ТУҒАН ӨЛКЕСІН ЖЫРЛАҒАН АҚЫНҒА "ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ" АТАҒЫ БЕРІЛДІ

Уақыты: 18.01.2021
Оқылды: 1951
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әр азамат үшін өскен өлке, туған жер құрметіне бөленіп, асыл елдің ыстық ықыласына шомудан артық бақыттың болмасы анық. Жүрегінен жыр тудырып, қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған Ерғазы МАНАПҰЛЫ жақында жазиралы мекен Жаркент жерінде құрметке бөленіп, «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды. Бұл туралы "Жетісу" газеті мәлімдеді.

Қалам ұстап, қарашаның қамын, халықтың мұрадым мұратын көксеген ақындарды ақық жүрегімен алқайтын асыл жұрт қашанда талантты перзенттерін көкке көтеруден жалыққан емес. Бұл ретте, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Таңсәрі», «Ай астындағы армандар», «Жүрегіне жасырынған жалғызбын», «Көңілімнің қобызы»  атты жыр жинақтарының авторы Ерғазы Манапұлын өскен өлкесі ерекше құрметтеп, қашанда ақынның шығармашылық жолына елеңдеп отыратынын жақсы білеміз.

Айта кетелік, ақын еңбек жолын Жаркент қаласындағы №19 кәсіптік училищеде мұғалім болып бастаған. Одан кейін Жаркент қаласындағы №6 мектеп-интернатында тәрбиеші, мұғалім болып еңбек еткен Ерғазы Манапұлы журналистика саласы мен қазақ әдебиетіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан жан. 2009-2011 жылдар аралығында «Білім шапағаты» газетінің бас редакторы қызметін атқарып, 2011 жылдан бастап республикалық «Ел-назар» педагогикалық журналының бас редакторы ретінде жемісті еңбек етсе, 2019 жылдың қараша айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласының білім беруді жаңғырту орталығының  әдіскері, «Елордалық білім» газетінің жауапты шығарушысы қызметін абыройлы атқарып келеді.

Иә, қазақ әдебиетіне өзіндік үлесін қосып келе жатқан ақын, журналист әр жылдары республикалық, облыстық жыр мүшәйраларында, әдеби байқауларда топ жарды. Жарасқан Әбдіраш, Темірғали Рүстембеков атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Сонымен қатар, «Орбұлақ» қоғамдық-танымдық газетін шығару арқылы өзі туып-өскен өлкенің тарихын зерделеуге, жас таланттардың шығармашылығын шыңдауға, еңбек адамдарын дәріптеуге, сондай-ақ, өлкетану бағытында көптеген ізгі шараларға мұрындық болды.

Орбұлақ шайқасының 375 жылдығына орай Панфилов ауданы әкімдігімен бірлесе отырып, облыстық деңгейде мектеп оқушылары арасында «Орбұлақ жүрегімде» атты ақындық, суретшілік, шығармашылық, драмалық бағыттар бойынша арнайы байқау өткізді. Оған қоса, соңына өлмес өнеге, мол мұра қалдырған көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбен Дәуренбековтің шығармашлығына арналған «Өтсем деп ем өмірден ән сап қана» естеліктер, зерттеулер жинағының, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқбай Исабековтің мұраларын жинақтаған «Мен елімді жырлаймын»  өлеңдер жинағын құрастырды.

Міне, осындай еңбектері арқылы туған жер үшін маңдай терін шүмектетіп, ел руханияты үшін қаламын қару етіп жүрген Ерғазы Манапұлы шындығында өз туған жерінің «Құрметті азаматы» екені даусыз.  Өз кезегінде өзегінен өлең көктеткен жетісулық ақынға алған марапаты құтты болсын дегіміз келеді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы