АСАНҚАДЫР ИСАБЕКТІҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Уақыты: 14.06.2021
Оқылды: 1530
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Көңілді еткен кіл тұман,
Кілең сұр, қара бояудың.
Ғайып боп бәрі, ұйқыдан,
Көк аспан көріп ояндым.

Ұйқыдан күліп ояндым,
Көгілдір аспан көріп мен.
Бірі еді бұл да аянның,
Көңілімді майдай еріткен.

Көгілдір аймақ жан-жағым,
Бұлттар жоқ көкте түнерген.
Көңілде көктем, арманым,
Орындалғандай реңмен.

Кеудеме толған шаттықты,
Қоятын орын таба алмай.
Басыма қонған бақытты,
Байқамай шашып алардай.

Жүр екем жұмақ мекенде,
Аялап аттап қадамды.
Жерді емес, басып кетердей,
Аңдамай асыл анамды.

Көгілдір аймақ. Көк аспан,
Көк таулар көлбей қоршаған.
Көк шыңдар көкпен таласқан,
Көзімді алмай тамсанам.

Бақытым орнап талайғы,
Жүргем жоқ мүлде мен жүдеп.
Төбемнен төніп қарайды,
Көк аспан көктен елжіреп.

Түсіме тұма аяулым – 
Туған жер еніп, шаттандым.
Алаулап жатып ояндым,    
Арайын ұрттап ақ таңның.

      * * *
Орап ап құшағына құт мекенді,
Алдымнан жасыл-жасыл түк төселді.

Қаумалап жан-жағымнан мөлдір аймақ,
Жырқұмар жанарымды алды байлап.

Көгілдір жаз өңірге көрік беріп,
Құлайды зеңгір аспан 
Төніп-төніп.

Көк таулар теңгедей боп дөңгеленіп,
Көлбейді нық қамалдай елге берік.

Кіршіксіз лебіндей пәк Алланың,
Даланың желпіп жатыр самал жанын.

Үніне құт мекенді үйіргендей,
Бозторғай шырылдайды шиыр көмей.

Пәк дала жанның желпіп астанасын,
Еріксіз түкіруден жасқанасың.

Туған жер! Ақ шағала –
Асыл мүсін,
Жүректен тамған тамшы жасымбысың!?

Өзіңе үр қызындай, ғашық болып,
Отырмын өзге әлемнен қашық қонып!..

Тауыңның жотасы не, иығы не,
Отырмын бұйырған бір биігіңде.

Көркіңді көрсін дей ме, құмар қанып,
Бұлттар да тежеліп тұр, 
Мұнарланып.

Төбеден алтын нүкте – Күн қадалып,
Сенімен мені сүйіп тұрғаны анық!

Түстікте кереге тау Лабасы –
Аймаққа көктен қарап тұр анасы.

Елсіз тау кең сабадай қаңсып текке,
Бұлт шашын долданады  шаншып көкке.

Таудың да өзіне тән наласы бар,
Сүр қары әлі еруде алашұбар.

Мөлдіреп тұрған нәзік әйнек сынды,
Жәудіреп жанарыма аймақ тұнды.

Кеудеме мамық самал – 
Көл төгіліп,
Қандырды құмарымды, еңсені іліп...

Кесімін Алла пішкен дәу көрпедей,
Көсіліп дала жатыр тауға еркелей.

Төсінде сол даланың қиыршықтай,
Үзіліп көрінеді  үй ұршықтай.

Туған жер! Сенің керім келбетіңді,
Тауысам деп – 
Тауыса алмай сөз де өкінді.

Көрімі дәл өзіңнен айнымаған,
Қиылып қабағынан Ай құлаған;

Ішінде боз қабақты ана үйлердің,
Отырса сұлу қыздар, 
Фәни – керім!..

ЖЕТІСУ

...Пай, пай, пай, киелі неткен жер!
Мұқағали

Көсілген кең жазира көркем мекен,
Көркіңді жырға қосып мен тербетем.
Шашылған әрбір тасың – тұнған тарих,
Шаншылған ана бір шың семсер ме екен?!

Асқардан алып-ұшып аңсап аққан,
Бойыңа жеті өзенің нәр таратқан.
Құйылып жүрегіңде жыр боп ағар,
Жиылып мың бұлақтар шартараптан.

Текесім Лабасыдан бас алатын,
Бартоғай, Шарын, Іле, Бақанасым.
Талас, Шу татулықпен жалғап жатыр, 
Қазақ пенен қырғыздың екі арасын. 

Көксу, Лепсі, Тентек пен Қараталым,
Ақсуым әрі жуас, әрі асауым.
Иірсу, Кеген менен Қарқараның
Бойында өтті менің бала шағым.  

Толқыған көк шалғыны киелі өлке,
Төсіңді таң самалы сүйер ерте. 
Құлаған қырандардың арманы жоқ,
Топшысын топырағыңа сүйеп өлсе. 

Көкше мұз, найза шыңдар көк тіреген,
Мерейің биік болсын деп тілеген.
Қасқайған Хантәңіріне қарап тұрып,
Тумауы мүмкін емес өткір өлең!..

Қоршаған көгілдір тау әр қапталы,
Сапта тұр кең өлкені қорғап бәрі.
Теріскей, Жоңғар, Іле Алатауы – 
Таралған Тянь-Шаньнің тармақтары.

Талай мәрт арнайы кеп көрген өлке,
Өтейбойдақ емдік шөп терген өлке.
Абыз жырау, әулие Қабылиса,
Батасын Сүйінбайға берген өлке.

Жамбыл, Көдек, Құлмамбет шыққан өлке,
Дәнеш, Кенен әндері ұшқан өлке.
Қарасай, Өтеген мен Райымбектің
Қайратынан қалың жау ыққан өлке.

Таусылмайтын ырыс, құт кең қойнауы,
Қарқара, Шалкөде бар – хан жайлауы.
Өзен, сулы, баурайы баққа оранған,
Қазақтың Жетісудай бар ма аймағы?!

Таңдары тамылжыған Талдықорған,
Баулары маужыраған ол бір арман.  
Аптығып Мұқырыдан әрі өткенде,
Шығады Быжы, Көксу қарғып алдан.

Ешкіөлмес, Арқарлы, Алтынемел,
Айғайқұмды табиғи әнші көрем.
Кеш аттанып Кегенге бара жатып,
Көртоғай шатқалында сан түнегем.

Көсілген кең жазира көркем мекен,
Көркіңді жырға қосып мен тербетем.
Шашылған әрбір тасың – тұнған тарих,
Шаншылған ана бір шың семсер ме екен?!

БЕУ, ШЫҒЫС

Беу, Алтай! 
Даңқың таныс бала жастан,
Ұйқымнан сенен ұшқан ән оятқан.
Бауырың – құт-береке, қойның – пейіш,
Бай өлке бар ма елімде сенен асқан?! 

Баурайың ну қарағай, орман болып,
Халқыңды желден қорып, жаудан қорып.
Қалғыған арыстандай жатырсың сен,
Елімнің шығысына қорған болып.

Керіліп Тарбағатай сілемдері,
Көрініп иығынан күн өрледі.
Қарауыл, Жидебай мен Шыңғыстауды
Танытты Әуезовтің ұлы еңбегі.

Шыңдарың бар иығын тұман жапқан,
Суларың бар сұлудай бұраң қаққан.
Көлдерің бар мөлтілдеп тау ішінде,
Кірпияз сұлулықтан сыр аңдатқан.

Бауырың толған мал мен жан, аң менен құс,
Баурайыңда жаз гүлдеп, жайнаған қыс.
Көрген жанның көркіңе көзі қанып,
Жанарынан жамырап жауған алғыс.

Тұрмайсың көкірегіңнен күй есілмей,
Ай, жұлдыз маңдайыңнан сүйетіндей.
Ырғайды мүйіздерін марал-бұғы
Асқарлы Алтай таудың киесіндей.

Жеріңнің үсті – ырыс, астында – кен,
Қас жауға қазынаңды таптырмас ең.
Көп дұшпан кез болғанда көз қадаған,
Байлықты басып тыныш жаттың ба екен?!

Кер тарих көсеуімен от көседі,
Қарсы тұрды ел жауларың шапса сені. 
Қабанбай, Шынқожадай ерлер шыққан,
Ежелгі түркілердің бақ мекені.

Көретін көкірегінде нұры бар жан,
Аягөз – қалған мекен ұлылардан.
Осында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»
Киелі махаббаттың жыры қалған.

Сан бұлақтай Шығыстан басталар құт,
Сөзінен көркем ойдың астары аңқып;
Тіл маржанын танытқан барша әлемге,
Омарханның Мұхтарын мақтау артық.  

Зердесі ну жынысты, өр Алтайдай
Ұлдарың бар Қалихан, Оралхандай.
Қара Ертістей ағызған ой өзенін, 
Сенен шыққан Шәкәрім, Абай қандай?!

Айтады бұл сөзімді бұрыс деп кім,
(Болса егер білмегендер – біліп кетсін).
Бүгінгі поэзия аспанында
Орны зор Тыныштықбек, Ұлықбектің. 

Алтайдың әні көп-ті, сәні көп-ті,
Аямай берген Тәңір қабілетті.
Әнімен алты Алашты тамсандырған,
Кім білмес Кәрменұлы Жәнібекті. 
Беу, Шығыс!..

АРБАКЕШ

...Бәйгеге шабар бапты тұлпарын,
Арбаға жегіп көрсін ел
Серік ТОМАНОВ

Алматыда арба айдаймын,
Арбакеш боп алғандаймын.
Ақ таң үшін, шатты ән үшін
Арба айдауға арланбаймын.
Бар ма әлемде мұндай мекен?!
Арбалары тынбайды екен.
Көшесіне сыйғаныммен,
Кеңсесіне сыймайды екем.
Былай барып, олай барып,
Жөңкіліп жүр талай ғаріп.
Он мың теңге тапсаң жақсы,
Паң қаланы он айналып.
Қадам сайын қауіп-қатер,
Кейде көзің талып кетер. 
Төрелерді түртіп алсаң,
Тапқан пұлың жанып кетер...
Батылдық жоқ – барда күмән,
Жаратқанға жалбарынам:
– Аллам, өзің сақтай гөр! – деп, 
Әзәзілдің арбауынан.
Қалт жібермей қылт еткенді,
Жай жібермей жылт еткенді.
Ұнай қалса, ұнатамын,
Сұлуларға сыр төккенді.
Жоққа көнгем, барға көнгем,
Алаулаған арман өлген.
Ғұмырымның тар көшесін
Кезіп келем арбамен мен.
Жүрегімде от!
Жүремін кеп...
Басқа бақыт орнаса екен.
Одан күшті тілегім жоқ – 
Арбам сынып қалмаса екен!
...Әл біткенде нән қаланы
Төтесінен түйреп өтіп;
Жұбандырып жар-баланы,
«Ух!» дейсің-ау, 
Үйге жетіп.    

РУХ ШАҚЫРУ

О, қалай шалдықтым бұл дертке,
Түстім бұл құрсауға?!
Рухым ілулі ілмекке,
Қаз басып тұрсам да...

Қалай мен... тұрған бұл тынымды ап
Жазамын жараны?!
Балақтан кірген бит жыбырлап,
Басқа өрлеп барады.
Жаным мен күстенген санамды
О, қалай сілкемін?!
Кезінде билеген ғаламды,
Кеңес бер, Күлтегін!
Біле алмай маңайдың дағдарам,
Кімі дос, кім дұшпан...
Ұрымды, Қырымды қандаған,
Қуат бер, Шыңғыс Хан!..
Қырандар шарлаған көгімді,
Мына Ұлы даламда;
Қарғалар сіміріп сөлімді,
Қан-сөлсіз қалам ба...
Сақтай гөр, жан Алла!

ЖАРЫҚ ӘЛЕМ

Жарық әлем!..
Жарық әлем,
Жанастым жаныңа мен.
Жанын мұң буған ұлды жатсынбасаң,
Тағы келем. 
– Жүрсің, – деп, – онда неге қараңғыда?! 
Қоярыңды білемін маған кінә.
Қойнына қою түннің кеттім сіңіп,
Жүрегіме жүз жара жамалды да.
Неге өртенді өзегім, неге өртенді?!
Нелер келіп бұл басқа, нелер төнді.
Жарық әлем!
Шырағың болмасам да,
Түсірмесем игі еді көлеңкемді!..    

АҒАЛАРЫМ-АЙ
(Айтберген, Махмұт Жетенұлдарына)

Ағаларым-ай, ақшуақ!
Тәңірден талап, бақ сұрап,
Қашанда қолдап жүресің,
«Інім-ау, 
Шапшы, шапшылап!»
Сендерсің менің барым да,
Сендерсің қара нарым да.
Жағасыз қалдым демеймін,
Сендердей аға барында!
Қалғанда құлап талабым,
Сендерден қуаттанамын.    
Көп жанды көрмей кетсем де,
Сендерден жырақтамадым.    
Көзінен қулық көрінген,
«Көкеден» талай жерінгем.
Жерінбей келем мақпалдай,
Ақ таңдай пейілдеріңнен!
Ағаларым-ай, 
Ақшуақ!
Жүріңдер, аман жүріңдер!
Қақ бөлер қара тасты да,
Ініңнің мынау жырын көр...

Асанқадыр ИСАБЕК,  
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі