МЕН - ТӘУЕЛСІЗДІКПІН, ТӘУЕЛСІЗ ЕРМІН, АЗАТ ТА ЕРКІН МЕМЛЕКЕТТІҢ ҰЛЫМЫН!

Уақыты: 16.12.2020
Оқылды: 1088
Бөлім: РУХАНИЯТ

Мен – Тәуелсіздік құрдасымын! Азат та еркін мемлекеттің ұлымын. Балалық шағым алаңсыз, қамсыз өтті. Өмірге шыр етіп келген сәтімнен бері ешқашан қиындық я жоқшылық тартып көрмеппін. Шүкір! Өз қолым өз аузыма емін-еркін жетеді. Елімнің тіршілігі – күйлі, күні – жарық, түні – тыныш. Бастысы, оқ пен оттың құшағында емес, бейбітшілік пен мамыражай күннің бесігінде тербеліп жатырмыз.

Бір анық жайт – бала күнімнен еркін өстім. Ойымды да бүкпесіз айттым. Ешкімнің қыспағына я қысымына түспедім. Өйткені, мен – Тәуелсіздікпін! Тәуелсіз ермін! Осылай өзімді ер түріктің ұрпағысың, сен – көкжал, бүкіл әлемді уысына ұстаған сойы бөлек арыстардың жалғасысың деп жігерленіп өстім.

Азаттықтың ақ таңында дүниеге келген баланың маңдайына осы қасиетті де қадірлі Тәуелсіздік ұғымының мән-мағынасын, тарихын тану, зерттеу жазылған екен. Әдетте «Бұл Тәуелсіздікте талайлардың қасық қаны, көз жасы бар» деп жатамыз ғой. Осы рәуішті сөзді бірінші, екінші сыныпта жүргенімде-ақ көңіл зердесіне тоқыппын.

Міне, қазір сол қасық қаны, көз жасы тамған боздақтардың жасын-ғұмыр ізіне түсіп, адақтап, танып, замандас және кейінгі буын жастарға дәріптеу үшін архив көріп, шаң басқан сөрелерді қопарып, том-том құжаттар арасынан жалалы, азалы, қасіретті оқиғаларды тауып, беймәлім есімдерді жаңғыртып, ел алдына ұсынуды азамат парызы, қаламгер мұраты деп ұқтық. Және оны Тәуелсіз қазақ мемлекетінің тарихи санасын қалыптастыруға, республика тұрғындарының отаншылдық сезімдерін нығайтуға қосылатын зор үлес деп кәміл сендік.

Егемендікті алу – бақыт, ал оның шаңырағын шайқалтпай, сыртқы күштердің ықпалынан, ішкі іріп-шіруден сақтап тұру – аса ауыр әрі қиын жауапкершілік. Бостандықтың рауанды күндерінде туған, тұрақтылық пен тыныштық мезетінде алшаң басып, кеуде керіп жүрген, мойнына бұғау түспеген, аяқ-қолына шідер байланбаған еркебұланның миссиясы – «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын». Бәлкім, әлдекімдерге жалғандау пафос болып көрінетін шығар, алайда бұл дәлелдеп, ақталуға тырыспайтын жігіт серті.

Елдос ТОҚТАРБАЙ,

алаштанушы, ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты