КЕГЕН АУДАНЫНДА 307,7 МИЛЛИОН ТЕҢГЕГЕ МӘДЕНИЕТ ҮЙІ ЖӨНДЕЛДІ

Уақыты: 08.01.2021
Оқылды: 1338
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасының арқасында Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылының тұрғындары үшін күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жаңғыртылған "Ақбастау" Мәдениет үйі есігін айқара ашты. Бұл ауылдықтар үшін жағымды жаңалықтың бірі болды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өткен жылы Кеген ауданында екі Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілді. Соның бірі - осы "Ақбастау" мәдениет үйі. Нысанның салтанатты ашылуына арнайы қатысқан Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтап, өнер шаңырағына заманауи дыбыс күшейткіш аппаратын сыйға тартты. Сондай-ақ, алдағы уақытта керекті құрал-жабдықтарды алуға қосымша қаражат бөлінетінін айтты.

Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Марат Тақабаев Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізген мердігер мекеме "ЭнергоСтройПроект" ЖШС директоры Сейітжан Жұмахановқа тұрғындардың алғысын жеткізді. Сол сияқты сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Жақсылық Әбдіраманов, "ЭнергоСтройПроект" ЖШС директоры Сейітжан Жұмаханов ізгі лебіздерін білдірді.

Атап өтсек, «Ақбастау» Мәдениет үйі «Жұмыспен қамту жол картасы» негізінде күрделі жөндеуден өткізілді. Қайта жаңғыртуға 307,7 млн.теңге бөлінген, құрылысты жүргізген - "ЭнергоСтройПроект" ЖШС. Ғимаратта би залы, бокс залы, спорт залы, сахнасы безендірілген үлкен мәжіліс залы, кітапхана бар.

Жалпы Алматы облысында 2020 жылы "Жұмыспен қамту жол картасы" аясында 14 Мәдениет үйіне қайта жаңғырту жасалған, соның 2-еуі – Кеген ауданында (Ұзынбұлақ, Тасашы ауылдары).

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"