген» қайран ана. Жарқылдай келіп, құшағына еніп, маңдайынан сүйіп, бар керегін алдына үйіп тастап жатқан перзентінің жемқор екенін қайдан білсін. Шексіз мейірімімен емізген ақуыз сүтінің өтеуіне арамнан ас ішкізіп, арамнан киім кигізіп жатқанын сезіп те отырған жоқ қой. Ертең құрықталып, жазықты болғанның өзінде «Балама жала жабылды. Мен өсірген ұлдың мұндай қиянатқа баруы мүмкін емес», – деп шаң жуытқысы келмейтін ана жүрегі-ай десеңізші?! Ақиқатына келгенде сол перзентін ортасы бұзып, әлдеқашан парақор атанып, түбінде қор қылатын жолды таңдап алғаны шындық қой. Жемқорлықтың Ыбырай дананың ана туралы өлеңіне не қатысы бар демеңіз. Соншалық сүйген ананың шексіз махаббатына баланың осылай жемқорлықпен жауап қайтарып жатқаны рас. Бұл «Ананың сүюін» ұмытқан баланың амалы!

Кім сендерді сағынар шетке кетсең,
Ғылым іздеп, тез қайтпай, көпке кетсең.
Ұмытпа, ең кемінде жұлдыз сайын,
Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін.

«Әкенің жүрегі қатты, ананың сүті тәтті». Он сегіздің көктемінде құрбы-құрдастарыммен арман қуып, алғаш рет алыс жолға шыққанда ақ жаулығының ұшымен жанарындағы жасты жасырып, қимай ғана шығарып салған аяулы анамның сол бейнесі қырықтың бесіне келген қазіргі күннің өзінде күні кешегідей көз алдымда сақталып тұр. Ғалым болмасам да, білім іздеп шетке кеттім. Ол бүгінгідей әлем алақаныңда тұрғандай көрсететін техниканың дамыған кезі емес. Арнайы хат жазамыз немесе автобекетке екі күннің бірінде барып, ауылдан келген ағайыннан қал-жағдайын біліп тұрамыз. Ара-тұра аяулы ана ауыл жұртынан сақтаған сары майы мен ірімшік-құртын, көмбеге піскен тәтті нанын беріп жібереді. Міне, «Ананың сүюі». Аш жүрмесек те, бізге бір түйір құртын жібермесе, өзінің өңешінен бір үзім нан өтпейтін. Ал қазіргі заман Ыбырай атамның: «Айшылық алыс жерлерден, көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызды», – дегенінен де жылдам байланыс жасап жатқан уақыт. Екі қолға бір күрек іздеп кеткені болсын, студент атанғаны болсын, баланың көбі қазір қалаға қоныстанған. Заманның бір жақсылығы – алақаныңдағы ұялы телефоның арқылы анаңның дауысын ғана естімейсің, сағынышқа толы нұрлы дидарын да көре аласың. Бірақ, күйбең тірліктің илеуі кейде анаңа қоңырау шалуға да мұрсат бермей жатады. Таңның атысы, кештің батысы күн көрістің қамы мен мойныңа кигізіп алған тіршіліктің қамыты кейде бір бұрылып қарауға мүмкіндік туғызбайды. Солай екен деп анаңа хабарласуды ұмытпа! Ыбырай дана айтқандай: «Хат жазып тұр, төбесі көкке жетсін»!

Кім сағынар сендерді келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтіп келгенде адам болып,
Еш арманым болмас дер өле-өлгенше.

Ақиқатында осы! Баласының адам болғанын көргеннен артық бақыт жоқ ана үшін. Адамдық пен адалдық әр перзенттің қос қанаты болғанда ғана ананың мерейі үстем, жүзі жарық. Биліктің орынтағына отырдым екен деп ешкім адам болып кетпейді. Адамдықтың өлшемі – ар, ұят, иман, намыс сияқты ізгі қасиеттерден тұрады. Осы қасиеттер кімнің бойында болса, ол нағыз адам. Ұлым адам болды деп жүргенде надандықпен амал етіп, Алладан кейінгі мейірімі шексіз анаңның жүзін жерге қаратып алма. Өйткені, «Жұмақтың кілті ананың табанының астында». Сөзімнің басын Құран аяттары мен Пайғамбар (с.ғ.с) хадисімен бастағандықтан осы ауанда әңгімемді аяқтайын. Бірде Әлхама деген сахаба қиналып жатады. Қасфындағы достары оған кәлима шахадатты айтқыза алмай қиналады. Амалсыздан Пайғамбарымызға («с.ғ.с) жүгінеді. Әлхаманың қасына келген Расул Алла (с.ғ.с): «Әлхаманың анасын шақыртыңдар», – дейді. Анасы келгенде: «Сізді балаңыз ренжітіп пе еді?», – деп сұрайды. Сонда анасы: «Иә, Алланың Елшісі (с.ғ.с), балам менің көңілімді қатты қалдырды», – деп біраз шағымын айтады. «Сіз балаңызды кешіресіз бе?» дегенде анасы: «Жоқ, кешіре алмаймын», дейді. Сонда Мұхаммед (с.ғ.с) жанындағы сахабаларға отын жинатады. Содан кейін: «Мына жиған отындарыңды жағып, соған Әлхаманы тірідей тастаңдар. Ананың разылығын алмаған баланың Алла алдындағы азабы қатты болады. Сол азабын жеңілдетейік», – дейді. «Кешіре алмаймын» деп отырған ана Расул Алланың (с.ғ.с) сөзін естігенде орнынан атып тұрып: «Кешірдім, мен баламды кешірдім» дейді. Аяулы анасының «кешірдім» деген сөзін естігенде қиналып жатқан Әлхама сахаба: «Лә-илләһә-илла Аллах, Мұхаммед Расул Аллах», – деп тілін кәлимаға келтіріп, демін үзіпті. Тағы бір хадисте: «Кімнің соңғы сөзі «Лә-иләхә илла Аллах» болса, онда жаннаттық болады», – деген.

Бұл оқиғадан алатын тағылым ана разы болмай, Алла разы болмайды. Ендеше Алтынсарының ұлы Ыбырай дананың өлеңінен ғибрат алып, «АНАНЫҢ СҮЮІНЕ» лайықты перзент болатындай өмір сүрейік!

Жұматай ӘМІРЕЕВ