ТАЛДЫҚОРҒАНДА КӨҢІЛДІҢ ҚОҢЫРАУЫ СОҒЫЛДЫ. ҚУАТ АҚЫННЫҢ КЕШІ

Уақыты: 18.11.2021
Оқылды: 1862
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Қазақ әдебиетіне қарымды қаламы арқылы сүбелі үлес қосқан бірегей тұлғалар, дарынды ақын-жазушылар Жетісу топырағынан көптеп шыққан. Алатау мен Алакөл, Аспантау мен ақжал толқынды Балқаш көлі арасын алып жатқан атыраптың арасында өмірге келген әрбір сөз иесі руханият қоржынына жақұт туындыларын салып келеді. Солардың сапында тұғыр сайлаған, асқаралы алпыс жасқа толған Қуат Қайранбаевтың І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында «Көңілдің қоңырауы» атты шығармашылық кеші өтті.

Өмірі өлеңмен өрнектелген ақын кеші жырмен шымылдығын айқарды. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің білімгерлері шайырдың отты өлеңін тамылжыта оқығаннан кейін ҚР Ақпарат саласының үздігі, «Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы рухани шара тізгінін алып, кеш кейіпкерін алқалап сахна төріне шақырды.

«Қара өлеңнің Қуаты» атанған Қуат Қайранбаев «Міне, солай тақымдадық алпысты» деп келетін парасатты пайымға толы мөлдір өлеңін оқып, тыңдарманның көңілін көкжиекпен астастырғандай болды. Өз кезегінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев, Жетісудың зиялы азаматтары Оралбек Жақиянов, Жексенбай Мейрембаев, «Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары, көрнекті ақын Нүсіпбай Әбдірахым, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының кеңесшісі, ақын Ержан Алаштуған мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, жазушы Дәурен Қуат Қуат Қайранбаевтың үш бірдей кітабының тұсаукесер рәсімін өткерді.

«Көңілдің қоңырауы» жыр жинағы, ақын шығармашылығы туралы жазылған зерттеу мақалалар мен әдеби сын, арнау өлеңдер топтасқан «Өлеңмен өрнектелген өмір» және прозалық «Тағдыр-тұлға» кітаптарының тұсауы салтанатты түрде кесілгеннен кейін рухани кештің алғашқы сөзін облыстық мәслихаттың хатшысы Жанболат Жөргенбаев алды.

– Өмірін де, өлеңін де сонау жылдардан бері жақсы білетін, жаны жайсаң, жүрегі қайсар ақын досым Қуат Қайранбаевты қазақ әдебиетінің бір шынары деп бағаласам артық айтқандық бола қоймас. Оның әрбір жазбасы жанға сәуле ұялатар нұр іспетті. Ақсудың арынды ағысындай арқырап, ел алдында серідей жарқырап жүрген ел перзентін мерейлі жасымен құттықтаймын, – деген Ж.Жөргенбаев ақжарма тілегін ақтарды. Ақынға Жетісудың тұмса табиғаты бейнеленген картина табыстады. Өз кезегінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Марлен Көлбаев сөз алып, ізгі тілегін жеткізіп, шайыр иығына шапан жапты.

Сазгер Талғат Сембаев музыкасын жазған кеш кейіпкерінің «Талдықорған» әні әуелегеннен кейін қазақ руханиятының қара шаңырағы – ҚР Жазушылар одағының аманатын арқалап келген көрнекті ақын Ержан Алаштуған:

– Айлар, жылдар, ғасырлар,
Аптығыңды басыңдар!
Бағынбаған биік бар,
Алынбаған асу бар!
– дейтін қазақтың арқалы ақыны Қуат Қайранбаев жазғаны жақұт болған бірегей талант иесі. Көп сапарда болып, сырмінезденген азаматтың біз айтар, біз толғар жақсы қасиеттері көп, – десе, белгілі жазушы Дәурен Қуат өз сөзінде ақынның прозалық шығармашылығын асқақтата бағалап өтті. Қаламгерлер ақынға арнайы ыстық сәлемін жолдаған ҚР Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулеттің құттықтау хатын оқып, иығына шапан жапты.

Құдіретті жыр оқылып, әсем ән әуелеген рухани кеште белгілі ақын-жазушы Әли Ысқабай лебізін білдірсе, «Jetіsý» газеті бас редакторының орынбасары Нүсіпбай Әбдірахым ақын шығармашылығы туралы терең толғам жасап, «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мейрам Жанаділовтің құттықтау хатын табыс етті. Өз кезегінде Ақсу ауданы әкімінің орынбасары Ғазиз Есжанов, Сарқан ауданы әкімі аппаратының басшысы Ұлан Ерденбеков сөз алып, өңір басшыларының құттықтау хатын оқып, шайыр иығына шапан жапты. Сонымен қатар, «Бөрібай батыр» қорының төрағасы Берікбол Қасымов «Бөрібай батыр» төсбелгісін ақын мерейтойына тарту етті.

Текті жырдың өрісін кеңейтіп, өміршең өлеңдерімен жалпақ жұртының арқалы ақыны атанған Қуат Қайранбаев шығармашылығын толғап, ғажайып жырларын оқыды. Ақынын алқалаған елдің зиялы қауымы ақжарма тілектерін білдіргеннен кейін асқақтап ән айтылып, кеш кейіпкері тебірене жыр оқып отырды. Үш бірдей кітаптің тұсауы кесілген осынау ғажайып кеш барысында ақын сөзіне жазылған «Жылдар» әні бейнебаянының тұсаукесері өтті. Жангелді Немеребай әнін жазып, Нұржан Ахметбек орындаған сырлы туындының бейнебаянын «Жетісу» телеарнасы түсірген-ді.

«Жанр» Жетісу әдеби бірлестігінің мүшелері Жангелді Немеребай, Мұратхан Орынтай, Салтанат Құмархан, Қалқаман Әбдірахман, Азамат Нұрмұхан ақын жырын асқақтата оқыған рухани кеште «Дүр әлемнің Димашы», «Ғажап сурет» сынды тыңдарманның ыстық ықыласына ие болған әндер әуеледі. Шайыр өзінің «Ақ пен қара» сынды мөлдір туындыларын тебірене оқыған сырлы кеш ақын сөзіне жазылған «Жетісу» әнімен мәресіне жетті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы