ШЫҢДАҒЫ ШЫНАРЫМ (ЭССЕ)

Уақыты: 29.07.2020
Оқылды: 1582
Бөлім: РУХАНИЯТ

Өмірдің қияларын бастық біз де,
Белестен неше қилы астық біз де.
Өкшеге шөңге кірсе шыдадық қой,
Жұғардай жамандықтан қаштық бірге.

Асанбай Асқаров

Фатима Ғалиқызы өткен күндердің елесін іздегендей алыс көкжиекке қадала қарады. Асанбай екеуінің алғаш танысқан, лүпіл қаққан жүректері бір арнада табысқан сол бір ғажайып сәттер қанша көрсе де жалықтырмайтын сүйікті киноның кадрларындай көз алдында шыр айнала берді.
Соғыс жүріп жатқан кез. Күн сейсенбі болатын. Фатима бухгалтериядағы әйелдердің аязы арқыраған ақпан күніндегі әдеттен тыс көңіл-күйіне назар аударды. Сөйтсе, пәлі, ұмытып кетіпті: бүгін, 23 ақпан, Қызыл Армияның құрылған күні екен ғой. Бас бухгалтер Таисия Ивановнаның айтуынша, өздері жұмыс істейтін Семей ет комбинатында жиналыс өтпекші. «С докладом будет выступать молодой офицер, казах», – деп ол күлімсіреген күйі Фатима жаққа мойын бұрып, жұмбақтау көз тастады. Фатима алғашқы кезде оның астарлап айтқан сөзіне аса мән бере қоймаса да соңыра кәдімгідей ойланып қалды. 
«Жас қазақ офицері баяндама жасамақшы дейді, ә? Расында Семейде қазақ офицерін кім көрген? Қандай екен өзі? Қай жақтікі?» – деп қиял құшағына қалай еніп кеткенін өзі де байқамай қалды. 
Айтса, айтқандай-ақ екен, жиналыста еш қағазсыз-ақ баяндама жасаған қағылез жас қазақ офицері жарқылдай көрінді. Орта бойлыдан сәл биіктеу, қалың қара шашы бұйраланып келген қараторы жігіт екен. Өзін «Асанбай Аскарович Аскаров» деп таныстырған ол орысша ағып-ақ тұр. Оралымды ойларын түйдек-түйдегімен жіберіп, ара-арасында жарасымды әзілімен де орағытып өтеді. 
Баяндаманы ұйып тыңдаған жұмысшылар маңдайы жарқыраған қазақ жігітіне сүйсіне қарап, сұрақтарын қарша боратты. Әйтсе-дағы бәрінің көкейінде бір-ақ сұрақ, бір-ақ түйін – соғыс қашан бітеді?
– Мен сәуегей емеспін, соғыстың дәл қашан бітетінін айта алмаймын. Бірақ, мен бір нәрсеге аса сенімдімін: Ұлы Жеңіс күнін тойлайтын кез тым алыс та емес. Біз жауды кең-байтақ жерімізден тықсыра қуған бетімізбен оның індет жайлаған мекеніне жетіп, дәл қазір адам айтқысыз азап, қайғы-қасірет шегіп отырған Еуропа халықтарын да азат етеміз, – деп сөзін түйіндеді Асанбай көзінен ұшқын атып. 
Фатима алдыңғы қатарда отырған. Әдетте, азынап тұратын цех іші, жиналған жұрттың демінен бе, жылы көрінді. Әлде, қанша салқын болса да, мына кремнийден жасалған оттықтай жарқ-жұрқ еткен жас баяндамашының жалынды сөздерінен кейін еріксіз жылып кетті ме? Түр-сымбаты келіскен қазақ офицерінің білімдарлығы, орыс тіліне жетіктігі оны бірден баурап алды. «Әне, қай тілде сөйлесе де қазақ жігіттері шешендіктен құралақан емес», – деп, іштей оны зор мақтаныш тұтты. Бір сәт өзінің «Жиналыс созыла түссе екен, ол сөйлей түссе екен» деген тілекте отырғанын өзі де аңғармай қалды. Осы бір бұйра шашты жігіттің отты көзінен атылған ұшқынның өзінің жүрегіне шоқ болып түсерін сезген жоқ. Қайдан сезсін?! Тіпті, оны қайта кездестіремін деп те ойламаған. 
Арада бір апта зымырап өте шықты. Күн жексенбі болса да жұмыс әдеттегіден тыс көбейіп кетіп еді. Бүкіл бухгалтерия кешелі бері қобыраған қағаздан бас алмастан отырды. Комбинаттың өз міндеттемелерін жоспардан артық орындауы бұларға да қосымша салмақ түсіреді. Бірақ, «қыңқ» дейтін жан жоқ: «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!». 
Фатима жұмыстан кештеу қайтса да шаршаңқы түрін көрсетпей үйге бойын тіктей кірді. Есіктен кіре бере үйде қонақ барын аңдады. 
Жеңгесі буын бұрқыратып тамақ әзірлеп жатыр екен, мұны көріп, қуана дауыстады:
– Ой, күнім, келіп қалдың ба? Дұрыс болды. Дастарқан жайғалы жатыр едім, маған болысып жібере ғой.
– Үйге қонақ келген бе, тәте? – деп сұрады Фатима ылдым-жылдым көмектесіп жатып.
– Иә, ағаң өзінің қызмет бабымен жас сарбаздарды ерте келіпті, ақылды балалар екен, – деді жеңгесі жымың етіп. 
Осы кезде жайшылықта асүйге бас сұқпайтын ағасының даусы естілді: 
– Хакима, «кешікті-ау» деп Фатимашты енді сұрағалы жатыр едім, өзі де келіп қалған ба? Фатимажан, тоңбай жақсы жеттің бе?
– Бәрі жақсы, аға, уайымдамаңыз. Қазір дастарқан жаямыз, бәрі дайын, – деп жайраңдай жауап берді Фатима. 
Дастарқан жайып жүрген Фатима Асанбайды көріп қатты таңырқап қалды. Ол да бұған тесіле қарап, көзтанысын көргендей кейіп танытты. Қасындағы орыс жігіті екеуінің әлдебір сыр жасырылған көзқарастарын сезіп қойғандай, еш риясыз күлімсіреп қойды.
Кешкі ас үстінде ағасы қонақтарды қысқаша таныстырып өтті.
– Бұл жігіттер әскери-саяси училищенің алты айлық курсын бітіріп, офицер шенін алды. Таяу күндері майданға аттану үшін бұйрық күтіп отыр, – деп, қасындағы Асанбайға қарады. – Асанбай, сен училищеге дейін полк мектебінде оқыдым дедің, солай ма?
– Иә, аға, былтыр мамыр айында Қарулы Күштер қатарына шақырылып, полк мектебінде әскери дайындықтан өттім. Оған дейін бірнеше жыл Фрунзе облысында орта мектептің мұғалімі болып жұмыс істеген едім.
– Пәлі, Фрунзе облысына қалай тап болып жүрсің?
– Мен Шу стансысындағы мектеп-интернатта оқып, жетінші кластан кейін Фрунзе педагогикалық училищесінде білім алдым. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жолдаманы Фрунзе облысына берді.
– Е, түсінікті болды. Ал, Володя, сен ше? Қазақшаны қалай, қайдан үйреніп жүрсің?
– Оған таңданарлық ештеңе жоқ десе болады. Мен қазақтың арасында өстім ғой, аға. Өзімді Асанбай досымның коллегасымын деп санаймын. Училищеге дейін ауылдағы бастауыш мектепте мұғалім болдым.
– Е, дұрыс, қарақтарым. Саяси жағынан сауатты, сақадай сай тұрсыңдар. Бұйрық берілсе, аттанып кетесіңдер ғой. Біз тек тілекшіміз. Менің қызметімді көріп отырсыңдар, бәріне жауаптымыз. Майданды бастан-аяқ қамтамасыз ету үшін тылды ұйымдастыру міндеті жүктелген.
– Шырақтарым, тамақтан алып отырсаңдаршы, – деп, бәйек болды Хакима осы кезде.
– Иә, иә, алып отырыңдар. Үйдің дәмін сағынып жүрген шығарсыңдар. Жеңгелерің жақсы әзірлепті, – деді Сүлеймен әлі орталана қоймаған үлкен табақты иегімен нұсқап. 
Сөйтті де ол Фатимаға мейірлене қарап:
– Жігіттер, мына қызымыз – менің жиен қарындасым Фатима, – деп қонақтарына таныстырды. – Әкеден тым ерте, бар болғаны екі жасында айырылды. Марқұм Ғали жаны жайсаң, жақсы кісі еді. «Өй, қайнаға» деп қойып, ылғи ыржиып күліп жүретін. Фатиманың анасы менің туған қарындасым, ол да өмірдің қызығын көре алмады. Осыдан бес-алты жыл бұрын мына жарық дүниемен қоштасып, кете барды. Сөйтіп, Фатиманы жалғызсыратпай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, әке орнына әке, шеше орнына шеше боп отырған жайымыз бар. 
Фатима былтыр мектеп бітіргесін ет комбинатына жұмысқа орналасты. Пысық өзі, бухгалтерлік мамандықты бір-ақ айдың ішінде игеріп алды. Кішкентай күнінде анасы сияқты ыңылдап, әндетіп жүретін. Осы күні мұңдануы жиірек. Мұңданба, Фатимаш. Қуанышты күндер, ән шырқап, әуелететін күндер алда. Ұлы Жеңіс күні күтіп тұр бізді. 
Сүлеймен ас қайырған соң, сыртқа шығып шылым шегетін әдетімен орнынан көтеріле бере, папиростың бір талын езуіне қыстырып алды. Қонақтарына папиростың қорабын шертіп, ымдап еді, Володя «мен қосыламын» дегендей басын изеді. Асанбай тапжылмастан отыра берді.
– Күнім, сен қонақты жалғыз қалдырмай қасында отыра тұр. Жұмыстан шаршап та келген шығарсың, өзім жинастыра беремін ғой, – деді жеңгесі Фатимаға.
Асанбай «үндемес ойынын ойнамайық» дегендей, бұған бірінші боп тіл қатты.
– Фатима, байқаймын, қалада туып-өскен сияқтысың ғой, – деді сөзін салмақтап.
– Иә, осы қалада туып-өсіп, осында оқыдым, – деп езу тартты бұл.
– Ал, мен осыдан жиырма бір жыл бұрын қазіргі Жамбыл облысына қарас- ты Мерке ауданындағы Тәті ауылында дүниеге келіппін. Әкем Асқардан сегіз жасымда айырылдым. Анам Күнімай он бір баламен қалған-ды. Түрксібте жұмыс істейтін үлкен ағам Құлназар мені Шу стансысындағы орыс мектебіне оқуға беріп, алғашында танысының үйіне жатқызды. Кейін интернатқа ауыстырды. Сосын, әлгінде айтқанымдай, Фрунзе училищесінде оқыдым. Мақтанғаным емес, тырмысып оқып, жоғары стипендия алатынмын. Әйтсе де жазғы каникул кездерінде үйге келіп, колхозда жұмыс істейтінмін. Сөйтіп, он төрт жасымнан бастап еңбекке араластым. Анам мен ағама үлкен семьяны асырау өте қиынға соқты. 
Қазақтар «Құлеке», орыстар «Назар» деп атап кеткен сол Құлназар ағам менен бұрын соғысқа кеткен. Одан бөлек екі ағам да майданда жүр. Әзір жаманат хабар алған жоқпыз. 
Аштық жылдары төрт бірдей бауырымнан айырылдым. Қалғандарымыз әрең-әрең аман қалдық қой. Адамдардың аштықтан қалай өлгендерін өз көзімнен көрдім. Аштықтан жаны қиналып, еріндерін әрең қимылдатып жатқан, оған да шамасы келмей қалған адамдарды көру деген ақырет еді.
Фатима, кешір, мен өзім де байқамастан адам өлімі туралы үрейлі әңгімелерге бұрып әкелдім ғой деймін. Майданға жеткесін ондағы қанқұйлы оқиғалар туралы жазбай-ақ қояйын.
– Сіз маған хат жазып тұрмақсыз ба?
– Несі бар, өзің рұқсат етсең хат жазысып тұрайық.
– Олай болса, сіз менің атыма жіберетін хаттарыңызды конверттің сыртына «До востребования» деп көрсетіп жазыңыз. Поштадан өзім барып алып тұрамын.
 – Фамилияң қалай?
– Иембергенова Фатима Галиевна.
– Ал, мен, документім бойынша, Асанбай Аскарович Аскаровпын.
– Иә, білемін, сіз өзіңізді баяндама жасар алдында солай таныстырдыңыз.
– Сол жиналыста сен маған сұрақ қоймасаң да алдыңғы қатарда қасы-көзің қиылып, тойған қозыдай томпиып отырғаның есімде. 
Фатима Асанбайдың ақындарша суреттеп айтқан сөзіне еріксіз күліп жіберсе де іштей оның сезімталдығына сүйсініп қалды. Сол бір сәттік сүйсіну кейін үлкен сүйіспеншілікке айналып кетер деп кім ойлаған?..

* * *
Алғашқы хат Термез қаласынан келді.
«Фатима, аманбысың? Біз Термезге келіп түстік. Бұл қала Өзбекстанның Ауғанстанмен шектесіп жатқан жерінде орналасқан. Қысы мейлінше жылы, жазы тым ыстық. 
Мені рота командирінің саяси істер жөніндегі орынбасары етіп тағайындады. Осында тұрақтап қаламыз ба, әлі белгісіз.
Айтқандай, сенің оқу туралы болашақ жоспарыңды сұрамаппын. «Өнерді үйрен де жирен» дегендей, түрлі мамандықты игерген дұрыс қой. 
Хатты оқысымен отқа жағып тастап отыр. Артық сұрақ қойма. Асанбай».
Фатима поштаға күнде баратын болған. Пошташы орыс әйел мұның түрі түгіл фамилиясын да жаттап алған. «Иембергенова, тебе писем нет», – деп төмен қарап отырғаны.
Бір күні есіктен кіре бергенде, пошташы әйел орнынан тұрып: «Ну-ка, спляши», – деп бұйырды. Фатима қуанғанынан тұрған жерінде шыр көбелек айналды. Пошташы әйел бұған бір ұшына мөр басылған үш бұрышты конверт ұсынды. Жайшылықта жабырқау көрінетін осы әйелдің мұның өзінен бетер қуанғанына жүрегі жылып кетті. 
Сыртқа атып шыққан Фатима жүрегі лүпіл қағып, хатты оқуға асықты. Ең қуантқаны да, жұбатқаны да – Асанбай әзір майданға түспепті. Мүмкін, Асанбай тағайындалған әскери құрылым әлі жасақталып үлгермеген де шығар... 
Сол түні Фатима біразға дейін ұйықтай алмай дөңбекши берді. Төсекке жатпастан бұрын Асанбайдың хатына жауап жазбақшы болған. Екі-үш рет оқталып көрді де «таң ата жазайын» деп шешті. 
Енді ұйықтай алсашы. Көз алдында отқа оранған хат көлбеңдей берді. Асанбай «Хатты оқысымен отқа жағып таста» деп ескерткен ғой. Қолы әрең жеткен хатты отқа қимады. «Сақтап қойса, несі бар? Аса құпия болатындай пәлендей дәнеңе жоқ қой» деген ой келген. Артынша ол ойын аластай жөнелді. «Қой, болмас. Асанбайдың айтқаны заң. Жай сақтық шара ғана емес, бірдеңені біліп тұр ғой. Бостан-босқа айтпаса керек». 
Дүкеннен сіріңке сатып алып, оңаша жерді тауып алғанша қар ұшқындап жауа бастады. Аппақ қардың үстінде жатқан бір тұтам қағаз әрең от алды. Қар ұшқындары баяу жанып жатқан қағаздың бетіне тиген сайын шатыр-шұтыр етіп ериді. От пен қар. Сезім шіркін де осы отпен шарпысқан қар ұшқындары сияқты ма екен? Бірде от боп күйесің, бірде қардай ерисің.
Түу, Фатима, не ойлап кеттің өзің?! Асанбай екеуміздің арамыз әлі жалғанбаған жіп сияқты емес пе? Дәнекер боларлықтай не бар? Бір хат, бір жапырақ қағаз ғана ма? Оның өзін өртеп жіберген жоқсың ба? Сезім түгілі ұшқын да жоқ қой!
Фатима төсегінде бір аударылып түсті.
«Қой, Фатима, Асекеңнің хатын оның өз айтуымен өртеп жіберсең де сөзі жүрегіңнен өшкен жоқ қой! Көңіліңде бәрі сайрап тұр. Жалғанбаған жіпті де жалғайтын өзің. Жауап жазсаң, болғаны. 
Пәлі, мен Асанбайды қалай атауым керек? «Асанбай» деп түйеден түскендей дүңк еткізгенім инабатсыздық болып шықпай ма өзі? «Асеке» деп сыпайылағаным дұрыс шығар».
Көз алдына хат жолдары тізбектеліп тұра қалды. Сол сәтте ол хат мазмұнын енді ғана түсінгендей таңдана түсіп, талдай бастады.
«Апырау, Асекеңнің әр сөзінің астарында жағдайдың бәрі дастарқан мәзірі тәрізді жаюлы тұрған жоқ па? Шегарада тұрғанын айтады. Демек, оның өзі мемлекеттік құпия деген сөз. Ол үлкен жауапкершілікті жүктейді. Оның лауазымы да – аса жауапты қызмет. Асекеңнің саяси сауаты жоғары, өресі биік адам екені «ә» дегеннен-ақ байқалып тұрған жоқ па? Міне, осындай адамның айналасы да қарабайырлықтан ада болуы тиіс. Ол менен осыны талап ететін сияқты. Сол үшін де білімімді жетілдіруді тілеп отыр. «Хатты оқысымен отқа жағып таста, артық сұрақ қойма» деуінің астарында да көп сыр бүгулі. «Басқа пәле – тілден», әлдеқандай заман туып кете ме, 37-жылдың табы әлі кете қойған жоқ» дегенді аңғартпай ма?..».
Сонда барып Асанбайдың Сүлеймен ағасы туралы бірауыз сөз айтып, оны сұрамағанының сырын түсінді. Досы Володяны еске алмауының да себебі бір екен, ойлап қараса. «Әлдеқандай жағдай бола қалса, кесірім тиіп кетпесін деп қауіптенеді ғой, бәсе...». 
Фатима жауап хатты барынша қысқа да нұсқа жазуды ойлап жатып, ұйықтап кетіпті. «Таң ата жазайын» деген жоспары болмай қалды. Жеңгесі оятпаса, ұйықтай беретін түрі бар екен. Таңғы асын апыл-ғұпыл ішіп, жұмысына жүгіре жөнелді.
Түскі асқа үзіліс кезін пайдаланып хат жазып, поштаға салып үлгерді, әйтеуір. Көңілі жайланып, көктемнің шуақты күніндей құлпырып шыға келсе де «Көкейімдегіні дұрыс жеткізе алдым ба?» деген күдігі кеудесіне орын тепті.
Үміт пен күдік аралас күндер өтіп жатты. Поштадағы тётя Нина алдында тағы бір билеудің сәті көпке дейін түспеді. Сонда да поштаға күн құрғатпай барады. Қайта тётя Нина оған жауап беруден жалыққан сияқты. Кейде басын шайқап қоя салады, енді бірде алая бір қарайды да қояды.
Күндердің күнінде Асанбайдан хат келді. Бұл жолы тётя Нина Фатиманы күле қарсы алса да билетпеді. «Иембергенова, тебе бандероль пришла. Распишись и получи», – деді ресми түрде. Фатима оған аң-таң боп қарады. Оның мұншалықты қуаныш үшін мұны билетпегеніне бір таңданса, «бандероль» дегеніне екі таңданды.
Ең таңдандырғаны да, тамсандырғаны да – Асанбайдың ұзақтау жазған хаты мен салып жіберген кітабы.
Асанбай бұл жолы арнау сөзін «Қадірлі Фатима!» деп бастапты. 
«Хатыңды алып, қуанып қалдым. Сенің болашақ жоспарларыңа тілектеспін. Дәрігер не кітапханашы мамандығын алғың келетінін құптаймын. Аса қажет мамандық екеуі де. Дәрігер болудың қиындығы көп, әрине. Ол дегенің адам тәнінің инженері болу іспеттес қой. 
Одан арғысы тіпті таңғаларлық, таңғажайып ертегі тәрізді. 
«Мына кітап («Книга царей Шахнаме») кезінде қолыма кездейсоқ түсіп еді. Бірақ, бара-бара бұл дүниеде кездейсоқ нәрсе болмайтынына көзім жетіп келеді. Фирдоу- сидің күллі жаһанға танылған осы кітабын оқып отырып «Шіркін-ай, ұлы шайырдың отанын бір көріп келсе, қайтер еді?» деп армандаушы едім. Сол арманым күндердің күнінде аяқ астынан орындала қояр деп ойлаппын ба? 
Қадірлі Фатима! Адамның қалайда армандай білгені оңды екен. Мен сәуегей емеспін. Алайда, екеуміздің келешекте көңіл жарастырып, бұл дүниеден бірге қол ұстасып өтетіндей өмірлік серік болып кететінімізге аса сенімді Асанбай».
Асанбайдың хатын оқып тұрғанында Фатиманың көзіне мөлтілдеп жас келді. Не себепті жылағанына алғашқыда өзі де түсінбеді. Күн өткен сайын алыстап бара жатқан балғын шақпен қоштасуы ма, күн өткен сайын жақындай түскен бақыттың құшағында шалқитын болашақты аңсауы ма? Қалайда ол айналдырған екі-үш айдың аралығында, Асанбайдың екі хатының арасында өзінің қаншалықты есейіп кеткенін сезбей де қалды.
Енді бір сәт ол Асанбайдың сонау Иран еліне қалай тап болғанына таң болып, түрлі ойларға берілді. «Шегара асып кеткені қалай? Фирдоусидің сүйегі жатқан жер қайсы?» деген сұрақтарға жауап таппай, сарсылды. Сосын барып, есіне түсіп, жалма-жан қолындағы кітаптың бетін ашып, көз жүгірте бастады. Пәлі, Фирдоусидің моласы Иранның Мешхед қаласында көрінеді. Бірақ, оны білгеннен дәнеңе шыққан жоқ. Қайта Асанбайдың жұмбағы көбейіп, мұның күдігі молая түсті. Әйтеуір, үміт қылатыны – Асанбайдың қанды қырғыннан алыста қалғаны. Сол жолы ол алғаш рет өз жүрегінен орын алған Асанбайды сонау алыстағы парсы елінде Фирдоусидің аруағы қорғай жүрсінші деп шын тіледі. 

* * *
Асанбай аға мен ұсынған кітаптың сыртынан аялай ұстап, әдемі безендірілген мұқабасындағы айшықты жазуға үңілді.
– «Түрмеден хат» депсіңдер, ә? Сендер, тісқаққан журналистер, тақырып қоя білесіңдер. «Тақырып, тақырып тұрар шақырып» депті ұйқасқа жүйрік біреу. Мақала, кітап атауының жұртты еліктіріп, өзіне тартып тұрғаны жақсы. «Түрмеден хат» деген де сондай тартымды тақырып болып шыққан. Иә, бұл менің темір тордың ар жағында отырып халқыма арнаған үндеу хаттарым. Мен халқыма қалай сенсем, халқым да менің ақтығыма солай сенді. Халықтың сол қалтқысыз сенімі ғой мені адам айтқысыз азаптан, азаптан емес-ау, тозақтан аман алып шыққан. 
Рахмет, інім, кітапты кісі ұялмайтындай, қайта көрген жан мақтан тұтатындай сапалы етіп, жақсы шығарыпсыңдар.
– Аға, қапелімде ойыма бір сөз кеп қалды, соны айтайын. Асанбай азат болды, қазақ азат болды. Көрмейсіз бе, Тәуелсіздіктің таңы атып еді, сіз де темір тордан босадыңыз. Осы ақ түйенің қарны жарылар жарқын күнді бәріміз күттік қой. 
– Аға, бұл Жақыпжан деген ініңіз. Қаламы жүйрік журналист қана емес, кітап шығару ісіне әбден машықтанған баспагердің бірі, – деп үн қосты Раушан. – Мен оны «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп жүрген кезінен бастап білемін. Қазір Жәкең әжептәуір беделі бар, қаржысы да қомақты Журналистер одағының шығармашылық бірлестігін басқарады. Жанна екеуміз ана бір жылдары жағдайымыз келіңкіремей, баспана жағынан қиналыңқырап жүргенде қол ұшын созып, өз үйін паналатқан осы Жақыпжан болды. Содан беріде жақсы жолдас боп кеттік. Отбасымызбен араласып тұрамыз. Жәкеңнің үйіндегі келініңіз Гүлғайша Жанна екеуі тату-тәтті абысындай боп кетті. Әкем ауырып жатқанда көңілін күнде сұрап, тамағын тасып беріп тұрды.
Осы кезде Фатима апай сөзге араласты. Қасында дастарқан жайғастырып жүрген Жаннаға мейірлене қарап:  
– Жанна келінім сондай бір инабатты, ізетті адам өзі, – деп бір қойды да сөзін жалғастырды. – Отбасылық, тұрмыстық қарым-қатынастарда көп нәрсе әйел баласына байланысты болады ғой. Еркек үйдегі ұсақ-түйек шаруаға аса назар аудара бермейді. Ал, әйел заты әр нәрсені алдын ала ойластырып, от басы, ошақ қасындағы шаруаның бәрінің дөңгеленіп тұруын қалайды. Қазақта «Жақсы үйге түскен келін – келін, жаман үйге түскен келін – келсап» деген сөз бар. Міне, айналайын, Жанна келінім сондай жақсы келін деуге лайық жан. 
– «Келін ененің топырағынан» демей ме қазақ, – деп езу тартты Асекең. 
– Әрине, келіннің жақсы болуы енеден екені рас. Мен келін болып түскен шаңырақ нағыз қазақы болатын. Енем ешуақытта жоқшылыққа мойынсұнған емес. Маған әрдайым: «Қазанға түскен қайта қапқа түспейді, шырағым. Етті молырақ сал, бір адам жесе де, он адам жесе де берекелі болады», – деп ақыл үйретіп отыратын. 
– Фатима апай, есіңізде ме, алғаш рет сізбен Раушанның әкесі жатқан аурухана палатасында танысқанымыз? – дедім мен. – Сіз де оның кеуілін сұрап-білуге барып отыр екенсіз.
– Иә, иә, Раушан қайнымнан «Бұл қай бала?» деп сұрағаным да есімде, – деген Фатима апайдың аққұба жүзі нұрлана түсіп жарқылдай күлді.
– Ал, мен өзім бұрыннан танитын Раушан Қырғызбаевтың сіздің қайныңыз боп келетінін білмеппін. Әйтпесе, мен оны Панфилов аудандық комсомол комитетін басқарып отырған кезінен бастап танушы едім, – деп күлдім мен де.
Осы сәтте Раушан «тыныштық сақтайық» дегендей, үстел үстіндегі графинді тықылдатып, жұрт назарын өзіне аудартты. 
– Ау, ағайын, мына бүгінгі күнді Асанбай ағамыздың кітабының кішігірім тұсаукесер тойы деп есептейік. Сондықтан, рұқсат болса, мен ағамыздың өзіме аса ұнаған бір өлеңін оқып берейін. Ол Фатима апамызға түрмеден жазылған өлең-хат.  

Фатима, аманбысың, асыл жарым,
Мен қайда болсам-дағы қасыңдамын.
Ер жігіттің басына не түспейді,
Сен мені ойлай берме, жасымағын.

Төзім берсін, шыдайық қиналуға,
Мен саған, айтшы, бақыт сыйладым ба?
Әлде сен бақыттырақ болар ма едің,
Тұрмысты басқаменен құрғаныңда?

Тал бойыңнан ешқашан мін таппадым,
Көтеріп маған дауыс, тіл қатпадың.
Өзімді бақыттымын деп санаймын,
Тұрғанда аман-есен ұрпақтарым.

Өмірдің қияларын бастық біз де,
Белестен неше қилы астық біз де.
Өкшеге шөңге кірсе шыдадық қой,
Жұғардай жамандықтан қаштық бірге.

Сенен артық адамды табармын ба?
Білмеймін, саған бақыт бере алдым ба?
Фатима, ар-ожданым таза менің,
Жүреміз әлі-ақ жайнап ел алдында.

Шіркін-ай, Асанбай Асқаровтың шаңырағының астында өткен қуаныш пен шаттыққа толы сол бір көңілді кеш көкейден кетпейді.

* * *
Бүгін Фатима Ғалиқызы үшін айрықша күн болды. Ресей елшілігінен жауапты кісілер келіп, кеудесіне мерекелік медаль тақты.
Сол кезде оның көз алдына Асанбайдың аяулы бейнесі елестеді. Тап сол жас кезіндегідей қалың қара шашы бұйраланып, бұған күлімсірей қарайды. Тіпті «Шынарың емес пе едім биіктегі...» деп үздіге сыбырлайтындай. 

Жақыпжан Нұрғожаев