ҚЫРЫҚ ЖЫЛДАН БЕРІ ЖӨНДЕУ КӨРМЕГЕН МЕКТЕП ҚАЙТА ЖАҢАРТЫЛДЫ

Уақыты: 10.01.2021
Оқылды: 975
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ауылымыздағы үлкен қуаныш – 40 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген білім ошағының жаңартылуы.

Шырғанақ ауылындағы І.Жұмағұлов атындағы орта мектеп «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында қайта жаңғыртылып, ол үшін республикалық бюджеттен 750 млн.қаражат бөлінді.

Бүгінде барлық кабинет қажетті құрал-жабдықтарымен жабдықталып, жарқырай түсті. Физика, информатика кабинеттері де заман талабына сай жаңартылды. Мұндай өзгерістің оқушылардың білім сапасын көтеруге де игі әсер етері сөзсіз.

Жаңарған мектебіміздің ашылу салтанатына Кеген ауданының әкімі Т.Байеділов, ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Досымбеков, аналар кеңесінің төрайымы Б.Көнеева қатысып, ақ тілектерін білдірді. Біз де өз тарапымыздан ”ГунСтройсервис” ЖШС құрылысшылары мен компанияның басшысы С.Қалимолдаевқа алғыс айтамыз. Осындай жарқыраған әдемі, сәнді мектепте еңбек етудің өзі бір бақыт.

Мектебімізде орын алған тағы бір қуанышты жайт, жаңа автобус келіп, оқушылардың игілігіне қызмет етуде. Жалпы, пандемияға байланысты Шырғанақ елді мекенінен Бескөл орталау мектебіне 72 оқушы тасымалданады. Барлық эпидемиологиялық талаптар сақтала отырып, бастауыш сынып оқушылары штаттық режимде білім алуда. Мектебімізде 251 оқушы оқиды. Оларға 37 мұғалім білім беруде. Балабақша және мектепалды даярлық сыныбы бар.

2017 жылдан бері оқу ошағына Білім беру ісінің үздігі, тәжірибелі ұстаз Қуан Несіпбекқызы басшылық етіп келеді. Әр жыл сайын Ұлттық бірыңғай тестілеуден оқушыларымыз межелеген нәтижелерін көрсетуде. “Алтын белгі”, “Үздік куәлік” иелері шыққан киелі шаңырақ десек те артық болмас. Бұл нәтижелі көрсеткіш ұлағатты ұстаздарымыз бен ата-аналардың еңбегінің жемісі. Ұстаздарымыз еліміздегі болып жатқан жағдайға қарамастан тынымсыз еңбекпен қашықтан сынып сағаттарын, тәрбие шараларын өткізіп, бейнеүзіктер жариялап, оқушылардың бойына дарыта білуде.

Жас мамандарымыз да ерекше құлшыныспен жұмыс істейді. «Жас келсе – іске» демекші, өздерінің іскерлігіне сай жан-жақты екендіктерін  көрсетуде.

Жаңарған білім ошағында ұстаздарымыз бен оқушылардың талай биіктен көрінеріне сенім мол. 

Айгүл БАЙСҰЛТАНОВА,

І.Жұмағұлов атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Шырғанақ ауылы,

Кеген ауданы

Алматы облысы