ТАЛДЫҚОРҒАНДА БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

Уақыты: 04.09.2020
Оқылды: 1572
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бұйра бұлттың бауырынан себездеген тамшыдай жан жайлауын жадыратар мөлдір шығармалар жыл сайын әдебиет қоймасына қосылуда. Жетісу топырағынан тамыр тартқан  туындылар да сәт сайын оқырман олжасына айналуда. «Жетісу балалар әдебиеті» жобасы аясында жарық көрген 3 томдық «Балаларға қазына» кітабы әдебиетсүйер қауымға жол тартты.

Алматы облысы әкімінің қолдауымен шығарылған аталмыш қазынаның тұсаукесер рәсімі Оқушылар сарайында өтті. Қаламмен тағдыр қашаған ұлылардың мол мұрасынан тартып, бүгінгі ақын-жазушылардың руханиятқа қосып жатқан мөлдір туындылары сараланып, текті елдің тегершігі саналған әдеби қазыналардың темірқазық екені айшықталды. Тың туындының тұсаукесер рәсімін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев ашып, жүргізіп отырды.

Мөлдір туындылар топтастырылған көптомдықтың лентасын облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, ҚР Жазушылар одағы Алматы облыстық филиалының директоры, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, бүкіләлемдік Шыңғысхан академиясының академигі Әміре Әрін қиды. Өз кезегінде айбоз ақын руханияттың баспалдағы, ұрпақ тәрбиесінің тал бесігі, тәрбиенің ордасы іспеттес балалар әдебиеті туралы ой қозғады. Мұзафар Әлімбаев сынды бірқатар сырбаз қаламгерлердің балалар әдебиетіне көп үлес қосқанын атап, жетісулық қаламгерлердің қуаты мен екпінін, таланты мен табанды еңбегін, шығармашылығын айшықтап, ақжарма тілегін ақтарды. 

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан аталмыш бәйгеге биыл жетісулық 27 ақын-жазушы мен суретшілер қатысқан. Солардың ішінде «Үздік әңгіме» аталымында Тұрлыхан Кәрімнің «Сарғайған хаттың сыры» әңгімесі, «Ертегілер» аталымында Асхат Өмірбаевтың «Үздік ертегі» әңгімесі, «Поэзия» аталымында Серік Әбікенұлының мысалдары, «Иллюстрация» аталымында Құралай Үмбетованың суреті, «Сен білесің бе?» аталымында Кенжегүл Айбергенованың туындысы үздік деп танылған болатын. Осынау туындылармен қатар байқауға қатысқан 23 автордың туындысының көп  томдыққа енгенін де айта кеткен жөн.

Жас буынды парасаттылыққа, отансүйгіштікке, имандылыққа тәрбиелеудің басты өзегі саналар балалар әдебиетіне қосылған «Балаларға қазына» томдығы 1 мың данамен оқырманға жол тартып отыр. Ендеше, әдеби жанрды тұтас қамтыған шығармалар топтастырылған тың туынды ұрпақтың ұлы жолына бастар шырағдан болсын демекпіз.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы