ОМАРХАН ӨКСІКБАЕВ: "ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТЕ КЕШІРІМ БОЛМАУЫ ТИІС"

Уақыты: 22.10.2020
Оқылды: 2063
Бөлім: РУХАНИЯТ

Жемқорлықпен тегеурінді күрес жүргізуде кешірім деген кең ұғымды қолданбауға тиіспіз. Тіпті, «бармақ басты, көз қысты» қитұрқы әрекетті әдет еткендердің өзі ғана емес, ұрпағы да қызметтен шеттетіліп, аты-жөндері әшкереленуі керек. Сыбайластықтың астарында екі жақ бары еленбей, көбіне алушыға ғана айып тағылып жататыны тағы бар. Мұндай жағдайда басқы қадамды жасаған беруші де бейтарап қалмай, қатаң жазаны қатар арқалағаны әбден орынды. Осы және өзге де өзекті жарған мәселелер ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері Омархан ӨКСІКБАЕВПЕН екеуара өрбіген әңгімеде ащы да ашық айтылды. Халық қалаулысымен тілдесу барысында мемлекеттің іргетасын ірітетін жемқорлықты жоюдан бөлек  туған жерді түлету, туризмді дамыту, жастарға қамқорлық, әлеумет пен отбасы құндылықтары, Абай және мәңгілік руханият тақырыптары да тарқатылды.

– Омархан Нұртайұлы, Жетісу өлкесінің оқырмандарына өзіңіз туып-өскен алтын аймақ жайлы айтып өтсеңіз. Балқаш ауданы, баршамызға мәлім, құмды өлке, шөлейтті жер. Табиғаты өзге өңірлерден мүлде бөлек. Қазіргі таңда мұнда да басы ашық күйінде қалып отырған мәселелер баршылық. Заңсыз аңшылықтың жолын кесу, жануарлар дүниесін қорғап қалу үшін не істеу керек, өз ойыңызбен бөліссеңіз.

– Балқаш ауданы, иә, ол менің кіші Отаным, туып-өскен қасиетті өлкем. Дұрыс айтасыз, табиғаты да ерек. Былай қарағанда құмды, тіршілік етуге қолайсыз сияқты көрінгенімен табиғи байлығы көп. Сол өлкеде туып-өскенін бүкіл балқаштықтар мақтан етеді. Бұл жерден небір марғасқалар шыққаны тарихтан мәлім. Ел қызметінде жүрген талай азамат осы құмды өлкеден шықты. Олардың әрқайсы көзге ыстық мекенінің құрылымына, экономикасының өсуіне өзіндік үлес қосты. Кеңес заманында басшы болған Дінмұхамед Қонаевтың атасы осы жерде тірлік кешкен. Біз мұны да мақтан тұтамыз.

Балқаш ауданы – облыстағы аумағы жағынан ең үлкен өңірлердің бірі. 37 мың шаршы шақырымнан астам жері бар. Ең бастысы, оның 30 мың гектарға жуығы суармалы алқап. Құмды деп айтқанымызбен түрлі дақылдар өсіріледі.

Бүгінгі таңда Балқаш ауданының экономикалық әлеуетін анықтауда және оны дұрыс жолға қоя білуде атқарылар шаруа көп. Өкінішке қарай, өндіріс, кәсіп- орын жоқтың қасы. Оны дамытуға жаңа мүмкіндіктер қарастырғанымыз жөн еді. Дегенмен, жер қойнауы бай. Ол жерде көмір де, мыс та бар. Кейбір болжамдарға қарағанда, газ қойнауы да бар екені айтылады. Әрине, бұл үшін үлкен инвесторлар керек екені белгілі.

Балқаш ауданының бұдан өзге тағы бір байлығы барын айтқым келеді. Ол – табиғат байлығы. Аудан ортасынан Іле өзені ағады. Балқаш көліне арқа тіреген аудан. Ал осындай артықшылықтарға ие болу, оны сақтай білу, халықтың мүддесіне, экономиканы өркендетуге бағыттай білу – үлкен мәселе. Мәселен, бұл өңірде балық шаруашылығына баса көңіл бөлуге болады.

Балық демекші, мұнда да табиғат байлығына немқұрайды қарау деректері көп кездеседі. Балық өндіру бар да балықты көбейту, қалыпқа келтіру, қамқорлық таныту, бақылау аз. Өкінішке қарай, осының салдарынан балықтың саны да, сапасы да төмендеп барады.

Иә, Балқаш ауданы аң-құсқа бай. Бірақ оны сақтау жағына келгенде тағы да ақсап тұрмыз. Туған өлкеме әр барған сайын аң аулауды мақсат еткен жүздеген машинаны көремін. Олардың бәрі Іле бойымен аң аулап, балық аулап, құс атып, табиғат байлығына нұқсан келтіруде. Аңшылық деп, демалыс деп бәрін бақылаусыз қалдыруға болмайды. Демалысқа шықтық екен деп өзі таңдап, жайғасқан жерін ластап, өрт қаупін тудырып жатса, мұның бәрі бақылаудың жоқтығынан деп есептеймін.

Бүгінгі таңда осы мәселені қолға алатын кез келді. Қазір Іленің жағасына барсаңыз, аяқ басып жүретін жер жоқ. Қоқыстан көз ашпайсыз. Бұл мәселені мінберден талай көтердік. Балқаш ауданына, мүмкіндігінше, аң-құс аулауды шектеу нормаларын енгізіп, байлығын сақтауға, ары қарай дамытуға, келушілерден салым алатындай жағдай туғызу керек деген ұсыныс айтқанмын. Балқаш ауданына барып, аң-құс атып кетіп жатқандардың сол өлкеге қосқан титтей де үлесі жоқ. Сондықтан, келіп-кетіп жүрген аңшылардан, демалушылардан аудан экономикасына оң ықпал ететіндей түсім, алым-салық жүйесін енгізу керек. Осыған облыс, аудан мәслихаттары назар аударуы тиіс. Әрбір келуші азамат табиғаты бай Балқаш өңіріне қандай үлес қосамын, аң-құсын азайтып, ластап жүре берсем, болашақ ұрпаққа не бетіммен қараймын деп ойланса, бұл бастаманың маңыздылығын түсінеді. Әйтпесе, Балқаш ауданының біраз жері онсыз да тақыр екенін білесіз. Болашақта бақылау болмаса, бүкіл аймақ осындай тақырға ұрынады.

Кезінде біз сексеуіл жойылып барады деп дабыл қақтық. Сексеуілдің тамырын  зақымдап алып кететін оқиғалар жиі кездесті. Бұл мәселеге Үкімет болып тоқтау тудырғаннан кейін нәтиже бере бастады. Қазір Бақанасқа бара жатып, сексеуілдің жолдың екі шетінде өсіп тұрғанын көріп, қуанып қаламыз. Сақтап қалуға болады, шешімі бар деп ойланасың. Демек, неге онда аң-құс пен табиғаттың басқа да байлығын осылай сақтап қалмасқа?! Ертеңгі ұрпақ үшін табиғатты бүгіннен көздің қарашығындай сақтамасақ, бәрі де кеш болады.

Депутат ретінде туған өлкеме барған сайын аң-құсымыз азайып барады, шектеу жоқ, осы бей-берекеттіктің алдын алуға ықпал етсеңіз деген халық жанайқайын естимін. Әрине, бұл мәселені ескерусіз қалдырған жоқпыз. Ауылшаруашылығы министрлігімен көктемгі аң аулау науқанын тоқтату туралы норма енгіздік. Мұны өз басым үш-төрт жылдан бері көтеріп жүрген ұсынысымның жүзеге асқаны деп білемін. Бұл – аң-құстың көбеюіне жасалған үлкен мүмкіндік. Табиғаттың барлық аң-құс, жан-жануары адамзатқа берілген аманат екенін ұмытпайық.

– Соңғы кезде халықтың кедейлену көрсеткіші өсті деген ақпарат тарады. Қалай ойлайсыз, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмек халықтың әл-ауқатын түбегейлі көтеруге ықпал ете ме? Мұндайда масылдық психология белең алып кетпей ме? Шет мемлекеттерде мұндай тәжірибе бар ма?

– Иә, бүгінгі таңда біздің елімізде әлеуметтік мәселе өте күрделі. Статистикаға жүгінсек, халықтың 30 пайызы әлеуметтік көмекке тәуелді екен. «Жығылғанға жұдырық» демекші, оған мына пандемия да теріс әсер тигізіп, қазір біршама адам нанын тауып отырған жұмысынан айырылды.

Кезінде ауылшаруашылық саласы жекешеленіп, жұмыссыз, табыссыз қалғандар экономикада өзін-өзін асыраушы деген категорияға кірді. Елімізде 2 миллионнан астам тұрғын осы категориямен тұрақты табысы жоқтардың қатарында болды. Олар өз шаруашылығында мал, құс, жұмыртқа, басқа да дүниелері арқылы табыс табады. Бұл, әрине, ертеңгі күнге сенімсіздікті ұялатады. Бүгінгі таңда олардың ертеңгі күнге деген сенімін арттыру, нан тауып отырған шаруашылығын дамыту жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Әрине, мемлекет тарапынан жеңілдіктер бар. Жеңілдетілген несиелер, гранттар түрлі бағдарлама арқылы берілуде. Осы арқылы біз жоғарыда аталған категорияны төмендете аламыз.

Жасыратыны жоқ, көп жағдайда азаматтар тұрақты табыс табу көздеріне ұмтылудың орнына мемлекет тарапынан берілетін қаражатты той-томалаққа жұмсап қойып, қарызға батып жатады. Оның үстіне, ауылдағы жастар қалаға ұмтылып, шалғай елді мекеннің әлеуеті одан сайын күрделене түсуде. Бұл – жұмыссыздыққа әсер ететін факторлардың біреуі ғана.

Әрбір қазақ түп-тамырының ауылда жатқанын жадында тұтқаны жөн. Бүгінгі ауыл кейпін көріп, ішім ашып, жүрегім ауырады. Ауылдың бүгінгі жағдайы мені қатты алаңдатады. Сол жерде-ақ жұмыс орнын ұйымдастыруға болатынын айтқым келеді. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан мүмкіндіктер қарастырылған емес пе?! Бірақ мұнда таудай бір мәселе бар. Ол – мемлекет тарапынан жасалған мүмкіншіліктің дұрыс жолға қойылмауы. Мәселен, әр өлкенің әлеуетін тереңінен қарап, қай саласын дамытуға қолайлы, табиғаты, тұрғындары қай саланы дамытуға ыңғайлы немесе бейім, осы жағына өкілетті органдар, жергілікті билік зерделеу жұмыстарын дұрыс жүргізбейді. Бір сөзбен айтқанда, жергілікті әкімдіктер өздерінің белсенді позициясын көрсете алмай отыр. Содан да шығар, қазіргі кезде 5 мыңнан астам ауылдың болашағы жоқ деген ақпар тарап жүр. Бұл мәліметтен түсінгеніміздей, түбінде осы 5 мың ауыл жойылады деген сөз. Бірақ мен бұған о бастан қарсымын. Әр ауылдың болашағы бар. Тек болашағына мүмкіндік туғызатын жағдай жасау керек.

Бізде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы барын білесіз. Бұл бағдарламаның жылдан-жылға бюджеті көбейіп жатыр. Биылғы жылы республикалық бюджеттен 1 триллион 80 миллиард теңге қаралды. Бөлінген қаражат ауылдарда жұмыс орындарын құру, жол салу, абаттандыру жүргізуге бағытталуда. Экономист ретінде айта кетейін, бұл бағдарламалардың тиімді тұстары көп, әрине. Кейбір ауылдарға асфальт салынып, көше жолдары қайта жасалып, оң өзгерістер байқалуда. Бірақ бұл бағдарлама маусымдық жұмыстарды ғана көздейді. Жол жасау, құбыр жүргізудің бәрі маусымдық. Яғни, тұрақты емес. Сондықтан, біз бағдарлама бойынша бөлінген қаражаттың тең жартысын ауылдық жерлерде тұрақты кәсіп- орындар ашуға бағыттауымыз керек.

Қайталап айтсам, ауылдардың болашағын зерделеп, қандай өндіріске мүмкіндігі барын анықтайтын уақыт жетті. Бұл қосымша шығындарды қажет етпейді. Ауылдағы жергілікті атқарушы органдар не өндіруге болатынын жақсы біледі. Әр ауылдың бір нәрсе өндіріп, нарыққа тарата алатын мүмкіншілігі бар екеніне бек сенімдімін. Егер біз ауылға осы жағынан мән берсек, жастар қайтып келер еді. Олардың қалада үйсіз-күйсіз, жұмыссыз жүруін тоқтатқан болар едік.

Әрине, масылдық психология жоқ емес, бар. Біз жұмыссызбыз, мұқтажбыз деп әлеуметтік көмек керектігін алға тартып, тек сол қаржымен өмір сүргісі келетіндер кездеседі. Бірақ халықтың көпшілігі ондай емес. Біз балық бергеннен кейін оны аулайтын қармақты да ұстатуымыз керек. Сонда масылдық психология өзінен-өзі жойылады деген пікірдемін.

Еріншектік бүкіл өнердің дұшпаны екенін Абай бабамыз дәл айтып кеткен. Масылдық психологияға қатысты да осы сөзді ұсынар едім. Абайдың сөздерінде мұның бәрі анық жазылған. Кеңес кезінде арамтамақтармен, еріншектермен күрес туралы арнайы Заң болатын. Кейде осы тәжірибені біздің қазіргі қоғамға да енгізу керек пе деп ойлаймын.

Шетелде де мұндай әлеуметтік мәселе бар. Тіпті, дамыған елдерде әлеуметтік мәселе шешімін тапқан дей алмаймын. Олардың әрқайсында мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатады. Басты бетбұрыс – тұрақты жұмыс табуға мүмкіншілік жасауда жатыр. Тұрақты жұмыс көздерін құру керек. Сол арқылы ғана халықтың әлеуметтік мәселесін шешеміз.

– Қаншама жылдан бері жемқорлықпен күрес жүріп келеді. Бірақ әлі де бұл мәселе шешімін тапқан жоқ. Жемқорлықпен күрес деп БАҚ беттерінде әдемі мақала жазып, әдемі сөйлейтіндер көп. Бірақ іс жүзінде талай қордалы мәселенің түбінде жемқорлық жатқаны көп айтылады. Сіздің ойыңызша, жемқорлықпен күресті неден бастау керек?

– Жемқорлық – ол қоғамды шірітіп жатқан үлкен дерт. Экономикамыздың қалыптасуына, шетке танылуымызға теріс рөл атқаратын бұл аурумен күрес тоқтаған емес және оны жасырып та жүрген жоқпыз. Бірақ осы жегіқұртқа тоқтау табылмай жатыр. Неге?

Бұл жерде мен жемқорлықпен күрес деп жалаулатып, әдемі сөйлеп, мақала жазғаннан ештеңе өзгермейтінін айтқым келеді. Іс жүзінде ұстап, тәркілеп, жазалап та жатырмыз. Одан да өзгеріп жатқаны шамалы. Заң да қатайтылды. Одан да, тегі, ығатын адам көрінбейді. Сонда бұл аурудың емі не? Мұнымен күрес әр адамның бойындағы мемлекетшілдікпен, отаншылдықпен, елшілдікпен байланысты дер едім. Жемқорлықтың астарында үнемі екі жақ жататынын ұмытпауымыз керек. Ол – алушы мен беруші. Беруші бергенін тоқтатса, алушы да алғанын тыяр еді.

Ал енді беруші неге береді? Оны зорлай ма, үркіте ме, әлде өз еркімен осындай ұятсыздыққа бара ма? Өз еркімен парақорлық жасаса, онда оған тағы не түрткі? Міне, біз осыны зерттеп, екі ортаның жібін үзуіміз керек. Алған адамға заңды қатайттық. Ал беретін адамға ше? Меніңше, оған да жауапкершілікті сондай дәрежеге жеткізген дұрыс. Берген – жемқорлықтың басқы қадамын аттап отырған адам. Демек, басқы қадам жасаған адамға да қатаң қарауымыз қажет.

Осыған байланысты шетелден де көп сауал түседі. Қазақстандағы жемқорлыққа қатысты олар: «Неге олар өзін-өзі қанап отыр?» деген сауал қояды. Қанап отыр дегені – дәл сол сәтте өзіңнің шаруаң тез реттелгенімен нәтижесі дұрыс болмайды дегені. Мысалы, құрылысты алайық. Құрылыс қаржысының қаншама пайызын параға берсеңіз, онда тұрғызылатын нысанға да нұқсан келетіні сөзсіз. Сапасыз материалдар ертең нысанның құлау қаупін жоғарылатады. Ол мектеп болса, балалардың өміріне зиян тигізесіз. Ал бала – сіз бен біздің болашағымыз. Айналып келгенде, беруші де, алушы да өзін-өзі алдаумен өмір сүреді. Олар елдің ертеңіне балта шауып отырғандарын толық түсінбейді, соның зардабы маңдайларына тимей, ештеңеден тайынбайтын сияқты. Бұл – қауіпті.

Осы жерде мен әр жемқорды ашық жазалауды және оған ешқандай да кешірім болмау керектігін ұсынар едім. Сондай-ақ, оның өзіне ғана емес, болашақ ұрпағына да қызметке тұруына кедергі жасасақ деймін. Балаларының болашағына зиян келетінін ойлаған адам әрқашан таза жүруге тырысады. Ал сонда да жемқорлық жасаса, онда ондай антұрғанға ешбір дауа жоқ деген сөз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жемқорлыққа барғандарға рақымшылық болмасын» деген сөзін қолдаймын. Шындығында, кешірім болмауы керек. Жемқорлықта жұмсақтық танытсақ – онда болашағымыздың күйрегені. Адал еңбек қана биікке жеткізеді.

Жемқорлықпен күресте мен мемлекеттік қызметте жүргендер жайлы айта кетсем деймін. Олардың да бойына ертеңгі күнге сенімділікті ұялатуымыз керек. Оларға қаншама мүмкіндік туғызсақ та ертеңгі күнге деген алаңдаушылықтары бәсеңсімейді. Неге десеңіз, басшы өзгерсе, бәрі өзгереді деп алаңдап тұрады. Командасымен келіп, командасымен кететін оқиғаларды көріп отырмыз. Тіпті, басшы ауысса, бәрі ауысады деген кереғарлықпен күресіп жатырмын деген бір прокурордың кейін өзі де бүкіл командасын өзгерткенін жақсы білеміз.

Сондықтан, мемлекеттік қызметкерді де зейнетке шыққан кезде әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етіп, алаңсыз өмір сүруіне жағдай туғызсақ, оңды іс болар еді. Жалақысы да мұқтаждықта өмір сүрмейтін деңгейде болуы керек. Бұл әлі де мемлекет алдында тұрған мәселе. Бізде кейбір қызметкерлер күнделікті күнкөріс қамымен ғана өмір сүріп жүр. Ертеңгі күніне қор жинайтын, материалдық қиындыққа алаңдамайтындай жағдай жасаған жөн. Ондай мүмкіндік қазіргі таңда, өкінішке қарай, қарастырылмаған. Мемлекеттік қызметті дамытудағы басты стратегияның бірі осы. Сыбайлас жемқорлықпен күрес осы кезде нәтиже бере бастайды.

Сыбайластық сырттан келетін инвестицияға да салқынын тигізеді. Жемқорлық дамыған елде сенім де, тұрақтылық та болмайды. Сырттан ақша әкелу шектеледі. Жасыратыны жоқ, кейбір шетелдік инвесторлар біздің осы кемшін тұсымызды тиімді пайдаланып, кейбір жобаларымызды өте бір арзан бағамен алып кетіп жатыр. Көк қағазға қызығушылығымызды шетелдіктер де біліп алған. Бұл – экономикамызға орасан зиян келтіретін жағдай. Ел азаматтары өз ұрпағының болашағын ойласа, мұндай лас іс-әрекетті тез арада тоқтатуы тиіс.

– Алматы облысы – туризмді дамытуға бірден-бір қолайлы аймақ. Көлсай көлдері, Әншіқұм, Алакөл, Шарын шатқалын әлемге таныту үшін нақты қандай қадамдар қажет? Сіздің пікіріңізше, инфрақұрылым, жол мәселесінен бөлек туризм мәдениетін қалай жолға қоюға болады?

– Дамыған шет мемлекеттерге қарасаңыз, ішкі жалпы өнімнің 80 пайызын туризм құрап отыр десем, қателеспеймін. Олар қазба байлықтарына, шикізатқа, мұнайға тәуелді емес. Туризм – азаматтар үшін тұрақты табыс пен қызметтің көзі. Мәдениетімізді әлемге танытудың төте жолы. Сондай-ақ, өңірдің дамуына да әсерін тигізеді. Жалпы, туризм қомақты шығындарды талап етпейді. Ең бастысы, оған салынған қаражаттың өзін ақтайтындығында. Яғни, қайтарымы бар салаға қаражатты аямау керек.

Бұл салада Қазақстанға жетпей тұрған, әттеген-ай дегізетін бір нәрсе бар. Ол – туристік қызметті әлемдік стандартқа сай жетілдіру мәселесі. Біздегі отандық туризмде бар жерді көрсете салсақ, нысандар тұрғызсақ болды деген немкеттілік бар. Әлемдік туризмнің стандарты ондай емес. Егер біз сол стандартпен жүйелі жұмыс істесек, салған қаражатымыздың еселеп қайтатынына кепілдік бар. Осы ретте сыртқы туризмге баса көңіл бөлу керек. Сыртқы туризмді дамыту арқылы біз шикізатқа тәуелділіктен арыламыз.

Өкінішке қарай, біздің сервис әлі әлемдік деңгейде емес. Тамақ мен жатын орын – әлемдік сервистің бастапқы қадамы. Тіпті, Шарын, Көлсайды, Әншіқұмды, Алакөлді сол деңгейге жеткізіп алсақ, осының өзі Алматы облысы үшін орасан байлық болар еді. Бұл өңір азаматтарына да тың серпін береді. Туризм үшін инфрақұрылым, бастысы, жол екені айтпаса да түсінікті. Қазіргі таңда Алакөлге жол салынып жатыр. Әуе жолы да қалыпқа келді. Көлсай көліне апарар жол да реттелді. Бұл – жақсылықтың нышаны.

Егер біз туризммен бірге табиғи байлыққа зиян тигізбеу жағын ойласақ, ашық аспан астында да тазалық сақтауды жолға қойсақ, туризм мәдениеті деген сол. Өкініштісі, мен Шарынға барып жүріп, шатқал төбесінде тасын теуіп, бүлдіріп жүрген талай адамды көрдім. Оларға налып, тоқтау айтқан кезім де болды. Сондықтан, туризм мәдениетіне қатысты да келетін қонақтарға үлкен жауапкершілік жүктеген жөн.

– Жастардың қазіргі беталысына көңіліңіз тола ма? Жас отбасылардың ішінде ажырасу көп кездесіп жатады. Осындайда ел ағасы ретінде отбасы құндылығы жайлы не айтар едіңіз?

– Мен қазіргі жастармен мақтанамын. Қазіргі жастар білімқұмар, еңбексүйгіш және көп нәрседе біздің жастық шақтағыдай емес, алысқа қарап, болжап, тындырымды іс жасап жүреді.

Қазіргі жастарды кеңес заманымен салыстырғанда бес есе көп білім жинаған десек, артық кетпеспіз. Енді олардың сол біліміне қарай еңбек етуі маңызды. Жастарға жағдай туғызатын бағдарламалар көп. Тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған және шағын несиелер алып, кәсіпкерлікті ашуға да мүмкіншіліктер бар. Мысалы, бір ғана «Еңбек» бағдарламасын алайық. Қаншама жеңілдіктер, мүмкіншіліктер қарастырылған. Өкінішке қарай, кейбір жастар соны білмей жатады.

Әрине, мемлекет тарапынан жастардың бәріне бірдей жағдай жасалып, әлеуметтік мәселелері шешіліп тұр деуден аулақпын. Олардың арасында отбасылық жағдайы да дұрыс болмай, шаңырақтары шайқалып жүргендері баршылық. Жастарымыздың қиыншылықтарға шыдай алмай, ажырасып жатқандары менің жүрегімді ауыртады. Бұл жерде өмірге келген нәрестенің еш кінәсі жоқ. Кішкене қиындыққа шыдай алмай, бір-бірінің кемшіліктерін кешіре алмай ажырасып жатса, онда басқа бір терең себеп бар. Осы себептің түйінін тарқатқан жөн. Жастарға ерік береміз деп еркінсітіп алмау жағын да ұмытпайық. Екі жас қосылар кезде мұнда ата-ана ойланғаны дұрыс болар еді. Жар таңдауға, өз бетімен өмір сүруіне ерік берілгені жақсы, бірақ ерікті болудың да жауапкершілігі барын ұмытпау керек. Бес-алты ай тұрып, нәресте өмірге келген соң екі жаққа кетіп жатса, бұл – жауапсыздық. Өркениетті, мәдениеті дамыған елде мұндай мәселе болуы тиіс емес. Сүйем-күйем деген адамдар бір-ақ сәтте бір-бірінен теріс айналады дегенге өзім сенбеймін. Мұнда басқа бір себептер бар. Соларды қоғамдық ұйымдардың көмегімен зерттеп, айқындамай ажырасу деректері азая қоюы екіталай.

– Жетісу жұртшылығының мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, Парламент мінберінде үн қатып жүрген белсенді депутаттың бірісіз. Облысқа қосқан үлесіңізбен бөлісе отырсаңыз?

– Алматы облысының әлеуметтік- экономикалық дамуына атсалыссақ, оның нәтижесін халық көрсе, еңбегіміздің ақталғаны деп білемін. Алтыншы шақырылымдағы депутаттық миссиямның бес жылға жуық уақытында он шақты рет Жетісуда болып қайттым. Барлық дерлік ауданын аралап шықтым. Әр ауданның алыс ауылдарына дейін бардым. Кейбір күрделі мәселелерді шешуге ықпал етіп, облыстық, республикалық деңгейде бюджет шешіміне араластық. Әр сапарымда кемінде төрт-бес еңбек ұжымында болып, көтерілген мәселелерді жергілікті жерде шешуге, кейбірін республика көлемінде реттеуге күш салдық. Нақты айтсам, депутаттық кезеңде біршама әлеуметтік нысандарға қаражат бөлуге атсалыстым. Республикалық бюджеттен Қапшағайдағы кәріз жүйесіне, Талғардағы су құбырын жүргізуге 1 миллиард 18 миллион теңге шамасында қаражат бөлуге ықпал еттік. Алматы мен Талғар арасын жалғаған жолды кеңейтудің басы-қасында болдым. Бүгінгі таңда сол жолды жөндеу жұмысы басталды деп айтсам болды.

2018 жылы Алматы облысында тұрғын үй салу, әлеуметтік нысандарды жөндеуге, абаттандыруға, жолдарды қайта жасауға да қосымша қаражат бөлуге ықпал еттік. Әр барғанымда «Nur Otan» партиясының филиалдарында тұрғындарды қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдап қайтамын. Сондай-ақ, облыстың суландыру жүйесіне 100 миллионнан астам қаражат бөлуге, Қапшағай мен Бақанастың 70-ші жылдардан бері жөндеу көрмеген жолының жасалуына мүмкіндік туғыздық. Қазіргі таңда бұл жолдың 40 пайызы жөнделді. Келесі жылы толық бітеді.

Газдандыру мәселесін де назардан тыс қалдырған емеспіз. Серік Үмбетов, Зағипа Балиева, Әбдіманап Бектұрғанов, Марат Бопазов секілді әріптестеріммен бірге республикалық бюджет жобасына қосымша түзетулер енгізу арқылы Алматы облысына қомақты қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржы негізінен аймақтағы екі аурухана, төрт мектеп, үш қазандық құрылысына бағытталды. Бір сөзбен айтқанда, облыспен үнемі байланыстамыз. Сайттар, ақпарат құралдары арқылы қарап, жедел түрде көтерілген мәселелерді шешуге атсалысып отырамыз.

Жоғарыда айтып өткенімдей, Балқаш ауданының 30 мың гектарға жуық суармалы жері бар. Соның 8 мың гектарына су жетпей, егін күйіп жатқанын естідім. Осы орайда судың деңгейін арттыруға қолғабыс тигіздім. Әрине, басқа өңірге де атсалысамыз. Көп мәселелердің шешілуіне ықпал ете алсақ, депутаттық еңбегіміздің ақталғаны. Өзімнің туған өлкеме титтей де болса қолғабысымды тигізе алсам, бақыт сол. Бірақ мен бұл үшін мақтанбаймын, мұны тікелей міндетім деп білемін. Әлі де күш-қуатым барда өлкеме көмегімді тигізе беремін. Еңбегіңді халық көріп отырса, белсенді қызметке стимул болмай ма? Халық та осыдан кейін сеніммен қарамай ма? Бұл да дамудың бір белгісі болса керек.

– Абайдың 175 жылдығына орай тағы да бір сұрақ: қандай тақырыптағы кітаптарды көп оқисыз? Абайдың қай сөзін өнеге тұтасыз? Абай әлемі жайлы не айтар едіңіз?

– Абай – қазақ елінің ғұламасы. Абаймен ең алғашқы таныстығым, әрине, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқудан басталды. Студент кезімде осы кітапты жата-жастана оқыдым. Бірақ ол кезде жастықпен көп жерлерін толық түсінбеген шығармын, жете мән бермеген де болуым мүмкін. 2010 жылы тағы бір қайтара оқығанымда бұрынғыдан да көп нәрсеге қанықтым.

Абайдың бір ғана қара сөздерінің өзі көп нәрсеге жетелейді. Абай сөздері қай дәуірде болсын ешқашан ескірмейді. Ол – анық. Абай сөздері адам жаратылысына, өмірде өз орнын табуына, қалыптасуына, болашағына бағыт-бағдар береді. Өлеңдеріндегі терең ой, қара сөздеріндегі мәңгілік рухани қазына-қамбасы мені еріксіз таңғалдырады, сүйіндіреді. Абайдың сол сөздерімен тәрбиелендік десек те болады.

Өмірде қалыптасуымда бірінші ата-әжемнен тәрбие алсам, одан кейін кітаптағы тағылымды жазбалар көмектесті. Оның үстіне, біздің жастық шақта бәрі кітап оқитын. Мен тарихи романдарды көп оқитын едім. Студент кезімде Әнуәр Әлімжановтың, Ілияс Есенберлиннің шығармаларынан бас алмадым. Әсіресе, «Көшпенділерден» алған әсерім ерекше. Мектепті орысша оқысам да, қазақша кітаптарды оқығанды ұнататынмын. Сәбит Мұқановтың «Ботагөз», Әзілхан Нұршайықтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын таласып-тармасып жүріп, оқып тауыстық.

Одан кейін қызықтыратыны – детектив жанры. Бұл салада Қазақстандағы №1 детективші Кемел Тоқаев қой. Ол кісінің жазғандары Алматы облысымен тығыз байланысты болғандықтан, біздер де қызығып, бас алмай оқыдық.

Абайдың әр сөзі құнды, әр сөзі жүрекке жақын. Жоғарыда біз сөз еткен қаншама мәселенің жауабы Абайда тұр. «Сен де бір кірпіш дүниеге тетігін тап та, бар, қалан» деген бірауыз тармағының өзі жұмыссыздыққа қатысты туындайтын қаншама мәселенің оң шешімі емес пе?!

«Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші, өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды», – дейді Абай. Бұдан артық қалай жеткізіп айтуға болады? Ұғынған адамға бәрі түсінікті, бәрі айқын.

Абай өмірінің соңына дейін ғылымды дамытуға көңіл бөліп, жастарды білім алуға, жан-жақты болуға үндеді. Абайды оқыған сайын жаңа бір құнды дүниеге жолығасың. Абай сөздерінен жастар қол үзбеуі қажет. Абаймен өскен ұрпақтың көңілі ояу, көкірегі ашық, еңбексүйгіш әрі адал болатынына бек сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан - Қуаныш ТҰНҒАТАР

Суреттер ғаламтор беттерінен алынды