ТАЛҒАР АУДАНЫНДА МАТЕМАТИК МҰҒАЛІМ ӨЛЕҢ ОҚЫП, БАС БӘЙГЕНІ ЕНШІЛЕДІ

Уақыты: 24.10.2022
Оқылды: 1625
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Ұлттық рухымызды көтеріп, Тәуелсіздігімізді ұлықтайтын Республика күніне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Талғар аудандық кітапханасы сөз өнерін әспеттеп, ардақтайтын жас ақындардың «Тілім менің ар-намысым, елдігім» атты жыр мүшәйрасы ұйымдастырылды.

Мүшәйраға оннан астам қаламы қуатты жас қатысты. Поэзия әлеміне қанат қаққан жас ақындардың жырын таразылауда тәжірибелі мамандар, «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Гүлнар Мамырбаева мен аудандық кітапхана директорының орынбасары, әдіскер Ризвангүл Тоқорзаева төрешілік етті. Ұзақты күнге созылған бұл шарада жалынды жырлар оқылып, олардың мән-мазмұны таразыланды.

Мерейлі мерекеміз – Респбулика күнін арқау еткен жас ақындардың жыр мүшәйрасында топ жарған таланттар анықталды. Атап айтсақ, қасиетті қара өлеңді бойына дарытып, табиғи талантымен танылған  Панфилов ауылдық округіне қарасты Төңкеріс ауылындағы №23 мектеп орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Ысқақ Оралбек салмақты ой, салиқалы жырымен жарқырап, ортасынан оза шауып, бас бәйгені иеленді.

Ал І орынды Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 4-курс студенті, талантты жас Бағжан Бақбергенұлы қанжығасына байлады. Жыр тиегі ағытылған мүшәйраның 2-орындарын Талғар қаласы Т.Рысқұлов атындағы № 9 орта мектептің физика пәнінің мұғалімі Әкиза Қастер мен Талғар жоғары медициналық колледжінің 1-курс студенті Нұрбек Жолдасбаев жеңіп алса, жүлделі 3-орынды қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Нұрәли Жарылқасын мен Бауыржан Майтай, ағылшын тілін оқытушысы Медетбек Ботагөздер бөлісті.

Шабытты жыр мүшәйрасында ынталы топ ұйымдастырушылардың Алғыс хатымен марапатталды.

Ұлбосын ИСАБЕК

Талғар ауданы,

Алматы облысы