ШӘКӘРІМ МЕН МІРЖАҚЫПТЫ ТҮРМЕДЕН ШЫҒАРЫП АЛҒАН МЕЦЕНАТ

Уақыты: 06.01.2021
Оқылды: 1270
Бөлім: РУХАНИЯТ

Алаш қозғалысының мақсаты – тәуелсіздік алу, бодандықтан құтылу, қазақты жеке мемлекет етіп құру, атамекенді басқаға жем қылмау еді. Зиялы қауым патшалық Ресейге қазақтың жері мен елін, дәстүр-салты мен дінін жоғалтуға жол бермейтіндерін әлсін-әлсін еске салып отырды. Қазақтың басқалармен терезесінің теңескенін қалады. Алашордашыларға сол кезде қаражат жағынан қолдау білдірген қазақтың дәулетті азаматтары болды. Елді азаттыққа үндеген басылымдар ауқатты адамдардың қаржылай қолдауымен жарыққа шығып, таратылды.


Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында: «Байдың малы белгілі бір дәрежеде бүкіл ру қауымының сақтық қоры сияқты болған», – деп саралады. Зиялы қауым халыққа жан-жақты қызмет көрсетуді мақсат етті. Олар білім беру, кітап, газет, журнал шығару, шығармашылыққа қолдау көрсету және халықты азаттыққа үндеу сияқты игілікті іспен шұғылданды.

Тарихты парақтау барысында ұлт оқымыстыларының жан-жақты білімді болғандығына көзіміз жетеді. Егемен ел болсақ деген арман зиялы қауымды бір ой-мақсатта тоғыстырды. Қазақтың беделді азаматтары елді жаңа үкімет құруға үндеп, патшалы Ресейге талап-арыз, яғни, петиция жазуға жұмылдырды. Қазақ болыстарының өкілдері Алаш қозғалысының ішкі ісіне де араласты. Мысалы, қазақтың құқығын талап еткен, жерін ешкімнің басқаруына жол берілмеуі тиіс екендігін айтқан саяси науқан – Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған петицияға зиялы қауыммен бірге бай-болыстар да қол қойған.

Алаштың көсемі Әлихан Бөкейхановтың айналасына елжанды азаматтар топтасты. Солардың бірі – өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу, беделді азаматы Мұхамедхан Сейітқұлов. Ол Абай оқыған Ахмет Риза мешітінде имам болған. Орыс, татар, араб тілдерін жетік білген. Алаштанушы Заңғар Кәрімханның айтуынша, Мұхамедхан Сейітқұлов 1918 жылы Семейде шығып тұрған Алаш үні – «Сарыарқа» газеті мен Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов редакторы болған «Абай» журналының шығуына демеушілік жасаған. Шәкәрім мен Міржақып түрмеге қамалғанда әрқайсысы үшін ақша беріп, шығарып алған.

Ол қазақ жеріне Австриядан келген шебер құрылысшыларға ақшаңқан, әдемі үй салдырған. Үйді өз қызығына ғана пайдаланбай, Алаштың бас көтерер азаматтарының бас қосатын алтын ордасына айналдырған. Кең сарайдай іргелі үйдің бір бөлмесі кітап, газет-журнал жинауға арналады. Тарихи деректерде мұнда орыстың, шетелдің әдебиеті, мерзімдік басылымдары үзбей әкелініп тұрған. Абайдың 1909 жылы шыққан тұңғыш жинағы қасиетті шаңырақтан орын алған. «Қазақ», «Сарыарқа», «Тәржіман», «Дала уәлаяты» газеттері, орыстың «Записки императорского русского географического общества», татардың «Шура» журналы мен «Уақыт» газеттерінің тігінділері және басқа басылымдар жинақталған. Зерделі азаматтың өзі де ел аузынан көне тарихи дастандарды жинап, жатқа айтқан. Халық шығармашылығының ел ішінде таралып, сақталып қалуына күш салып, жаздырып отырған.

Мұхамедханның барын ақын-жазушылармен бөлісуінің сыры рухани әлемге жақындығынан  болса керек. Алашшылар жайлы тұшымды, дерек пен дәйекке сүйене кітап жазған жазушының бірі – Ерлан Сыдықов. Ол «Шәкәрім» (158-бет) деген кітабында: «Құлжановтар үйінде Шәкәрім қазақ мәдениетінің жалынды қорғаушысы, Абай мен Шәкәрім поэзияларының жанкүйері Мұхамедхан Сейітқұловпен достасты», – деп келтіреді.

Ерлі-зайыпты Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтар дарынды, өнерпаз отбасы еді. Олар Семейде ұлттық театр құрды. Сейтіқұлов пен Құлжановтардың үйі қоғам қайраткерлерінің басын жиі қосатын. Сол жылдары Нәзипа Құлжанова Абайдың «Махаббат туралы», «Желсіз түнде жарық ай» өлеңдерін орыс тіліне аударған. Сейітқұлов сынды мәрт азаматтар жаңа қалыптасып келе жатқан ұлт зиялыларының саяси мәдениетінің өркендеуіне, жас таланттарға қолдау көрсетуге қаражатын аямай салған. Құлжановтар 1914 жылы Абайды еске алу кешін өткізеді. Бір жылдан кейін қайырымдылық түрінде екінші концертін өткізіп, түскен қаражатты Ресей университеттерінде оқып жатқан қазақ жастарына жібереді. Құлжановтардың арқасында ондаған қазақ ұл-қызы Петербор, Омбы, Қазанға оқуға баруға мүмкіндік алған.

Әлихан Бөкейханов Семейге бастапқы «Алаш» атын қайтару туралы мәселе көтереді. Сол кезде Мұхамедхан пікірлес құрдасына қолдау білдіріп, қалаға «Алаш» атауын берудің дұрыс екендігін билікке мойындатқан. Кейіннен «Алаш» атауы қайта өзгертілді. Себебі, Алаш деген сөз кеңес өкіметінің қитығына тиетін. Алаш сөзі қазақтарды жеке шығуға үндеп тұратындай көрінетін. Ел азаматтары патшаға жазған петицияда құқықтарын таптатқызбайтынын, намысын өліспей беріспейтінін, ұлтарақтай жерін басқаға бермейтінін байқатып, сес көрсеткен.

Патша маңындағылар Алаш деген сөзден іш жиып қалған еді. Осы қорқыныш қазақтарды рухтандыратын, жігерлендіретін сөз, атаулардан біржолата алыстату керектігі жөнінде ой тудырды. Сонымен, жылдар өте Алаш атауын Жаңа Семей деген атқа алмастырды. Қазақтың жер атауын, ұранды батырларының есімін ұмыттыруы да осындай ниеттен туындаған еді.

Мұхамедхан Сейітқұлов жайлы мақала жазарда «Алаш атымтайлары» деген айдар ашқанымды айтып, меценаттың немересі, профессор Дина Мұхамедханмен хабарласып, дерек-дәйек сұраған едім.

– Бұл үйге ұлы Абайдан бастап, Әлихан Бөкейханұлы, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Ғаббасов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Ыдырыс Мұстамбаев, Сәбит Дөнентаев, Иса Байзақов, Әміре Қашаубаев, Әлмағамбет секілді замандастары да келіп, «Еңлік-Кебек», «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал», «Ел ағасы» пьесаларын сахнаға әзірлеген. Яғни, бұл баспана театр өнерінің бастауы болған құтты «әлем».  Аталмыш баспана кітапхана, театр, жиынжай және шығармашылық үйі болған, – дейді Дина Мұхамедхан.

Томск қаласында өткен Сібір ав­тоно­мистерінің съезіне қатысып қайтқан Әлихан Бөкейханов пен Әлім­хан Ермековті Семей қаласының тұрғындары құрметпен қарсы алады. Мұхамедханның ұлы Қайым Мұхамедханов әкесімен болған әңгімені еске алып: «Төңкеріс болған жылы сен аяғыңды енді ғана басқан сәби болатынсың. Сонда Семейге Әлекеңнің келгені ерекше салтанатқа ұласып еді. Бүкіл қазақ қауымы үлкен қуанышпен оны ханнан кем қарсы алған жоқ. Шындығында Әлекең ұлт көсемі еді ғой», – деген сөзін келтірген.

Сұлтан­махмұт Торайғыров тарихи сәтті «Сары­арқа» газетінде «Әлиханның Семейге келуі» атты мақаламен жариялады. Онда автор: «Кеш­ке жақын Семейде, 21 октябрьде, бұрынғы жандарал мекемесі, «Бостандық» үйіне қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. Се­минаристер бір рет, гимназистер бір рет, курсистер, мұғалімдер бір рет, саудагерлер, қырдан келгендер де бар. «Сегіздегі бала, сек­сендегі шал да қалмай» дегендей, тойға бара жатқандай бәрінің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұрушы еді. Бір-біріне жолыққанда, қуаныштан аман-сәлемді де ұмытып сөздері: «Пойыз қашан келеді деу ғана еді. Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз «қанын сорған битін» тосып жиылған қазақтар емес, ерікті қазақтар, елге еңбегін сіңірген ерін тосып жиылған қазақтар еді. Ол ері кім еді? Ол ері: елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет еткен, болса да қалың тұман, жарқылдаған түймеге алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, қайткенде Алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкей­ханов еді», – деп ерекше толғаныспен, суреттеп жазады.

Қазақтың мәрт азаматы, Алаштың меценаты Мұхамедхан Сейітқұловқа 1921, 1928, 1932 жылдары бірнеше рет тұтқындалып, дүние-мүлкі тартып алынады. Мұхамедхан Сейітқұловқа соңғы ұсталғанында «Мұсылмандардың кеңес үкіметіне қарсы тобының белсенді мүшесі болғаны үшін ату жазасына кесіледі» деген үкім шығады да, 1937 жылдың 2 желтоқсанында түн ішінде атылады.

Содан бір жыл бұрын баласы Қайым да қудалауға ілігеді. «Халық жауының» баласы институтта оқымау керек деген шешім шығарылады. Жұмысқа да алынбайды. Ол вагондардан жүк түсіріп, елден қалмай күн кешеді. Абай хәкімді зерттегені үшін сотталып, Мұхтардың ізімен жүргені үшін жазаға тартылады. Қайым Мұхамедханов Карлагтың тар қапасында отырса да рухы сынбай шығады. Асылдың сынығы еңсесін түсірмейді. Мұхамедханның ұлы Қайым Мұхамедханов ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші әрі алғашқы текстолог, ұстаз, ақын, жазушы, драматург. Қазақ КСР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, Қaзақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жaзушылaр oдағы сыйлығының, Хaлықaрaлық «Алaш» әдеби сыйлығының және Халықaрaлық Абaй aкaдемиясының (Лoндoн) Aлтын медалінің иегері, прoфессoр, КСРO және Қaзaқстaн хaлық aғaрту ісінің үздігі, шәкәрімтанушы. Сeмeй, Аягөз қaласы, Жaңa Сeмeй, Aбaй aудaндaрының Құрметтi aзaматы, мыңнан aсa ғылыми еңбектің авторы. Тектіден текті туар, тектілік тұқым қуар деген осы шығар, бәлкім?!

Алаш атымтайлары осылайша қазаққа керек азаматтарды аман сақтап, елдің бірігуі, білім алуы, өнерінің қалыптасуы, әскерінің жасақталуы үшін барын салды. Бедел биігі мен дәулеттерін зиялы қауымның мақсат-мұратына жұмсады. Алашшылардан елге қызмет етуді, жомарттықты алып, бойымызға сіңірсек, елдігіміздің мәңгі сақталары анық.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан