"АҚ ЖҮРЕК, ТАЗА АҚЫЛ, АДАЛ ЕҢБЕК": ШӘКӘРІМ АМАНАТТАҒАН ҮШ ҚАСИЕТ

Уақыты: 15.09.2020
Оқылды: 4276
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ақ жүрек пен Таза ақыл,
Қылсаң Адал еңбек,
Бәрінен де сол мақұл –
Артқыға жол бермек!

ШАҺ-КӘРІМ

Сөздің құдіретті, сөздің киелі, сөздің қадірлі болмағының себебі – мынау жарық әлемде ең әуелі сөздің жаратылғандығын білдірсе керек. Жаратылысының басы мен соңы болмаған, әуелден бар және мәңгілік бола беретін Құдай тағала біз білетін, білмейтін, аталарымыздың айтуынша осылай есептеліп келе жатқан он сегіз мың ғаламнан бұрын СӨЗДІ жаратқан. Оған мысал ретінде Құрандағы Рахман сүресінің сексен екінші аятын келтіре кетейін. «Ол бір нәрсені (жаратуды) ниет қылса, оның бұйрығы оған «бол!» деу ғана. Сонымен ол бола қалады». Яғни, Ұлы Алла бір нәрсені жаратпас бұрын «бол!» деген сөзді айтқан. Осы аяттың өзі-ақ әр жаратылыстың басында «бол!» деген жалғыз ауыз сөздің тұрғанын дәлелдейді. Осыдан-ақ Құдайын таныған пенденің сөздің құдіретін сезініп, киесін түйсініп, қадіріне жетіп, дұрыс сөйлейтінін түсінуге болады. Бұқар жырау бабамыздың: 
Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ,
– деген қорғасын ойынан да сөз салмағының қаншалықты ауыр екенін бағамдай беріңіз. «Сөз сүйектен өтеді» деген елдің ұрпағы емес пе едік?! Бір замандары солай болған-ау шамасы. Біз өмір сүріп отырған қоғамда сүйектен өтпек түгілі құлаққа жетуден қалды. Сөзден кие қашты, жүйесі бұзылды, қадірі кетті. Оған бүгінгі қоғам дәлел! Неге бұл тақырыпқа кенедей жабысып қалды демеңіз. Әсілі, қазақ ұлысы сөзбен өскен, өркен жайған халық. Данышпан Абай атамның: «Туғанда дүние есігін ашады өлең» дегенінің бір ұшы шарана өмірге келгенде анасының немесе әжесінің бесік жырында айтқан өлең-сөзде жатыр. Әже әлдиімен бірге бесік жырындағы небір бата-тілекті тыңдап, түсінбесе де әуезді әуенге ұйып, маужырап жатқанда құдіретті сөз оның құлағынан кіріп, бойын алып, өскенде сөзінде тұратын, уәдеге берік, аманатқа қиянат жасамайтын перзентке айналған бабаларымыз қаншама?! Сондай дара тұлғаның бірі өзінің зеректігімен бала кезінен сөз ұстаған Шәкәрім қажы да жеті жасынан әкеден айырылып, жетім қалғанымен жетесіздік танытпады. Хакім Абайға аталас ағайыным деп қана қарамай, сөзін тыңдап, өзінің ұстазы тұтты. Ұстазының жақсылығынан ұстанымы да берік болып, ағасы сияқты артына өлмейтұғын сөз қалдырды. Ендеше дана бабамыз аманат еткен қандай сөз екен бірге саралап, санамызда салмақтап көрейік.

Шәкәрім атамыз: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады. Әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – тағдырыңа айналады», – депті. Бұдан түйеріміз – маңдайға жазылған тағдырын мағыналы өткізу де, талапайға тастап, талқандап алу да пенденің өз қолында. Дұрыс сөйлеп, жақсы әдетпен мінезін қалыптастыруда. Жалпы  атамыз қазақтың – кісіні киіміне қарап қарсы алып, сөзіне қарап шығарып салуының да мәні тереңде жатыр-ау. «Аяғы былғаныш – есіктен төрге дейін, аузы былғаныш – бесіктен көрге дейін былғайды». Бабамнан жеткен оймақтай ойдың астарына үңілсеңіз, сөзден табатын кесапаттың қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Дертпен тең келетін сөз өнері арқылы Шаһ-Кәрім қажы да артындағы ұрпағына ақылдың кенін қалдырып кетті. Сол сөз қазынаны өз өмірімізде дұрыс пайдаланып, дүние байлығына мастанбай, рухани кемелдікте күн кешсек, бұл жалғанға текке келіп кетпегеніміз.

Мен кетемін,
Келеді тағы өмірге мендей.
Олар мінді көреді,
Қисық жерін жөндей.
Бара-бара айқындалып
Ақтық істің анығы,
Адасқанмен хақиқатқа 
Қоймақ емес сенбей!

Қажы атам айтқандай мен де кетем бұл өмірден, мендей біреу тағы келеді. Бәрімізге де солай. Басқа жанның бойындағы кемшіліктен сабақ алып, өз болмысымыздағы мінімізді түзей білсек, яғни, қисық жерімізді түзете алсақ, онда атадан қалған аманат сөзден нәтиже шығарғанымыз.

Ақтың ісі – Хақтың ісі, хақиқатқа сену – Хаққа сену. Адам баласы мынау жарық әлемде Ақтың ісін істеп, Хаққа сенгенде ғана хақиқатқа қол жеткізе алады. Олай болмағанда жалғанның қызыл-жасыл бояуына алданып, әзәзілдің ермегіне айналып, ақиқаттан алыстай бермек. Мынау дүниеге пенде сынақ үшін келген десек те сынақтың көбі өзіміздің қателігімізден, сөзіміздің қателігінен болып жататынын аңғара бермейміз. Білсек те мойындағымыз келмейді. Сөйтіп, кемшілік пен кінәні басқадан іздеп, кінәмшілдің күйін кешеміз. Әйтпесе, Мұқағали ақын айтқандай. «Мына дүние әділдіктен жаралған». Кімнің әділдігінен? Әрине, бізді жоқтан бар етуші Ұлы Жаратушының әділдігінен. Құдай тағаланың әділдігін мойындаған пенденің әрекеті де түзу болып, жүрегі нұрлы, ақылы кемел, еңбегі адал болмақ. Қажы атамның сөзіне зер салайықшы:

Ақ жүрек пен Таза ақыл,
Қылсаң Адал еңбек.
Бәрінен де сол мақұл –
Артқыға жол бермек.
Арсыздардың түкке тұрмай
Арам ойы жойылып,
Аяғында хақиқатты 
Бұл үшеуі жеңбек.

Адамзат баласының азғындыққа жол беріп, жамандықтың ауылына жарысып бара жатуының басты себебі – жүрегін қарайтып, жұдырықтай ғана жұмсақ етті қатайтып алғандығынан ғой. Тот басқан темірдің қадірі болмайтыны сияқты, қарайған жүректен де қасиет қашады. Тоттанған темірге де бір сәт көңіл бөліп, жуып, сүртіп, тазалап пайдаңызға асырып, кәдеңізге жаратқаныңыз сияқты тастай қатып бара жатқан жүректі де Хақты еске ала отырып, Ақтың ісін істеп, ізгі амал жасау арқылы нұрландырып, тыныштандыруға болады. Өйткені, қасиетті Құран Кәрімнің Рағыд сүресінің 23 аятында:«Естеріңде болсын, жүректер Алланы еске алумен жай табады»,  – деп анық айтылған. Яғни, иман нұрына бөленген пенденің Ақ жүрек, Таза ақыл мен Адал еңбек иесі болмағы ешқандай дау туғызбайды.

Кімнің бойынан Шәкәрім қажы айтқан осы үш қасиет табылса, сол адамға қиянат жасаған арсыздардың арам ойы іске аспай, тіпті, түкке алғысыз болып қалары ақиқат. Алманың ағашынан алысқа түспейтініндей, ұстазы дана Абайдың: «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті, Ыстық қайрат, Нұрлы ақыл, Жылы жүрек», – дегені мен Шаһ-Кәрім қажының «Ақ жүрек, Таза ақыл, Адал еңбек», – деуі тонның ішкі бауындай қабысып, әдемі үндесіп тұр емес пе?

Дәл қазіргі қоғамда бабалар дәуіріндегідей сөз қадірін, өз қадіріміздей бағаласақ, бірталай кем дүниенің орны толық болар еді-ау. Баяғыда балалықпен шалалық жасап қойған сәтте әкемнің: «Айтқан сөз құлағыңа кірмейді екен», - деп кейігені бар еді. Бәлкім, сол кезде тақылдап тақпақ айтып, сөз түсіне бастағанымнан болар, әкем осылай зірк ете қалғанда жаныма зілдей әсер еткен. Екінші қайтара бұл сөзді естімеуге, яғни, айтқызбауға тырыстым. Мүмкін анамның «әкеңе айтам», «әкең келе жатыр» деген сөзді санама құйып тастағанынан да шығар, әйтеуір әкенің бір қарағандағы қабағы біраз нәрсені ұқтыратын.

Осылайша Ақ жүрегіммен Таза ақылға сүйеніп, Адал еңбекпен нан табуға үйрендім. Шәкәрім қажының асыл сөздерін зейін қоя оқып отырып, осы жолдарға кездескенде бір кездегі әке мен ана тәрбиесі көз алдыма келе қалды. Жоғарыда мысалға келтірген анамның екіауыз сөзі әкеме бірауыз сөз келтірмей өсуіме себеп болды.

Ұлы Даланың дара ділмарлары осындай аманат сөз қалдырып кетті. Енді  одан тәлім алып, асыл сөзді кәдемізге жаратып, пайдаға асыру менің ғана емес, бар қазақтың міндеті. Бүгінгі таңдағы баба тілінің бағы ашылмай жатуы да атадан қалған асыл сөзді аяқ асты етуімізден. Сертке ұстаса семсер, сезімге салса сұлу тіліміздің қадір-қасиетін ұл-қызымызға дұрыс ұқтыра алмауымыздан.

Нәтижесінде, жастарымыздың көбі жел сөзге желпініп, желік қуып жүр. Әйтпесе, бабадан мұраға қалған асыл сөздің әр жолы тәрбиенің қайнар көзі емес пе? Оқып көріңізші Шаһ-Кәрім қажы сөз өнері арқылы бізге қандай ақыл айтып отыр. Мақаланың өн бойында мысалға келтіріп отырған дана бабамыздың әр шумағы емес, сол шумақтардың бір-бір тармағының өзі бізді әділдікке, туралыққа, еңбекке, адалдыққа жетелеп әкетеді. Осыны оқып, осындай жолмен ғана жүрсек, қанеки!

Сен бола гөр аққа жақ,
Болам десең адам.
Адал еңбек берер бақ,
Бассаң соған қадам.
Айнымайтын ақ жүрек пен
Таза ақылды адамның,
Таппасы жоқ бұл өмірде,
Осыныңды ұқ балам!

Мына сегіз тармақтың алғашқы төрт жолының өзі Абай атам айтқандай «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», айналасы жұп-жұмыр тегіс келіп, қандай салада, қандай қызметте еңбек етсеңіз де адамдық биігіне адастырмай апаратын темірқазықтай бағыт сілтеп тұр ғой. Адам болам десең, аққа жақ бол дейді қазына кеуде қажы. Осыдан-ақ, аққа Құдай жақ екенін кім жоққа шығара алар екен?

Осы бір оймақтай ойды зерделей қарасаңыз, тағы сол Абай мектебінің үлгісін көруге болады. Ибраһим хакімнің: «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген жолдарының жұпары аңқып тұр. Аға ақылынан нәр алған іні сөзі де адал еңбекке үндеуде. Бақ-дәулет те, байлық-береке де осы адал еңбекте емес пе? Әкеңіз тірі болса, қасына барып әңгімелесіп көріңізші. Немесе өмірден өтіп кетсе, айтқан ақылын есіңізге түсіріңізші. Дәл осы Шәкәрім атамдай кестелеп айтпаса да осы мазмұнда сізге талай жөн сілтеп, жол көрсеткенін қалай ұмытарсыз?

«Ақылыңды лайламай, таза жүріп, ақ жүрегіңмен бөтеннің ала жібін аттамай алға бассаң, іздеген мұратыңа жетесің, осыны ұғып ал, балам!» - деп ақыл айтып отырған әкемнің бейнесі елестеп, жарқын бейнесі санамда тағы бір жаңғыра кетті.

Міне, жүйелі сөздің киесі. Міне, бала жасынан сөз ұстаған Шәкәрім атамның ақылман абызға айналған тұсы. Өзі өлсе де, өлмейтін сөзі қалды. «Жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» дегенімізбен бойына сөз өнерін Құдай берген Құдайберді баласының асыл сөзі бар қазаққа азық. Біздің қазіргі кезде рухани азып бара жатқанымыз, ғасырлар өтсе де оңып, өзгермейтін, бұзылып, айналасын былғамайтын дария кеуде данышпан бабаның азығын жан дүниемізге қорек ретінде пайдалана алмауымызда.

Шынайы жазылған кез келген көркем шығарманың өзі ала білсеңіз жаныңызға мол азық береді. Ал Шаһ-Кәрім бабамыздың бізге қалдырған аманаты өлең-сөзбен өрілген өсиет емес пе? Талғам таязданып, құндылықтар құлдырап бара жатқан дәуірде атадан қалған асыл сөзге де бір бұрылып қарап қоюды ұмытпайық. Жай ғана қарап қоймай, өміріміздің өнегелі болуы үшін кәдемізге де жаратып жүрейік. Өйткені бұл – Шәкәрім атамнан қалған аманат!

Жұматай ӘМІРЕЕВ

Сурет - ғаламтордан