Көзіне көкжиектің жас алдырған

Уақыты: 14.04.2018
Оқылды: 1697
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

IX. Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ. 

Жүрегімен жыр жазған ақындардың тұлғалық болмысы, өмірінің ізгі тұстары, ел үшін еткен еңбек, төккен тері, шығармашылық қуаты мен туындыларының інжуі сынды ұлттық рухымызды көтеретін дүниелерді айшықтауға бағытталған зерттеулер жүйелі жазылып жүр. Бұл тұрғыда сыншылар танымдық материалдар мен әдеби портреттерді жемісті бедерлеуге зейін қойды. Мың бұлақтың тамшысындай айнымас, өзгермес, бір-бірінен бөле-жаруға келмейтін ұқсас қолтаңбаларды да олар типтеп, жекелей даралап көрсеткісі бар. Адами түйсіктік қателік пен күпірлігі бар шығармалардың, яки, авторлардың ағаттығын аттап өтіп, ондай туындылардан сырт айналып барып жалаң рецензияға ұрынудың әдеби зерттеуге, ғылыми үрдіске тигізер үлесі қаншалықты қомақты?! 

Орайы келген соң көптен бері көңілде жүрген ой жүлгесінен азды-кем сыр суыртпақтап, біз осы не жазып жүрміз, нені айтқымыз келді, қаламгерлер жіберген кемшілікті ақтаймыз деп оны жастарға үлгі етіп алмайық деген мәселені «құлаққағыс» ету мақсатында айтылған-ды.
...Сан жылдар жылыстап, талай көктем қоңыр белді көкорай шалғынға орап алып, жанды жаратылысқа өмір сыйлауда. Жақсының жақсылығын айтып нұрын тасытар жомарт жұрттың қалам ұстаған арда азаматтары алдыңғы толқынға ақтілеулі асыл сөзін арнап, кейінгіге кенді кеудесінен ғибратты сыр ұсынып, бағыт сілтеуде. Бірі кешегі өткен толағай тұлғалардың шығармашылығынан кең ауқымда хабар берсе, бірі жазылған туындыларын жарқырата көрсетуге, оқырманға өзгеше қырынан танытуға ден қойған. Ал біздің мақсат – бір өлеңнен ақын әлемін айшықтап беру ғана. Сондықтан да тоғыз тараулы дүниенің толғамды арнасын тірлігінде кең жаһандай кең құшақты, кең пейілді қалпынан айнымай, қаршадайынан поэзия өнеріне адал бола білген Мырзабектің Кеңшілігіне бұрдық.
Біз сол ұрпақ – өртеңге өскен көк құрақ,
Соғыс көрмей, көргеніміз көп бірақ.
Зіл-заласы соңындағы соғыстың,
Санамызға батты біздің қаттырақ, – деп жырлаған Кеңшілік Мырзабеков жазушылар арасында «соғыстан соң туғандар» деп аталып кеткен ақжал толқынымен тау қопарардай буырқанып келіп, түбіндегі бар жақұтын руханият жағасына лақтырып кеткен теңіздей көрінген буын өкілі. Жұматай Жақыпбаев, Жарасқан Әбдірашев, Нұрлан Оразалин, Шөмішбай Сариев, Ибрагим Исаев сынды бірқатар ақын-жазушылар, міне, осы буынның өкілі саналады. Бұлар қазақ поэзиясында өз қолтаңбасын қалдырып, өлмес өлеңдерімен жыр десе алабөтен күйге енер, тақты ханның қадірін де ақыннан артық көрмес елдің арда азаматтары қатарынан көріне білді. Солардың сапындағы Кеңшілік Мырзабеков өзінің айрықша ізі, иірімі нәзік жырларымен оқырман жүрегін жаулап, кітап болып миллиондардың қолтығында жүріп, басында жасталған болатын.
Рас, Кеңшілік Мырзабеков соғыстан кейін өмір есігін ашқан. Балалық шағы сұрапыл қырғыннан кейін ес жия бастаған, көкке ерні тимей тілерсегі дірілдеген танадай мүшкіл тіршілікті қайта түзеуге күш жұмылдырған қазақ халқының ауыр бейнетін, азапты күнін көрумен өткен-ді. Сондықтан да болар, ақын шығармашылығының тұтас бір үзігі соғыс тақырыбына, елдің мұңы мен майданнан жолдасын күткен жесір мен әкесін аңсаған жетімдерге, жалпы айтқанда, жаралы жүрегін келер күнге жалғаған жангешті кешегілерге арналған.
Қарағым, біздің баста да, 
Қарлығаш дәурен көп тұрмас.
Қанатсыз қалсақ масқара,
Қанаты барлар жақтырмас, – деп жырлаған Кеңшілік поэзиясы нәзік те нәркес иірімге, адам көңілін толқытар татымды тіркес, тұңғиықтан тұндыра тартқандай терең теңеулер мен ғажайып баламаларға толы. Ақын шабыты шалқыған шақтарда: «Көзіне көкжиектің жас алдырған, мен көрдім керемет бір сағынышты», – деп табиғатпен тілдесе отырып артта қалған сол дәуренді сағынса, ендігі бірде «Бақыттың, бақтың, рахаттың құны бір тиын, бір мысқал мұңы болмаса егер адамның», – деген парасатты пайым жасайды «Бір мысқал» атты жырында. Ақиқат емес пе?! Адам баласы жаратылысынан тез бойкүйездікке салынғыш, рахатты дүниеден тез жалтарғыш һәм шаршағыш келеді ғой.  Егер адам баласының басында төбеге түскен шөкім бұлттай мұң болмаса ол жалған дүниеден тез безініп кетер ме еді, кім білсін. Бәлкім, сол мұң болғандықтан да шығар адамның бақыт пен бақты сезіне алатындығы, түйсіне білетіндігі.
Хош, жалынды жырымен жылуы қашқан талай сарысүйекті қыздырып, қатқан буынды босатып, жүректі шымырлатқан, зерделі оқырманның дүниетанымын зау биікке ұмсындырып, зеңгірдей кеңейте түскен ақынның әр жырына тоқталып, оның шайырлық қуаты мен ерекшелігін, пайым мен парасатын, өлеңді ойнату, түйінді темірқазықтай шегендей бедерлеу сынды қасиеттері жайлы ұзын сонар ойдың желісімен біртараулы дүние тудыруға болар. Бірақ біздің мақсат ол емес екендігін әлқиссада «әйгілегенбіз». Сондықтан да кең жаһанда қырық үш жыл сайран салып, халық сүйген ақын болуды қаршадайынан сезсе де, тіршілік тамырының бүлкілдеуін қырық үшінші ақ ұлпалы қысында тиянақтаған ақынның біз сүйген бір өлеңімен нұр әлемін танығандығымыз жөнінде сыр суыртпақтайық.
«Іңкәр дүние» атты алғашқы жыр жинағы мен «Менің мұңым – махаббат» кітабы арасындағы бірнеше кітаптағы Кеңшіліктің кеудесінен жақұт болып төгілген талай туынды оқырманды рухани шөліркеуден сақтап жатқандай көрінетіні бар. Өйткені ол кәусардай мөлдір, зәмзәмдай нәрлі шығармалар. Ал енді әр ақынның қолтаңбасы мен оның ерекше сүйген жанры немесе тақырыбы қандай деген оймен Мұқағалиды сырласудың шеберіне балап, Тұманбайды махаббат пен адамгершілік тақырыбындағы лирикалық толғамдар жазуға, Қадыр Мырза Әліні философиялық байламдар жасауға құштар деп жіктеп, қазақ поэзиясы өкілдеріне, оның шығармашылығына кең көлемде барлау жасайтын болсақ, Кеңшіліктің нәзік те нұрлы шығармашылығынан талай дүниені алға тартарымыз хақ. Дегенмен оның ең сүйіп жазған шығармаларының басым көпшілігі баллада! Тіпті, ол 1987 жылы «Балалық шақ балладалары» атты кітап жазып, осы бір ғажайып туындысын зерделі оқырманмен қауыштырған болатын. Ал туған жерге деген сүйіспеншілік пен өмірге іңкәрлік, лирика сан түрлі толғаныстар басым аталмыш жыр жинағы зерттеушілер тарапынан жоғары бағаланғандығын да айта кеткен абзал.
«Сені ме сені, сені ме сені, сенбеймін саған сұм жалған, Бір күні мені жалғыз тамшыдай –жылт еткізесің жылғаңнан», – деп өмірге өкпе айта отырып ақиқатты астарлап қана жеткізген сыршыл ақынның сананы селт еткізген бір өлеңі таңдайда қалды, санада жатталды. Ол – «Біз кедейміз» жыры.
Біз кедейміз ыңыршағы айналған,
Дүниеге емес, дүние ділі ойлардан.
Біз кедейміз, біз не дейміз, бірақта,
Алдыңғы ұрпақ шыға алмаса қайраңнан.
Біз кедейміз жан дүниеміз жалаңаш,
Біз кедейміз, ал кедейлік шала мас.
Біз кедейміз, ал кедейлік көрсоқыр,
Ашпа-жалап  айналаға қараған.
(Ақыл-ойдан кедейліктің қимылы,
Әрі оспадар, әрі ожар, әрі оғаш), – деп басталатын ақын жырына келгенде бір деммен оқылып келе жатқан кітап түгесілмей қалған-ды. Кітап беті тарс жабылған. Көз сүрінген. Көз емес-ау миға сыналап кіргізбесе, мың ойланса да қабылдамайтын, рухың мен дәтің қабылдауға шыдатпас ақиқат болған соң жүрегің не күйге түскенін аңдай алмай, өзім сүрінген едім. Ақын неге ыңыршағы айналған кедей екенін айтады да, дүниеге емес деп келте қайырады. Оған қоса «дүние ділі ойлардан» деген ғажайып байлам жасайды. «Міз» жалғауын жалғаған соң «неге кедей екен?» деген сұрау салу ессіздік болары сөзсіз. Жалпылама айтылған соң неге кедейміз онда?!  «Алдыңғы ұрпақ шыға алмаса қайраңнан», – деуінің астарында не жатыр? Кешегі бірін-бірі сатып жіберген қасиетті қалам иелері, жұрты зиялы тұтқан Алаштың біртуарларының өрескел қателігі мен тыңдағанды тыжырынтар, естігеннің есін алар әрекеттерге қарата айтқан шығар деп бір түйдік іштен.  Ал енді келесі шумаққа дау айта алмаймыз. Астарсыз ақиқаты сол, кедейлік – көрсоқыр, шала мас! Ал ондай адамның кімге қадірі бар, кедейліктің қимылы – әрі оспадар, әрі ожар, әрі оғаш! Бұл бұтарлауға келмес дүние, парасатты пайым.
Біз кедейміз, киімге емес, асқа емес,
Көңіл күй ме?..
Оны да ешкім пәс демес,
Қос-қос жүзік, қос шығыршық
қос-қостан.
Саф-саф алтын, 
саф-саф алтын, қоспа емес,
саф-саф алтын, саф-саф күміс,
саф бәрі,
Сонда да бір әлдененің жоқ нәрі.
Біз кедейміз, не нәрсеге кедейміз,
Ойымызға орала ма ол жағы? 
Кеңшілік ақынның кеңшілігі сол дүниеден неге сонша тарыққаны, нені көксегені зерделі оқырманның ой-түйсігінде бұғынып жатқан, айтуға аса ауыр шындық секілді. Тіпті, «ұлт болып ойланатын дүние-ақ» деп айтқың келетіні жасырын емес. «Саф-саф алтын, саф-саф күміс, саф бәрі, сонда да бір әлдененің жоқ нәрі», – деген тармақтар қанағатсыздықты көрсете ме, әлде адамның рух-жанының аңсауындағы бір рахат күйге деген ынтызарлықтан туындаған ба?! Ал ойланып көр! Бұл арада біз жай ғана жұмбақ жасырғыш кейіпкердің образын ғана сомдайық...
Оралмапты...
Біз кедейміз, кедейміз,
Кеш ойлансақ, кедей емей не дейміз?
Адамзаттық ақыл ойдың алдында, 
Кәне, кімбіз, тұт жалаңаш емей біз? 
Қос сұраулы сөйлеммен тиянақталған «Біз кедейміз» өлеңінің ұзын-ырғасы осы ғана. Біреулер үшін көз жүгіртіп өте шығатын ұйқасы шымыр, астарында әлденелер бүркелген, азынаулақ татымды тіркесі бар қалыпты өлең қатарында болуы мүмкін бұл туынды. Алайда, сөз құдіретіне сана жетелете алсақ, осы бір туынды қазақ руханият, әдебиетіне, ұлттық поэзияға орасан зор үлес қосып, ақындық қуатымен мұқым елінің асыл перзентіне айналған асқар таудай арда шайырдың заманаға тіксінбей айтқан сыры мен мұңы жатыр. Оның не екенін, ақынның нені меңзеп, қай тұрғыдан кедейдің күйін кешкендігімізді толғағанын тағы да патша көңілді, парасатты елдің құзырына қалдырдық. Сонда біз неге кедейміз осы?!
 
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ