АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН БАУЫРЫМ ДЕП СҮЙЕ АЛАМЫЗ БА? АБАЙ ӘЛЕМІ

Уақыты: 23.08.2020
Оқылды: 7910
Бөлім: РУХАНИЯТ

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.

 АБАЙ

Өскенбайдан тараған Құнанбайдың ұлы Ибраһимның нағыз әкеге қарап өскен ұл екені әмбеге аян. «Әке көрген – оқ жонар» деген аталы сөздің астарынан да Абай дана болмысы анық байқалады. Адам бойындағы қасиеттің әке қаны мен ана сүті арқылы берілетінін ескерсек, Зере әжеміздің баласы Құнанбайды дәретсіз емізбегені де ақиқатқа жанасады. Ал Құнанбай қажы ұстанған шариғаттың негізгі өзегі дәрет екенін есті мұсылман түгел білсе керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадис шарифтерінің бірінде: «Дәрет – намаздың кілті, намаз – жәннаттың кілті» деген. Дәл осындай тән тазалығы мен жан тазалығын атадан балаға мұра қылуды бір сөзбен ТЕКТІЛІК деп айтады атам қазақ. Содан барып: «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген балталаса бөлінбейтін даналық сөз қалыптасқан. Осы тектілік арғы жағын тізбелемегеннің өзінде Тобықты атадан бері қарай жалғасып, тамырын үзбей келіп, Абай дананың қанына сіңіп, қазағына қадірі бөлек перзентке айналдырды. Ел аузында айтылып жүрген әңгімені есіңізге сала кетейін. Бірде Абай атам әкесі Құнанбай қажыға келіп: «Әке, мен сенен оздым», – дейді ғой балаға тән еркелікпен масаттанып. Сонда кемеңгер Құнанбай: «Сен менен озуың үшін Абайдай ұл туғызып ал», – демейтін бе еді? Осыдан-ақ Құнанбайдың даналығын байқай отырып, тіл ұшында айтылып жүрген «алма ағашынан алысқа түспейді» деген қарапайым ғана сөйлем болғанымен мағынасы зор сөздің астарын ұға беріңіз. Әке мен бала арасын байланыстыра сөз қозғауымның себебі, Құнанбай ұстанған ислам дінін Абайдың да терең білгенін айтқым келгені еді. Абайды алыс-жақын біраз жұртқа танытқан Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында Қодар мен келінін шариғат жолымен жазалап, тасборан қылып өлтіруі ең әуелі Құнанбай қажының дін үкімін орындауы, сонымен бірге, мұндай арсыздықты екінші қайталамайтындай тамырына балта шабуы еді. Осыдан-ақ Құнанбайдың исламды қаншалықты терең білгенін аңғара аламыз. Ал діндар әкенің баласы исламнан хабары болмауы мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес! Зередей дана әже мен Құнанбайдан дара әкенің тәрбиесін алған хакім Абай да Алласын танып, ақиқат жолды ұрпағына аманаттап кеткен данышпан. Ендеше Абайдың танымындағы асыл дінімізді ақыл таразымызға біз де салып, дана ілімінен ғибрат алып көрейік.

Тек өлеңдерінде ғана емес, қара сөздерінде де ислам діні жайлы терең ілім иесі екенін көрсетеді дана Абай. Әсіресе, отыз сегізінші қара сөзі қасиетті Құран Кәрімнің бастан-аяқ тәпсірі болмаса да, Алланы тану мен оның бұйырғаны мен тыйымдарын қазақы ұғыммен жеңіл әрі көркем жеткізіп берген. Осыдан барып, Абайын таныған қазақтың Алласын танымауы мүмкін емес. Ал қанымызда бар, жанымызға жақын өлең үлгісіндегі уағыз-насихатын домбырамен сүйемелдеп айтып жіберсеңіз, тағылымы терең термедей алпыс екі тамырыңызды идіріп, жүрегіңізбен Ұлы Жаратушыны сүйдіріп қоятыны ақиқат. Қағаз бетінде әуенге айналдыра алмағанымызбен мәнеріне келтіре оқып көрейікші.

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз еш уақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас.

Діни сарындағы өлеңдері мен қара сөздерін түгел айтпағанның өзінде осы бір ғана шумақтан Алланың бар және бір екенін, өзін танытып, адамзатқа тура жол көрсету үшін кітаптарын түсіріп, оны түсіндіретін пайғамбарларын жібергенін аңғару қиын емес.

«Алланың өзі де рас, сөзі де рас»! Абайын таныған адам үшін осы бір жолдан кейін «Құдай бар ма, жоқ па?», «Бар болса қайда, не істеп жатыр?» деген сияқты сананы улап, адамды шатастыратын шайтани сұрақтармен басты қатырып қажеті жоқ. Ибраһим дана айтқан Алладан келген «көп кітап» дегенді қалай түсінуге болады?

Дінтанушы болмасам да, көзі ашық, көкірегі ояу мұсылман баласы ретінде Абай атамнан қалған ілімнен алған тәлімім бойынша түсіндіріп көрейін.

Адамзат баласы жаралғалы бері неше миллиард жыл, қаншама ғасыр өткенін ғалымдар жобалап қана білгенімен дөп басып ешкім де айта алмайды. Қасиетті Құранда айтылғандай лағынеті шайтан қуылып, Адам ата мен Хауа ана жаннат бағынан түсірілгеннен кейін Мекке маңындағы Арафа тауында дұғалары қабыл болып, қайта жұптасқалы бері қанша дәуір мен қоғам бастан өтпеді десеңізші?! Сол жолдар мен жылдар ішінде жер бетінен нешелеген қауым жойылып, орнын қаншама қауым толтырды?

Ол жағы да белгісіз. Осылай ой қозғау арқылы Абай атамның «Көп кітап түсті Алладан» деген сөзі не үшін айтылғанына жауап іздеп көрейік. Дінтанушы ғалымдардың зерттеулерін оқып, имамдардың уағыз-насихатын тыңдасаңыз Алла тағала адамзат қауымының даму жолында надандықтан сақтап, адамдыққа бастауы үшін кітаптар түсіріп, соларды түсіндіріп, жеткізетін пайғамбарлар жіберіп отырған. Алланың жіберген пайғамбарына ермей, түсірген кітабына сенбей тәкаппарлық қылып, азғындық жолға бастаған бірнеше қауымды жойып жібергені туралы Құранда анық баяндалған. Қасиетті кітабымызда жиырма бес пайғамбардың аты аталады.

Ал аталарымыз құран оқып, дұғасын жасағанда «жүз жиырма төрт мың пайғамбарға» деп бағыштап жатқанын талай естігенбіз. Осының өзі Абай атам айтқан «көп кітап түскен» көп қауымның болғанының дәлелі. Енді, дана бабамыздың өлеңінде айтылған  «оның төрті Алланы танытуға сөз айырмас» деген жолдағы төрт кітап туралы айта кетейін. Әрине, құлшылығы толық болмаса да, Құдайын таныған, дінді терең түсінбесе де, хабары бар пенде төрт кітап туралы білсе керек. Жоғарыда «көп кітаптың» көп қауымға түскенін айттық. Абай дана «төрт кітап» деп неге ерекше жазып отыр.

Өйткені, бұл «төрт кітап» күллі адамзатқа түсірілді де төрт пайғамбар күллі адамзатқа жіберілді. Анықтап жаза кетейін: Мұса пайғамбарға (ғ.с) – Тәурат, Дәуіт пайғамбарға (ғ.с) – Зәбур, Иса пайғамбарға (ғ.с) – Інжіл, соңғы пайғамбар Мұхаммедке (с.ғ.с) – Құран Кәрім түсірілді. Егер шынымен адамзатқа түсірілген болса, онда неге Тәуратты басшылыққа ала бермедік? Зәбурмен жүре берсек те болмас па еді? Інжіл де Алла тарапынан түсірілді емес пе? Бұл кітаптардың да жеткізуші пайғамбары бола тұра Құрандағы Әли-Имран сүресінің 19-аятында неге «Алла алдында шынайы дін ол – Ислам» деген?!

Аятты тәпсірлеуші Ислам ғұламаларының зерттеулеріне сүйенсек, алдыңғы үш кітап орта жолда адамдар қолымен өзгеріске ұшырап, Жаратушы тарапынан айтылған үкімдер адамдар қолымен өзгертілген. Сондықтан Құран алдыңғы үш кітапты растаушы әрі толықтырушы ретінде түсірілген соңғы кітап, ал Мұхаммед (с.ғ.с) адамзатқа осы кітапты жеткізуші соңғы пайғамбар. Әли-Имран сүресінің үшінші аятында: «Мұхаммед (с.ғ.с) Алла тағала саған алдыңғыны растаушы Құранды шындық бойынша түсірді» деген.

Бұл – Құраннан кейін ешқандай кітап түспейтінінің, Мұхаммедтен (с.ғ.с) кейін ешқандай пайғамбардың келмейтінінің айқын дәлелі. Осыдан кейін осыншама ақиқатты бір-ақ шумақ өлеңге сиғызып жіберген Абай атамды кемеңгер, ғұлама демей көріңіз! 

Алланың өзінің де, сөзінің де растығын шегелеп айтқан дана бабам Ұлы Жаратушының мінсіз әрі мәңгілік, ал пенденің әлсіз жаратылыс екенін «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер» деген бір ғана жолмен санамызға құйып кетті.

Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ,
Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,
Тәуилін білерлік ғылымың шақ.

Осы шумақтағы сөздерді өмірімізде жиі қолданатынымызды білесіз бе? Есіңізге түсіріп көрейін. Ең әуелі, Алланың жердегі үйі мешітте бес уақыт намаздың азанында еститін: «Әшхәду әллә иләһә иллаллаһ, әшхәду әннә Мұхаммәдән ғә’бдуһу уа расул-аллаһ» сөзі.

Екінші, сәби дүниеге келгенде құлағына азан шақырып ат қойғанда осылай  айтылады, үшінші, екі жас отау құрып, шариғат жолымен неке қиғанда жас жұбайлардан имамның ең әуелі сұрайтын сөзі осы. Қазақша мағынасы «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі»! Абай атамша айтсам: «Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ!». Осы бір ғана жол арқылы-ақ мүмін мұсылман Алланың бар және мінсіз екенін үйреніп, Пайғамбарға ұқсап бақса екі дүниеде бақытқа жететінін меңзеп отыр ғой бабам. Әрине, Алла таңдаған адам болмаса, кез келген пендеден пайғамбар шықпайтыны анық. Бірақ дала ділмарының «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп жол көрсеткеніндей Мұхаммедке (с.ғ.с) ұқсау пайғамбар болуды көксеу емес, «толық адам» болып өмір сүрудің өнегесін үйрену екенін есті адам білсе керек. Сонымен бірге, Құранның да растығын білу үшін ғылымның тереңіне бойлауға шақырып отыр.

Кешегі кеңестік идеологияның салқыны тиіп, солақай саясаттың сойылы жолымыздан жаңылдырғаны соншалық, Абай атамыздан арамызды ажыратып, дананың «Алла мінсіз, Пайғамбар хақ, Құран рас» деген өсиетін санамыздан өшіріп, «Дін – апиын, Құдай жоқ, Құран жалған», – деген батпаққа батырып жіберді. Сол батқан сордан шыққанымызға отыз жыл болса да, әлі талайымыздың балағымызға жабысқан батпақтан арыла алмай, нәтижесінде Ұлы Раббымызды дана Абай атамыз танығандай тани алмай келеміз. Тіпті, Дарвиннің ілімі мектеп бағдарламасында әлі жүр. Соның кесірінен маймылдан жаратылдық деген жалған сенім талайдың санасында әлі де сәулеленіп тұрғаны хақ. Одан арылудың бірден-бір жолы Құнанбайдың ұлы Ибраһим хакім қалдырған аманат сөздің жілігін шағып, майын ішетіндей дәрежеде түсіну. Оқып көріңіз:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.

Әр ұлт өзінің Абайын тыңдайды, өз Абайы айтқан ақылға сүйенеді. Ал қазақ үшін қос дүниелік бақытқа жетер жолдың ТЕМІРҚАЗЫҒЫ өзіміздің дана Абай ілімі екенін есімізден шығармайық. Күллі жаратылыс үшін жан тәтті. Ұшқан құс, жүгірген аң, жыбырлаған жәндікке де жан керек. Жанның соншалықты тәтті екенін ақыл иесі болған адамнан артық кім білер? Ендеше бәрімізді махаббатпен жаратқан Алла тағаланы тәтті болған жанымыздан артық сүймесек, бір ата, бір анадан таратқан адамзатты бауырым деп білмесек, сонымен бірге, Хақтың өзі көрсеткен әділетті жолмен жүрмесек, толық иман келтірген пенде болмайтынымыз рас.

Ал атамның ақылына сүйенсек, адамзаттың бәрін бауырым деп сүйе аламыз ба? Әрине, жоқ! Онда қайтпек керек? Бұл сауалдың жауабын да дана бабам өзі беріп қойыпты. Яғни, Хақ жолымен жүретін, әділетті адамды сүйсек, онда Алламызды сүйген боламыз. Өйткені, жаратушы иеміз тура жолмен жүретін, Алланы бір деп білетін, ақиқатты ту ғып ұстап, өзінен шынайы қорқатын адамды сүйеді.

Міне, Алласын таныған Абай атамның діни танымындағы үш шумақ өлеңіндегі қысқаша талдап өткен үшбу ойымыз осы болды. Осылайша Абай-дариядан тамшыдай ғана үлесімді алдым. Омарханның Мұхтары айтқандай, тереңіне сүңгіп, маржанын сүзу үшін әлі талай ұйқысыз түндерім мен күлкісіз күндерімді өткізуім керек.

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет - ғаламтордан