ЕЙ, ТӘКАППАР ДҮНИЕ, МАҒАН ДА БІР ҚАРАШЫ! АҚЫН ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВҚА - 110 ЖЫЛ

Уақыты: 02.10.2021
Оқылды: 2563
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Ғафу Қайырбеков: «Қасым – қазақтың ұлттық ақыны», - дегенді дәл тауып айтқан ғой. Қасым Аманжолов өз шығармашылығында Қазақтың елі мен жерін, ұлы мен қызын аспандата жырлаған мықты ақындардың алдыңғы легінде. 1940 жылдары, кеңестік идеологияның күйіп тұрған кезінде:

- Ей, тәкаппар дүние,

Маған да бір қарашы!

Танисың ба, сен мені,

Мен қазақтың баласы! - деп жалпақ дүниеге жар салған ақын.

Оның "Қазақстан" дейтін керемет өлеңі бар. Соғыстан кейін жазылған сол өлең туралы аз-кем ой бөліскенді жөн көріп отырмын. Жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, бүгінгі күннің бейнесін айна-қатесіз берген ғажайып туынды. Қазақ елінің мәңгілігін паш еткен бірегей шығарма. Өлеңде туған жердің кеңдігі, қойнауына сыймаған байлығы, асыр салған ұлы мен қызы, шетсіз, шексіз ұланғайыр даласы бәрі-бәрі кестелі сөзбен көркем көрініс тапқан.

Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,

Тоңы алтын, түгі торқа жер мынау,

Қарағанды қара қазан қайнаған,

Дүние байлық жайнап тұрған айналам,

Елдігіме етер шүбә қандай жау!

Ақын туған жерінің қойнауы толған байлығын тамсана жырлайды. Қарап тұрсаң, қазақ жері «көздің жауын алғандай» тұнып тұр. Олқы соғып, осалдау көрінген бір аймақ жоқ. Айналасының бәрі жайнап тұрған, қуаты тасыған Қазақ елі. «Тоңы алтын, түгі торқа жер мынау» деп, Ұлы даланың байлығын бір тармаққа сыйғызған. Елдігінде, береке бірлігінде мін жоқ. Оған тіпті дұшпан да шүбә келтіре алмайды. Ақын әрі қарай сол елге тұтқа болған қазақ жұртының бойындағы бағасыз қасиеттерді санамалап береді. Даласы кең қазақтың пейілі де кең. Рухы биік, таным-түсінігі терең. Сондай елдің азаматы, адамы қандай?

Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,

Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз.

Хас тағдырдың қиқаңына көнбейміз,

Ел тағдырын ешбір жауға бермейміз,

Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!

Иә, Қазақстан он бес одақтас республиканың бірі болды. Баяғыдан азат ел болатын. Қасым соны айтып отыр. Бәз-біреулер айтқандай орыстың боданы болмағанымызды олармен тереземіздің тең екенін сол уақыттың өзінде жалтақтамай, қадап тұрып айтқан. «Құл емеспіз, азатпыз» дейді. Туған халқын қандай жауға да бермейтін, аумалы-төкпелі тағдырға көнбейтін азат жігіт пен азат қыз. Қарап отырсаң осы бір жолдар бүгінгі ұрпақтың айтар әні мен жыры болуға тұрарлық. Біз бүгін Қасым дәуіріндегі кеңестік Қазақстан емес, тәуелсіз, іргелі елміз. Ал тәуелсіз, іргелі елдің баласы өзінің осы елдің тұтқасы екенін, халықтың тағдырына тікелей жауапты екенін жан-дүниесімен сезінуі тиіс. Сонда ғана Қасым сияқты «Ел тағдырын ешбір жауға бермейміз» деп тағдырдың өзімен текетіресіп, серт ете алады. Осы шумақтың соңындағы екі жол осы елде тұратын әр азаматтың өмірлік ұстанымына айналуы тиіс.

Ел тағдырын ешбір жауға бермейміз

Сертің осы, азат жігіт, азат қыз!

Бұл дегенің бүгінгі өскелең ұрпақтың құлағына құяр өсиет десе болғандай. Азат елдің азат жігіті мен азат қызының ұраны осы болуға тиіс. Қазақ туған елдің қадіріне ешнәрсені тең көрмейтін халық. Мұны қысқа қайырып: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», - дейді. Қасым да осы мәселені қайталап еске салады. Ол «өзге елдің патшалығынан өз елінің тезегін тергенді» әлдеқайда артық санайды.

Ал біз осындай тереңдікке, осындай даналыққа дайынбыз ба? Петефидің «Өз жеріңде өзің ауна, шөбіңді шап, егін сеп», - дегенін қаперімізге де ілмейміз. Өйткені, бізде елсүйгіштікке тәрбиелейтін идеология жоқтың қасы. Сондықтан, отансүйгіштік қасиетті бүкіл ел болып, ұрпақ бойына бала күнінен сіңіруіміз  қажет. «Атажұрт», «туған жер», «Отан»,  «кіндік  қаның тамып, өскен жер», «перзенттік парыз» дегендей киелі сөздердің қадірін өскелең ұрпақтың құлағына құя беру әрқайсымыздың ең үлкен борышымыз болуы керек.

Қасым шығармашылығындағы патриотизм мен ұлтжандылық идеясын жарқырата көрсету аз, оны жеткіншектеріміздің бойына сіңіруіміз қажет. Сонда ғана «Отан үшін отқа түсетін», тіпті, қажет болғанда Сұлтан Баймағамбетовтей пулеметтің ұңғысына кеудесін тосатын, Нүркен Әбдіровтей саналы түрде жалын мен оттың ортасына түсетін өз елінің жалынды патриоттарын тәрбиелей аламыз.

Бүгінгі күні  мектеп оқушылары  арасында Қасым Аманжоловтың кім екенін білмейтіндер жетіп-артылады. Ол ол ма, жалпы көркем әдебиетке деген құштарлықтың күн санап төмендеп бара жатқанын кімнен жасырып әлек боламыз? Бұл енді ащы болса да шындық, жаныңды ауыртатын жай. Патриоттықтың үлкен үлгісін қалап кеткен Мағжан, Қасым секілді ірі ақындар тек әдебиетшілер, көзіқарақты оқырманның ғана емес, қалың елдің сүйікті ұлдары, ардақ тұтар ақындары болуға тиіс.

Қара жерде қылтаңы жоқ бір елміз,

Әрі биік, әрі кеңбіз, тереңбіз.

Әніміз бар алтын жалау секілді,

Көтерілсе тік көтерер жұртымды,

Біз дүниеге мәңгілікке келгенбіз!

Сол уақыттарда, сталиндік цензураның қаны тамып тұрған кезінде ақынның дәл осылай айта алғанына таң қаласың. Таң қалмасқа шараң да жоқ. Ақын «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», өз елінің керемет қасиеттерін кестелі сөзбен өрнектеп отыр. Шынында да, біз өмірге мәңгілікке келгенбіз. Біз кеше «Ақтабан шұбырындыға» да, ашаршылыққа да, зұлмат-зобалаңға да төтеп бергенбіз. Сондай қысталаң күндердің өзінде еңсемізді түсірмей, рухымызды өз биігінде сақтап қалған елміз. Әрі-беріден соң бұл өлеңдер біздің бүгінгі өміріміздің сырын тереңірек ашатын секілді.

Қайран менің туып-өскен өз елім.

Өмірімдей өршіп аққан өзенім.

Артым жақсы,

Алдым қандай тамаша.

«Бөтен елдің падишасы болғанша,

Өз елімнің терсем артық тезегін».

Ол бір төл тарихыңды таратып айта алмайтын қиын кездер еді. Айтсаң, Ермұхан Бекмаханов сияқты айдалып кетесің. Осыны білген ақын қазақтың арғы-бергі тарихын тәптіштеп айта алмайды. Өзінің сан ғасырлық тарихында ұрпағының бетіне шіркеу болатындай, ұжданына дақ түсетіндей тағылық жасамаған бірден-бір халық қазақ шығар.

Соның бәрін жақсы түсінген Қасым тұтас елдің бүкіл тарихына «артым жақсы» деп, бір-ақ ауыз сөзбен баға береді. Қазақтың әлімсақтан бері қарай жүріп өткен жолы, том-том тарихы осы екі сөздің ішіне қалай сыйып кеткеніне қайран қаласың?! Ары қарай, ондай елдің болашағы жарқын боларына шүбәсіз сенеді. Елінің ұл қызына патриоттық тәрбие берем деген мемлекет дәл осындай идеология ұстануы қажет. Өз елін сүю өзгені жек көру деген сөз емес. Әйтпесе, «өзгенің патшалығынан өз елінің тезегін тергенді артық санаған» Қасымды ұлттық шеңбермен шектелген ақын деп кім айта алар?! Поэзиясына көз салсаң, ол испан сұлуын да сүйеді, әзірбайжан қызымен де жүрегі бір, қытай қызына да жыр жазған. Низамиді ақындардың сұлтанына балайды. Пушкин, Маяковский, Горький, Руставели Шотаға жыр арнаса, Лермонтовты, Шевченконы, Байронды, Твардовсийді, Миршакарды қазақ тілінде сөйлетті.

Демек, жеріңді сүю, еліңнің патриоты болу өзгеден томаға тұйық, бөлектену деген сөз емес. Олай болса, жас буынға тәбие беруде осындай ұлттық рух қуаты тасқындаған шығармаларды пайдалану арқылы олардың бойына патриоттық сезімнің дәнін себуге болады деп есептейміз. Бұл тұрғыда Қасым Аманжолов шығармаларының орны ерекше екені даусыз.

Аманғали МҰХТАРОВ,

филология ғылымдарының кандидаты,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының қызметкері

Сурет - ғаламтордан