ТӘУЕЛСІЗДІК, ҰҒА АЛДЫҚ ПА ҚҰНЫҢДЫ? АҚЫН НҮСІПБАЙ ӘБДІРАХЫМНЫҢ ЖЫР ШАШУЫ

Уақыты: 21.12.2021
Оқылды: 1463
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Немерем: «Ата, тәуелсіздік деген не?» - деп сұрады.

Айналайын, тілің бал да жаның нұр,

Тәуелсіздік – ол әсем ән, жалын жыр.

Әлемдегі бар байлықтың бастауы,

Ең алдымен, басқа қонған бағың бұл!

 

Шалқып-тасқан мерейім бұл, мақтаным,

Бақыт, бақтан бас айналған шақтарым.

Желбіреген Көк Туым бұл аспанда,

Азаттықтың арайлаған ақ таңы.

 

Бар сырымды айтар болсам ақтарып,

Бұл сары аяз сақылдаған ақпаным.

Алпауыттың құрып қойған қақпаны,

Арыстарды тізіп қойып атқаны.

 

Тәуба, тәуба, туды басқа мерей күн,

Бұдан асқан шаттық та бар демеймін.

Болашаққа бағыт алған көші бұл

Асыл текті Жәнібек пен Керейдің.

 

Азаттықтың әр күнінен бақ табам,

Жаратқанға мың сан алғыс сақтаған.

Жарылған кез ақ түйенің қарыны,

Болмайды енді Шұбырынды, Ақтабан.

 

«Елім-айлап» еңіреген заманда,

Ажал аузын ашқан кезде арандай

Ел бағына туды Абылай ардағым,

Наурызбай мен ер Бөгембай, Қабанбай.

 

Тарихыңды зерттеу керек ерінбей,

Батырлық бар тамырыңда, тегіңде.

Мың сан ерлер ат белінде күн кешті,

Кене хандар қалды арулап көмілмей...

 

Тәуелсіздік,

Ұға алдық па құныңды,

Заман талай табасына қуырды.

Ойран болдық отызыншы жылдары,

Аштықтан да қынадайын қырылдық.

 

Жан немерем, бүгінгі азат күніңнің

Қадірі мен қасиетін ұғынғын:

Желтоқсанның жан қарыған ызғары ол,

Мемлекеттік мәртебесі тілімнің!

 

Азаттықты ардақтасын еркін ұл,

Сақтау үшін алмау керек ер тыным.

Ескертеді ес жоғалтпау керегін

Қайта оралған басы батыр Кейкінің.

 

Тарихы мол тауым, сайын даламның,

Қадіріне жетем бе деп алаңмын.

Әр төбеде Жеңіс туы желбіреп,

Әр сайында басы қалған бабамның.

 

Алатаудың,

Қаратаудың етегі,

Көркем-ақ қой, көркіне не жетеді?

Неге екенін кім біледі, көктемде

Қызғалдақпен қып-қызыл боп кетеді...

 

Ондай-ондай тылсымы көп ғаламның,

Оралмасын енді қайта алаң күн.

Бәйшешегі – бүр жарған ақ үміті,

Сарғалдақ та сағынышы бабамның.

 

Көре алмаған қара дұшпан кектесіп:

«Артық, – десін, – бұл жақсылық көп десін».

Жаратқаннан жалбарынып тілерім –

Енді бастан бақыт ұшып кетпесін!

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,

Қазақстанның Құрметті журналисі,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Сурет - ғаламтордан