ЖЫРЫЛҒАН ҚҰЛАҚ, ЖАРЫЛҒАН БАС: ЖЕЛТОҚСАНШЫ БОЛАТ АБАҒАННЫҢ ЕСТЕЛІГІ

Уақыты: 17.12.2020
Оқылды: 2032
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адам туа сала батыр болмайды. Батырды уақыт тудырады. Дұрысын айтқанда, күнделікті өмірде көппен бірге қарапайым тірлік кешіп жүрген ерлер ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде шыбын жанын шүберекке түйіп, елі үшін көзсіз ерлік жасауға барады. Менің әріптесім, қазақ дегенде шығарда жаны бөлек Болат АБАҒАН осындай батырлардың бірі һәм бірегейі.

Бала кезінен қаламгер болуды армандаған Болат Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Жетіарал деп аталатын шағын ауылында дүниеге келген. Ес білгелі газет-журнал мен кітаптың ортасында есейген ол халқымыздың ұлттық құндылығынан сусындап өскені анық. «Жетіарал, жерім-ай, сауықшыл елім-ай» деген ән бар емес пе еді?! Бөкең сол сауықшыл елдің табиғи жалғасы.

Әкесі Қабдеш пен анасы Әзиза ауылдағы мектепте қарапайым жұмысшы болып еңбек етсе де, отбасындағы он шақты баланың тәрбиесіне аса мән бергені байқалады. Қолынан шаруаның бәрі келетін Қабекең үйдегі өзі жасаған сөрелерді аса қат кітаптармен толтырыпты. Ауылдағы қысы-жазы бір толастамайтын шаруадан қолы қалт еткенде балаларына бір-бір кітап ұстатып, ұрпағының ойлы да саналы болып қалыптасуына ұйытқы болған көрінеді. Соның әсері ме, бір шаңырақтан үш бірдей әдебиетші түлеп ұшыпты.

Болашақ балалықтан бастау алады. Мектепте жүргенде-ақ өлең жазуға талаптанған бала көңіл алғашқы сыннан кейін қайтып қалып, қара сөзге қайырым бергені сондықтан. Осы арманының Болатты Алматыға жетелегені ақиқат.

Ол кезде ауыл мектебін бітірген балалардың бірден жолы болуы екіталай еді. Алғашқы талпынысы сәтсіз аяқталып, Кеңес әскері қатарындағы екі жылын Моңғол Халық Республикасында өткізеді. Болат азаматтық борышын өтеп оралғаннан кейін қалай да журналист мамандығын меңгеру мақсатымен Алматы үй құрылысы комбинатына жұмысқа орналасып, кешкі дайындық курсына оқуға түседі. Қабылдау емтиханын өте жақсы тапсырып, күндізгі оқу бөліміне түсу мүмкіндігі бола тұрса да Болат сырттай оқуды таңдайды. Себебі, озат құрылысшы ретінде басшылықтан жоғары баға алып жүрген жігіт бұл кезде шаңырақ құрып, сәбилі болып үлгерген болатын. Желтоқсан оқиғасын Болат осындай жағдайда қарсы алған.

– Біз ол кезде Алматы үй құрылысы комбинатының 4-ші құрылыс-монтаж басқармасының құрамында, қазіргі «Таугүл» мөлтек ауданында көпқабатты үйлерді тұрғызып жатқанбыз, – дейді Болат сол кездерді еске алып. – 16 желтоқсан күні жұрт айтып жүргендей ештеңе бола қойған жоқ. Ол күні біз Қонаев ақсақалдың орнына беймәлім Колбин дегенді әкеліп қойғанын естідік. Әрине, көңіліміз алай-түлей болғанын жасырып қайтеміз?! Тіпті, қазақстандықтарға белгілі, осында еңбек етіп жүрген өзге ұлттың өкілін қойса дәл мұндай болмас па еді?! Бізді Ресейдің бір облысындағы адамды әкеліп отырғыза салғаны ашындырды. Дегенмен, жұмыс ырғағы бұзылмаған болатын.

Он жетісі күні кешке жұмыстан кейін үйге қайтып бара жатқан кезде көшеге жинала бастаған жұртты көріп Болат автобустан түсіп қалады. Алаңға барғанында өзі танитын студент жастарға жолығып, қарсылық акциясына қатысушылардың қатарына қосылады. "Бір жағында наразы жастар, екінші жағында қарулы жасақ қарама-қарсы тұрды", – дейді Бөкең сол күнді еске алып.

– Қолдарында қалқандары мен арнайы сойылдары бар әскерлер әл берсін бе, әлсін-әлсін шабуылға шығып, шегінген тобырға ілесе алмай қалғандарды сабап, тепкілеп, сүйреп әкетіп жатты. Осыны көрген жастардың қаны қарайып, алаң маңындағы үйлердің мәрмәр тастарын сындырып алып, лақтыра бастағаны да осы кез, - дейді Болат Абаған.

(Суретте Болат Абаған (сол жақтан бірінші) Алматының орталық алаңында. Көпшілікке қолымен нұсқау беріп тұр).

Осылай алма-кезек шабуылдап тұрғанда су шашатын техниканы әкеліп, желтоқсанның шыңылтыр аязында онсыз да қалтырап тұрған халықты суық сумен атқылап, қуалай бастаған. Үсті-басы малмандай су болған Болат сағат 10-нан кете үйіне қайтуға мәжбүр болады. Жары Бибігүл де алаңдағы жағдайдан құлағдар болып, алаңдап отыр екен. Пәтер иесі, соғыстың қиындығын басынан кешірген орыс Валя апайы келіп: «Болат, дастарқанымызда нан бар, сүт бар! Қайтесің көшеге шығып? Бір нәрсеге ұрынып қаларсың бекерге. Барма!» – деп ақылын айтып кетіпті.

Көп жылдан бері ауласындағы пәтерде тұрып, туғанындай болып кеткен қазақ баласын қиянатқа қимаған түрі ғой кейуананың... Ертеңіне жұмысқа барса бригададағы қазақ балаларының бірі де келмеген екен. Соны көріп Болат қайтадан алаңға бет алады. Бүлдірген ештеңелері жоқ. Көппен бірге алаңда тұрған. Араларында әдейі жіберілген арандатушылардың болғаны рас дейді. Жұртты бүлік жасауға шақырып, айқайлап жүргендерге еріп, ұрандатқандар да кездескен. Сонымен бірге, ерекше белсенділік танытқан жастарды: «Сені келіссөзге қатыссын деп шақырып жатыр!» – деп алып кетіп жатқанын да байқаған. Көпшілік жұрт сол кезде көтерілісшілердің ұранына айналған «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, «Әр ұлтқа – өзінің көсемі!» тақылеттес ұран ұстаған күйі бейбіт тұрған.

– Алаңда милиция мектебінде оқып жатқан бір танысымды кездестіріп қалдым. Ол: «Болат, кеше түнде Пенза мен Свердлов қалаларынан арнайы әскери жасақ келіп түсті. Олар ешкімді аямайды, үйіңе қайт!» – деді. Намыстың ақбозына мініп алған біздер оны тыңдай қоймадық! – дейді Бөкең.

Айтқандай-ақ, сәлден кейін терезелері торланған автобустардан саулап түскен әскер әй-шайға қарамай толқып тұрған топқа лап қойған. Қолдарында түгі жоқ жастар қандай қарсылық көрсете қойсын?! Төніп келген тегеурінді күшке шыдамаған жұртшылық жапа-тармағай кейін шегініп, соңғылары алдыңғыларына бөгет болып, бей-берекет жазалау басталып кетіпті. Көппен бірге қашуға әрекет жасаған Болатты сойылды жазалаушы «Океан» магазинінің алдында қуып жеткен. Басынан тиген соққыдан мұрттай ұшқан оны жанашыр бір қазақ жасақшысы орнынан тұрғызып, ұсталғандарды тиеп жатқан автобусқа мінгізіпті. "Мұндай қатыгездікті бұрын-соңды кездестірмеппін, – дейді ол сол бір қасіретті күндерді еске алып. – Басымнан аққан қан бетімді жуып, жасақтарға сүйеніп әрең келе жатсам да өткен-кеткеннің бәрі бір соғып кетеді. Ес-түссіз жатқан қыздарды етектерінің түріліп қалғанына қарамастан тас алаңда аяқтарынан сүйреп бара жатқанын көріп, дәрменсіз қалудан асқан қорлық болмайды екен. Автобусқа кеспелтек ағаштай қалай болса солай тиелген жастардың жағдайы адам шошырлық. Денеден аққан қаны сырт киіміне шығып кеткен. Бірінің басы жарылса, бірінің қолы сынған. Жапырылған мұрын, жұлынған құлақ та осы жерде. Тіршілік белгісін көрсетпейтіні де кездеседі".

Қыздар мен жігіттерді бөлек тиеген 4-5 автобус «Таулы қырат» жаққа көтерілгенде бір көліктегі жігіттер төбелес ашып, қаша жөнеліпті. Оны көргеннен кейін Болат мінген автобустың ішіндегілер де қимылдай бастағанда есік көзінде тұрған сары түсті капитан, ұлты татар болуы керек: «Жігіттер, сәл шыдаңдар! Қазір сендерді жібереміз. Бірақ алаңға қайта келмеңдер!» – деп ұсталғандарды босатыпты.

Оқиғаның мұнымен бітпегені белгілі. Қоғамдық көлік бұларды бүлікшілер деп алмайды. Басы жарылып, оңбай таяқ жеген Болат есі кіресілі-шығасылы көше кезіп біраз жүрген көрінеді. Оның үстіне сол тұста қолдарына арматура кесінділерін алып, «халық жасақшылары» дегендер де шықты емес пе?! Әбден талмаусырап, бір бағанаға сүйеніп тұрғанында жанына келіп тоқтаған «Волга» көлігінен қапсағай денелі жігіт түсіп, мекенжайын сұрағаны есінде. Солар үйіне жеткізіп тастапты.

Қашаға сүйреп кіргізген мұны жары мен Валя апайы бөлмеге кіргізіп, ем-домын жасаған. Жырылған құлағына дәрі жағып, жеті жерден жарылған басын таңып берген де солар. «Жедел жәрдем» шақыру қауіпті. Әбден ашынған, намысы қорланған Болат үшінші күні таңулы басымен тағы да көшеге шығып, топ ішінде жүрген. Толқу күшпен басылғаннан кейін ғана пәтеріне келіп, алған жарақатынан сырқаттанып жатып қалыпты. Алаңға шыққандарды жазалау мұнымен бітпегенін бәріміз жақсы білеміз.

– 28 желтоқсанда жігіттер үйге келіп: «Болат, саған жұмысқа шықсын деп жатыр», - дегеннен кейін жұмысқа келдім, – дейді Бөкең. – Мені күтіп отыр екен. Бастығымыз – Ким деген кәріс, парторг – Шербаков, кәсіподақ төрағасы – Братчиков дегендер еді. Комсорг – Қанат деген Жамбылдың жігіті болатын. Дереу жиналыс ашып, мені талқыға салды. Мен қатты ашынып алғанмын. «Ал, бардым, не істейсіңдер?!» – деп тұрып алдым. Бір ғажабы, жұмысшылар ұлтына қарамай мені қолдап шыққан еді. Аяғында комсомол билетімді алып, үй кезегінен шегеріп, сыйақылардан қағып, жазалаған болды. Бәріне де төзуге тура келді.

Кейіннен желтоқсаншыларды ақтау шаралары басталған кезде Болатқа алаңға барғандығын, жарақат алғанын дәлелдейтін құжаттар алып кел деген нұсқаулар берген екен. Алайда ол ондай әрекетке бармаған. Себебі, Болат алаңға біреу үшін немесе атақ-дәреже алу үшін емес, ұлтының аяққа тапталған намысын қорғау үшін барған еді.

Иә, құрылыс мекемесінен аламын деген пәтерге қолы жетпей, шағын отбасылық жатақхана алған Болат тәуелсіздіктің арайлаған тұсында ежелгі арманына ақ жол ашып, 1994 жылдың қарашасында «Жетісу» газетіне қызметке орналасады. Бұл кезде қабілет-қарымы толысқан, қаламы жүйрік жігіт ағасы кез келген тақырыпты жеріне жеткізе жазып, көтерген тақырыбы көптің көңілінен шығып, аз уақытта жалпақ жұртқа танылып үлгерген.

«Jetіsý» газетінде үлкен өмір мектебінен өткен Болат бүгінге дейін табан аудармай жаннатты өлкедегі бас басылымда еңбек етіп келеді. Арасында жаңадан құрылған медиахолдинг басшысының орынбасары, «Jetіsý» газеті редакторының орынбасары қызметтерін атқарғаны бар. Бүгіндері «Jetіsý» мен «Огни Алатау» басылымдарын біріктіретін «Өлке тынысы» ЖШС директорының орынбасары. Республикалық «Айқын» газеті ашылғаннан бері Алматы облысындағы меншікті тілшісі болып келе жатқаны тағы бар. Ал «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі», «Қазақ журналистикасының қайраткері» атақтары Болаттың еңбегіне берілген әділ баға деп түсіну керек. Бірге қызмет жасаған 20 жылға жуық уақыт ішінде Болат Абағанның бір адамның көңілін қалдырған, біреуге көмектесуден бас тартқан кезін көрмеппіз.

Кімге де болса, не шаруа болса да: «Жақсы! Айтсаң болды ғой!» – деп жауап беріп, шамасы келгенше қолғабыс жасап жүретін әріптес әрі замандас досым тағдырдың барлық сынақтарына төтеп беріп, тәуелсіз еліміздің болашағына қарлығаштың қанатымен су сепкендей септігін тигізіп келеді. Сондықтан да бүгінгі заман батыры қандай десе, мен Болат Абағанды көрсеткен болар едім.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы облысы