Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: "БАЛАЛАРЫМЫЗДЫ ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРІНЕ БЕРЕЙІК"

Уақыты: 23.01.2021
Оқылды: 1200
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ел Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын кемел елдің келешегін айқындаған бірден-бір іргелі еңбек деп атар едім. Тағылымды төрт тараудан тұратын мақалада Мемлекет басшысы тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын ерекше атап өтіп, ұлы шежіреміздің тұңғиығына бойлау керектігін сөз етті.

Шындығында, сонау Алып Ер Тоңғадан басталған, Сақ бабаларымыздан бергі тарихымыз батыстық көзқараспен жазылып келді. Түпкі тарихымыздан тамыр тартқан, бүгінгі Тәуелсіздік кезеңіне дейінгі аралық тұтасымен бұрмаланып жазылды. Тауанды тарихымыз толық зерделенбеді. «Еуропацентристік көзқараспен» жазылған там-тұм жазбаларды оқысақ, біздің халық тек қарабайыр тірлік кешкен деген көзқарас қалыптасады. Ал күлігінің жұмыр тұяғы алып құрлыққа мөр басқан баһадүр бабаларымыз талай ұрыста атойлады емес пе? Мәселен, Алтын Орда кезеңін алға тартуға болады.

Тіпті, ұлы Шыңғыс қағанның әз анасы, ұлы қолбасшылары қазақ болғаны ақиқат десек, өзінің де тегі түркі деген тұжырым бар. Осының өзінен-ақ мемлекетіміздің іргетасы Керей мен Жәнібек ту көтерген кезеңнен де ертеде жатқанын ұғынып, алып құрлықты алақанында ұстаған айбарлы бабаларымыздың мемлекеттік жүйесі, хандық тұғыры тереңде жатқанын пайымдаймыз. Бай тарихтың бір тарауындай ғана бүгінгі жазбаларды тұтастырып, зерделеп, тереңдету арқылы ұлы шежіремізді, Президентіміз айтқандай, ұрпаққа толыққанды аманаттай аламыз.

Мемлекет басшысының мақаласында тарихты зерделеу, тұңғиығына тереңдеп толымды еңбек жазу, қатпар-қатпар шежіреміздің шындығын айшықтау керектігі айтылды. Сонымен қатар, қашанда парасатты ой айта білген Қасым-Жомарт Кемелұлы мақаланың өзегі болған «Қоғам мен құндылық» бөлімінде кең-байтақ жерімізді, қастерлі тілімізді, береке-бірлігімізді егемендігіміздің мәңгілік үштағаны деп атады. Жерсіз, тілсіз  қандай да бір ұлттың  өмір сүруі мүмкін емес. Ал «берекенің бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған еліміз үшін бұдан асқан  қандай теңеу болуы мүмкін?!

Ұлттың ұстынын, текті тегершігін, ұлы құндылықтарын асқақтатуды мақсат тұтқан Президент өз мақаласында: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата Заңымызда 90-шы жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді», – деп бүгінгі қоғам алдындағы ана тіліміздің дәрежесін тағы бір мәрте айқындап берді.

Осы орайда, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың атқарар ісі мен өткен жылғы толайым еңбектерінің бір бөлігін атап өтуді жөн санап отырмыз. Аталмыш басқарма басшысы ретінде біз бес бағыт бойынша жұмыс жүргізіп келе жатқанымызды тағы бір мәрте айшықтағым келіп отыр. Олар – көрнекі ақпаратты зерттеу, тілдерді дамыту, мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін іске асыру, ономастика, медиа жобалар.

Қазіргі таңда осынау бес бағыттың тамырын тереңдету үшін бірқатар жоспар құрдық. Мәселен, тілдерді дамыту бағытымен бұрындары тіл орталығы бойынша мемлекеттік мекемелердегі қызметкерлерді оқытып келсек, бүгінде «Диагностикалық тест» жобасын қолға алдық. Бұл арқылы тіл сындырғысы келетін азаматтарға «Online» тегін оқыту курсын ашып отырмыз.

Тағы бір бағыт - тұрғындарға арналған оқыту платформасын түздік. Оқыту платформасы арқылы сауда кешендеріндегі, түрлі ұйымдардағы қызметкерлерге диагностика жасап, сауалнама жүргізу арқылы тілдік білімін тексеретін боламыз. Сол арқылы мекеме басшыларына ұсыныс тастап, қызметкерлеріне тегін оқыту курсына жазылуға ұсыныс білдіреміз. Осы ретте айта кету керек, біздің басқарманың салмағын сездіру үшін қағазбасты жұмыстан арылып, ел аралап, тіл мен құндылықты насихаттап, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін қоғаммен терең байланыс орнатайық деген мақсатта осынау жобаны қолға алып отырмыз.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру бағыты бойынша біз «Латыннегізді әліпбиді оқыту» жобасын қолға алдық. Әліпбидің жетілдірілген нұсқасы бекітілгеннен кейін кезең-кезеңімен жаңа қаріпке көшеміз. Оған дейін әрбір Қазақстан азаматы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс. Оған біз қолға алған жоба мол мүмкіндік бермек. Бұдан бөлек, «TilQOgAM» жобасын қолға алдық. Бұл жобаны айшықтамас бұрын көпшілік болып ана тіліне жанымыз ашу керектігін айтқым келеді. Жекелеген басқарманың жобасы, атқарған ісі толайым болғанымен қоғам болып жұмылмасақ қастерлі тілдің мәртебесін көтере алмасымыз анық.

Осы ретте қолға алған жоба бойынша біз қоғаммен тығыз қарым-қатынаста әрбір азаматпен жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз. Мәселен, көрнекі орындарда, көшелерде ілінген жарнамалар мен мекеме атауларының қате жазылғанын көріп қалған кез келген азамат бізге өтініш тастап, әлеуметтік желі арқылы түзетуге ұсыныс білдіре алады. Сонымен қатар, зауыт, фабрика, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен жекелеген ұйымдардағы тұлғалармен тығыз байланыста болып, ана тілін дәріптеп, тіл білмегендерді жоғарыдағы айтқан оқыту курсына жазылуға шақырамыз.

Ономастика бағыты бойынша атқарылар өзекті жұмыс көп. Оның бірі – «Жетісу» ғылыми-зерттеу жобасы. Бұл жоба бойынша біз облысымыздағы әрбір елді мекеннің, жер-су, тау атауын, әр сайының, әр түп жусанының тарихын зерделеп айшықтаймыз. Сонымен қатар, 16 аудан 3 қаланың әрқайсысына жекелей энциклопедиялық кітап шығарып, тұтас томдық ғылыми жинақ етуді мақсат тұтып отырмыз. Ендігі бір бағыт – «ATLAS.7» жобасы. Бұл - 3D карта. Негізінен өңіріміздің картасын желіден іздегенде тек орысша ақпарат шығады. Біз бұл жоба арқылы «Google», «Яндекс» сынды компаниялармен бірлесе Жетісу жеріне қатысты кез келген ақпаратты, картадағы атауларды қазақшалап, Жетісу өңірінің табиғат көріністері суреттерін жүктеуді әрі 3D форматымен сапалы етіп жасауды көздеп отырмыз.

«Тіл білгеннің тынысы кең» демекші, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру бағытында үштұғырлы тіл саясатын жүзеге асыру бойынша көптеген ілкімді істі қолға алдық. Өз кезегінде, өткен жыл толайым табыстарға, жайнақ дүниелерге толы болғанын айта кету керек. Өңірімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған «Жетісу – кітапқұмарлар өлкесі» облыстық байқауында облыс тұрғындары белсенділік танытқандығын ерекше айтуға болады. Байқау барысында қатысушылардың 80 пайызы қазақтілді оқырман екендігі қуантарлық жайт.

Рухани шаралар бойынша да жайдарлы дүниелер қолға алынып, ел көлемінде жоғары жетістіктерге жеттік. Биыл да сол ұлы үрдіске сай ақиық ақын М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай байқау жарияладық. Оған қоса, осы сарындас бірқатар шара шымылдығын түреді деп көзделуде.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында: «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», – деп ұлы міндетті айшықтады. Расында, осынау ұлы ойды, ұлы міндетті орындаудың ең негізгі өзегі ана тіліне байланысты екенін де атап өту керек. Ендеше, тұғырлы тіліміздің мәртебесі артып, 30 жылдықты еңсерген Тәуелсіздігіміз баянды болғай дегім келеді.

Баршамыз мемлекеттік тілді меңгеріп, балаларымызды қазақ балабақшасы мен мектептеріне беруді өзімізден бастайық! Тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас. Тілін құрметтеген адам – елін құрметтейді. Тіл барда ұлт бар, осыны ұмытпайық, ағайын!

Болат КЕРІМБЕК,

Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы