Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАЛАНЫҢ ТІЛІ ДҰРЫС ШЫҒУЫ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? ДЕФЕКТОЛОГ ЖАУАБЫ

Уақыты: 16.09.2020
Оқылды: 581
Бөлім: РУХАНИЯТ

Бүгінде елімізде көптеген баланың қазаққа тән «қ», «ң» сынды әріптерді дыбыстай алмай, оны «к», «н» әріптерімен алмастырып айтатынын байқап жүрміз. Мәселен, «жанағы, аншы, танертен, калам, кулак, кашан, канша» деп айтатын балақайлар көп-ақ. Бір қызығы, осы әріптерді дұрыс айта алмайтын бала немесе ересек адамның дұрыс жаза алмайтындығына да куә болудамыз. Бұдан басқа да «ө», «ұ», «ү», «і» сынды әріптерді де дұрыс дыбыстай алмай, оның орнына «у», «и» әріптерін қолданатындар да бар. Бір қарағанда, бұл сондайлық үлкен мәселе болып көрінбегенімен, кейінгі уақытта тіл мүкістігі жаппай етек алып бара жатқандықтан дабыл қағарлық жайт деп топшылауға толық негіз бар.

Балабақша, мектепке барсаңыз да бұл мәселемен бетпе-бет келесіз. Оның дәлелі бүгінде білім ошақтары мен балаларға арнаулы сабақ беретін мектеп-интернаттарда тіл кемістігін түзейтін логопед, дефектолог мамандарға деген сұраныстың артуы.

Бұрын білім ошақтарында логопед мамандар жұмыс істейді дегенді естімеуші едік. Өйткені, оған аса қажеттілік болған жоқ. Бүгінде логопед маманын екінің бірі біледі. Тіпті, логопедиялық балабақшалар да бар. Оған да кезекке тұратындар жетерлік. Осы тұста «Неге тіл мүкістігі бар балалар сонша көбейіп барады?» деген сұрақ туады. Бірнеше әріпті дұрыс айта алмай әлекке түсетін жастар аз емес.

Байқасаңыз, соңғы уақытта теледидардан сөйлеп жатқан кейбір жас тілшілер де «ң», «қ» әріптерін айта алмайды. Бұл шындығында тіл мүкістігі ме, әлде, осылай сөйлейтіндерге еліктеушілік пе? Кейбіреулер мұны ерекшелік көріп, осылай сөйлейтіндерге еліктейтін сияқты. Мәселен, орыс тілділер немесе басқа ұлт өкілдері жастайынан қазақша тіл сындырмағандықтан кейбір әріптерді дұрыс айта алмайды. Бұл да әр нәрсеге еліктегіш қазақ жастарына сіңісті болғандай. «Жаман әдет жұғысты болып келеді» демекші, көргенін жас балалар да қайталауда.

Отбасында орысша сөйлесу де баланың қазақша әріптерді дұрыс айта алмауына әкеліп соқтырады. Өзге тілде сөйлеп үйренген бала қазақ балабақшасы немесе мектебіне барғанда аталған мәселемен бетпе-бет келеді. Бірақ, бұл орыс тілінде сөйлейтіндерге ғана қатысты деп айта алмаймыз. Қазір тілі қазақша шыққан ауыл балалары да «ң» әрпін айтуда қиындықтарға кезігуде. Мұның шешімін іздеп, баласының болашағына, дұрыс сөйлеуіне алаңдайтын ата-ана маманның көмегіне жүгінуді жөн санайды. Сондықтан да жақсы логопедті шамшырақ алып іздейді. Логопед әр баламен жеке жұмыс істеп, әріптерді дұрыс айтуына көмектеседі.

Сондай маманның бірі – Талдықорған қаласының логопед-дефектологы Сабира Мұратбайқызы. Дефектолог балалардың қазақ әріптерін айта алмауының себебін былайша түсіндірді.

– Ең басты мәселе, баланың орысша араластырып сөйлеуінде. Яғни, енді ғана тіл меңгеріп келе жатқан бала ұқсас әріптерді айыра алмай қиналады. Мысалға, бала мектепте қазақша оқығанымен үйіне барғанда орысша сөйлесуі мүмкін. Немесе оның сөйлесетін ортасы орыс тілді. Кейбір ата-аналар балаларын балабақшаға орыс тобына береді, ал мектепке қазақ сыныбына. Содан бала шатасады, «н» мен «ң»-ды ажырата алмайды, қазақ тіліне тән дыбыстарды айта алмайды. Балалар орысша ойлап тұрады, оны қазақша жеткізе алмайды және олардың оқу мәнерінде орысша акцент бар. Баланың сөйлеу тілі, дыбыстауы дұрыс қалыптасуы үшін балабақша, бастауыш сыныптан бастап ұ, ү, і, ө, ң деген әріптерді жиі қайталатып, айтқызып, санасына тоқуымыз керек, – дейді.

Ал «Баланың тілі дұрыс шығу үшін ата-аналарға қандай кеңес айтасыз?» деген сауалымызға: «Баланың тілі тез және дұрыс шығуы үшін үлкендер әр қимылын, ойын дауыстап айтып түсіндіріп отыруы керек. Балаларға көбіне үлкендердің әңгімелесіп, тілдесуі жетіспейді. Сәби керек нәрсесін қолмен көрсетсе немесе ымдаса ата-анасы бірден оны қолына ұстатады. Енді түк қиналмастан қажеті өтеліп жатса бала сөйлеп қиналып қайтсін? Сол үшін сұрақтар қою арқылы сөзге тарту керек. Бұл баланың сөздік қорын молайтудың бір жолы. Ұсақ моториканы дамыту жағын естен шығармаған жөн. Саусақты қимылдату мидағы сөйлеу функциясына жауапты тітіркендіреді. Қазіргі таңда тілі кеш шығатын немесе әріптерді анық айта алмайтын балалар өте көп. Осындай мәселемен келетін ата-ана да жетерлік. Басында ата-анасы баласының дұрыс сөйлемеуін еркелік деп ойлап, көп уақытын өткізіп алады. Кейбірі әкесі бала кезінде кеш сөйлегендіктен тұқымнан деп топшылайды. Бұл қате түсінік. Мектепке барғанға дейін бала дұрыс сөйлемесе ата-ана дабыл қаққаны жөн», – деген жауап қатты.

Маманның айтуынша, сөйлеу тілі дұрыс дамымаған балалармен жұмыс жүргізуде әртүрлі әдістер мен тәсілдерді қолдануға болады.

Соның бірі – артикуляциялық жаттығу. Ол дегеніміз – сөйлеу тілі аппаратының бұлшық еттерін шынықтыратын, оның мүшелерінің қимыл-қозғалыстарын қалыптастыратын және нығайтып, жетілдіретін арнайы іріктеліп алынған жаттығулар болып табылады. Сонымен қатар түзеу жұмысында белсенді қолданылатын логопедиялық массаж және өзін-өзі уқалауға үйрету артикуляциялық бұлшық еттердің тонусын тез қалпына келтіруге және үйлесімді артикуляциялық қимылдарды қалыптастыруға ықпал етеді.

Тыныс алу жаттығуларының да берері мол. Тыныс шығару, үзіліс және тыныс. Бұл жаттығуларды логоневрозы бар балаларға  жасатқан дұрыс.

Дидактикалық ойындардың да көмегі зор. Дидактикалық ойындардың міндеті – балалардың бағытталған және ортақ іс-әрекетін ұйымдастыру. Бұл ойын барысында бала еш мәжбүрсіз, байқамастан қажетті білім алады. Балалар ойын тапсырмаларына қызыға көңіл бөледі. Табу, айту, атау, ойын тапсырмасын дұрыс шешуге көңіл бөледі.

Логопедиялық сабақтардағы дидактикалық ойын барысында балалар асықпай сөйлеуді үйренеді, дыбысты айтуы шыңдалады, сөздік қоры молаяды. Есту зейіні мен фонематикалық естуін дамыту үшін музыкалық дидактикалық, қимылдық ойындардың да маңызы зор.

Жалпы бала 6 жасқа дейін барлық әріпті толық айтуы тиіс. Сөйлеуінде кедергі, ақауы бар балаларды 3-сыныпқа дейін логопед мамандарға көрсетсе, түзеліп кетеді. Ал логопедтің жұмысынан кейін де әріптері дұрыс болмаса, ол баланы сөйлеу кемістіктерін түзейтін арнайы мектептерге берген жөн.

Болашағымыз балалардың дұрыс сөйлеуін, жалпы тіліміздің қалыптасуын ойласақ, аталмыш мәселеге тереңірек мән беріп, сәби тілінің кішкентай кезінен анық болуын қадағалаған абзал.

Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан