"БІЛІМСІЗ, ӨНЕРСІЗ, БОЛАДЫ АҚЫЛ ТҰЛ": ШӘКӘРІМ ЖӘНЕ БҮГІНГІ ҚОҒАМ

Уақыты: 31.08.2020
Оқылды: 3426
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қайтадан қайырылып,
Қауымға келмейсің.
Барыңды,
Нәріңді,
Тірлікте бергейсің!

                    ШӘКӘРІМ

Ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла алмай жатқанымыздың бірден-бір себебі – бабалар аманатына селқос қарап, Ұлы Даланың дара перзенттері қалдырған асыл қазынаны ескінің сарқыншағындай көріп, өз құндылықтарымызды өгейсітіп, өзгенің мұрасын қадір тұтып, жан дүниемізге жат нәрсені жөнсіз дәріптеп жатқанымызда болса керек. Дала мектебінен дәріс алған дана ойшылдарымыздың әрбір сөзінен тағылым ала білсек, тереңде жатқан тектілігіміздің тамырынан нәр алып, ұлттық рухымыз асқақтап, бүгінгідей көрінгеннің қабағына қарап, жалтақтамай, алдағы күндерге алшаң басып бара жататын едік. Несін жасырайық, қазіргі қоғамда ұлттық мүдде ұлтарақтай тапталып, ұлттың ұлы құндылықтарын құрдымға құлататын көріністер белең алуда. Жаһанданудың жарынан құлауға жас демей, кәрі демей жарысып барамыз. Бата беретін дуалы ауыз атаның қатары сиреп, бесік жырын айтатын әженің әлемі өзгеріп, «тәйт» дегенді қабағымен білдіретін әкенің жанары жасып, баласына ертегі айтатын ананың есіл дертін мәнсіз, мағынасыз сериалдар жаулап, қазақы болмысымызға сызат түсіп, ұлтымызға ұят келтіретін жағдайларға жол беріп алдық. Сананы тұрмыс билегені соншалық, адамдық арды былай ысырып қойып, қарынның қамын ғана ойлауды алға шығардық. Еңбекпен тапқан нанның тәтті болатынын жан жүрегімен сезініп, табан ет, маңдай термен табыс тауып, адал ас ішіп, адамдық борышын атқарып жүргендер аз болмағанымен сыбайластықты сыйластық деп бағалап, параны сыйлық деп қабылдап, аранын жемқорлықтан тапқан табыспен толтырып, өздерін саналы адам қатарына қосатындар де жетерлік.

Әлқисса, Шәкәрім қажының сөзін тақырыпқа шығарып, мүлдем басқа ауанда әңгіме бастауымның бүгінгі қоғамға, онда болып жатқан жағдайларға қандай қатысы болуы мүмкін деп ойларсыз? Зер салып оқысаңыз, баба мұрасынан тура бүгінгіге керек сөзді ғасыр бұрын айтып кеткеніне көз жеткізесіз. Ендеше, Абай хакім дүниеге келген қасиетті Шыңғыстаудың төл перзенті, Құнанбай тараған әулеттің бір бұтағы Құдайбердінің ұлы Шәкәрім қажыдан қалған аманат сөзді санамызда саралап, ақылымызбен таразылап көрейікші.

Шығыстағы Шыңғыстаудан түлеген қазақ ұлысының дара ойшылының бірі Шаһ-Кәрім қажыдан қалған ой-маржанның тереңіне үңілсеңіз, ұлттың қаймағын бұзбай, ұрпақтың ұлағатты болуы жолындағы таптырмас жолбасшы екенін түсінер едіңіз. Айтсам  айта берем-ау! Ұлы Даланың дара ділмарларынан қалған кез келген рухани мұра көп жағдайда белгілі бір саланың оқу құралына ғана айналып отырғаны өкінішті. Әйтпесе, қойшының өзін ойшыл, ғалымның өзін ғұлама жасап жіберетін бабалардан қалған даналық сөз аз емес. Бір кем дүние-ай!..

Дегенмен, қанша уақыт жер астында жатқанымен тот баспайтын алтындай ғасырлар өтсе де, қай дәуірде болсын сол кезеңнің ұрпағымен бірге жасай беретін Шәкәрім бабаның дәл мына асыл сөзі сіз бен бізге арналғандай.

Адамдық борышың,
Халқыңа еңбек қыл.
Ақ жолдан айныма,
Ар сақта соны біл.
Талаптан да өнер мен білім үйрен,
Білімсіз,
Өнерсіз,
Болады ақыл тұл!

Тыңдар құлақ, қабылдар сана болса, бұдан артық қандай ақыл керек. Осынау сегіз тармақтың алғашқы төрт жолы бүгінгі билік өкілдерінің халық алдындағы жауапкершілігін айқындап тұр емес пе? Халық – көптің аты. Ал көпке қызмет ету маңдайына бұйырған кез келген жан – билікті халықтан биік орын деп ойлап қалмауы керек. Шәкәрім қажының ақылын тыңдап, халқына еңбек қылуды адамдық борышым деп сезінгенде ғана одан әділ басшы шығады. Ондай адамның ақ жолдан айнымай, ар сақтай алары шүбәсіз.

Саралап қарасаңыз, осы күні халқына еңбек етуді міндет қылатын басшылар көп негізінде. Шынтуайтына келсек, бұл ұстаным адамдық борышын өтеуге жатпайды. Олар Шәкәрім атам айтып отырған «халқына еңбек қылуды» «еңбек ет те – міндет ет» деген тәмсілмен шатастырып алса керек. Бұл мәтел басқа жерде қолданылатынын біле бермейді-ау шамасы. Жауапты орында отырған әр басшы халқына еңбек етіп жүрмін деп сезінбей – қызметін міндет қылатын болса, «ақ жолдан айнымай, ар сақтай алуы» екіталай. Қазіргі қоғамдағы билік иелерінен кетіп жатқан ең басты кемшіліктің бірі осы. Нәтижесінде «ұлтымның ұлы боламын» деп басшылыққа келіп, құлқынның құлы болып, жемқорлықпен жемсауын толтырып жатқандар қаншама?!

Міне, бабалар мұрасынан алыстаған сайын балалары не істеп жатыр? Бұл кемшілік – атадан қалған асыл сөзді жай ғана өлең деп қарап, адамша өмір сүрудің бағдаршамындай болған қорғасын ойды белгілі бір саланың мамандары пайдаланатын оқу құралына ғана айналдырғанымыздың нәтижесі.

Келесі төрт жолдың астарына үңілсек, мұнда жас ұрпаққа жол көрсетіп тұрғаны анық байқалады. Талаптанып, өнер мен білім үйренбесе, таңын атырып, кешін батырып, қарынның тоқтығын қанағат тұтып өткізетін бір күн үшін сүрген өмірден не қайыр? Ал сан түрлі өнерді меңгеріп, оны терең біліммен ұштастырып, өмірінде пайдаланса, ақылы тұл болмай, гүлге айналмай ма? Мұндай адамнан аталарымыз айтқан: «Ақылына көркі сай» деген ұғымға лайық адам қалыптаспай ма? Ондай адам Шаһ-Кәрім қажы айтқандай «ақ жолдан айнымай, ар сақтап, халқына еңбек қылып, адамдық борышын» өтемей ме? Осы ойымызды ары қарай жалғастырып, келесі шумақты да ақыл таразысына салып көрейікші:

Мақтанға салынба,
Мәнсаптың тағы үшін.
Нәпсіңе билетпе,
Басыңның бағы үшін.
Өміріңді сарп қыл өлгеніңше.
Жоба тап,
Жол көрсет,
Келешек қамы үшін!

ХІХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың екінші жартысында бақиға аттанған Құдайбердінің зерделі де зерек ұлы өзінің маңдайына бұйырған 73 жылдық ғұмырында қазақ ұлысының әр баласы оқып, санасына тоқып, амалына айналдыратын теңіздей телегей қазына қалдырып кетті. Біздің кемшілік соны елемей келе жатқанымызда. Бұл шумақтың да әуелгі төрт жолына тоқталайықшы. Тағы да сол қазіргі сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамның беталысы анық байқалады. Мақтанға салынба десе де, мансаптың буы ұрып, нәпсіміз билегенде ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей кететін мінезіміз жоқ емес-ау! Туған жер, басқан топырақ, өскен орта, жұтқан ауа ғана емес, білім алған бағыты да бір болғандықтан аға Абай мен іні Шәкәрімнің ойлары да ұштасып жатады. Дәл осы біз талдап отырған өлең хакімнің:

Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құры қарайсың аспанға,
– деген ескертуімен ұштасып жатқандай.

Мұны қазақ ұлылар үндестігі дейді. Осындай үндесіп жатқан кемел дүниемен күн кешіп, аманат сөзі арқылы бабалар рухымен тілдесіп, айтқандарын ақынның шығармасы деп қана қабылдамай, даналардың ақылы деп бағаласақ, адалдығымызға дақ түсірмей, адамдық болмысымызды сақтап, ұлттық құндылықтарымызды  ұлықтайтын ұлағатты ұрпағы көп елге айналар едік қой.

Бір кем дүние ғой тағы да сол! Жастарымыз жаттың қаңсығын таңсық көріп, өзімізде барды көзіне ілмей, өзгенің киімін сән көріп, өзгенің әуенін ән қылып, өзгенің тілінде сөйлегенді абырой санап, өз асылымызды кәдеге асыра алмай жатырмыз. Кінәні кімнен көріп, жаланы кімге жабамыз?!

Шәкәрім атам айтқандай, «өмірін өлгенінше сарп қылып, келешек қамы үшін жоба тауып, жол көрсетеді-ау» деген еті тірілеріміздің де өз мұрасына келгенде еті өліп кеткен. Көбінің жол көрсетем деп тапқан жобасы жанымыздан алыс, қанымызға жат нәрсе. Атауларының өзіне тіл келмей, қараптан-қарап отырып, аузымыз байланып, тіліміз шайналып ыңғайсыз күй кешетініміз тағы бар.

Ірі қалалардың көшесіндегі жаттың дүниесіне жар салып, өзге тілде жазылған жарнамалар аудандарға ауыз салып, алыстағы ауылдарға да табан тірей бастады. Бұл індет қаймағы бұзылмаған ауылды аралап кетсе, қайран тілімнің қор болғанын сонда көреміз. Ұлттың күретамыры болғандықтан ана тілімді ғана мысалға алып отырмын. Әйтпесе, ұрпақ санасын жаулап, өзіне шексіз баурап алып жатқан өзгенің өрескел дүниесі қаншама?! 

Амалсыздан Шаһ-Кәрім қажының аманат сөзін қолға аламын, оқып отырып, өзімше толғанамын. Көңілге түйгенімді тым болмаса кәдесіне жаратып, керегін алар деген оймен оқырманыма жолдағаным ғой.

Қайтадан қайырылып, 
Қауымға келмейсің.
Барыңды,
Нәріңді,
Тірлікте бергейсің.
Ғибрат алар артыңа із қалдырсаң,
Шын бақыт,
Осыны ұқ,
Мәңгілік өлмейсің!

Бір өлең – бір ғұмыр. Бас-аяғы үш шумақ дүние. Әр адам осы үш шумақты темірқазығына айналдырса, мәнді өмір сүріп, есімі мәңгі қалары ақиқат. Өлшеулі өмір, өтпелі уақыт. Маңдайдағы ғұмыр түгесіліп, таңдайға бұйырған дәм біткен күні артыңа армансыз бір қарауға мұрсат бермей ажал шіркін алып кете барады. Сол кеткеннен мол кетесің. «Қайтадан келіп, қауымға қосылудың» еш мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, Шәкәрім атамның ақылын ықыласпен тыңдап, «барымызды да, нәрімізді де тірлікте беріп, артымызға ғибрат алар із қалдырсақ», айтып-айтпай не керек, шын бақыт сол екені ақиқат! Байлықтан іздеген бақыт баянсыз. Биліктен тапқан бақыт та уақытша.

Расымен де, шын бақыт – кейінгі ұрпақ ғибрат аларлық ізгілікпен қалдырған ізіміз ғана. Осыны ұққан адам осыған лайық өмір сүрсе – ел жадында сақталып, есімі жиі айтылып, халқымен бірге жасай бермек.

Шаһ-Кәрім қажының үшбу өлеңінен түйгеніміз осы болды. Сіз де баба мұрасынан алған тағылымды кәдеңізге жаратыңыз, қадірлі оқырманым! Бұл дананың көзі тірісінде ат мініп, шапан киейін деп жазған өлеңі емес, ұрпағым ұлағатты болуы үшін ғибрат алса екен деп қалдырған аманат сөзі!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет - ғаламтордан