ИСРАИЛ САПАРБАЙ 500 МЫҢ ТЕҢГЕНІҢ СЕРТИФИКАТЫН ИЕЛЕНДІ

Уақыты: 31.08.2020
Оқылды: 1543
Бөлім: РУХАНИЯТ

Абай – адамзаттың ақылманы! Ғылым мен білімнің ең биік сатысы саналған хакімдікке жеткен тарихтағы санаулы тұлғалардың бірі. Ислам тарихында ғылымдықтың шыңына Лұқпан хакім жеткені бедерленсе, түбі бір Түркі жұртында осынау абзал орын, асқақ шыңға қазақ халқының Ибраһимы ғана көтерілген. Ұлы бабамыздың 175 жылдық мерейтойы биыл рухани кемелденуге бастап, рухты көтерер көптеген мерекелік шаралар бастау алды. Соның бірі - Жетісу жерінде жалау көтерген «Адамзаттың Абайы» атты облыстық жыр мүшәйрасы.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен өткен жазба ақындар бәйгесіне өлең өлкесінде еркін ат шалдырған өңіріміздің 200-ге жуық шайыры үкілеп жыр қосты. Ақындықтың асыл тәжін киген данышпан бабаның рухани болмысын, ұлы жазбаларын, қасиетін жырмен айшықтаған ақындардың үздік шыққан туындылары іріктеліп, 100-ден астам жазба «Адамзаттың Абайы» кітабына енгізілді.

Қазақ руханиятына қосылған тың туындының тұсаукесер рәсімі өткерілді. Оған облыс әкімдігінің өкілдері мен «Жетісу» газетінің бас редакторы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін, «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Әбікенұлы сынды зиялы азаматтар қатысты.

Әлемді әбігерге салған індетке байланысты онлайн форматта өткен байқаудың жеңімпаздары жуырда марапатталды. Ұлы бабаны ұлықтаған жазба ақындар бәйгесінде белгілі ақын Исраил Сапарбай І орын иегері атанып, 500 мың теңгенің сертификатына ие болды. Сырлы жырдың иесі, елге белгілі лирик ақын Нүсіпбай Әбдірахым мен Сағыныш Намазшамова ІІ орын (400 мың) иегері атанса, Гүлбақыт Қасен, Әсел Оспан, Асыл Сұлтанғазы ІІІ орынды (300 мың тг.) қанжығалады. Байқаудың ынталандыру сыйлығын Жомарт Игіман, Жұматай Оспанұлы, Қалмахамбет Мұқаметқали қанжығалап, 100 мың теңгенің сертификаттарымен марапатталды.

Айта кетерлігі, осынау жыр аламанында кіл жүйріктен шын жүйрікті саралаған қазылар алқасына  белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай төрағалық етті. Сонымен қатар, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының төрағасы Әміре Әрін, ҚР Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, республикалық «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан сынды танымал тұлғалар жеңімпаздарды анықтады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан