ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫ: АЛДА ӨТЕТІН МӘДЕНИ ШАРАЛАР ҚАНДАЙ?

Уақыты: 17.01.2021
Оқылды: 1600
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жетісу медиа» ақпараттық алаңында ағымдағы жылға жоспарланған ірі мәдени іс-шаралар жайлы брифинг өтті. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында 30 кітаптың таныстырылымы өтетінін хабарлады.

Биыл отыздан астам ауқымды шара өткізу жоспарлануда. Оның 6-уы республикалық, 17-сі облыстық, 10-ы аудандық деңгейде. Өткен жылы 49 мәдениет нысаны жөндеуден өтсе, биыл 55 нысанға ағымдағы жөндеу, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

– 30 кітаптың бесеуін өзіміздің аймақтың авторлары жазған. Сонымен қатар, мереке қарсаңында 30 ақын-жазушының кітабы жарық көреді. Күні ертең «Тәуелсіздікке тарту» атты «Ақжауын» оркестрінің шығармашылық кеші өтеді. Адам өмірі ең басты байлық болғандықтан, көрермендер қауіпсіздігін алдыңғы орынға қоя отыра аталмыш кешті теледидар арқылы ұсынатын боламыз. Көктемде «Тәуелсіздікке 30 жаңа ән» байқауын бастаймыз. «Азаттық туын көтерген, арыстар мәңгі жасайды» атты мемлекеттік қызметшілер арасында айтыс ұйымдастырылады, – деген Марлен Қапашұлы негізгі мақсаттардың бірі өңірге қарасты аудандарда халықтық театрларды ашу болатынын айтты. – Біз театр арқылы жастарды тәрбиелейміз, елдігімізді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды көрсете аламыз деп ойлаймын. Мақсат-міндет тиісті дәрежеде орындалды деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі таңда облысымыздың әр аудан, қаласында халықтық театрлар бар. Осы орайда 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай «Тәуелсіздік – тұғырым» халықтық театрлардың облыстық байқауы өтеді.

Бұдан бөлек, Талғар қаласында «Желтоқсан алауы» ескерткішін ашу, Ж.Жабаевтың 175 жылдығына орай республикалық ақындар айтысын өткізу,  М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Жырлайды жүрек» байқауын республикалық көлемде ұйымдастыру көзделуде.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы