"СӨЗ ТҮЗЕЛДІ, ТЫҢДАУШЫ, СЕН ДЕ ТҮЗЕЛ"

Уақыты: 31.07.2020
Оқылды: 4790
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Махаббат кетті, дос кетті -
Жете алмайсың, тоқтайсың.
                    АБАЙ.

Дарияның жанынан құдық қазу ойымда жоқ. Омарханның Мұхтары түбінде маржаны көп алып теңізге теңеп, «сүңги бергің келеді, сүңги бергің келеді» деп бекер айтпаған ғой. Бір сүңгіп шықсаңыз ғұмырыңыздың біразына жететін ой маржанды сүзіп аласыз.  Осы сенім жетелеп, Абай-дарияның жағасына тағы да келдім. Бар мақсатым – атамның ақылын тыңдап, ұрпағына қалдырған нақылынан нәр алсам деген ниет қана. Ақылшым айтады: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың».  Қалың елі қазағы үшін қалдырған асыл мұрасын өзім ғана оқып, өзім ғана кәдеме жаратып, «өзім үшін оттаған хайуанның бірі болмайын» деп  сіздермен бөлісуді жөн көрдім. Абай атамды насихаттау қаза қылмай өтейтін  бес уақыт намазымдай парызым болмаса да, сананы тұрмыс билеп, күйбең тірліктің илеуіне түсіп бара жатқан қоғамда Құнанбайдың ұлы қалдырған құнды дүниеге бір сәт зер салуға себепкер болып, ізгілікпен із қалдырған дананың алдындағы «адамшылық қарызымды» өтеп, жамағатты жақсылыққа шықырып, «Алланың сүйген құлының бірі» болсам деген пейілмен көңілге түйген көрікті ойымды ортаға салмақпын. Өйткені, дала ділмарынан қалған аманат сөз әрқайсымызды надандықтан арашалап, адамдыққа жетелейді. Ал Абайдың ілімінен сусындап, «толық адам» болып өмір сүрген жан түбінде Алланың мейірім-шапағатына бөленетіні хақ. Бірақ бүгінгі таңда Абай таныған исламды танығысы келмейтін, Абай сүйген Алланы сүюге ықыласы жоқ жанның құлағына «құл» деген  сөз түрпідей тиетіні шындық. Хакім бабам айтқан «Аллаға құл» болуды – ғасырлар қойнауына бяғыда еніп кеткен, адамның құны жоғалып,  құл иеленген дәуірдегі әрекетпен шатастыратындар да аз емес.  Анығында Аллаға құл болу – оның әміріне бойұсынып, тыйғанынан бас тартып, бұйрығын орындау. Яғни, Құран кәрімнің Зарият сүресіндегі: «Мен адамдар мен жындарды өзіме құлшылық ету үшін ғана жараттым», – деген 56-шы аятына амал ету. Өзінен билігі үстем, дәулеті асқан, күші тасқан адамның алдында қол қусырып, құлдық ұра жүгіру мен әлемдердің Раббысы болған Ұлы Жаратушыға құлшылық жасау екеуі екі бөлек дүние. Абай атам айтқан: «Махаббатпен жаратқан адамзатты» жаннан тәтті сүю туралы әңгімеміз алдағы тақырыбымыздың еншісінде. Осы жолы Абай-дарияның басқа иірімінен маржан сүзіп көрейік. 


Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел, 
Сендерге де келейін енді аяңдап. 

Ақырын жүріп, анық басып, аяңдап келгендегі айтпағы не болды екен? Сөз қадірін өз қадірінен биік қойған дана осы екі жолмен-ақ  есті адамға көп дүниені ескертіп отыр. Сөзі түзу адамның өзі түзу келетінін айтуда. Санамызға салып, қорыта білсек, данышпан бабамның даралығын көрсететін қорғасын ойларды кез келген өлеңі мен қара- сөзінен табуға болады. Әсілі, Абай атамнан пұт жасап табынудан, кейбір ақын аға-бауыр замандастарымдай «Пайғамбар» жасап, жаңылудан аулақпын. Шыңғыстау өңіріндегі Қасқабұлақ деген қасиетті топырақта Құнанбай қажының шаңырағында дүниеге келген Ибрахим – Ұлы Даланың дара ділмарларының бірі. Тектілік туа бітті қанында болғанымен ділмарлық оқу-тоқумен, ілім-білім іздеумен, дәулеті тасқан әулеттің сәулетіне айналған өрелі өнегесі һәм тағылымды тәрбиесімен келгені мен ашып отырған жаңалық емес. 

Ақиқатын айтқанда, санасына даналық ойдың дәнін еккенге дейін Абай атам да жас болған, махаббатқа мас болған. 
Көзімнің қарасы,
Көңілімнің санасы.
Бітпейді іштегі,
Ғашықтық жарасы, – деп жас-тыққа тән сезіммен махаббаттың машақатын көрмеді деп кім айта алады? Желсіз түнде, жарық айдың сәулесімен, ауылдың маңындағы терең сайдағы тасыған өзеннің жағасында ынтық жанмен сыр-ласпағанына кім кепіл? Алпысқа толмай өмірден өткен бабамды шау тартқан шағында деп шалдың кейпіне енгізбей-ақ қояйын, өзінің бірінші қарасөзінде айтқандай: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұ-лыстық, айтыстық, тартыстық – әу-решілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын», – деп абыздың сөзін айтып, ақсақалдың ойын қозғаған дана:
Есіңде бар ма жас күнің,
Көкірегің толық, басың бос.
Қайғысыз, қамсыз, мас күнің,
Кімді көрсең, бәрі дос, – деп алаңсыз жастық, шағын аңсамады дейсіз бе? Жастық шақ – адам баласының қайта оралмайтын, қайталанбайтын ең аяулы шағы емес пе? Дария кеуде қария жасқа келсеңде есіңе алғанда езуіңе күлкі үйіретін естелікке толы қызықты сәттер санаңа сәуле құяры сөзсіз. Даналықтың ауылына ат байлағанша Абай атамның да басынан талай қызықты дәурен өткенін дәлелдеп жатудың өзі әбестік. Өйткені, «махаббат қызық мол жылдардың» басынан өткергенін ақ қағаздың бетіне тізбектелген ақмаржан өлеңдері арқылы өзі-ақ айтып кеткен. 
Махаббат, қызық, мал мен бақ,
Көрінуші еді досқа ортақ.
Үміт жақын, көңіл ақ,
Болар ма сондай қызық шақ, – деп махаббат та, қызық та, мал да, бақ та, бәрі-бәрі досқа ортақ болған аяулы күндерін «моласындай бақсының» жалғыз қалған шағында сағынғанның несі айып? 

Бұл соншама жыл желіктірген нәпсісіне тоқтау салып, айналасына ақыл көзімен қарап, жүрегіндегі имани қуатымен қапас кеудесін нұрландырып, соның сәулесін әр қазақтың санасына құйғысы келген данышпан Абайдың ағынан жарыла айтқан аманат сөзі. «Махаббат, қызық, мал мен бақтың» баянсыз екенін, бәрі де артта қалатынын, Аллаға деген махаббаттың ғана мәңгілік болатынын сезінген жүректің сөзі. «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» болатұғынын ескертіп, адамзатты махаббатпен жаратқан Алланы сүюге шақырған иманы кәміл адамның сөзі.

Құнанбайдай байдың баласы «Шоқпардай кекілі бар қамыс құ-лақ, қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ» тұлпарды жаратып, ала-манға қосып, ат оздырмады дегенге кім сенеді? «Қансонарда бүркітші шығады аң-ға, тастан түлкі табылар аңдығанға» деген өлеңі ит жүгіртіп, құс салған өмірінің бір көрінісі емес пе?
«Мыңмен жалғыз алыстырған қоғам», «Бас-басына би болған өңкей қиқым», адамдыққа шақырғанына шамданып, надандық көрсетіп, басына қамшы үйіргенде, өзге түгілі өз тобықтысы қайран сөзін қор қылғанда, «апыр-ай, қайда сол жылдар» деп ақырын-ақырын шегініп, сағымдар арасына сіңіп, алыстап кеткен алаңсыз шағы ойына сан рет оралған да болар. Сондай сәтте оңашада ой кеше отырып:
Жалынасың, боқтайсың,
Сағынасың, жоқтайсың.
Махаббат кетті, дос кетті – 
Жете алмайсың, тоқтайсың, – деп сүрген өмір, көрген қызықтың бәрі баянсыз екеніне көзі жетіп, күңіренбеді дейсіз бе?  

Ақылман Зере әжесінің құмғанын дайындап берген адамды көрмегеннен кейін Құнанбайды дәретсіз емізбеген дегенге күмәнмен қарайтындарды да түсінуге болады. Бірақ, тура мағы-насында қабылдамай тазалық пен әдепті, даналық пен парасаттылықты ерекше жақсы көрген немересінің бойына «Абайым» деп еркелеткен аяулы әже бесік жырымен-ақ сіңі-ріп жібергеніне неге сенбеске? Сондай текті ананың сүтін емген Құнанбайдың, жалпы қазақты былай қойғанда, ұрпағына ұлағатты жол көрсетпеуі мүмкін бе? Құнанбайдың өмір жолын білетін адам – айғайшыл болыс, ұшқалақ әкенің емес, көзінде кемдік болғанмен сөзі мірдің оғындай өткір, ойы қорғасындай салмақты, әке болып ақылын тыңдата алатын, бірде досқа айналып сырласа алатын тұлғаны көретініне еш шүбәм жоқ. Осы тәрбие түптің түбінде өз жемісін берді. Сол әженің өнегесі мен әкенің тәрбиесі қазақ дейтін халыққа Абай-дай дара перзентті сыйлады. Сол перзент жоғарыда мысалға келтірген өлеңдегідей жастық шағындағы қызылды-жасыл дүниеге қызыққан уақытына аңсары ауғанымен оның бәрі өткен өмір, орындалмайтын ар-ман екенін түйсініп, ағалық жасқа жақындағанда даналық жолға өз сүрлеуін салды. Бар малын шығындап, болыс болғаннан да, партия келіп, ел іші бүлінген саяси өмірден де баз кешіп, ұзақ жыл жанына серік болған қаламын қолына алып, қалың елі қазағына өресі биік өлеңдері мен қадірі бөлек қарасөздерін қалдырды. Менің жазға-ным көңіліңізге күмән келтірсе бірінші қара сөзін оқып шығыңыз. Түйіні былай: «Ақы-ры ойладым: осы ойыма келген нәр-селерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қы-лайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Бұл соншама жыл желіктірген нәпсісіне тоқтау салып, айналасына ақыл көзімен қарап, жүрегіндегі имани қуатымен қапас кеудесін нұрландырып, соның сәулесін әр қазақтың санасына құйғысы келген данышпан Абайдың ағынан жарыла айтқан аманат сөзі. «Махаббат, қызық, мал мен бақтың» баянсыз екенін, бәрі де артта қалатынын, Аллаға деген махаббаттың ғана мәңгілік болатынын сезінген жүректің сөзі. «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға ғибадат парыз» болатұғынын ескертіп, адамзатты махаббатпен жаратқан Алланы сүюге шақырған иманы кәміл адамның сөзі. Менің сөзіме иланбасаңыз соңғы түйіні болған қырық бесінші қарасөзіне зер салыңыз. «Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі – неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі».

Міне, нәпсісін тыйып, есін жиып, иманға ұйып тура жолды тапқан данышпан Абайдың аз ғұмырында артына қалдырған мол мұрасының асыл діңгегі – ақырын-ақырын шегініп алыстап кеткен, қызық қуып, қыз қылығына елітіп өткен жылдарының жемісі емес, «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, 
Рас сөз еш уақытта жалған бол-мас», – деп ұлы Раббысымен қауышуға апаратын жолды тапқаны болса керек! Абайды толық танығымыз келсе, Алласын таныған Абайды айналып өтпеуіміз керек-ау! 

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел», – деген дананың аманатынан аттап кетпей, сөзімізді де, өзімізді де түзейік, қадірлі оқырманым!

Жұматай ӘМІРЕЕВ