БАҚАНАС ТЕАТРЫ АНА МЕН БАЛА АРАСЫНДАҒЫ ТРАГЕДИЯНЫ САХНАЛАДЫ

Уақыты: 31.12.2020
Оқылды: 1105
Бөлім: РУХАНИЯТ

Адамзаттың ақ бастауы болған «Ана» атты ұлы жанға салқын қабақ танытқан перзенттің ақырғы тағдыры туралы айтудың өзі қорқынышты. Бұл ойды Балқаш аудандық Бақанас театры сахналаған «Бір түп алма ағашы» драмасын көргеннен кейін айтып отырмыз.

Иә, І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында Бақанас театры өзінің қойылымын көрерменге ұсынды. Қойылым алдында журналистермен баспасөз мәслихаты өтіп, аудандық театр туралы жан-жақтылы ақпарат берілді. Екі жыл бұрын театр ретінде құрылған, бүгінгі таңда 11 өнерпазы бар өнер ошағы «Бір түп алма ағашы» қойылымымен көңіл толқытты. Көрерменмен ой бөлісіп, қойылым туралы жан-жақтылы хабардар еткен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлибек Бөпешов пен қойылымның қоюшы режиссері Фархат Жылгелдиев ақпарат айдынындағы журналистердің сауалына да тұшымды жауап берді.

Жиыннан кейін жетісулық көзі қарақты көрерменге таныс «Бір түп алма ағашы» қойылымы сахналанды. Аналарының туған күніне жиылған балалардың дүние үшін өзінің бір жатырдан өрбіген бауырына алакөздене қарауы, талас-тартысқа түсуі, аналарының ет жүрегін тілімдеуі сынды жағымсыз эпизодтар театр тілінде сөйледі. Ә.Оразбектің бізге таныс осынау қойылымын бұл жолы аудандық театр сәтті сахналады.

Иә, арбаға таңылған кенже баласының күйігінен самай шашы шыққа оранғандай болған ананың хәлін дүние дөңгелегіне жанар қадаған рухани жұтаң ұрпақ қайдан түсінсін? Ондай түйсігі таяз тұрпаттылар бүгінде баршылық. Қоғам мен заман тынысын, бет алысын бағамдаған автор бұл қойылымды тегін жазбаса керек.

Хош, қойылымға ойыссақ, Бақанас театры спектакльді сәтті алып шықты. Ұжымның төккен тері мен қоюшы режиссері Ф.Жылгелдиевтің еңбегі ақталды. Көрермен көзіне шық тұрып, көңілі көкжиекпен астасты. Ана деген ардақты жанға адам махаббатын, туыс қадірін арттырар қойылымнан жетісулықтар рухани тәлім алып тарқасты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы