Бүгін Шөмішбай Сариевтің туған күні

Уақыты: 15.04.2025
Оқылды: 181
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Биыл көрнекті ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері Шөмішбай Нағашыбайұлы Сариевтің туғанына 79 жыл толып отыр (1946–2021). Ол — Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың, «Платиналы Тарлан» және «Жыл Адамы — Алтын Адам» сыйлықтарының иегері, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі.

Шөмішбай Сариев Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) тәмамдаған.

Еңбек жолын Қазалы аудандық «Ленин туы», кейін Арал аудандық «Толқын» газеттерінен бастаған. Қызметін «Қазақстан» баспасының редакторы, «Жұлдыз» журналы бөлімінің меңгерушісі, сондай-ақ ҚР ҰҒА Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми, аға ғылыми қызметкері ретінде жалғастырды.

Алғашқы өлеңі 1974 жылы жас ақындардың «Балауса» жинағына енген. Өмірінің соңына дейін ақындықты, әдебиетті өрістетумен болды. «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» сынды авторлық бейнетаспалары мен ғылыми еңбегі саналатын «20-ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы поэзиясы» атты монографиясы — мұра болып қалды.

Шөмішбай Сариевтің қазақ және орыс тілдерінде он беске жуық кітабы жарық көрген, 300-ден астам өлеңнің авторы. Сонымен қатар ол Г. Гулиа, О. Берггольц, И. Абашидзе, С. Викулов, Ф. Алиева секілді шетелдік ақындардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның «Теңізден соққан жел» атты өлеңдер жинағы хинди тіліне аударылып, үнді оқырмандарына да жол тартқан.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: stan.kz