Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТАЛДЫҚОРҒАН КӨШЕЛЕРІНЕ ТАҒЫЛЫМДЫ СӨЗ ЖАЗЫЛҒАН БИЛБОРДТАР ІЛІНДІ

Уақыты: 19.01.2021
Оқылды: 547
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласын аралай қалсаңыз, тағылымды сөздер жазылған билбордтарды көзіңіз шалады. «Күнде көріп жүрген билборд, оның несі қызық?» - деуіңіз мүмкін. Бірақ бұл жолғысының жөні бөлек. Себебі, онда қазіргі уақытта Алматы облысының өнерін өркендетіп жүрген, қалам ұстаған, бір сөзбен айтқанда, өңірдегі зиялы қауым өкілдерінің өнегелі сөздері ілінген. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Мәселен, жыр Құлагері Ілияс Жансүгіров атындағы көше мен Юрий Гагарин көшесінің қиылысында әріптесіміз Жұматай Оспанұлының «Сендер аман болыңдар, жақсы адамдар» атты тақырыппен суреті ілініпті. Жүзден асқан «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Әміреевтың «Жақсы адамдар» деген жыры әр қазақтың жүрегіне жол тауып, жаттап жүрер өлеңге айналды. Сондықтан, қазақ әдебиетін, өнерін, мәдениетін сақтап, халыққа жеткізу жолында қажырлы еңбеңімен еленген осындай есімдерді әспеттеу құптарлық іс.

Бұл жолғы бастамаға мұрындық болған Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев:

- Қалың жұрт назарына облысымыздың мәдениеті мен өнерінің дамуына ерен еңбек етіп жүрген майталмандарды таныстыру - басты мақсатымыз. Бұл іс ары қарай жалғасын табады. Облыс орталығындағы билборд қондырғыларына тек қана әнші-бишілер ғана емес, ақын-жазушы, суретші, ғалымдардың да суреті ілінуі тиіс деп ойлаймын. Олардың аты-жөні, қызмет ететін саласы, сондай-ақ, қанатты сөздері қамтылған банерлер жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор, – деді.

Әдетте адам өмірден өткенде ғана жақсылығын жария етіп, нағыз бағасын сонда беріп жатамыз. Керісінше, тірісінде еңбегін елеп, соған сай құрмет көрсетсек, мамандығына деген махаббаты тереңдеп, өз саласында қанаттана түспей ме? "Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын" деген даналық осындайда айтылса керек. Мұндай бастамалар бүгінге емес, ертеңімізге керек.

«ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ»