"АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП": БҮГІН - АБАЙ КҮНІ

Уақыты: 10.08.2020
Оқылды: 1748
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жұмулы көз – жүйрік ойдың алаңы» деп жазыпты бір күнделігінде қазақтың айтулы қаламгері. Хас шебердің ұлы қабілетінен нақышталған ғажайып ескерткіштей аталы сөз ғой бұл! Бабалардың маржан ойларын, асыл сөздерін сан рет естісек те жанарды жұмып бір сәт салмақтай алдық па? Парқы мен нарқын түстеп ажыратар түйсікпен жүйрік ойдың алаңына үңілдік пе екен? Дәл бүгінгі уақытта маңдайдағы жарқыраған қос шырақты жұмып ойлану былай тұрсын, көкіректің көзін ашып, Абай айтпақшы, хақтықтың сәулесін түсіре білу басты мәселеге айналған сияқты көрінеді де тұрады.

Ең алдымен, хакімнің «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», – деген қос тармағын тарқатып көрелік. Абай айтқан сезім өресі неткен биік: «сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», – дейді.

Қараңызшы, осы тармаққа қаншалықты мән бере алдық? «Жаннан тәтті» деген сөздің өзі Алланы өзіңнен артық сүй дегені емес пе? Пенделер дүниені көздеп, қиыншылықтан шығу, бай-бағлан болу, абырой-арлы болу сынды дүниелерді тәрк етіп, азап пен тозақты да ұмытып, шынайы мұсылмандық сезіммен бабалар жолын ұстансын дейтін болсақ, ең алдымен, «жаннан тәтті», арманыңнан ардақты Жасаған иеңе шынайы сезіммен үн қатқан жөн емес пе? Сонда ғана «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, не қызық бар өмірде онан басқа?» деген данышпандай жалған дүниенің қызығы мен құлшылықтың парқын, нарқын ажыратар ма едік?! Мұның ар жағында бүкіл адамзатқа тән ұлы құндылықтар, бекзат болмыс пен рухани тазалық менмұндалайды. Міне, Абай жырларындағы қос тармақтың өзі осындай тебіреніске жетелейді.

Абай Құнанбайұлы тағы бір жырында:

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес.
Мені мен менікінің айырылғанын,
Өлді деп ат қойыпты өңшең білмес»,
– деп толғанады.

Бұл жырға қысқаша түсінік беру үшін тағы бір толғамды ойдың түйінін тарқаталық. Мәселен, әлімсақтан дүние атаулы егіз ұғымнан жаратылған. Өмірдің өзі бақи мен фәниден тұрса, жақсылық пен жамандық сынды түрлі ұғымның өзі қарама-қайшы тарапты білдірсе де, егіз емес пе? Сол секілді адамның тағдыры да, жаратылысы да егіз жол, екі дүниеден тұрмай ма? Тағдыры – жалған және мәңгілік сипатта болса, болмысы – жан мен тән. Тән тозғанмен, жан тозбас! Тән қара жерге бөленгенмен, жан мәңгілік. Иман келтіргенде ақыреттің барына сенім білдіреміз ғой.

Міне, ұлы ақын осынау жырында бәрінің өткінші екенін, ал адамның рухы мәңгілік екенін меңзеп: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес», – деп жырлайды. Ал «Ол бірақ қайтып келіп ойнап-күлмес» деген тармақты тарқатып айтып жатудың өзі артықтау секілді. Дегенмен, қысқа қайырымға салсақ: базарлы жалғанның кемесіне қайта мінбесімізді, ақымнан ары аттағанда артқа қайтар жолымыздың жоқтығын меңзегені дер едік.

Хикметті кеудесіне қондырып, хақтықтың сәулесін жүрек көзінен өткізген данышпан: «Мені мен менікінің айырылғанын, өлді деп ат қойыпты өңшең білмес», – деп сол толғамның қос тармағына осылайша философиялық сына қағады. «Мені мен менікінің айырылғанын» деп отырғаны адамның жаны мен тәні емес пе? Тәнінен жанының ажырауын, жалған дүниеден жанар тайдырып, ішер дәмінің тиянақталғанын осыдан артық суреттеуге болар ма екен? Жалған дүниеге тәніңді лақтырып, мәңгілік сапарға жөнелгенде Абай айтқан «мені мен менікі айырылмақ», ал біз ондай жанды өлді дейміз. Ақиқатында ол мәңгілікке бет алды емес пе?

«Ақынның таразысы – әділ таразы. Ол іңгәлаған бөбектен бастап алып батырды да, бүкіл адамзат тағдырын да салмақтай алады. Өйте алмаса, оның ұсақ болғаны, тар құшақ болғаны, тар құшаққа таудай тағдырлар – тамаша планеталар  сыймайды», – дейді қазақтың белгілі ақыны М.Әлімбаев. Сол айтылғандай, ұлы Абай данышпандығымен, кемеңгерлігімен, ақындығымен кеудесіне адамзаттың ең ұлы хикметін сыйғызған тұлға.

Ендеше, ұлы Абайдың сегіз жол өлеңіне деген шағын толғамды жалқы сөзбен тиянақтайық: дін – ұлы Жаратушының теңдессіз хикметі, оны түсіну үшін, алдымен, Абайдың дінін, Абайдың ділін, Абайдың үнін ұғынып алған жөн. Қазақтың темірқазық тұлғасын тану – әлемді тану емес пе?!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Сурет ғаламтордан алынды