ЖЕТІСУ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ ҒАЛИ ОРМАНОВҚА АРНАЛҒАН ӘДЕБИ КЕШ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Уақыты: 07.04.2022
Оқылды: 2421
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Ғали Орманов – қазақ поэзиясының қалыптасуына, дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі. Ол орыстың, Шығыстың классикалық үлгілерін аударып, қазақ әдебиетінің аударма саласына да біршама үлес қосып, ірі жұмыстарды игерді. Туындылары арқылы өз заманының шынайы көрінісін айшықты бейнелей білген. Сонымен бірге, оның есімі Пушкиннің, Лермонтовтың, Маяковскийдің бірқатар шығармалары мен Толстойдың «Анна Каренина» романын аударуымен танылған.

Осыған орай Жетісу университетінің кітапханасында ақын, аудармашы, журналист, Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы Ғали Ормановқа арналған әдеби кеш өтті. Ақын атымен аталатын кітапхана қызметкерлері мен қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика мамандығының студенттері ұйымдастырған кеште Ғали Ормановтың қазақ әдебиеті мен аударма саласына сіңірген еңбегі баяндалып, өлеңдері оқылды.

Кеш барысында Жетісу университетінің басқарма мүшесі – ғылыми жұмыс жөніндегі проректор Алефтина Бахтаулова сөз сөйлеп, Ғали Орманов, Л.Толстойдың әлемдік классикалық романы «Анна Каренинаны» және басқа атақты шығармаларды қазақ тіліне аударғанына тоқталды.

Ілиястану орталығының жетекшісі Мұратбек Иманғазинов Ғали Ормановтың Ілияс Жансүгіровпен қалай танысқанын айта келе, ұқыптылығы мен жазу жазудағы жылдамдығының арқасында Жамбыл Жабаевқа хатшы болғанын айтты.

Кеш барысында «Қалың қазақтың Ғалиы» атты ақын өмірі мен еңбектеріне арналған көрме қойылып, ондағы кітаптар мен деректерді кітапхана қызметкері Ләззат Үшкемпірқызы жиналған қауымға таныстырды.

Жастарға Ғ.Ормановтың өлеңдерінде айтылған рухани-адамгершілік құндылықтарды көрсету, оның естелігіне құрмет көрсету, белгілі қазақ ақынының шығармашылығын еске алу және көпшілікке тарату мақсатында ұйымдастырылған іс-шара жоғары деңгейде өтті

А.ҚАРАСАЕВА,

Ғ.Орманов атындағы кітапхана директоры

Талдықорған қаласы

Алматы облысы