КӨҢІЛГЕ ҚОНҒАН ҚОҢЫР ӨЛЕҢ

Уақыты: 21.05.2023
Оқылды: 1104
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Жетісу жерін жырға бөлеп, еліне ақық жыр ұсынып келе жатқан қазақтың аяулы қызы Гүлбақыт Қасеннің «Қоңырөлең» атты поэзия кеші өтті. «Janr» әдеби клубының дәстүрлі оқылым кейіпкерінің жырлары жан толқытып, жүрек тебірентті.

 Өлең өлкесіне сапар шегіп, поэзияның саф ауасымен тыныстаған көпшілік, ақынның:

«Жанарымда – бүтін ғалам, жүрегімде – жарты әлем,
Өлеңіммен егіз – өмір, сөзбен биік мәртебем.
Өлеңшөбі құмарлыққа сүңгітеді шайырды:
табиғатта да толғатады...
қара тас та мәрт ерен», – деп басталатын «Қоңырөлең» жырынан тартып, сан жылғы ізденісінің жемісі болған жырларға шөл қандырды.

«Janr» әдеби клубының төлжобасында дарынды оқушылар өлең оқыды. Туған жерге, елге деген асқақ махаббат пен өткенге деген ұлы сағыныш, табиғатқа іңкәрлік тұнып тұрған жырлар көпшілікті тебірентті. Махаббат пен ізгілікті өзінше жырлайтын Гүлбақыт Қасен жырлары көпке таныс. Оның мөлдір ойлары, орамды байламдары аталмыш кеште тіптен жанға самал естіргендей болды.

Жетісулық ақын-жазушылар, аталмыш әдеби клуб мүшелері көрермен болған рухани кеште Талдықорған қаласындағы №4, 17, 18 орта мектептің оқушылары мәйекті жырды мәнеріне келтірді. Атап айтсақ, Айғана Бердіхан, Марзия Нұрислам, Ерасыл Нұрдаулет, Мубина Нұрқасым, Бибінұр Әделбаева, Әлібек Мерекеұлы, Абылай Абайұлы. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаздар Мәдина Жомартқызы, Әйгерім Қанатқызы сынды жас өнерпаздар көпшілікті сүйсіндірді.  

Рухани шара барысында белгілі қаламгерлер Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым ақын қыздың шығармашылығы жайлы салмақты пікір білдірді.  

– Жүрегімдегі қоңыр өлеңімді аялап, әлдилеген, маңдайымнан сипаған баршаңызға шексіз ризашылығымды білдіремін. Өнерлі оқушылардың киелі сахнаға шығуына мүмкіндік берген мектеп басшыларына алғыс айтамын. Мемлекеттік қызметтің жауаптылығын сезінемін, ол жерде «өлең жазатын едім» деп еркелеп жүруге еш болмайды, елге адал қызмет ету жолында аянбаймын. Жүрегімді кірлетпей, өлеңімді өбектеп келемін, – деген кеш кейіпкері де көпшілікке алғыс жаудырды.

Ақын поэзиясына тобықтай байламман «жайнақ жыр» деп баға берген әдебиет өкілдерінің сауалы қойылды. Сандықшада жасырынған сырлы сұрақтарға бүкпесіз жауап берген шайыр кеште көпшіліктің көңіл көкжиегін кеңейткендей көрінді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ