КҮЙІНІШ ПЕН СҮЙІНІШ

Уақыты: 03.02.2023
Оқылды: 761
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Қазақ журналистикасы мен руханияты жолында саналы ғұмырын арнаған қаламгер, өмірдің әр сәтін бейнелі түрде сырлы жырларына қосатын белгілі ақын, сырбаз мінез иесі Кенжехан Рақышты жетісулықтар жақсы таниды. Айналасына мейірім шуағын сеуіп, жақсы лепестегі ізгі ниетін білдіріп жүретін қаламгер өрімтал жасынан салалы саусағына қапсырған қаламын бүгінге дейін жан серігіне айналдырды. Осы орайда сексеннің сеңгірінше шыққан Кенжехан ағаның кейінгі уақытта жазған бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Күйініш пен сүйініш

Өмірім тасып аққан өзен еді,
Таптырмас іздегенге дерек еді.
Жүргенде шекараның аржағында,
Тәңірім тайғанатпай жебеп еді.
Іші тар, жақсылықты көре алмайтын,
Найзасын жауыққандар кезеп еді.
Білмеді берекесіз үрген иттер,
Әркімге бұл дүние кезек еді.
Жүріппін жортуылда жолаушылап,
Тағдырым өзгелерден бөлек еді.
Соны да сөз қылатын кейбіреулер,
Жақсылар қолтығымнан демеп еді.
Астыртын аярлықпен жауығатын,
Қоғамға мұндайлар да керек еді.
Әйтеуір оралман деп, оралған деп,
Көбінің алдын орап тежеп еді.
Абайдың осы тұста болмағаны-ай,
«Ит үріп, керуендер көшкенменен»,
Әлгілер қараулыққа себеп еді.
Ақыры Тәуелсіздік таңы атқанда,
Шаттыққа айналаны бөлеп еді.
Мақалдап болмысыңды менің халқым,
«Сары алтын – сабыр түбі» деген еді.
Заманның қызығы да, бұзығы да,
Түбінде мен жазатын өлең еді.     

         ***

Білмеймін жаным неге алаңдаулы?
Елесі өткен күннің қараң қалды.
Шарлаған шекараның арғы бетін,
Жүректі түрткілеген санам қалды.

Бұл өмір алаңдаумен өтер ме екен,
Жастықта көрген қызық бекер ме екен?
Ғұмырды сексен жылдық сызып тастап,
Бір күні жан алғыш та жетер ме екен?

Тұра ма соның бәрі өкінуге,
Уақыт жазмшымды өшіруде.
Сиынып жаратушы бір Құдайға,
Тегінде тура келер «бекінуге».

Өйткені келер күнге көз жетпейді,
Қияңқы маубастарға сөз де өтпейді.
Әйтеуір айналайын немерелер,
Сүйгізіп беттерінен шөлдетпейді.

ҚҰБЫЛЫС

Тас төбемнен төнеді шаңқай жарық,
Мен де арқамды тосамын оңтайланып.
Көргім келген көзімді ұялтады,
Қаумалайды сәулелер өңкей жарық.

Сиынамын сескеніп Жаратқанға,
Бір құдірет тәнімді аластауда.
Бойым сергіп тіксінем құбылыстан,
Тұрып келе жатамын таң атқанда.

***

Сынығы едім асылдың,
Мыңдаған таңды атырдым.
Жазығым не, Тәңір-ау,
Ұйқымды неге қашырдың.

Пейілін сынап жақынның,
Мазасын алып ақынның.
Байқайыншы дедің бе:
«Қайтер екен батырың?»

Биік ем, төмен басылдым,
Сексені жетті жасымның.
Бергеніңе қанағат,
Жазымышыңа мақұлмын.

Б-ға

Оянсам туатын ерте күн,
Білінер сол күннен ертеңім.
Жайлау жайқалған шалғын ем,
Жасырын оттықпен өртедің.

Бәрібір тамырдан өнермін,
Ақындық аты бар өнердің.
Жүресің ылғи да ор қазып,
Кім түсер оныңа, көремін.

ЕСІК

Жабылса да бір есік,
Ашылады бір есік.
Өтпелі мына өмірде,
Жүресің ылғи күресіп.

Қағылса да бір есік,
Қағылмайды бір есік.
Көлеңкедей қалмайды,
Жаманшылық ілесіп.

Кіру қиын есіктеп,
Сығайласаң тесіктен.
Сұсты біреу төрде отыр,
Тап береді кешіксең.

Қабатталған қос есік,
Бірін ашып, бірін жап.
Сақтық керек мұндайда,
Бөлмеге кір қырындап.

Қабылдаса дәметіп,
Қоқандаса төрдегі.
Пара алмаса бұл жолы,
Төрдегінің өлгені.

Ашылатын есік бар,
Жабылатын есік бар.
Кірер болсаң есіктен,
Хабарымды естіп бар.

НЕМЕРЕМЕ

Қайғылы өлең жазба деп,
Қайғырасың өзің де.
Таяу күндер атаңның,
«Кететінін» сездің бе?

Алла жазса түбінде,
Жүрер жолың оң болар.
Нәзігім менің, күйінбе,
Тәңірім өзі оңғарар.

Жер түбінде жатсам да,
Күнәлардан арылып.
Пейіште мейлі тозақта,
Жатармын сені сағынып.

АЙДАНАҒА АЙТАР СӨЗ

Өмірге келген бала деп,
Айдай болсын дана деп.
Қыз біткеннің бәрінен,
Көрікті болсын дара деп,
Атыңды өзім қойып ем,
Бөбегім – «Айдана» деп.

Мәпелеп сені тербеттім,
Қуантып көпті ержеттің.
Ақылыңнан айналдым,
Айдидарлы келбеттім.
Үйленген мына күніңе,
Өлең жазып бермекпін.

Атасының еркесі,
Апасының еркесі.
Думан күнің бүгінгі,
Жаз-жайлауы, өлкесі.
Алма-кезек сүйелік,
Жақындашы, беркелші.