БҮГІНДЕ БОЗДАП ЖІБЕРЕМ КИМЕШЕК КӨРСЕМ АЛЫСТАН - АСЫЛ СҰЛТАНҒАЗЫ

Уақыты: 08.03.2022
Оқылды: 2140
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Жарқ етіп жайдың жанары,
Бұлт көшер көкте жабағы.
Табиғат жанын толқытқан,
Анамның нұрлы жамалы.

Жүзіне қонған жылылық,
Болмысы тұнған ұлылық.
Кимешек киген ақ әжем,
Жылдарың қайда жылымық?!

Дәуірдің алтын дәніндей,
Заманның асқақ әніндей,
Құндылық көшті дәуірден,
Балбалдың аққан әріндей.

Сеңсоқты халде сенделіп,
Жылғаның ұртын сең керіп:
қазына басын теңгеріп,
Қай жаққа кеттің өңгеріп?

Қарқара жаулық, кимешек,
Жырға өзек еді, күйге сеп.
Ұлтыма құнсыз болса егер,
Уылжып тұрып сүймес ек.

Замана желмен жарысқан,
Жалына уақыт жабысқан
Бүгінде боздап жіберем
Кимешек көрсем алыстан.

Тектіден тартқан сарындай;
сарындай, кейде сағымдай,
кимешек – жанның жалауы,
Ақтығы анам арындай!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы