АҚЫН ӨТЕПБЕРГЕН АҚЫПБЕКҰЛЫ ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Уақыты: 27.07.2020
Оқылды: 2525
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алатау алыстан арманыңды әуелетіп, аңсарыңды арттырады. Оның іргесіндегі әсем шәрі Алматы көрмей жатып, ол жайлы сұлулығы жыр боп айтылған әңгімелерді естігеннен-ақ аусар кепке түсіреді. Жанына қанат байлаған жастар осы бір жұмбақ дүниеге жеткенше асығатын. Әсіресе, өмірді өзге реңде аңдайтын өнер иесі болса, онда мүлде ғажайып әлем есігін ашары аян. Бәріміз қаршадайымыздан Алатауға, Алматыға баруды арман еттік... 
Біз сөз етпек болып отырған басты кейіпкеріміз де дәл осындай ынтызарлықпен Алматыға келгеніне еш шүбә жоқ...

...Қапал аудандық мектеп-интернатының 6-7-ші сыныптарында оқып жүрген бала кезімде, марқұм Жұқан дейтін тәрбиеші апайымыз бізге көлемі мектеп оқушысының дәптеріндей ғана «Доп» деген кітапты әкеп көрсетті. Әрине, балаларға арналған түрлі түсті суретті дүние бірден назарымызды аударып, қызықтырды. Жоғары жағында «Өтепберген Ақыпбеков» деп жазылып тұр. 
Ақыпбеков деген фамилия бірден көкейімде сайрап қоя берді. Өйткені, бізден бір сынып жоғары оқитын Алтай деген бала бар еді, оның да тегі – Ақыпбеков. Парақтай бастадық, міне, қызық, ішінде «Алтай» деген тақырып елең еткізді. Шағын өлеңнің тұсына кекілі қайырылған ұлдың суреті салыныпты. Одан «Мынау сен туралы ма?» деп сұраймыз, ол «иә» дейді күлмің қағып. Біз оған таңдана қараймыз. Мында білдік, сөйтсек ол Өтекеңе іні етіп берген ақынның туған жиені, үлкен әпкесінің баласы екен.
Сөйтіп, алғаш Өтепберген ағамызбен сырттай солай таныстық. Содан соң «Ақыпбеков» деген есім-сойды газеттен жиі ұшырата бастадым. Күндердің күнінде басылымдардың бірінен суретін көзім шалды: бұйра шашты, қарашығында жасын ойнаған өткір көзді, қияқтай қара мұрты бар жайдары, дөңгелек жүзді адам бейнесі жадымда қалып қойды. Ара-тұра балаларға жазғандары назарымызға ілігеді. 
Уақыт өте берді. Ұзынқұлақтан ол кісінің Қапалда тұратынын, аудандық газетте істейтінін еміс-еміс естимін. Сосын облыстық «Октябрь туы» газетіне ауысыпты. Соңыра Алматыға қоныс аударып, «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет етті. Ақып­­бек­ұлының нағыз журналистік қарым-қабілетін қоғам сонда таныды ғой деп ойлаймын. Нөмір сайын көкейкесті мәселелер жөніндегі көлдей мақаласы жарияланады да тұрады. Редакцияға іздеп барсаң, үнемі жолсапарларда жүреді. Өзі «Очерк және публицистика» бөлімінің меңгерушісі. Бала күнгі жолықсам деген ниеттен айнымағам, әйткенмен сәті түспейді. Бірде үстінен дөп бастым. «Ой», деп мені ежелден білетіндей баурап ала жөнелді.
– Жүр, «Қаламгерге» барайық, – деді. Оның төмендегі кафе екенін біліп тұрмын. Жолшыбай бірнеше ақын-жазушылармен таныстырып, бірнеше ақын-жазушыларды ертіп, кафеге ендік. Келгендердің дені кофе ішетін сыңайлы, мен де соларға еріп кофе алып едім, күйік татиды – үйренбегендіктен іше алмадым. Оның сыртынан бір шөлмек коньякқа тапсырыс берді. Өңшең азуын айға білегендердің әңгіме-сұхбаты басталды да кетті. Өте-аға сол отырғандардың бәрінен биік, бәрінен ділмар және бәрінен сұлу боп көрінді. Толқындана бұйраланған, ертерек нышан енген күмістей шашы, Ілиясшалап қойған мұрты, маңызды әңгімесі – бітімін бөлектей беретін. Осы желдей ескен жарқын мінезімен төңірегін нұрландырып жібереді екен.
Өте-ағамен екінші қайтара жолығуым қазақтың көрнекті жазушысы Арасанбай ағамыздың үйінде болды. Сол жолы жақынырақ білісіп, Өтепберген аға да  Қызыл­­­­ағаш ауылында өмірге келгенін айтты. 
Иә, қазақтың көрнекті балалар ақыны Өтепберген Ақыпбекұлы екеуміз бір ауылда туған екенбіз. Дәл сол кісі бітірген Қапал-мектеп интернатынан мен де оқып шықтым. Интернаттың өмірі мүлде бөлек әңгіме.
Ол кезде әке-шешесі «Қызылағаш» кеңшарының үшінші бөлімшесінде тұрыпты, сосын Көлтабанға қоныс аударған. Көлтабан сегіз шақырым жердегі іргелес кішкентай ауыл болғанымен ол жотаның үстіндегі «Абай» ұжымдық шаруашылығының бөлімшесі. Өтепберген ақын Қызылағаштағы  Қапал  мектеп-интернатында  оқиды да, кейін өз ауылының орталығы Көшкенталға кетеді. Тракторшы болып еңбек жолын бастаған көпшіл әрі өнерпаз жас бірер жылда клуб меңгерушісі, сосын ысыла келіп комсорг болып қызмет атқарады. Сол жерде жүріп өзі сияқты талантты ақын қыз Жұмаш Оспанбековамен бас құрайды. 
Өз алдына шаңырақ көтерген соң аудан орталығына «Қапал еңбеккері» газетіне тілшілікке ауысады. Аға тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасарына дейін барады. Алғыр жігіт мұнымен тоқталмай Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөліміне іштей оқуға түседі. Төрт жылдық жоғары партия мектебін тамамдаған соң облыс орталығына қызметке келеді. Сөйтіп, өмір өз ауанымен жылжи береді. 
Өтекең кішкентайынан ешкім бетінен қақпаған бір үйдің еркесі. Өйткені ол отбасындағы 13-інші бала еді. Бірақ, Алланың жазуымен алдындағы бауырлары тоқтамай, ата-анасы балаларынан айырылып қала береді екен. Тек тұңғыштары Нұрмұхаммед ғана соңдарынан еріпті. Оның өзі азамат болғанда соғысқа кетіп, ақырғы хатын Польшадан жазыпты. Содан кейін із-түзсіз. Өтекеңнің алдында екі апасы ғана бар екен. Ең кенжелері әрі атұстар азамат өмірге келгенде Ақыпбек ақсақал «осы балам бүкіл перзенттерімнің өтеуіне берген ұл болсыншы» деп атын Өтепберген қойып, тілеу тілеген екен. Содан кейін сүт тауысқан ерке болмағанда қайтсін. Алдын ешкім кеспейтін еркеліктің арқасында көп дүниені үйреніп, көп нәрселерге еркін араласқан. 
Сол жолы Арасанбай ағамыздың шаңырағында Өтепберген ағаның қабілетіне одан сайын тәнті болдым. Айтқан әңгімелері көңілді үйіріп, қызықтылығымен елітіп әкетеді. Ал, салған әндері оның орындаушылық машығы мен ерекше үніне ынтызарлығыңды арттыра түседі. Одан кейін де сан мәрте әлеуетті де сиқырлы әуезге толы әніне сусындадық.
Ән айтқанда кең тынысты үні емін-еркін есіліп, тыңдаушының ықыласын аударып әкететін. Кез келген жердегі отырыста бірінші айтатын әуені – дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қызы». Рух пен әуез қабаттасқан шығарма бірден аңсарыңды алып, әншінің өзі басқа кейіпке айнала береді. Толқынданған бұйра шашы, дөңгелек жүзі алаулап, жанарынан жасынның ұшқыны білінеді.

– Өңімде ме еді, түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір армандай қызды...
Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.
Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,
Тулады толқын,шайқалды шың-құз...
Қып-қызыл өрттің ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!

 
Шарпысқан оқ пен оттың ортасындағы жанкешті сәтті басынан өткеріп, жанын жалдаған қайсар бейнені көз алдыңа әкеледі. Жағадан алған жауды жайпап, жер жастандырып жүрсе де көкейінде – Дариға-арман... Дариға-аруға деген сағыныш өлімнен үрейлендірмейді, керісінше, ажалдың өзін жеңіп шығуға жетелейді... 
Ұшар көкке әуелеп барып, төмен сорғалаған қырандай екпін бір шамада жайылған қанатқа байыздап, қалықтай жөнеледі. Үн саябырсығанда құшырлана солығын баса алмай төпелеген домбыра жүрегіңді бебеулетіп, әлдебір уызды ләззаттың уытынан ажырай алмай отырасың. Сол тұста қайтадан қуатты үн аласапыран шақ буынға түскен жұртты баурап, қайта күш ала жөнеледі. 
«Келемін қайтып, өлеңімді айтып... Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз!» деген тұсында қаһарман жігіттің ажалды жеңіп шыққанына сенесің. Сенесің де иінді басқан батпанды серпіп тастайсың. 
Өтепберген ағамыздың ән-салтанаты қай кезде де айнымай осы әнмен басталады. Ол кезде түсінбеппіз, «Дариға, сол қыз» әні арқылы өзі өмірі көрмеген, соғыста із-түзсіз жоғалған туған ағасы Нұрмұхаммедтің рухымен сырласып, жоқтап отырады екен-ау... Нұрмұхаммед бауыры жаумен дәл осы жырдағыдай әлдебір жерде әлі арпалысып жүргендей елестесе керек. Әкесінің «Алла бұл ұлымды өткен балаларымның өтеуіне берген» деген сөзі көкейіне әбден бекіген. Сондықтан, тұңғыш бауырын есіне алып мінәжат етпей, қанаты жазылмайтындай көрінсе керек. Өзі де «Дариға, сол қызды» айтпасам әлденем кемшін соғып тұрғандай кібіртіктеймін», – дейтін. Одан әрмен қарай Естайдың, Ғазиздің, Молдабайдың әндері, Иманжүсіптің, Ақанның, Біржанның, Мәдидің әндері бірінен соң бірі айтыла береді, айтыла береді. «Шаршадым» деп бәлсінетін Өте-ағаң жоқ, керісінше, маңдайының терін сылып тастап, әр әуеннің тарихымен таныстыра отырып, ән-шежіресін жалғастыра беретін. Арасында орысша әуендерге де ауып кетіп, жеңіл әзілқой әндерді араластырып отырады. Бірде, «Астыма мінген атым Генадушка» десе, енді келесіде «Әнім менің красивай, Қыпшақский жәрмеңке-ай!» деп соғады. Жұртты бір серпілтіп алып, Естайдың «Жай қоңырына» басады.
Өтепберген ағамыздың бесаспаптығына ұдайы қайран қалатынбыз. Домбыра тартып отырып, баянға ауысады. Баяннан мандалинге, одан аккордеонға, гармоньға, гитараға... қолына тиген аспаптың бәрін өзегін суыра, бебеулете жөнеледі. Не деген талант?.. Шынында да өмірден ештеме көрмей, ерте озған бауырларының өтеуіне бергендей-ақ азамат...
Ұдайы қалың көпшіліктің ортасында жүргендіктен Өте-ағамыз туралы езу тартар әңгімелер де жетерлік. Бірде малшылардың жай-күйімен жақынырақ танысу үшін өңірге облыстық басылымнан тілші келіп, шаруашылықты аралауға шығады. Аграрлық саланың майын тамыза жазатын майталманы. Әріптесі жалғызсырамасын деп аудандық газет редакторының орынбасары Өте-ағамыз да бірге ілеседі. Екеуін бастап алып жүрген кеңшардың парторгі көрсеткіші жақсы бір шопанның үйіне әкеліп, ат басын тірейді. Жайлауда отырған елдің көңілі көтеріңкі, отары күйлі. УАЗ-иктен ошарыла түскен үшеудің тегін жүрмегенін тұспалдап, бір малды сойып, мейман етеді. Қойшы негізгі адамның облыстан келген тілші екенін біліп, дастарқан үстінде біршама әңгімеге қанады. Тамақ ішіліп болады. Сол кезде үй иесі:
– Ал, тілші жолдас, ән салып жібер, – дейді жапанда жалғыз үй отырған бұйығы тірлігіне өң кіргізбекке ұмтылып. Қапелімде мұндай қолқаны күтпеген журналист абдырап қалады.
– Ағасы, мен ән айтпаймын... – дейді күмілжи.
– Ән сала алмасаңдар сонда қалай жорналшы болып, ел аралап жүрсіңдер? – деп малшы мәселені төтесінен қояды. – Біздің өзіміздің тілшілер келген сайын әңгімеге де қарық етіп, әнін де салып, мейірімізді қандырып кететін еді. 
Дереу парторг та сөзге араласып, арашаға түседі.
– Журналистің бәрі ән салмайды, ақсақал, – деп, ретсіз қолқаға қипалақтап қалады. 
– Онда өзің бастай бер, – дейді қарт шопан көзтаныс Өтекеңе иегін қағып. Қолайсыз сәттің тігісін жатқызуға бейіл ағамыз домбыраны алып, халық әнінің бірін көсілте жөнеледі. Осы кезде барып шопанның кейісті жүзі жадырап, бастапқы қалпына көшеді. 
Өтепберген ағаның еңбекқорлығына  сүйі­несің. Журналистік конкурстар мен мүшәйраларды мейлінше қалт жібермейді. Сондай кезекті салалық мақалалары үшін Өте-аға 250 мың теңге көлемінде бәйге алғанын естіп, «жақсы болған екен» деп қуанып қалдық. Оның үстіне таяуда Астананың сол жағалауынан пәтер тиген. Қисыны келгенде үйіне құтты болсын айтып, бас сұқтық. Шәй үстінде жуықта алған бәйгесі жадыма оралып: 
– Дүбірлі журналистер аламанында топ жарып, екі жүз елу мың теңге бәйге алыпсыз, құтты болсын, аға, – дедім. 
– Ол екі жүз елу мың теңгең бар болсын, қалтамдағы екі мың теңгемді қоса алып кетті, – деді жүзіне күлкі үйіріліп, ар жағында екі мың теңгесіне іші ашып тұрғаны аңғарылды. 
Сөйтсек, жаңа үйге қажетті жабдыққа Жұмаш тәтеміз әлгі ақшаны жұмсап, оның сыртында екі мың теңге және жетпей қалыпты. Сосын, дүкенге бірге барған ағамыз қалтасының бір бұрышында жүрген жасыл қағазын жанынан шығарып береді. Сөйтіп, оп-оңай келгендей көрінген ақша қолындағы маңдай терімен тапқан екі мыңын қақшып жөнімен кеткен ғой. Соны айтып отыр екен.
Өте-ағамыздың жасының үлкендігіне қарамай елгезектігі елде жоқ. Мереке сайын алдымызды орап, телефонмен бірінші құттықтап үлгереді. Тіпті, үйге салып-ұрып жетіп келеді. 
Мамырдың жайма-шуақ күндерінің бірі болатын, асықпай ұйқыны қандырып, жылы орыннан тұра қоймағанбыз. Ондардың шамасында қоңырау шылдырлады. Есікті ашсам, жайраң қағып Өте-ағамыз тұр. 
– Ассалаумағалейкум, төрлетіңіз! – дедім қос қолымды ұсына беріп.
– Әлейкүммассалам, Әділжан, мереке құтты болсын! – деп, сөйлей ішке енді. Отан қорғаушылар күні – 7 мамыр болатын.
– Өзіңіздің де мерекеңіз құтты болсын! – деп жатырмын. 
– Мерекемен құттықтап шығайын деп әдейі келдім, – дейді баладай аппақ ниетін бүркемелемей. Сол жолы қыны зерлі алмас қанжар сыйлады. Ол күні бүгінге дейін жарқ-жұрқ еткен ағамыздың мінезін еске салып, сақтаулы тұр. Ара-тұра қолыма алып, әшекейлі бұйымның сабын сығымдап қоямын. Бір жағы жасымыз кіші бола тұра осындай елгезектік таныта алмағанымызға еріксіз қысыламын.
Уақыт өткен сайын көңіліңде жылы бейнесі тұратын ардақты адамның әр сөзін сағынады екенсің. Өтепберген ағаның «Әділжан» деп үнемі еркелете әрі бауырына тартып айтатын сөзін енді ешкім қайталай алмайды... Алатаудай атақ-абыройына, таудай тұлғасына қарамай төңірегіне жасайтын кішіпейілділігін енді ешкім көрсете алмайды. 
Өте-ағаның кереметтігі – оптимистігінде еді. Қашан көрсек арқа-жарқа кейпінде екпіндете сөйлеп, өмірге сенімді түрде қарайтын. Жұмыстың қат-қабаттығы, тұрмыстың ауыртпашылығы ол кісінің ұнжырғасын еш түсіре алмаған қалпы кетті. Өмірде жеңіліп көрген жоқ. 
Жаңылмасам, 2008-ші жылы Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залында Мәдениет министрінің қатысуымен «Қазақтың мың әні» атты альбомының тұсауы кесілді. Бардық. Ұлттың рухани қазынасын сақтап, халқына сол күйі дін аман жеткізіп табыстаған көмекей әншілер көрермендерді халық байлығымен сусындатып жатты. Біздің де еметайымыз езіліп, аңсарымыз құлаған қалпы кәсіби әншілердің аузына үңілдік. Сондағы орындалған әндердің арасында көзінің тірісінде Өтепберген ағамыздың айтуында сан естіген, сан мәрте мейіріміз қанып ұйыған әндер де болды. Бір «әттеңі» – олар сол бір әдемілігінен айырылып қалып жатты. Мақтаулы әншілердің қайсыбірінің қапелімде әуелететін тұсында даусы жетпей, тамағы қарлығып, ышқынып барып бөгелсін... Сол тұста халықтың арасында залда отырған министр Мұхтар ағамыз шыдамай кетіп, орнынан атып тұрып айқай салды. 
– Қайтадан айт! Асықпа! – деді. Сосын қалың қауымға қаратып, «тамағы ауырып жүргеніне қарамай шығарып ек» деп жуып-шайды. 
Қасымда Өтепберген ағамыздың кәнігі досы, Парламентте, Ұлттық банкте бірге қызмет еткен, қарта ойнаса бір қол, ән салса бір кербезі болып шыға келетін Күпән апайымыз отыр еді, ол кісі де «Өтекеңдей орындау қайда-а?..» деді күрсініп. 
Иә, ағаның салған әндері қандай еді?! Дәл сол кісідей ешкім ән сала алмайды. Кәсіби әншілердің өзі қолына су құя алмайтын сияқты. Радиодан берілетін дәстүрлі әндерді тыңдап отырып, иірімі қанбаған тұстарда «қап, әттеген-ай...» дейсің іштей. Әрі, «аға, ән сал» десеңіз іркілуді, тосылуды білмейтін өрен жүйріктігімен іліп әкететін. 
Өтепберген ағамыз әнші емес еді, бірақ әншіден асып түсетін. Ол кісі қаламгер болатын. Баладай таза пейілінен бе, өлең, жұмбақ, жаңылтпаштарын балаларға жазды – жиырмаға таяу кітаптары бар. Солардың ішіндегі осы мақаланы жазу тұсында қолымызға іліккені – «Қызықты әліппе». Кітап – кішкентай балаларға арналған ұғымға жеңіл және үлкендерді де ойландыратын өлеңдерге толы. Кез келген бетін ашып оқысаңыз өзіңіз бұрын қаперлей қоймаған жаңалыққа тап келесіз. 
Белгілі балалар ақыны Өтепберген ағамыздың бұл кітабы әріптер, әліпбилік сөз түзілімдері туралы. Бір ғана әріптен басталатын сөздерді түзіп қысқа өлең, жаңылтпаш, жұмбақ қана емес, ұзақ та қызғылықты ертегі жазуға болады екен. Оны ақынның шығармасын оқығанда көзің жетіп, іштей сүйінесің. Бұл кітапты қолыңа алғанда әріптер әлеміне бойлап, сөз құдіреті туралы ойларың толыға, молыға түседі... Білсем, көрсем, үйренсем деген балаларға таптырмайтын дүние. Әттең, бастауыш сыныптың мұғалімдері Өтепберген Ақыпбекұлының осындай құнды дүниелерінің барын білмейді-ау...
Қаламгер шығармашылығының дені жас жеткіншектерге бағытталған. «Доп» (1979 ж.), «Футболшы боламын» (1982 ж.), «Жарыс» (1985 ж.), «Айдын шалқар» (1986 ж.), «Жарыстан соң жарыс» (1987 ж.), «Жылдың төрт мезгілі» (1990 ж.), «Балабақтың бір күні» (1992 ж.), «Экологиялық әліппе» (1998 ж.), «Ажарлы Астана» (2002 ж.), «Қырық қызық» (2002 ж.), «Балдай тәтті әліппе», «Қызықты әліппе» (2003 ж.), «Айдындағы әліппе», «Құпия оқулық» (2004 ж.) кітаптары жарық көрген. Осылардың арасынан «Жарыстан соң жарыс» кітабы 1989 жылғы балаларға арналған Бүкіл­одақтық ІІ үздік шығармалар конкурсында арнайы дипломмен марапатталған. 
Ақын өмірден өткеннен кейін «Керек кітап», «Мен таңдайтын мамандық», «Әлемге әйгілі қалалар» сияқты көрнекі туындылары айнымас досы – бүлдіршіндерге жол тартты.  Өтепберген Ақыпбек­ұлы балалар әдебиетіне ғана ат ізін салып қойған жоқ, үлкендерге жазған жырлары қаншама? «Шалқасынан туған ай» өлеңдер жинағы қазақ поэзиясының шалқарына тосыннан көтерілген дүлей толқындай кеп қосылды. 
Өтекең   өнерде  ғана  оқшауланбай  зей­іні терең, кез келген істің ығын табатын іскерлігін де дәлелдеп кеткен. Музыка аспаптарын бірінен өтіп екіншісін шебер ойнай беретіні сияқты әрсалалы қызметтерді де қиналмай атқара білген. Оған өмір жолдары дәлел. Үңіліп көрелік: Республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жалын», «Денсаулық» журналдары, «Жанашыр», «Халық Конгресі» мерзімді басылымдарында аға тілші, бөлім меңгерушісі, бөлім редакторы, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1995 жылы өміріне шұғыл өзгеріс жасап, мемлекеттік қызметке бет бұрады. Республикалық «Казгидромет» агенттігінде, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінде аға референт, кеңесші, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде басқарма бастығы қызметтерін атқарды.
Осы тұстарда бірнеше дүркін Қазақстан Жазушылар одағы, Қазақстан Лениншіл Комсомол Жастар одағы Орталық комитеті мен «Жалын» баспасының бірлескен дәстүрлі конкурсының және республикалық, халықаралық мүшәйралардың жүлдегері атанды. 
Әттең, осынша талантты бола тұрып, бойындағы әлеуетті тұтастай игеруге уақыт ырық бермеді. Енді шығармашылық кемеліне келген тұста қайта құру, сосын абдыраған күндер, жаңа қоғамдық құрылым, тұралау, ес жию... өстіп өмір өте берді. Тіршіліктің ауанымен жүріп, тым болмаса бір шығармашылық кеш немесе кездесу өткізбепті. Әлде бүгінгі тоғышарлар заманының ақындарындай атақ-даңққа ашқарақтық танытпады. Мен ол кісінің салған әнін сахнадан көпшілік тыңдаса, көрсе деп 2000-шы жылдардың бас кезінде ұмтылып едім, Өте-аға:
– Кешті өткізерміз, әнді салармыз. Ал одан кейінгі банкетті қайттік?.. – деді жанында артық ақшасының жоқтығын ашық айтып. Ол уақта Өте-аға баспанасыз, жатақханада жүрген. Осы тұста салым суға кетіп, қайранның жоқтығынан тілімді тістедім... Сонымен, театрмен жүріп жатқан келіссөз доғарылды. 
Астанаға ауысқанда екі-үш жылдан соң барып әл-Фараби ықшамауданынан екі бөлмелі пәтер тиді. Күні бойы мемлекеттік қызметте жүріп, кешкі 8-ден кейін келеді де (ерте келгенде) ванна бөлмесіне жер үстел қойып ап, қолдан жасалған орындықта отырып жазуға кірісетін. Өйткені, үйдегі бала-шағаға кедергі келтірмеуі керек... Бір абыройы, жуынатын бөлме әдеттегіден әжептәуір кең әрі әжетханадан бөлек еді. Барсаң ваннада қағаздары будырап жатады... Түннің бір уағына дейін сарылып отырады екен. Отағасының күй таңдамайтындығына қолдау танытып, зайыбы Жұмаш тәтеміз де «біздің қожайын» деп, қолпаш білдіреді. Осы бір құрмет пен ілтипатқа еріксіз езу тартамыз. Ванна қажет болған уақытта Өте-аға «дүниесін» жинап ап, босатып бере қояды. 
Соңғы жылдары әдеби ортадан аулақтаған сайын әдебиеттің қазанына қайнай түсті. Өлеңдерін бұрқыратып жазып жатты. Жылына кем дегенде 2-3 республикалық мүшәйрадан бәйге алып, 2-3 кітабы жарық көретін. Өлеңді былай қойып ғылыми, тарихи, құқықтық еңбектері жазылып, айналымға түсе бастады. Соның ішінде заң­тану іліміне ұлттық көзқарас тұрғысынан тереңірек үңілді. Нәтижесінде «Тіл. Мәдениет. Құқық...», «Қара қылды қақ жарған...» тәрізді монографиялары жарық көріп, Қарағанды, Қостанай сияқты бірқатар  университеттердің  құрметті  профес­соры атағын иеленді.
Бірінші кітабында ұлттық болмыс пен құқықтық мәселелердегі қазақ тілінің рөлі және ана тіліміздің ежелден билік тілі болғанын, ендігі қоғамымызда оның заңгерлік пен билік тіліне қайта айналу үрдісінің  жайын қаузалады. Мемлекетте қай тілге басымдық берілсе сол тіл билік тіліне айналып, үстемдік құратынына тоқталып, бүгінде елді топтастырушы күшке ие қазақ тілінің қадамын бұдан әрі тұсауға болмайтынын түйіндейді. Екінші «Қара қылды қақ жарған...» кітабында шешендік сөздер мен билер шешіміндегі құқықтық нормалар мен сот прецедентінің нысандарын нақты деректермен аша алған. 
Бұл – есесі кеткен, өтеуі өткен кезеңдерінің орынын толтырған уақыттар екен. 
Өмірде жақсылар мен жайсаңдардың арасында жиі жүріп, талай жайды көкейіне түйген Өтепберген Ақыпбекұлы бір адам туралы жаман сөз айтпайтын. Мінезі мен пейілі көзге ұрып тұрған нашар кісі болса да Өте-ағамыз үшін тосырқайтын қылығы, елең етер жаттығы болмайды. Ешкімді сырт теппейтін көпшіл мінезімен өзі де талай ағаларының ықыласына бөленді. Сондай  үлкендердің арасынан Сұлтан Шәріп­­ұлы Оразалин ағасының жайы бөлек. Алматыда жүргенде қызметке шақырылып, бас қалалық мәртебе Ақмолаға берілгенде Өтекең ұлы көшпен Арқаға қоныс аударды. 
Өтекең өмірден озғанда Сұлтан ағасы зейнетке шығып кетсе де шапқылап, кезек күттірмей шұғыл шешетін мәселелерді реттеуге атсалысты. Достыққа адал інісінің пәнидегі өзіне деген кіршіксіз көңіліне ризашылығынан шауып жүргені белгілі. Мен үшін де Өте-аға әу бастан бойында қылдай міні жоқ азамат ретінде көрінді, сондай бола білді және сол азаматтығы биік тұлға тұрғысында мәңгі көкейімде қалып қойды. Соңғы бір сөйлескенімізде сөз арасында:
– Адам өлімнен қорықпау керек екен. Өлімнен несіне қорқасың, қайта ол ең жақсы көретін адамдарыңмен жақындата түседі екен, – деп тосындау пікір айтты. Темекісін езуіне қарай тоғыта маған «Мұным қалай?» дегендей бір көз жүгіртті.
Ол кісі жай көптің бірі емес, ақын, шығармашыл адам болған соң мен ол сөзге күмәнмен қараған жоқпын, астарында не жатқанын аңдауға тырыстым.
– Әкеңмен табысасың, шешеңмен қауышасың... 
Қисынды уәжге ештеңе дей алмадым. Сөйтсем, «Аттың сыры иесіне мәлім» дегендей, өз жайын біліп жүр екен. Ол кезде «Өте-аға науқас екен» деген сөзді ешкім айтпаған.
Амал не керек, «Әділжан» деп бір жағы еркелеткен, бір жағы қамқор үні ғана көкейде қалып қойды. Енді ондай сөзді ешкім айта алмайды. Көзден кетсе де көкейден кетпейтін адамға айналды. 
Өтекең туралы әңгіме айтылса да тек адамшылық, азаматтық туралы сөз қозғалады екен. Ешкімнен ешқандай бөгде сөз шықпайды. Бүгінде ол өзінің балаларға арнаған кітаптарымен, тек сәбилерге ғана емес, жалпыға арнаған дүниелерімен Абызға айналып бара жатқандай.
Ол кісі бізге көп аманат қалдырды. Біз соңынан салауат айта отырып, аманат дүниелерін шамамыз жеткенше жарыққа шығаруға күш салсақ деп ойлаймын. Ағамыздың екі дүниеде де жарығы сөнбеуі тиіс... 
...Сол бір 2007-ші жылғы желтоқсан айының қақаған қысы есімде. Шытынған Астананың аспаны қақ айырылуға шақ тұр. Үскірген боран мен аяз бірін-бірі кеу-кеулей үстемелейді. Аяздан да бұрын «қазақтың кемел ақыны Өтепберген Ақыпбекұлы өмірден озыпты» деген суық хабар жанды қуырып, дүниені апшып барады. Ести тұра өз құлағыңа нанбайсың, өйткені бірер күн бұрын ғана телефон арқылы тілдескен едік. Қайтатынынан бір күн бұрын ауруханаға түскен екен, түн жарымында жарықтық дәуірін теріс салса керек. 
Міне, біз жазмыштың салғанына шарамыздың жоқтығынан аңырып, Өте-ағаның үлкен ұлы Айбын екеміз ауруханаға келіп тұрмыз. Ішке кіріп, мәйітті қабылдап алдық. Бетін ақырындап ашып көрдім – кеше ғана ашық-жарқын әңгіме айтып, шапқылап жүрген ағамыз көзі жұмулы сұлқ жатыр.
Өз босағасында бір түн түнеп, ертеңінде мәңгілік мекені – Алматыға бет бұрды. Алатаудың қойынындағы мықтылардың бәрін сыйдыра алатын «Кеңсайға» кетіп барады.
Бір кезде арман қуып жеткен Алатауына ақ қар, көк мұзда, тағы да Арқадан шұғыл аттанды. Қап тауының шатқалына кіріп кеткен Мәдідей Алатаудың қойнына енуге асығып бара жатқандай әсер қалдырды. Қимастықтан жүрегім уылжып, лықсып шыққан ащы жас жанарымды бүркеп, көз алдым бұлдырады. Әне-міне дегенше Өте-ағамызды ақырғы сапарына апара жатқан жеңіл көлік үйдің бұрышын айналып үлгеріпті... 
«Өтеуге берген ұл үлкен өмір жолында ата-ана тілеуін ақтай алды» деген ой көңіл сарайымның арғы жағында көлбеп жүрді...

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ