Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

"ҚЫТАЙ ЖЕРІНЕ ӨТЕЙІК": ҚИЛЫ ЗАМАН

Уақыты: 01.08.2020
Оқылды: 600
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ауыл-аймақтың үлкендері келіп, өз заманының беделді азаматы, қайсар мінезді Тұрсынға: «Көшті бастаңыз, босқа қырылып қалмай тұрғанда Қытай жеріне өтейік, ұрпағымызды аман сақтайық», – деп қолқа салған соң, шамасы 300-дей адамнан тұратын көш түнделетіп жолға шығады. Арадан шыққан тыңшылардың кесірінен Демікпе асуында Тұрсын бай Курносов деген шегарашылар отряды басшысының қолынан қаза табады. Бұған дейін әкесіне тартып туған қайсар баласы Жолдыханды қызылдар Верный қаласына жер аударып жіберген еді. Демікпенің асуында сол Жолдыханнан туған жиырма жасар Мәжін есімді немересін де қызылқырғыншылар жазықсыздан-жазықсыз жер жастандырады. Тұрсынның әкесі Серғазыұлы Омар Аталық-Матай руының сұлтаны болған. Жайлауы – Желдіқарағай, ал, қыстауы – Маңдайшоқы деген ол шеті мен бұл шетіне көз жетпейтін атырап. Омар сұлтанның жылқысы су ішкенде өзеннің суы тартылып қалады екен. Даңқты атаның баласына да сондай дәулет дариды. Бірақ, жарлы мен байды теңестіреміз деген желеумен елді ашаршылыққа ұрындырған қызылдар байлар мен олардың ұрпақтарын баудай қырады. Ұстағандарын итжеккенге аттандырады.


... Арқа сүйер асқар тау әкелері мен бауырынан айырылған соң Қытай жерін бетке алған көшті Тұрсын баласы Қырықбай бастайды. Көштің құрамында Мәлік, Мұқаш, Сәдуақас, Қали, Асқар және Әди есімді жас келіншек қалады. Әди – Қалидың жары. Салт ат мінген Әдидің алдында әлі ес білмейтін сәбиі бар. Олар жарты жолға жеткенде өздері сияқты босып бара жатқан қандастарын кездестіреді. Босқындар енді қорқыныштың жоқ екенін, қауіптің сейілгенін айтады. Көшке ілескендер таулы-тасты жолдан жүрістері өнбей шаршайды. Әсіресе, бала-шаға титықтаған. 

Жолаушылар қауіптің сейілгенін айтқан соң көшбасшылары бел жазып, тынығып, ас-су ішіп алуды ойлайды. Сол жерде бір малды сойып, аттарын тағалап, ес жимақшы болады. Қырықбай өзінен кейінгілерді демалдырып, өзі бәкі-пышағын алып, мал союға кіріседі. Әдидің мінген атын інілері отқа қойып, аяғын тұсаулайды. Жер-ошақтағы тамақтың иісі бұрқырап, асқа енді отырамыз-ау дегенде ат тұяғының тасыр-тұсыры естіледі. Қорқыныш сейілген шығар деп жандары жадырай бастаған ер-әйел дыбыс шыққан жаққа қараса мұздай қаруланған әскерлер қақ төбелерінде тұр. Бұлар ес жинағанша, қарсы жақтан оқ борап кетеді. Бірі тастың тасасына тығылады. Енді бірі атқа мініп, қамшыны сауырға басады. Қырықбай мен Қали жардың астына тығылады. Өлдім-ау деген 14 жасар аңғал, бала Мәлік ағасы Қалиға жалтақтай қарап: 
– Аға, басымды қалай қаратайын, құбыла қай жақта? – деп сұрайды. Ондағы ойы өлсем басым құбылаға қарап қалсын дегені еді. Сонда ызаға булыққан ағасы:
 – Өлген соң басыңды құбылаға өздері қаратады. Қазір қаш! – деп інісін алдыға жібереді де, майлы көтеннен бір тебеді. Бораған оттан ешкім ешкімге қарайласа алмай қалады. Бастарын сауғалап, тау-тасты қалқалап, қаша жөнеледі. Қали біраз жерге барған соң інісінің артта қалып қалғанын байқайды. Көк дөненнен жүйрік көңіліне әкесі Жолдыханның сөзі түседі. Бай баласы болғандығы үшін Верныйға айдалып кеткен Жолдыханды түрмеге ұлы Қали іздеп барған еді. Сонда әкесі Қалиға бұдан кейін жалғыз жүрмеуді ескерткен еді.

 – Айналайын, адамға адам ғана – ес. Ағайыннан саяқ жүрме. Қайда барсаң да қасыңа бауыр- ларыңды ертіп ал. Осы күнге дейін туыстан бөлек жүріп оңған адамды көргенім жоқ. Ыстықты да, суықты да бауыр- ларыңмен бірге көр, – деген еді. Санасындағы сәулеге осы сөз қонып қалған. Сын сағатта әкесінің өсиеті есіне түсіп, соңында келе жатқан Асқарға қайта жүгіреді. Белі қатпаған інісі ол кезде бар-жоғы сегіз жаста екен. Аяғын әрең басып келе жатқан бауырын жетектеп, алға сүйрей жөнеледі. Екеуі сүріне-қабына сайдың бойындағы дәу қойтастың қалқасына барып тығылады. Қытай елінің дәмі тартпады ма, жоқ, тағдыр осы жерден ерлі-зайыптыны ажыратты ма, әйтеуір, Әди асудан ары өте алмады. Қырсыққанда қымыран іриді емес пе?! Сасқалақтаған келіншек кісендеулі атқа мініп алады. Бәрі тым-тырақай қашқанда тұсаулы жылқының үстіндегі Әди қосағынан көз жазып қалады. Қызылдар Әдиді Текелі қаласына апарып, ОГПУ-дің кеңсесінде сұраққа алады. Жас баласы бар әйелді аяды ма, жоқ, келіншегін іздеп күйеуі осы жаққа келсін деді ме, Әдиді біраз тергеген соң бостандыққа шығарады. Бірақ алысқа ұзамауды ескертеді. Ал сай жағалаған ағайындылар біраз жерге барғанда бір-бірімен қосылып, жат елге апаратын сүрлеуге түседі. Өз елінен тұрақ таппай шетел асқандар «арғы беттегі» татар жезделерін пана тұтпақшы. Шегара асып, Қытай жеріндегі Бұратала аумағына табан тірегенде алдыларынан қалмақ ауылы шығады. Жат елдіктер босып келе жатқан қазақ балаларын басынып, киімдерін тартып алмақшы ойларын байқатады. Сонда Қали көп қалмақтың арасынан жүзі таныс бейнені таниды. Сонау 1916 жылы ел арасы бүлініп, орыстар келіп қандастарымызды қыра бастағанда Тұрсын атасы бар малымен Қытайға көшіп келіп еді. Содан, дүрбелең басылған соң елге қайтадан қайтқан. Сол жолы ертоқымның алдына Қалиды отырғызып, бір қалмақ ауылына қонаққа барған еді. Олар ел арасында беделі артқан Тұрсын төрені құшақ жая қарсы алып, төріне отырғызып, қонақ еткен. Қазір қарсы алдында тұрған сол қалмақ. Аты – Темке. Он жылдан аса уақыт өтсе де бала Темкені жықпай таныды. Жеткіншектің қадалған жанарынан ол да таныс бейнені байқайды. Сонда Қали:
 – Сен Темке емессің бе? Мен Тұрсын төренің баласымын ғой. Атаммен бірге сіздердің үйге келгенбіз, – дегенді түсіндіреді. Қалмақ Тұрсынның атын естігенде елең ете қалады. Беделді, бай адамның балаларының мұндай күйге түскеніне қайран қалған Темке:
 – Ойпырай, мына әудем жерде тұрған Қоңыроба саз жайлауын мекен еткен Тұрсын байдың ұрпағы осындай жағдайға тап болады деп кім ойлаған? – деп құрметтеп балаларды үлкен үйге алып барады. Арып-ашқан босқындар ары қарай тағы аяңдайды. Жүре-жүре бір бай сарттың ауылына тоқтайды. Сарттың малшысы қазақ екен. Қандастарын қожайынына ертіп барып, одан аш құрсақ балаларға тамақ беруін өтінеді. Сонда үй иесі: 
– Әу, қазақ, нәдән келе жатырсың? – дейді. Қырықбай сарттың сұрап алмасаң ас бере қоймайтынын байқап:
 – Нәдән-сәдәнді қайтесің, бізге тамақ бер! – дейді дауыс көтере. Қанша арып-ашса да, Шыңғыс ханнан тараған ұрпақ, Омар сұлтанның баласы ешкімнің алдында кішіреймейді. Қырықбай тумысынан ержүрек, намысшыл, батыл, жолдасын жауға тастамайтын адал, жауына тарпаң, айтар ойын бүкпесіз айта алатын қайсар адам еді. Сол мінезін осы жерде де көрсетеді. Бай балаларды тамақтандырып, адамгершілік танытады. Оларды көрген ауыл адамдары: «Мүмкіндік болса, бие сауып отырған ауылға барыңдар, қымыз, саумал ішпесеңдер оңала алмайсыңдар», – дейді. Ересектері жөн сөзге тоқтап, жылқылы ауылға баруды ойластырады. Енді жол жүрейін десе, Асқар інілері ілесе алмайды. Хәлі кеткен. Не де болса кішкентайды осы ауылға қалдырып, өздері бір жерге барып, орын теуіп, жеткіншекті содан кейін алып кетуді ойлайды. Сонда 13-14 жастағы Мұқаш ағаларына Асқарды тастап ешқайда кетпейтінін айтады. 
– Біздің қашан келетініміз белгісіз. Бауырымды біреулер алып кетсе қайтемін? Сендер кете беріңдер. Мен інімнің қасында қаламын, – деп отырған орнынан    тапжылмай    қояды.  Мұқаш пен Асқардың бір-бірінен ажырамайтынын байқаған ересектер ағайындыларды сол үйге аманаттап, жолға шығады. Мұқаш сарттың малын бағады. Ал Асқар байдың өзімен жасты баласымен ойнап, үйде қалады. Оның сарт құрдасы ойыншыл, бауырмал болып шықты. «Асқар менімен бірге отырып тамақ ішпесе мен де ішпеймін», – деп дастарқанға отырған сайын байбалам салады. Ол мінезі арып-ашқан қазақ баласын аштықтан аман алып қалуға септігін тигізді. Асқар кіп-кішкентай жүрегімен мал соңында жүрген бауырын ойлайды. Бай баласы берген бауырсақтың біреуін жесе, екіншісін таспен бастырып, ағасына тығып қояды. Кешке жақын мал қайырып келе жатқан көкесін көргенде тығулы бауырсақты ала салып, құстай ұшады. 

 Бұлардың Қырықбай бастаған ағалары осы кезде итшілеп жүріп, Қытай жеріндегі Лұқпан қажыға тұрмысқа шыққан Хадиша атты әпкелерін іздеп табады. Хадиша өте көрікті адам болған. Атты кісі түсіп, жаяу кісі жатып қарайтын сұлу екен. Қапалдың атақты байы Сейфулмүлікұлы Ғалиақпар қажының Лұқпан есімді баласы Хадишаға өлердей ғашық болады. Лұқпанды Хадиша да ұнатады. Сонымен, мәжнүн жігіт Хадишаны атастырып қойған адамдар қалыңдықты алуға келе жатқанда алдыларынан шығып, қыз үшін беріліп қойған қалың малды өзі қайтарып береді. Өзі Тұрсын төреге көп алтын беріп, бауыры Хакім екеуі сән-салтанатымен барып, Хадишаны алған екен. Татарлар Қытай жеріне ертерек өтіп кетеді. Хадиша тәтелерінен Фарфаз, Гүлжиған, Садық есімді балалар дүниеге келеді. Қытай жерінде бұлар Жалынқол-Жартоған атты жердегі жегжаттарын да табады. Жер ауып келген Тұрсын байдың балаларын құда-жегжат құшақ жая қарсы алады. Әбден шаршап-шалдыққан қазақ балалары жегжаттың ауылында ес жиып, киімдерін түзеп, жылқы мініп, сарттың үйінде қалған Мұқаш пен Асқарды алып келеді. Ағайынды Қырықбай, Мәлік, Мұқаш, Садуақас, Қали, Асқар бірін-бірі сүйемелдеп жүріп, аман қалады. Біраз уақыттан кейін Қырықбай қазақ жеріне қайта өтіп, Жүніс ағасының әйелі – Жамал мен Жолдыхан ағасының бәйбішесі – Меруертті және олардан туған қыздарды арғы бетке апарып, бастарын қосады. Қали түрлі қызыл әскердің кедергілерінің кесірінен жары Әдиді арғы бетке алып кете алмайды. Аналары келген соң балалар да еңселерін көтеріп, ел қатарлы ғұмыр кеше бастайды. Бұлардың Қытай жерінде мекен ететін Самай деген жегжаттары аса бай еді. Олармен енді араласа бастағанда Самайдың бауырлары текті жердің тағы бір желкілдеп өсіп келе жатқан бойжеткені, Қалидың қарындасы Бәренді бір інілеріне айттырмақшы ниеттерін байқатады. Ағайын деп жүрген адамдарының қарындастарына көз салғанына ренжіген жігіттер ол жерден де көшіп кетеді. Қытай жеріндегі зәңгі, атақты бай Әбді өзінің Тәлім атты жалақ баласына Мәлік пен Мұқаштың кенже қарындасы Кенжеқанды сұрайды. Ол кезде Тәлімнің үш әйелі бар екен. Бауырлары көркіне көз тоймас қарындастарын Тәлім жалаққа қимай, ат-тондарын ала қашады. Оған ерегескен байлар Мәлік пен Мұқашты күш көрсетіп, зынданға жаптырады. Сонда, Кенжехан: 
– Мені Тәлімге беріңдер. Үш әйелін де аттап өтіп, соңында бәрін өзім басқарамын, – деп Тәлімге тұрмысқа шығып, ағаларын қамақтан шығарып алады. 

Шындығында, бірер жылда Кенжеқан бар билікті қолына алады. Соңында Тәлімнің үш әйелі малшыларына күйеуге шығып кеткен екен. Жүністің Мәлігі оқу-білімге бет бұрады. Атасына тартқан зейінді бала мұғалімдік білім алады. Ол Көкебай ауылында балаларға дәріс береді. Аталарына тарта туған ұшқыр ойлы ұстаз әріптестерінің алдынан көрініп, Құлжадағы гимназияның басшылығына тағайындалады. Ауыл тұрғындары оны Мәлік мүдір деп атайды. «Мүдір» – мектеп директоры деген мағынаны білдіреді. Мәлік Нылқыда көрші тұрған Қуатбектің желкілдеп өсіп келе жатқан қарындасы Оралқанды Мұқаш бауырына алып береді. Өзі Дәмелі есімді бойжеткенмен үйленеді. Қырықбай болса Жақып бауыры қайтыс болған соң, ағасының Қызжібек есімді келіншегін әмеңгерлікке алады. Жақып пен Қырықбайдың балалары Еженғали – Оралқан, Төлеген – Әзине есімді қызға үйленіп, аталас бауырларының арасында бақуатты ғұмыр кешті. Қали Қытай жерінде қайта үйленеді. Ол Русия атты бойжеткенмен тағдырын тоғыстырады. Ал, қазақ жерінде қалған Әди күйеуінің аталас бауыры Сүлейменге тұрмысқа шығады. Кейіннен барлығы Қытай жеріндегі бай төрелер мекен ететін, көз тоймас сұлу Қоңыроба саз жайлауына барып, бақ-дәулет бастарына қайта орнап, шат-шадыман ғұмыр кешкен екен.

Ел іргесі тынышталып, байларды қудалау аяқталғанда Омар сұлтанның Тұрсын есімді баласынан тараған ұрпақ өніп-өсіп, елге оралады. Кеңес өкіметінің отарлау саясатына қарсы шығып, оққа ұшқан Тұрсын төренің ұрпағы аталары мекен еткен Жетісу өлкесінде, көпшілігі Қапал өңірінде тәуелсіздіктің әр таңын тәубемен атырып, бақуатты ғұмыр кешуде.

Гүлжан ТҰРСЫН