ДЕПУТАТ ТА, ҚЫЗМЕТКЕР ДЕ ӘЙЕЛДЕР, САҚШЫЛАР ДА, ЖАҚСЫЛАР ДА ӘЙЕЛДЕР

Уақыты: 07.03.2022
Оқылды: 1454
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

АРУЛАР МЕЙРАМЫ

Көбесі қардың сөгіліп,
Шуағы күннің төгіліп.
Көктеммен бірге бусанып,
Кең далам жатыр керіліп.

Қыс бойы тұрған құрсанып,
Жер-ана жатыр бусанып.
Тіршілік біткен оянды,
Шуақты нұрға бір қанып.

Көктемнің самал лебіндей,
Жайлаудың шалғын көгіндей.
Әйелдер деген бір әлем, 
Жайқалған жазғы егіндей.

Шуақты күннің нұрындай,
Өрілген әсем бұрымдай.
Өкпелеп қалса бір демде,
Кететін сол сәт бұрылмай.

Қос жанарына нұр тұнған,
Жақсылықтарға ұмтылған.
Мадақтап кейде сөйлесең,
Қыр гүліндейін құлпырған.

Жетелеп шығар тұйықтан,
Жанардан тұнық сыр ұққан.
Әйелдің қырық шырағы,
Сөзімен елді ұйытқан.

Жаныңа терең үңілген,
Жаманнан жеріп, түңілген.
Аруларды құрметтеп,
Құттықтаймын бүгін мен!

ЗАМАНАУИ ӘЖЕ

Самайға түскен ақ қырау,
Күйіме қарап тап мынау.
Көңілі жас, жүрегі,
Әжені сен де таптың-ау.

Келсем де әже жасына,
Тақпадым шәлі басыма.
Жүн түтпек тұрғай, отырмын,  
Нотбугымды алып қасыма.

Уацап та маза бермейді,
Бойымды өлең кернейді.
Ертегі айтып берші деп,
Немерем кешке тергейді. 

Ертектің өзі ертегі,
Ойыңнан өрбіп, өрлейді.
«Тағы да айтшы, апа!» – деп
Немерем тыным бермейді.

«Қуыр да қуыр, қуырмаш»,
Қуырған бидай – ол да ас.
Көрмеген бидай қуырып,
Көңілің деген тіпті жас.
***
Ақпан кетті, қыс кетті, аяз кетті,
Енді суық шымшымас, аяз бетті.
Алдың – көктем, одан жаз, күз келеді,
Алтынкүрек сипайды самал лепті.

Аяз кетті, қыс кетті, көктем келді,
Киіп-жара итеріп өктем желді.
Жылу беріп жердегі бар тірлікке,
Еске салды кешегі өткендерді.

Бала көктем – ол өткен балалығым,
Көктем ғана түсінер дала мұңын.
Қыстай қатқан беттегі тоңы жібіп,
Айырады көктем-қыс аралығын.

Қысқа ғана қайырған ақпан соңын,
Жатыр баяу жібітіп қатқан тоңын.
Айналаға қарады кербез күн де,
Не керегін түгендеп, оңды-солын.

Елжірегін, мейірім керек жерге,
Жылылыққа зәру ғой барлық пенде.
Бала сынды тәттіге өкпелеген,
Жасырынып бұлттарға жүрсің 
сен де.
***
Көгілдір аспан мөлдіреп,
Арайлап аппақ таңы да.
Анадай жүзі елжіреп,
Күн шықты, міне, тағы да. 

Көктем келді тағы да,
Бір қысымды тәмамдап.
Күткен көктем сағына,
Әкеледі маған бақ.

Келді тағы көктемім,
Бір жасымды азайтып.
Артта қалған өткенім,
Өлеңіме наз айтып.

Көктем келді, қар еріп,
Көл-көсір қып даланы.
Жас көктемді көрелік,
Көру абзал жаңаны.

КӨКТЕМ КЕЛДІ

Әне-міне, дегенше көктем келді,
Наурыз келді қуалап өктем желді.
Өктемдігі желдің де жүрмей қалды,
Күннің нұры шуағын төккенде енді.

Ақпан да тез, асығып аяқталды,
Әне-міне, гүл көктем таяп қалды.
Аналардың келеді гүл мейрамы,
Көре алмайсың бұл күнде қалақ қарды,

Оянып, бар тіршілік басталады,
Бұлты ашылып, тазарды аспан әні.
Бұл көктемде бір тойым болары анық,
Ұғар ма оны өзімнен басқалары.

Көктем келді, күн көзі жадырады,
Енесіне қозылар жамырады.
Пенде болып келген соң бұл өмірге,
Балалығын бәрі де сағынады.
Осындай елді аңсаған кездерімде,
Бал дәуренім жырымнан табылады.  

Жан асылым

Қайран анам, бөленген жаны нұрға,
Сені ойласам жалғасар әнім жырға.
Көз алдыма келеді асыл бейнең,
Күле қарап тұрған бір қалыбыңда.

Сағынышым самсаған қайран ана,
Ақ тілеуін жолыма жайған ана.
Хат жолдауды сиретіп кетсем кейде,
Сөкпе, анашым, көп мені ойлама да.

Күрсінгенде қабырғам сөгіледі,
Сағынышым жыр болып төгіледі.
Түн ішінде сәбиім оянса да,
Өзіңді ойлап жүрегім егіледі.

Сағынышым – өлеңнің жолдарында,
Сүйдім, апа, бетіңнен, қолдарыңнан.
Өткен-кеткен көз таныс жолаушыдан,
Сәлем жолдай алмаймын, сол бар кінәм.

Ана ғана ұғады бала сырын,
Түсіме еніп жүресің, жанашырым.
Көз алдымда жаулығың көлеңдейді,
Сағындым ғой жан сырым, жан асылым.

Әйел – ана

Әйел – ана, әйел – ару, әйел – гүл,
Әйел – шуақ, мейірімді әйел – нұр.
Әйел деген – көркі мына өмірдің,
Бар адамзат мойындаған әйел бұл.

Әйел – анаң, әйел – әжең, келінің,
Әйел саған сыйлаған бар өмірін.
Соқтықпасы, соқпағы көп өмірде,
Әйел деген – сырласатын серігің.

Әйел – қызың, көз алдыңда қызығың,
Әйел – келін, ізет етер сызылып.
Асу бермес арман болып ерлерге,
Әйел – мүсін қарап қалар қызығып.

Әйел – ұстаз сан баланы ұшырған,
Бар еңбегін ұрпағына ұсынған.
Әйел деген ізгіліктің символы,
Сәлемдеспей өтпес ешкім тұсынан.

Таусылмайтын ешқашан да тірлігі,
Әйел деген – отбасының бірлігі.
Аналардың ақталсыншы ақ сүті,
Білу керек әрбір ұл мен қыз мұны.

Әйел – ене, құдағиың қыз берген,
Әйел – өмір ұрпағымен бірге өнген.
Әйел – жарың, қандай қиындықта да,
Мәңгі бірге боламын деп сөз берген.

Депутат та, қызметкер де әйелдер,
Сақшылар да, жақсылар да әйелдер.
Жұмақ әйел табанының астында,
Құрметтеңдер әйелдерді, ей, ерлер!

Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА

Қапшағай қаласы

Алматы облысы