КӨҢІЛДІҢ КӨКЖИЕГІ – ШЕКСІЗ ӘЛЕМ

Уақыты: 05.07.2022
Оқылды: 1431
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Қазіргі кезде қоғаммен бірге оқырман да өзгерді. Қаламгерлер оқырман көңілінен шығатын шағын дүниелер жазуды қолға алды. Соңғы жылдары көпшілік ықыласына бөленген жетісулық жазушы  Нұрила Бектеміровамен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Нұрила Дантайқызы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алғаныңызға жетісулықтар ерекше қуанды. Бұл жүлде кейінгі қос жинағыңыздың қайсысы үшін берілді? 
– Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы маған «Өмірдің өзі жазған әңгімелер» жинағым үшін берілді. Шынымды айтсам, мен мұны күтпеп едім. Қуанғаннан сахнаға әрең көтерілдім. 
Жалпы, осы әңгімелердің жазылуында өзіндік мұң мен сыр бар. Бұдан екі жылдан астам бұрын төтеннен келген індеттің кесірінен «үйқамақта» отырдық. Қазақтың небір тұлғалары, жолдас-жора, таныстарымыз өмірден өтті. Мен де сол «шеңгелдің» құрығына ілініп,  емделіп жүріп, әрең дегенде өзіме келдім. Сол кезде жазылған әңгімелерім, ойда жүрген дүниелерім шашылып қалады-ау деп алаңдадым. Басымды көтерген соң, күш-жігерімді жинап, жинақты құрастырдым. Қиялдан емес, өмірден алынған оқиғаларды қағаз бетіне түсірдім. «Ауған солдаты» деген әңгімемді «Jetіsý» газеті жариялаған бойда ауған соғысына қатысқан жігіт ағасы хабарласып: «ақиқатты жазғаныңыз үшін бір жылқы атадым» деді. Көңілім өсіп, марқайып қалдым. Маған материалдық емес, моральдық қолдауы қатты әсер етті. 
Кейін Алматыға барып, емделіп жүргенімде хирург жігіт менің жазушы екенімді біліп, өз басынан өткен  оқиғаны айтып берді. Соның негізінде «Адамның күні адаммен» деген әңгіме өмірге келді. Естуімше, дәрігерлер қауымы түгел оқып, қатты риза болыпты. Айта берсем, жинаққа енгізілген әрбір әңгіменің өзіндік тарихы бар. Барлығы дерлік өмірде болған оқиғалар негізінде өрілген. Сонысымен ерекше болып, оқырман жүрегіне жол тапқан шығар... 
– Қазір қандай шығармалар жазып жүрсіз?
– «Өмірдің өзгермейтін жұмбағы» деген хикаяттың жобасын жазып қойдым. Бұл шығармамның кейіпкерлері өмірде болған, жанымда жүрген достарым еді. Амал нешік, екеуі де өмірден өтіп кетті. Олардың боямасыз өмірі, өзара таза сүйіспеншілігі мені қатты толғандырды. Сондықтан бүгінгі жастарға үлгі болсын деген ниетпен осы шығармамды оқырманға ұсынбақпын. 
 Тағы бір шығармам «Жазықты-жазықсыз» деп аталады. Мұнда жазықсыз айыпты болып, түрмеде отырып шыққан әйелдің өмір жолында кездескен қиыншылықтарды жеңіп, өз орнын тапқаны суреттеледі.
– Сіз мәтінін жазған әндердің тыңдаушылардың көңілінен шыққанын білеміз. Әнге сөз жазу жөнінде не айтасыз?
– Кеңес өкіметі ыдырап, халықтың күнкөрісі қиындап, берекесі кете бастаған 90-шы жылдардың басы болатын. Біресе жарығымыз өшіп, біресе жылуымыз болмай, азық-түлік тапшылығы қысып, адамдар уақытында зейнетақы, жалақы ала алмаған кез еді. Ел басқарған ағалардың қолынан келер қайран жоқ. Келгендерді жылы сөз айтып, құрғақ уәдемен шығарып салады. Оның бәрін көзіміз көрді. Сондай күндердің бірінде «Ел басқарған ағалар» деген өлең жаздым.
«Елің отыр тарығып, 
Дағдарысқа бағынып.
 Жүрегіңді от қылып, 
Аспанына жақ үміт», – деген жолдармен өрілген өлеңіме белгілі сазгер Әли Алпысбаев ән жазды.
Содан кейін Әли Алпысбаевпен шығармашылық байланыс орнатып, көптеген әннің сөзін жаздым. Үш ән республикалық байқауда лауреат атанды. 
– Қашанда ойыңызды ашық айтып, пікіріңізді бүкпесіз білдіресіз. Айта алмаған, жаза алмаған ақиқаттарыңыз бар ма?
– Өзім 10 жылдан артық қызмет атқарған «Қазақстан-Заман» газеті бетінде қоғамда болып жатқан кереғар жайттарға байланысты көптеген «Қамшыбасар-тұжырымдарым» жарық көрді. Ар жағын айтпағанда, биылғы Қаңтар оқиғасы қабырғаны  қайыстырды. Қатты күйзелдік. 
Айта алмаған, жаза алмаған шындығым да бар. Бәрінің ақ-қарасы анықталар. Әрине, жылдар бойы тереңге дендеген жемқорлықтың тамырына бір күнде балта шабылмас. Алайда, ел болып, жұрт болып Президенттің жұмысына қолдау білдіруіміз керек. 
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Асыл Сұлтанғазы