Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ: "ЖАҢБЫРДАН ДА ЖАНҒА БІР ЖЫЛЫЛЫҚ БАР"

Уақыты: 20.08.2019
Оқылды: 2134
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Көктем. Ызғырық

Нұр шуағын төксе де күн үздігіп,

Терістіктен соғады бір ызғырық.

Қыстан қалған ызғарды жібіткелі,

Күлімдейді гүл қыздар уыз қылық.

 

Шуда бұлттар шұбайды кеңістіктен,

Тусырап тұр көгіне өріс біткен.

Сұм ажалдың сұмпайы деміндей боп,

Бір ызғырық соғады терістіктен.

 

Қызыл итке жем болып қызғанғаның,

Қыстан әрең шыққандай күзгі арманың.

Тітіркеніп жағаңды көтересің –

Көктемде де сезініп ызғар барын.

***

Наурыздың  жаңбыры  бүркіп жауды,

Таң ертелеу бозарып,

түн тұлданды.

Бүршік жарды тал-терек басын иіп,

Самалынан көктемнің сыр тыңдалды.

 

Ақ тамшыға мүлгіп тұр жуынып тал,

Теріскейді ықтайды бұғынып қар.

Арқа-жарқа болар күн алыс емес,

Жаңбырдан да жанға бір жылылық бар.

 

Ақ қар, көк мұз, аязбен жағаласып,

Қыстан шыққан жұрттың да қабағы ашық.

Көкжиекке жетем деп тауға өрлеген,

Көк тұманға сіңеді жол адасып.

 

Табиғаттан бұла өскен кеміс көрмей,

Гүл-бақшама тәңірім өріс бергей.

Наурыздың жаңбыры бүркіп жауып,

Көктем жылап көк белмен көріскендей.

 

Құлазыған әлемге нұр сіңдіріп,

Алыстағы арманға ұмсындырып.

Үлбіреген үр қыздай үміт-көктем

Тағы келді, жалған-ай, күрсіндіріп.

***

Қараңғылық зорайды түн еленіп,

Жүрек дүрсіл қағады үрей еніп.

Қарауытқан таулардың қалқасынан

Келе жатты жартастар түрегеліп.

 

Қарағайлар қойнаудан тұрақ тепсе,

Бұлықсиды тұншығып бұлақ шетте.

Жарық күнде жаныңнан қалмайтұғын

Ғайып болды көлеңкең бір-ақ сәтте.

 

Жұлдыз да жоқ қарайтын көктен күліп,

Өліара шақ. Ай-дағы кеткен құрып...

Қабаржыған қара түн қалтыратып,

Танытып тұр өкпек жел өктем қылық.

 

Көз үйреніп көре алмай бір анықты,

Мойындауға бейіл боп түн-алыпты,

Дем тарылып, құлауға шақ қалғанда

Әудем жерден бір сәуле қылаңытты!

***

Қабағыма қараған қайран анам,

Енді өзіңдей қамқор жан қайда маған?!

Ойламағам мен сенен көз жазам деп,

Жабырқауда жазирам жайнамаған...

 

Өмір мәні шынымен күресу ме,

Күресу ме, тірлікпен тіресу ме?..

Ақылыңа мұқтаж боп абдыраймын,

Ай өтуде өзіңсіз, жыл өтуде.

 

Өмірге бір, бақиға екі сенсек,

Екі дүние арасы – бекінер шек.

Қолымыздан келері жұма сайын

Құран оқу, қол жаю... жеті шелпек.

 

Қабағыма қараған қайран анам,

Енді өзіңдей қамқоршы қайда маған?!

Қара орманым өзіңсіз қабаржиды,

Қарлығашы, бұлбұлы сайрамаған...

Әнші

Асаба жасап, артына қойдық көпшікті,

Керіліп мүлде, өсіп те кетті төс тіпті.

Жұтынған кезде жұлдызға теңеп мақтап ек,

Ботадай бала – бақадай әнші боп шықты.

 

Бақырған даусын даңғаза шумен жұптады,

Ақылы бар мен татымы зордан ықпады.

Теледидардан көсіліп сөйлер бұ бейбақ

Бабаның жырын, ананың мұңын ұқпады.

 

Тобырларға арнап шатпағы менен тақпағын,

Қалы кілем қып шалшығы менен батпағын,

Ботадай бала  – бақадай әнші боп шықты,

Шаң қауып қалды талантты қауым шап-шағын.

 

Байлық та, бақ та, атақ та, тақ та алынды,

Бақадай әнші көсем боп елге танылды.

Күлге аунағанды үлде мен орап бүлдеге,

Жаратқан ием, апыр-ау, қалай жаңылды?

***

Адам-кейіп ырылдап аңдар маған,

Суға кеткен жандаймын тал қармаған.

Тілеулес жан аңсайсың қиналғанда

Жаны ашымас жақының жаудан жаман!..

 

Жаудан жаман!

Жақын боп жарытпайды.

Өзегіңді өсекпен жаныштайды.

Бірлігіңнен іздейді бәле-жала,

Түндігіңнен төнеді таныс қайғы.

 

Солқылдатып соқта-мұң миыңды, Алла-ай,

Еш қызыққа жүресің күйің болмай.

Жүрегіңді жаншиды бір ауырлық,

Жат болғаны жақынның қиын қандай!..

Хазар жыры

Шақыртуын қабыл алып Мәліктің,

Түркияда туыстармен жолықтым.

Анадолы аспанында қалқыған

Хазар жырын қазақ жыры деп ұқтым.

 

Ал жырлайын қанат қомдап, мен де ептеп,

Қарамайын қара өлеңге ермек деп.

Өзектіге өмір берген өлең-жыр

Елазықтың аспанын тұр өрнектеп.

 

Тамырыңда қанмен ойнап наз ақсын,

Жырсыз ғұмыр ғұмыр емес, тозақ шын.

Жүрегіңді жібектейін желпіген

Қайран өлең, қайда да сен ғажапсың!

 

Сана сергіп, сан қиялмен сөз өрем,

Жадыратып жан әлемді жаз ерен.

Көңіліңе көктем нұрын саулатып,

Қарлығаштай қалықтайды қара өлең.

 

Өлең ғана билік етсін бар елге,

Ақыл айтып қарттарға да, өренге.

Базар мұңын ұмытайық, біз бүгін

Хазар жырын паш етейік әлемге!

 

Кең дүние кесірліктен босасын,

Келешектен кемел күндер тосасың.

Адамзатты адалдыққа үндейтін

Қара өлеңнің қағанаты жасасын!

Біркөлік

Табиғатты үлде менен бүлде қып,

Тамылжыған қай жерлерде жүрмедік.

«Мені де бір көріңдер» деп қарсы алды,

Жарнамасы аз жадыраған Біркөлік.

 

Шілде шіркін аптап демін үрлесе,

Суға түсіп жібермейміз күнге есе.

Қымыз ішіп, сыр шертісіп жатырмыз,

Біркөлікке көлікпен кеп бірнеше.

 

Пейілдер мен ықыластан жасарып,

Рухани бір демалыс жасадық.

Бұл сапардың еселенді салмағы

Балтақара ақсақалдан бата алып.

 

Сәуле құйып санамызға сан үміт,

Жігерлерді сенімдерге жаныдық.

Ғайып ерен Қырық шілтен қорған боп,

Қазығұрттың қасиетін таныдық.

 

Зиярат қып әулиелі жерлерге,

Бірге шықтық ылдидан да, өрден де.

Тағзым етіп, аят оқып иілдік,

Киелер мен Иелерге сенгенде.

 

Тіршіліктің түйіндері күрмеліп,

Жүрген кезде үміт шоғын үрледік.

Жүректерге жүк түсіреген салмақты

Сабырымен азайтқандай Біркөлік.

 

Кім кетпеген ат арытып, кім келіп,

Жарнамасы аз жымияды Біркөлік.

Дүниеге дүр жаңа боп қарайсың,

Жүректегі зілмауыр жүк бір кеміп.

 

Таңғажайып таң дидарын бір көріп,

Жолға шықтық жадыраған күнге еріп.

Ағалардың аманаты секілді,

Қыр басында қол бұлғайды Біркөлік.

ЫСТЫҚКӨЛ

Қырғызда бір жан бардай күткен асық,

Сүр етті жол-жөнекей тіске басып,

Тобымыз жазылмастан үш үйлі жан

Сау етіп түсе қалдық Түптен асып.

 

Араға керек болмай тәржімашы,

Қырғызбен қауыштырды ән-жыр осы.

Жағада жарқ-жұрқ етіп күтіп алды

Ақ бауыр Ыстықкөлдің қарлығашы.

 

Ұшығын ұстай алмай кеткен іздің,

Сүңгідік құшағына көк теңіздің.

Бір сәттік шаршаулар да ұмытылды,

Теріміз төгілмепті текке біздің.

 

Толқын боп жағалауды ұрады арман,

Мөлдір су арылтқандай күнәлардан...

Ыстықкөл Жаратқанның маржанындай

Таулардың арасында тұна қалған!

 

Көз арбап, көңіл аулап сұлулығы,

Көргендей құдіретті туындыны.

Тамсандық тіл-аузымыз байланып қап,

Жеткізе алар ма екен жырым мұны?

 

Тереңі айналғандай жан сырына,

Сүйгіздік бетімізді толқынына.

Айдынның ақ төсіне бауыр төсеп,

Қалқисың қанат бітіп қолтығыңа.

 

Суымен шайылғандай жүрек мұңы,

Арудың анадайдан дір етті үні.

Қымсынбай құшағына орайды кеп,

Жағада жылы леппен жібек құмы.

 

Тұмарын сыйлағандай заңғар мекен,

Бір әнін әуеніме жалғар ма екен?..

Арманға Ай астында қол тигізген

Жалғанда Ыстықкөлдей көл бар ма екен?! 

***

Болмысы жаралмаған шер кешуге,

Туыстың арасында – делбе сіңбе...

Бетпақтай безереді беттескенде,

Кетпектей кесір жатыр кеудесінде.

 

Қоғамға ыңғайланып күң-сияғы,

Көре алмай биігіңді тырсияды.

Қашырып кешірімшіл сезіміңді,

Жасырып жылан-уын жымсияды.

 

Сендіріп сан жақынын өсегіне,

Сиқырмен айнала алар «көшеліге».

Таратқан зәһар-тамыр мұндай жанның

Жаратқан өзі жетер есебіне!

 

Достарың сап түзей ме қасыңдай көп...

Кеудеде кесір жаққан басылмайды от.

Көрдемше атанған соң әуел баста,

Өлгенше өтер ме екен осындай боп?!

КЕШЕ

Өткенің ешқайда кетпейді. Өткенің де,

Кеткенің де сенімен бірге, сенің мәңгі бүгінің.

У.Фолкнер.

Ойдағыңды өлшемге

Тағдыр мүлде салмайды.

Бүгініңді Ертеңге

Кешегі ісің жалғайды.

 

Қалай жеттің бұл күнге,

Ертең құшақ жая ма?

Бүгініңді бүлдірме,

Кешегіңді аяла!

 

Кешең сенің көшелі,

Жәдігерің шыңдаған.

Өткеніңмен өседі,

Түзіледі жылнамаң.

***

Мұңайтпайды суша ағылған құмсағат,

Қуантпайды жасыл әлем – шырша, бақ...

Қаламгер көп, таскеуде қып тастаған,

Ақындығын пенделігі тұмшалап.

 

Қайсымызды қайда әкетті қай ағын,

Мен өлеңді адалдықпен боядым.

Жағымпаздың ода-жырын көргенде,

Арып-азған «ақындығын» аядым.

 

Өліп-өшіп құрастырар өлеңді,

Дастанды да шимайлайды көлемді.

Мінбелерде күркірейді кеуде ұрып,

Бірақ ақын бола алмайды ол енді...

***

Кеген бе екен мына су,

Кеген бе екен?

Таяз ба екен табаны, терең бе екен?

Таңсәріден біздерді мұнда әкелген

Сағыныштан сарғайған өлең бе екен?

 

Иір-иір мына су өзен бе екен,

Іздеп келгенімізді сезер ме екен?

Елу асып алпысқа таянған шақ –

Жер ортасы дейтұғын кезең бе екен?

 

Перзентіне біздерді теңер ме екен,

Балалық шақ елесін көрер ме екем?

Қарасаздан басталған қасиеттім,

Қилы ойларға батырды-ау нелер бөтен!

 

Кеген бе екен мына өзен,

Кеген бе екен,

Ырызғымды жағаңнан терер ме екем?..

Уақыт боп барасың жылжып ағып,

Жас күнімдей жағаңа келер ме екем?..

Кеген бе екен мына су,

Кеген бе екен?..

Көктем көшті

Жаз да келді, көктем көшті,

Естен сызып ескі өрнекті.

Емексіткен елестерді

Қуамын деп өкпем де өшті...

 

Ән сызылтып қурай да епті,

Қалың бақты сырнайлы етті.

Арман көктем, ару көктем

Алматысын қимай кетті.

Шуақ, нұрын шектемеді,

Жаңбырын да төкпеледі.

Қимай кетті Алатауын,

Қимай кетті Көктөбені.

 

Әнге қостым таңын жырлап,

Жанды әлдилеп тәлімді ырғақ.

Келер жылы оралам деп,

Көктем көшті қолын бұлғап...

***

Жаялықтай сарғайған соң жасыл бел,

Жанардағы тамшы жасын жасырды ел.

Кәрі еменнің сықырлатып сүйегін,

Жапырағын жұлмалады тасыр жел.

 

Сарнатады сары-ала күз бір күйді,

Көңіліңнің бос қуысын үңгиді.

Алды-артына бір қарамай алаңсыз

Күндеріңнің керуені сырғиды.

 

Күз аңдатып өткен, өшкен өмірді,

Жапыраққа төккізеді шеріңді.

Кеткен жазың оралмайды қайтадан,

Бауырыңа ап туласаң да еріңді.

 

Өткен – алыс, ал ертеңің жақын-ақ,

Қабаржисың қаймана елді бақылап.

Айналада – алаңсыз жұрт,

Ал бақта –

Сары ала күз...

Сап-сары ала жапырақ...

***

Өткен шаққа болған жоқпын өтімді,

Көрген жоқпын қырғын соғыс, қантөгіс.

Алдымдағы ағаларым секілді,

Бастықтардан алдым мен де сан сөгіс.

 

Мақтана алман жалын ек деп жанатын...

Айқыш-ұйқыш болсадағы жол біздің.

Оңашада оқып еске алатын,

Хаттарын да сақтамаппын сол қыздың.

 

Келер таңды кеуде сыздап сағындық,

Тікен қоршау құшағында гүл аттық.

Шырт түкірмей арымызға бағындық,

Түк бітірмей... КСРО-ны құлаттық.

 

Ел үстінен күн көрген соң күпсініп,

Шікірейген шенділерге кектендік.

Коммунистер қылығынан тіксініп,

Орталықтың ойранынан сескендік.

 

Көне дәптер көп сыр айтар жыр сіңген,

Қырлы стақан... бір тартасың ащылай.

Көкірегі қарс айырыла күрсінген

Қайран біздің қапы қалған жастық-ай!..

 

Жер ортасы

Тірлік – керуен , өмір – көш,

Ілуде бір көңіл – хош...

Елеңдетіп ертеңге

Келеді екен елу бес.

 

Өткеніңнің бәрі елес,

Жете алмайсың мәреге еш...

Көпір үсті – көңілің,

Жас та емессің, кәрі емес.

 

Бұрылмайсың жыртаққа,

Оралмайсың гүл-шаққа.

Амалдайсың әрнені,

Алаңдайсың ұрпаққа.

 

Ұрынбайсың тентекке,

Қызықпайсың ертекке.

Жаратпайсың жалғанды,

Жүрген сынды ел текке.

 

Желік бітсе досыңа

Ән салмайсың қосыла.

Жігіттік шақ кетті ме,

Жер ортасы осы ма?..

Кәдірбек ҚҰНЫПИЯҰЛЫ

6 маусым, 2017 жыл

Сурет ғаламтордан алынды