Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

АҚЫН ЕЛДІҢ ЕСІНДЕ НЕМЕСЕ МҰҚАҒАЛИДЫҢ ТАУ ҚҰШАҒЫНДАҒЫ ТЫЛСЫМ БЕЙНЕСІ

Уақыты: 26.09.2021
Оқылды: 865

...Мұқағали ақынның адам қолымен емес, табиғаттың тылсым күшімен сомдаған алып бейнесі Алатаудың бір сілеміне көрік беріп тұр.
(Газет мақаласынан).

Ғажайыпқа сен мұны бала, мейлі, балама,
Тылсым сыр көп өмірде сыймайтұғын санаға.
Қарасазын сағынып, жырларындай ағылып,
Туған жердің тасына өніп шықты жан аға.

Тас демейік мұны біз – жүрегі бар тастың да,
Бұрқ-сарқ еткен жанартау жатар таудың астында.
Туған жерді сүюдің көрінісі бұл тылсым,
Бұл керемет ақынның сағынышы асқынған.

Тасқа айналған ақынның қасы, көзі, құлағы,
Әлпетіне тұңғиық асқақ бір ой тұнады.
Зеңгір көктен аялап аңсап өткен шуағы,
Еркелейді етекте сылдыр қағып бұлағы.

Шақырады тау, орман – тарқамаған құмары,
Ән салады сызылып қияғы мен құрағы.
Шағын ғана мүсін боп қонақтапты беткейге,
Шың боп кетпей шын ақын қалай ғана шыдады?

Мұқаң болып табиғат сөйлеп қоя берердей,
Жақпар-жақпар жартасқа қарап тұрмын елеңдей.
Нағыз ақын осындай тауда ғана туады,
Хас таланттан туады өлмейтұғын өлеңдер!

Ғұмыр кешті ұлы ақын сезім-отқа қарылып,
Ол сезімнен қазір де кетті демен арылып.
Тұла бойын кернеген тау-құдірет қуаттан
Таңғалмаймын тас мүсін кетсе қазір жарылып.

Арман еткен шөп болып шығып қайта көктеуді
Мұқаң рухы мәңгілік мекен етті беткейді.
Махаббат пен мейірім тұнып тұрған бұл жерде
Жоқ өсек пен ерегес, 
Атқан оқ та жетпейді.

Күншілдер жоқ бұл жерде иттеріне талатқан,
Қаскөй де жоқ, бит те жоқ жабысатын балаққа.
Елім деген перзентім еңселеніп тұрсын деп
Тау бетіне оңаша орнатты ма Жаратқан?!.

Ақынына бас имей өткен небір күштіге,
Жалбақтамай күн кешкен тырнақты мен тістіге.
Жамандықты көрге ала кетпек болған өзімен
Ниетіне көл-көсір мейірімі түсті ме?

Жаратушым, нұр сәуле төккен қала, далаға,
Өзіңнен бір керемет тілегім бар қалаған –
Тас боп өнген талантты шуағыңмен аяла,
Перзентіңнен рақымың, мейіріңді аяма!

Тас бейне тұр қасқайып туған жердің төсінде,
Қалғымайды ол түнде де, таңертең де, бесінде.
Қазақ елін ардақтап төбесіне көтерген
Ақын елдің есінде,
Ақын елдің есінде!

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

"Жетісу" газеті бас редакторының орынбасары