ҮШ БУЫННАН ҮШБУ СЫР: "ЕШҚАНДАЙ ДА САЯСИ ОЙЫН ЕМЕС"

Уақыты: 27.07.2020
Оқылды: 1443
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әлемді жайлаған індет бүгінде қазақ даласын да кең шарпыды. Қаншама адамдар аурумен арпалысып, қарттарымыздың қатары сирей түсті. Індетпен белсене күресіп жүрген бірқатар дәрігерлер мен жастар да арамыздан мезгілсіз кетуде. Осы орайда көпшілікті «Коронавирус қайдан пайда болды? Қолдан жасалған залал ма, әлде адамзатқа жіберілген сынақ па? Індетті құрықтай алмау себебіміз неде? Оны қайтсек жеңеміз?» деген сауалдардың толғандырары сөзсіз. Сол себепті елімізге белгілі саясаткер, қоғам қайраткері, ақынның бұл тұрғыдағы ой-пікірлерін ортаға салмақпыз.

Дос Көшім, 
қоғам қайраткері, саясаткер:

АҒА БУЫН

– Қазір көпшілікті «Әлемді жайлаған пандемия саяси ойын ба, әлде адамзатқа жіберілген сынақ па?» деген сауалдың мазалап отырғаны анық. Меніңше, бұл ешқандай да саяси ойын емес, белгілі бір кезеңдерде болып отыратын індет. Мұндай індеттер адамзат пайда болғаннан бері қайталанып келеді. Кейде олар белгілі бір аймақты ғана қамтыса, енді бірде бүтін бір құрлыққа тарайды. Оның пайда болу жолдары да әртүрлі (экологиялық жағдай, азық-түлікті химияландыру, т.т.).
Әңгіме адамзат баласының бүгінгі індетке дайын болмай шыққанында, оның ішінде қазақ елінің дайындығының да жеткілікті болмағандығында. Сондықтан бұл індет адамзатқа жіберілген сынақтың қатарына жататын сияқты. Бірақ бұл сынақты адамзаттың ашкөздігі, материалдық байлыққа ұмтылып, табиғатты қорғамауы, тағы сол сынды теріс әрекеттері арқылы тудырып отырғаны да анық.
Қытай мен Жапония, Оңтүстік Корея, Австралия, Жаңа Зеландия сияқты елдер індетті жеңе алды. Кейбір елдерде індетті тоқтату үлкен қиындық келтірсе (мысалы – АҚШ), енді бір елдерде алғашқы толқыннан кейін аурудың таралуы біршама ауыздықталды. Ал біздің еліміздің індетті құрықтай алмауының басты себебі – өткен уақыт ішінде ұйымдастыру жүйесінің жеткілікті дәрежеде қалыптаспағаны мен білім жүйесінің (оның ішіне медицина саласы да кіреді) сын көтермейтін дәрежеге жеткенінен деп білемін.
Қазір бұл індет әлемді де, біздің елімізді де дағдарысқа алып келді деп анық айтуға болады. Қоғамның бір саласындағы дағдарыс міндетті түрде басқа салаға да әсер етпей қоймайды. Бүгін экономикалық сала қиыншылық көрсе, ертең соның салдары әлеуметтік салаға тиеді. Ал әлеуметтік саланың құлдырауы өз кезегінде саяси жағдайға тікелей әсерін тигізеді. Бұл жердегі жалғыз жол – билікке деген сенім мен қоғамның осы індетті жеңу жолында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір адамдай бірігуі. Демек, билік мұны мықтап ескеруі қажет. Олай дейтінім, індет халықтың билікке деген сыни көзқарасын еселей түскен сияқты...
 Әрине, індет белгілі бір уақыт өткеннен кейін міндетті түрде бәсеңдейді, тоқтайды, жойылады. Ал қазіргі мақсат – сол жағымды өзгеріске аз шығынмен жету.

Мұхтар Тайжан,
экономика 
ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері:

ОРТА БУЫН

– Коронавирус біздің елде неге тез тарап, пневмонияға айналып, өлім-жітім көбейіп кетті деген мәселеге тереңірек үңіліп көрейікші. Менің ойымша, мәселе орта есептегі әрбір қазақстандықтың денсаулығының әлсіздігі мен иммунитетінің төмендігінде. Өйткені, вируспен ең алдымен адамның иммунитеті күреседі. Ол иммунитет салауатты өмір салтынан, генетикадан, сонымен бірге экологиялық орта мен құнарлы тағам, сапалы судан және, ең бастысы, адамның жүйке жүйе- сінің жағдайына байланысты қалыптасады.

Бұлардың ең біріншісі экология дер едім. Қазақстанның әр облысы өзіндік бір экологиялық апат аймағы деп айтсам, ешкім таңғалмас деп ойлаймын. Өскемен, Теміртау халқы, қыста алматылықтар қандай ауа жұтып жүр? Ауа сапасы Атырауда да проблема. Ондаған жылдар бойы жұмыс істеп тұрған космодром зардабын шеккен Қызылорданы еске түсіріңіз. Алматы облысының Сарыөзек кентінің маңында жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жайын да еске түсіріңіз. Семей ядролық полигонын да ұмытпалық. Бұлар тек менің есіме түскені ғана. Экологиялық апат біздің халықтың иммунитетіне қатысы жоқ деп ойлайсыз ба? Қатысы болғанда қандай!
Судың сапасы. Осыған дейін суға қатысты екі-үш мемлекеттік бағдарлама болды, қаншама млрд. доллар ақша шығындалды, ал ауылдардың бірқатарында әлі сапалы су жоқ. Ал адам ағзасының өзі 80 пайыз судан тұрмай ма? Егер ол судың сапасы нашар болса, қайдан денсаулық болады?
 Екіншіден, тамақ. Бүгінде жұмыссыз жүргендер аз емес. Замандастарымыздың үлкен бір бөлігі негізінен тұтынушылық несиемен отыр, жалдамалы пәтер жағалап жүр. Осы адамдар күнде не тамақ ішіп жүр деп ойлайсыз? Көкөніс, жеміс-жидек, ет, балық, деликатес жеп жүр ме, әлде доширак, жарма, күріш, вермишель ме? Осындай жағдайда мықты иммунитет қайдан болсын?! 
 Үшіншіден, халықтың психологиялық жағдайы. Ай сайын несие төлейтін, балаларға киім әперетін ақшасы жоқ, қыста көмір түсіре алмай отырған отбасының психикасын көзге елестетіп көріңізші! Мен тіс емдету, жыл сайын денсаулығын тексерту, курортқа бару туралы айтып отырған жоқпын.
Осы үш жағдай тұрақты болса, індетті жеңу қиын болмас еді.

Сырым Әуезхан, ақын:

ЖАС БУЫН

 – Кез-келген сынақта анық көрінетін нәрсе әр адамның бойындағы жауапкершілік сезімі. Осы кезде отандастарымыздың бірқатарының бойындағы сол жауапкершілік сезімінің әлсіз екендігі айқын байқалып қалды. Сол кезде әркім өз басын ойлайтын деңгейге жеткен екенбіз-ау деген өкініш өзегімді өртеді.

Қарапайым халық бүгінде өз тіршілігін жасауда. Қалай да күн көрудің, ақша табудың қамын ойлап, кейде тіпті заңсыз әрекеттерге де барып жатады. Мысал ретінде, кешегі Көбейтұзды алайық. Көлдің тұзын сатып, пайда табу үшін адамдар табиғатқа қаншама зиян келтірді?! Дәл осы кезде кәсіпкерлер мен алыпсатарлар да дәрі-дәрмек пен азық-түліктің бағасын қымбаттатып, қалай да ақша жасаудың қамын істеуде. Ел мен жерге жаны ашып жатқандардың қатары, жұмсарта айтқанда, көп емес деуге болады. 
Кейбіреулер жақсы атақ үшін той жасап жатыр. Кеше блокпосттар қойғанда онда тұрғандар 2 мың теңгеге бола елдің болашағын, амандығын құрбан етіп, қаншама адамдарды ары-бері өткізіп жатты. Қалаға кіремін дегендер кіріп, шығамын дегендер шығып, емін-еркін жүрді. Оған өзіміз де куә болдық. Мен ауырмасам да басқа біреу ауырып қалады ғой деген көзқарас, жанашырлық жоқ. Оған себеп болып тұрған нәрсе – түрлі ақпараттар. Мәселен, әлеуметтік желі халықты көп ретте түбі шикі түрлі ақпаратқа қанықтырып, кінәні басқа біреуден көруге үйретіп тастады. Бәріне билікті кінәлаймыз. Тәртіпке бағынғымыз келмейді. 
Қазіргі кездегі ең керек нәрсе – әркім өз жауапкершілігін сезініп, індеттен қорғану шараларын дұрыс атқару. Бәріміз біркісідей жұмылсақ, жағдайды түзетуге болады. Бірақ соған мойынсұнып жатқан жандар аз. 
Жақында маған бір кісі хабарласып: «Әкемнің 63 жылдығын басқарып берсеңіз» деген өтініш айтты. Сонда ол, тойға келетін қонақтарды айтпағанда, өзінің әкесін де аяп тұрған жоқ. 
Кейбір жандар вирус жұқтырып ала ма деп қорқып, әке-ешесін далаға шығармай отырғанда әлгі адам ел-жұртқа ұлан-асыр той жасап бермекші. Сонда не үшін жасамақ? «Баласы карантинге қарамай той жасап берді» деген даңғаза сөз үшін. 
Міне, осындай іс-әрекеттеріміз өзімізге зиянын тигізуде. Біз қазақылық дегенді көп жағдайда өзімізді ақтауға пайдаланамыз.  «Қазақпыз ғой, сондаймыз, қазақпыз ғой, мұндаймыз» деп бар кінәні халқымыздың ақкөңілдігіне, даладай кең пейілі мен қонақжай табиғатына аудара салуға бейімбіз. 
Біз, керісінше, қазақ екенімізді жақсы істе көрсете білуіміз керек. Қазақпыз ғой қорғанайық, тәртіп сақтайық дейік. Мысалы, вьетнамдықтар, жапондықтар карантин жарияламаса да індетті жеңе білді. Біздің елдегідей халыққа бәрін тәптіштеп түсіндіріп, түрлі бейнежазбалар түсіріп, әлек болған жоқ. Бүкіл халықты үйлеріне қамап карантин жарияламаса да оларда ауырған адамдардың қатары аз болды. Демек, қоғамдық сана дұрыс дамыған. 
Коронавирус індетінен сақтану керек деді ме, болды, халық бір ауыз сөзге келмей соны істеді. «Жоқ, мен үйде қамалып отыра алмаймын, маған ақша керек, жағдай жасап бер» демеді. Біздегідей қолмен амандаса берейік, онда тұрған не бар дегендей түсінік болған жоқ. Сақтанды, соның арқасында ауруды өршіткен жоқ, Ал бізде «жарайды, бірдеңесі болар» деген жауапсыздық, енжарлық басым. Бұл елдің болашағы маған тіреліп тұр-ау деген отансүйгіштік қасиеттің жоқтығынан деп ойлаймын.

Міне, үш буын өкілі үш түрлі байлам айтты. Оның әрқайсында адамзатқа ортақ үлкен мәселелермен қатар ел болып еңсемізді тіктеп, індетпен күресте осыны басшылыққа алсақ деген салмақты ой жатыр. Көңілге қонарлық, халқымызды «жаманнан жирентіп, жақсыға үйрететін» келелі пікірлерден әрқайсымыз өзіндік ой түйейік.

Алма Есенбаева