НҰРЛАН ОРАЗАЛИН 75 ЖАСТА

Уақыты: 14.06.2022
Оқылды: 1554
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Заманымыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың сөзімен айтқанда, Нұрлан Оразалин – «дүниелік құбылыстарды өзінің жүрегі мен ойы арқылы өткізетін... Оның бір жырдан екінші бір жырға көшіп отыратын лирикалық кейіпкерінің жан әлеміндегі толғаныстар ауыл, аймақ, керек десеңіз, кейде ұлт пен ұлыс шекарасынан шығып, жалпы адамзаттық  толғаныстар кеңістігіне көтерілген» жаңа дәуір әдебиетінің классигі, қазақ жырына олжа салған көрнекті ақын, танымал драматург, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері. 
Ол баспа, баспасөз, мәдениет саласында өнімді еңбек етіп, басшылық қызметтерде, атап айтқанда, Қазақстан театр қайраткерлері одағында – бірінші хатшы, «Егемен Қазақстан» газетінде – бас редактор,  Қазақстан Жазушылар одағында ұзақ жыл Төраға болып қызмет еткен,  Қазақ  ССР  Жоғарғы  Кеңесінің ХІІ шақырылымында халық депутаты, Қазақстан Республикасы Парламентінде Сенатор болған. 
Ол – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Барыс-1», «Барыс-ІІІ», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Алматы қаласы мен Алматы облысының Құрметті азаматы, жер жаннаты Жетісу өңірінің тумасы.
Нұрлан Оразалиннің 50-ге тарта кітабы жарық көріп, шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне (орыс, француз, қытай, түрік, украин, болгар, өзбек, қырғыз, тәжік, азербайжан, татар, т.б.) аударылған.
Қаламдас ағалары – марқұм Тұманбай Молдағалиев пен Олжас Сүлейменовтің тұлға туралы әр кезеңде жазылған толғақты пікірлерін ақынның топтама жырларымен қоса ықшамдап жариялай отырып, жасы 75-ке толған ардақты жерлесімізді мерейлі кезеңімен құттықтаймыз! 

АҚЫНДЫҚ АЙДЫН, АЗАМАТТЫҚ БИIК (Ақын Нұрлан Оразалин туралы сөз)

Ол ұлы таулардың ортасында туған. Ол қазақтың ұлы поэзиясымен бала күнiнен сусындаған. ...Ол өлең техникасын тiптi сонау мектепте жүрген кезiнiң өзiнде еркiн меңгерген болатын. 
«Өмiрге мынау 
Өле бiр ғашық болмасаң – 
өлең де, жыр да, болмас ән. 
Өзегiң талған кезде егер, 
шалғынды кешiп, 
шашаны шыққа малмасаң, 
аязда, қарда тоңбасаң, 
жауында ойға шомбасаң, 
сүймесең желдi, 
мiнбесең жүйрiк, 
көрмесең тауды, даланы, 
бұрқылдап iзде, жолда шаң, 
өмiрге мынау 
өле бiр ғашық болмасаң –
өлең де, жыр да, болмас ән»
, – деп ашылатын оның алғашқы жыр жинағының өзiнен-ақ өзiнше үнi бар, өлеңге деген өзiнше талғамы, өзiнше талабы бар жасты көрiп iшiмнен қуанып, жастың талабын құп алып, сол тұңғышқа алғысөз жазып, бәйгеге түскен құла тайдың аяғының мықтылығына сүйсiнген шабандоздай қарай қалғаным есiмде әлi. 
...Өлең өлкесiн өңкей бiр маржан жырлармен толтырып кеткен, өлеңдi Мағжан мен Iлияс биiгiнен де жоғары көтерiп әкеткен Мұқағалидан кейiн жыр есiгiн имене ашқан Нұрланның алғашқы екпiнiнен ағасына тән тынысты, ағасына тән жүгiрiстi байқап ем мен. ..Нұрлан алдаған жоқ. Мен де алданғам жоқ. Тек бiр өкiнiштiсi, ақын iнiмiз жырға келгенде тым талғампаз болып шықты. Ақындық деген ақ қағаз бетiнде күнде майдан ашу екенiне ол сенбеген секiлдi. Содан соң бел шешiп белсенбеген секiлдi. «Беймаза көңiл», «Көктем көшi», «Жетiншi құрлық» деп аталатын жыр кiтаптарының арасы тым қашық. Тым ұзақ. Әрине, бұл тұстарда iнiмiз драматургияға барды. 
«Шырақ жанған түн» деген пьесасы қойылды балалар және жасөспiрiмдер театрында. Ол пьесаны Алматы көрерменi аса бiр жылы ықыласпен қабылдады. Iнiмiздiң екiншi, үшiншi, төртiншi пьесалары бiрiнен соң бiрi республикалық, облыстық театрларда қойылды. Өзi ақындық ауылынан бiраз алыстап, театрды – өнер өлкесiн жағалады. Бiрте-бiрте театрдың белгiлi қайраткерiне айнала бастады. Бiрақ жыр-анасы, жастайынан өзiн аялаған Өлең әулие Нұрлан iнiмiздi қайта-қайта шақырып, қайта-қайта жағасынан алып жанын қоярға жер таптырмайды. ...Өлеңнен Нұрлан қанша қашса да, оны өлең сонша қуалады. Ақыры қуып жеттi. 
...Нұрланның кiтаптарының бетiн ашып, одан қиналмай цитат ала беруге болады. Не жазса да әбден бояуын қандырып, көңiлiнде көп тербеп, көп толғатып барып қағазға түсiредi. Оның үстiне ол поэзияның арғы-бергiсiн тiптi көп бiледi. Сол бiлгеннен қашады. Қашады да өзiнше бiр жыр желiсiн ашады. Ашпаған күнде, аша алмаған күнде бәрiбiр шұғыла, бәрiбiр бiр нұр Нұрланмен бiрге жүрiп, бiрге өмiр сүредi. 
...Менiң бiр байқағаным, Нұрлан жырда өзiнше жол iздейдi. Өзi жақсы көретiн ағаларынан қашады, тiптi олар туралы бiлмеген, естiмеген болғысы келедi. Бiрақ жүректе жастайынан жатталған Әбдiлдә, Қасым, Хамит, Ғафу, Мұқағалиларды аттап өту әркiмге де оңай емес. 
«Қағаздан қорқам қаламнан қорқам – өзiмнен, 
ұйқылы түннен ар менен арман көз iлген. 
Жүрек жаралы, көңiл – ботасыз боз iнген, 
қорқамын сенсiз қорғансыз қалған кезiмнен», – 
деп басталатын образға толы отты өлеңдi оқығанымда бұдан 35 жыл бұрын жазған: «Мүрделер жатқан жотадан қорқам» – деп басталатын өз өлеңiм есiме түстi. Ол өлең әнге айналып кетiп едi. «Қанша бiзден қашам дегенмен бұл Нұрланның ақындық өсуiне, ержетуiне аздап болса да себебiмiз тиген екен-ау» деген шүкiршiлiк ойға келдiм iштей. 
...Мен Нұрланның өлеңдерiн оқып отырып, көбiне ойға батамын, әлдебiр әсем әннiң әуезiн естiгендей күй кешемiн. Нұрланның жырлары оқырманын бей-жай қалдырмайды. Жылатады. Мұңайтады. Күрсiнтедi. Қуантады. Ширықтырады. Арыңды аялап, намысыңа қамшы салады. Осының бәрi, айналып келгенде, нағыз жырдың, нағыз өлеңнiң тамырының соғысын анықтар критерий-өлшемдер. Жырдың көркемдiк қуаты мен ақындық мiнездiң сыр-сипаттарын анықтар басты белгiлер. 
Биiк мансап көп адамның басын тез айналдырады. Ағайыннан алыстатады. Күнмен ғана сөйлескiсi кеп, кешегi қатар жүрген жолдасың сенi көрiп тұрып көрмегенсiп кететiн кездерi де аз болмайды. Нұрлан ақынның бойынан ондай мiнездi әзiрге байқаған емеспiн. Табиғат өзiңдi шынардай ғып әсем жаратса, оның үстiне сезгiш жүрек, аңғарғыш аялы ақыл берсе, азға алданбай, сол бала күнгi арманшыл қалпыңды сақтап өзгермей өткенге не жетсiн?.. Әлдебiр әлсiздердей бөлiнiп, жарылу Нұрлан табиғатына жат. Ақ пен қараны ажыратқан айқын азаматтың қашан да жолы бола беретiнiне сенiмдiмiн. 
25 маусым, 1997 жыл.

Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, 
Қазақстанның Халық жазушысы, 
Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты

Күнге  арналған  дұға сынды...

... «Дарынды адам әр істе дарынды» деген сөз бар. Замандас, қаламдас,  қанаттас інім Нұрлан Оразалиннің  сан қырлы шығармашылығынан аңғарғаным: ол – ақтаңгер ақын, өткір тілді көсемсөзші, шебер драматург. Оның пьесалары еліміздің көптеген театрларында қойылып, сондай-ақ қазақтың саңлақ корифейлері тер төккен қасиетті өнер қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында да үздіксіз қойылып келеді. Нұрлан Оразалин – жұмбағы мен машақаты мол аруақты жанрдың хас шебері, нағыз білгірі. Мұнымен қоса, ол – барған жерін табысқа кенелтер талантты басшы, сан мәрте сайланбалы қызметтердің додасын жарып өткен мықты жетекші... 
Нұрланның бауырмал, ашық, парасатты, ұстанымына берік, табанды мінезі өлеңдерінен де айқын көрінеді. Ақын өлеңдеріндегі таңғажайып табиғилық пен тұлға бойындағы кісілік кеңдік, адами дарын Ресей мен Қазақстанның белгілі аудармашылары тарапынан сәтті үйлесім тапқан. 
Қанын ішіне тартқан қазіргідей жаһандану дәуірінде адамзатқа ортақ сан алуан құндылықтардың бағы құлдырап,дәстүр сабақтастығы үзіле бастаған тұста біз, ақындар,поэтикалық рухтың алтын көпірін орнықтыру үшін күресуіміз керек.Нұрлан Оразалиннің орыс тілінде жарық көріп  отырған алғашқы жыр жинағы осы айтылған қағида мен ұстанымды шегелей түсері анық. Кітап көпқырлы поэтикалық образдар мен сезім селіне бай. Әр парағы, әр бетінен жалынды жастық пен бала кезіміздегі нәзік сезім, тұнық махаббаттың жарқын сәттері елес беріп өткендей әсерге бөлейді. 
Уақыттың қуатты үні мен ғасырлар қойнауынан күмбірлеп жеткен бабалардың құдіретті рухы – Нұрланның поэтикалық әлемінің  көнермес көркем өзегі, ойдың айнымас атрибуттары. Бұл қасиеттер ақынның поэтикалық пафосы мен дүниені қабылдауына айрықша қанат бітіріп, Нұрлан жырларын планетаралық ойлау биігіне көтереді. Төмендегі жыр жолдары осы айтқанымыздың артық дәлелді керек етпейтін, өрісті, өркенді үлгісі екені даусыз. 

«Құлағыма жетеді ылғи бір сарын,
Жел шайқаған дауысындай шыршаның:
Желпініп ем жүйрік мінген тек мендей...
Неге жеттім?
Қайда әкелді жыр-сағым?
Не бітірдім?
Өзімді-өзім ұрсамын.

Жазғырамын... Жазалаймын... Сөгемін...
Опырылып, ойдан азап шегемін.
Күрсінем де сөзден алып өшімді,
ашуымды ақ қағазға төгемін.

Адаммын мен... Жұмырбаспын, пендемін...
Біреуге асқар. Ал біреуге шөңгемін.
Көкірегім – сауалдардың ұйығы,
Тіршілігім – ыстығындай көмбенің...»
.
...Ашылған парақтарынан жел ойнаған жыр жинақ – жайылған аялы алақан іспеттес: бәрімізге ортақ Күнге арналған дұға сынды. Мен кітап авторы – ақын Нұрлан Оразалинді көз алдыма осылай елестетем.
Париж, қазан, 2007 жыл
Аударған Әлібек БАЙБОЛ

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Республикасының Еңбек Ері,
Қазақстанның Халық жазушысы,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты


 

«Жатқан – тұрар,
Көтерілген – отырар, 
Жарық – сөнер, 
Жүрген кісі – тоқтар...»
Жүсіп Баласағұн

КӨРІП ТҰР БӘРІН ЖАРАТҚАН

Дауым жоқ, деме!
Сөз жалған.
жауым жоқ, деме!
Көз жалған.
Көріп тұр бәрін Жаратқан,
Көріп тұр мына боз жалған.

Қасым жоқ, деме!
Іргеңде.
Досым көп, деме!
Бір демде...
Қас пенен досты танырсың,
тағдыр шеңгелі бүргенде...

Жанатын тұста жанып қал,
баратын тұста барып қал,
бастағы бақтың ғұмырын
уақыт шіркін анықтар.

Ғаламды көрсең...
Көр түнде!
Сағыныш – жүрек өртінде.
Өмірдің қызық, қайғысы – 
Алланың ғана еркінде!

АБАЙҒА ОРАЛУ 

Көңіл­қобыз жаңылғанда күйінен, 
Сезім­ бейбақ безінгенде үйінен, 
сап­сап айтып, салауатқа жүгініп, 
ұлы Абайға ораламын жиі мен.

Ардан аттап, дала кең де, жер кең де, 
сатылғанды, сатқандарды көргенде, 
адамдардың арман ­мұңын түгендеп, 
ұлы Абайға бұрыламын шерменде.

Пенделіктің таба алмастан еш емін, 
күйіп­-жанып, өртенемін, өшемін; 
ағайынның аярлығын білгенде 
ұлы Абайдың қасіретін кешемін.

Ғарыш...
Ғалам...
Кейде маған тіл қатып, 
тереземді қағады бір мұң­ бақыт; 
махаббатын өксіткенде әлдекім, 
ұлы Абайға сапар шегем түн қатып.

Әлдебіреу әлдекімге кектенсе, 
жанарында жасын ойнап, көк төнсе, 
адамдарға араша айтып, 
Тәңірім, 
ұлы Абайға асығамын жеткенше.

Көңіл ­қобыз жаңылғанда күйінен, 
Сезім­ бейбақ безінгенде үйінен, 
тану үшін өзімді де өзгені 
ұлы Абайға ораламын жиі мен.

ӘКЕ РУХЫ

Өлең кеттi…
Менен талай бақ тайды.
(«Жыртық үйдiң құдайы бар»… Сақтайды.)
Әкем кеттi, қиқар кiсi ендi үнсiз,
ешқашан кеп есiгiмдi қақпайды.

Келмейдi ендi қала кезiп бiр адам,
ұлын iздеп сөз бен ұйқас құраған.
Жүрмейдi ендi алып­ ұшып бiр ата
ұрпағының амандығын сұраған.

«Шықпады-­ау, – деп, – бiр жинағың көлемдi»,
намыстанып, қынжылмайды ол ендi.
Майдангердiң зiлсiз «қызып» айтатын
артық сөзiн естiмейдi ел ендi.

Соны ойласам…
Кеулеп­ кезiп мұз­ қайғы,
шым­шым етiп жүрек қатты сыздайды.
Қатал кездiң «кесiп» айтар сарбазы
ағайынның шырқын ендi бұзбайды…

Көзiнде оның шуламайды бақ талып,
сөйлемейдi ол топ алдында «мақтанып»,
дос­-жараны сағынады, көр әлi,
ол туралы толғар сырын ақтарып.

Болмаса да оза шапқан мол дарын,
баспаса да жарыстырып томдарын;
«әкең айтқан сөз едi» деп осы елдiң,
бiлем әлi талай­-талай толғарын.

Амал қанша?
Көкейге, әттең, кеш түйдiм,
төрiн көрiп құлазыған ескi үйдiң;
отты жанар қадалып тұр суреттен...
Орны бос тұр… Тек дауысын естимiн.

Естимiн де… Кеуде толқып айтады ән,
қайда күндер намыс туын шайқаған?
Өлең кетсе… Қызғыш құс қой киелi,
шын сағынсаң, оралады қайтадан!

Киелi құс оралады… Бек сенем!
Ал әкем ше? Сондай жырды көксеген?
Келмейдi ендi. Есiгiмдi қақпайды.
Егiлтiп бiр сезiмiмдi төкшi, өлең!

Егiл!
Төгiл!
Бойда жалын лауласын.
Тұрғанында жүрек аман. Сау басым…
Нұрын төгiп әке рухы көктегi,
ырза болып аруағы бiр аунасын.
Бойда жалын лауласын!

қазан, 1982 ж. 

ӨМІР ДЕГЕНІҢ...

Ойлардан бұғып бастағы бөтен,
Қашанғы? Қалай? Бас бағып өтем?
Адам мен Ажал айқасып жатыр...
Өмір дегенің қас-қағым екен...

Арқалап тірлік өсегі, мұңын,
барады ұзап кешегі күнің.
Арбасып іште бақи мен жалған,
Ай аунап көкпен, көшеді Күнің...

Төгіліп бір ән еседі мұңды,
салады еске кешегі күнді.
Періште, Пері алысып іште,
самала нұрлар көшеді түнгі.

Сезімсіз жанның төсегі ғаріп,
тамырын ойдың өсегі қарып...
«Бір күндік сәуле» – жалғанның сыйы,
Тәңірдің, қарғам, есебі бар, ұқ!

Көшеді жарық!..
Көшеді ғалам!..
Жалғанар түлеп кешегі Далаң.
Ұрпақ пен ұлттың саулығын тіле!
Ұлғайып жасың – өседі балаң...

Жасырман ойды бастағы бөтен...
Жасырып қалай, бас бағып өтем?!
Келу мен Кету – Мәңгілік шарты.
Өмір дегенің қас-қағым екен...

МӘҢГІЛІК ЗАҢЫ

Күйіп­ жанғанның     
басы да, соңы біз емес,
киік­ жалғанның
қанатын ешкім күземес,
өртену, өту – өмірдің мәңгі мұраты,
өмірдің заңын
ешқашан ешкім түземес.
Түземек болып,
Талпынып талай алысқан, 
алысқан­ дағы
ала алмай бәрі – шабысқан,
тәж бенен таққа
алтын мен баққа таласып,
жан кетіп тәннен,
бас кетіп тіл мен жақ ұшқан.
Біреуге тірлік
ән менен өлең, арман боп,
күю мен сүю арқылы
жалғанды ғұмыр, 
көкіректерде жалғанды от. 
Өмірден өтті:
Жылмаяқ, жылпос, ептілер,
жүрегі түкті батырлар небір, беттілер,
қала тұрғызып,
ғимарат салған байлар мен
қолбасылар да,
данышпандар да, тектілер.
Көсемдер де өткен, 
шешендер небір – елге сын, 
қиын шақтарда, 
қиналмай тартқан ел көшін, 
Ескендір...
Шыңғыс...
Темірлер өткен жалған бұл 
шірене тартып заманалардың  делбесін.
Шырқырап туып,
шыңғырып кеткен бәрі де,
боздақтар небір,
жасамыс, жас та, кәрі де,
періште де өткен,
пері де өткен фәни бұл,
тамыры жатқан Адам Атадан әріде.
Зұлымдық, зорлық,
адалдық, қорлық, шындығың
Нұқ заманында­-ақ
көтерген қатар түндігін.
Өзгермей әлі келеді жерде сол тәртіп,
«Жалған» деп жүріп,
жалғаған адам кіндігін...
Күйіп­ жанғанның
басы да соңы біз емес,
киік­ жалғанның
қанатын ешкім күземес,
өртену, өшу – өмірдің мәңгі мұраты,
Мәңгілік заңын
ешқашан
ешкім түземес...

тамыз, 1992 ж.