"САПТА ҚАЗАҚША ӘН АЙТАМЫЗ": РЕСЕЙДЕ ОҚИТЫН БОЛАШАҚ ҰШҚЫШТЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 05.09.2020
Оқылды: 1439
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әке қашанда балаға үлгі, сыншы. Ананың демеуі көңілге медеу, болашаққа нұр шашып, бағытыңнан жаңылмауға сеп. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Елдос Әлиайдаров. Бойындағы қажыр-қайрат, ақыл-парасатының арқасында өзі қалаған мамандық бойынша білім алып жатыр. Әке үмітін, ана сенімін ақтаудың алғышартындай.

Біздің анықтама: 1995 жылы 15 ақпанда Алакөл ауданы, Үшқайың ауылында дүниеге келген. Жанат Базиев пен Индира Бигелдинованың ортаншы баласы. Жандос пен Мадина есімді ағасы мен қарындасы бар. Алакөл ауданындағы №1, Үшарал қаласындағы Талапкер, Аягөздегі №4 орта мектептерде оқыды. Бүгінде Ресейдің Самара облысы Сызрань қаласындағы Сызрань жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесінде білім алып жатыр.

«Әке көрген оқ жонар». Орынды. Елдостың әкесі Жанат Базиев өмірден ерте өтсе де сол қысқа аралықта ұл-қызына қамқоршы, үлгі бола білді. Бүгінде әскери ұшқыш мамандығының соңғы курсында оқып жатқан Елдостың осы салаға келуіне себепкер – тікелей әкесі.

Әскери адам болған әкесімен еріп жора-жолдастары үйге келгенде кішкене баланың бойына арман отын жағып, қызығушылығын оятқан. Бұл турасында өзі:

– Осы мамандықты таңдауыма біріншіден әкем әсер етті. Ес білгелі көз алдымда әскери жандар болғаннан соң да осы жолды таңдадым. Ал ұшқыш болу бала кезімде қол жетпес арман болатын. Тек сегізінші сыныпта ғана әскери ұшқыштарды дайындайтын оқу орындары барын білдім. Сол сәттен бастап ойымда жүрді. Әрине, әскери жолды таңдау үшін шынайы ниет, үлкен батылдық, қалауыңа деген адалдық қажет. Менде ниет күшті, ұмтылыс жақсы болды. Оған дәлел – үш жыл қатарынан бір мамандыққа оқуға тапсыруым. Ел айтып жүретін ердің үшінші кезегіне келгенде түстім (күліп). Шыны керек,оқуға түсе алмай қалған сәттерде қатты қынжылдым. Әсіресе, екінші рет қайталанғаны қатты соққы болды. Егерде екі рет бетім қайтқаннан кейін бас тартсам, арманыма балта шабар ма едім?! Кім білсін? Сол тұста ет жақындарым қолдау білдірді. Әлі күнге дейін есімде, екінші рет түсе алмай қалғанымда әкеме «бұл мамандық менікі емес, енді тапсырмаймын» дегенмін, бірақ әкем үшінші рет тапсыруымды сұрады және түсетініме сенді. Әкем де, анам да намысымды әбден жаныды, – дейді.

Кейіпкеріміз сол екі жылда елдегі ұшқыштарды дайындайтын оқу орындарына да құжат тапсырып көруді ойлаған. Алайда сынақ алаңында жүргенде суық тиіп, комиссия мүшелері қабылдамаған.

– Бұл жерде орыс жұрты қазақтардың кім, қандай екенін жақсы біледі. Бізді мықты, таза, ақылды халық деп таниды. Мәселен, әр жыл сайын 9 мамырда болатын үлкен әскери шеруде әр елдің атынан іріктелген курсанттар қатысады. Сол кезде біз өз тілімізде, сапта қазақша ән айтамыз. Алаңда тамашалап тұрған халық бізді нұсқап, «смотрите, это казахи», болмаса «какие молодцы», «как красиво поют» деп жатқандарын естисің, телефондарына түсіріп алғанын көресің. Сол сәтте өн бойыңа қуаныш сезімі пайда болады да қаһарман ұлттың ұлы болғаның үшін мақтаныш сезімі кернейді. Мен оқып жатқан жерде Талғат Бигелдинов атамыздың суреті ілінген және осы оқу орнының үздік түлектерінің бірі деп көрсетілген. Өз бойыңды түзеп, нық жүріп, үздік курсант болуға талпынасың, – дейді Елдос.

Ал Ресейдегі қазақ мейрамдарын қалай атап өтетінін сұрағанымызда:

– Қазақтар көп шоғырланған елдердің бірі болғандықтан жиі жолықтыруға болады және әр мереке сайын сол мейрамның жөн-жоралғысын орындап, өзіміз дастарқан жайып, ән айтып, би билейміз, – деп жауап берді.

Бүгінде әлемнің қай қиырында жүрсең де өз елің, өз жерің қалтафондағы «әлемде». Жаңалықтардың да ыстығы басылмай жарияланады. Осы жөнінде кейіпкеріміз:

– Әрине, елдегі жаңалықтарды жіті бақылап, қадағалап отырамын. Дәл қазіргі сәтте мені ғана емес, әлемді уайымға салған ол КВИ, пневмония ауруы. Жақындарыңа алаңдайсың, үйдегі үлкен-кішіні уайымдайсың. Кейінгі көрсеткіштер жақсы дегенімен әлі де беті толық қайтпағандықтан қорқасың. Еліміз ғана емес, әлем осыдан құтылса екен, құлан-таза айықса екен деген тілегім бар.

Өмірдің келесі кезеңіне қадам басуға дайын азамат:

– Алдағы жоспарым туралы ашып айтпай-ақ қойсам деймін. Мен үшін әр нәрсе өз уақытымен. Дипломды елге алып келетін сәт те жақындап қалды. Міне, ұшқыш болдым деп анамды қуантқым келеді, – дейді қазақтың қайсар жігіті.

Серік ҚАНТАЙ

Алматы облысы