"АЯҒЫ ЖАНСЫЗДАНЫП ҚАЛҒАН": ҚОРҚЫНЫШТЫ ТЕРЕКТІҢ ҚҰПИЯСЫ

Уақыты: 09.08.2020
Оқылды: 1197
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ол кезде баламыз. Біздің үйдің қарсы бетінде үлкен терек өсіп тұратын. Әлгі теректен, неге екені белгісіз, бүкіл көшенің балалары қорқатынбыз. Кешке қарай бір жерге баратын болсақ, дәл сол жерден өтпеуге тырысамыз. Өтсек те топтасып жүруші ек. Әйтеуір жалғыз-жарым жүрмеуші едік.

Бірде бәріміздің есімізде көпке дейін сақталған қызық оқиға болды.

Үлкен ағам Омарғазы отыздарға жақындап қалған жігіт болатын. Нағашы атамның үйінде тұратын. Қартайып қалған ата-әжемізге қолғабыс қылып, көбінесе сол үйде қона жатып жүруші еді.

Колхоз уақыты, көктемгі жер жырту науқаны болғандықтан жұмыс күндіз-түні тоқтамай жүріп жататын. Ішінде бауырым бар, бірнеше жұмысшы түнгі ауысымға қалады. Түнгі сағат үштерге таяғанда жұмысты жапырып істеп, әбден шаршаған жұмысшылардың үлкені «Үйің жақын ғой, жүрек жалғар ішіп-жем алып келші», – деп ағамды үйге жұмсапты.

Ауылға келіп, біздің көшедегі әлгі үлкен теректің қасынан өте бергенде екі аяғы қозғалмай, жансызданып қалады. Жүрейін десе аяғын жерге қазық қылып қағып тастағандай бір баспайды. Қорқыныштан маңдайынан суық тер бұрқ ете қалады. Әшейінде жын-жыбырға сенбейтін ағамыз тілін әзер кәлимаға келтіріп, «бісмілләсін» сан рет айтқанда орнынан әзер қозғалған екен. Өз-өзіне келгені сол, құстай ұшып атамыздың ауласына бір-ақ кіріпті.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, зәресі ұшып келе жатқанда дәл алдынан атам үйінің аппақ тазысы атып шықпай ма?! Жүрегі тоқтап қала жаздаған ағамыз әзер дегенде үйге кіріп, су ішіп жан шақырыпты. Біраз отырған соң жұмысшыларға ас-ауқатын алып, қорқынышты терек жақпен емес, көшенің басқа жағынан айналып өтіп жұмыс басына барған екен.

Мына оқиғадан кейін жұмбақ теректің жанынан түнде тұрмақ, күндіз өтудің өзі мұң болып қалды. Ал ағам бұл әңгімені көпке дейін ауылдастарына айтып жүрді.

Сәуле МЫРЗАХМЕТ

Ақтөбе ауылы,

Кербұлақ ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды