"ҚИЯЛЫМНЫҢ ЖЕЛЕГІН ЖЕЛКЕН ЕТТІМ": ЖҰМАБАЛА БАЛАҚАРАНОВАНЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Уақыты: 07.03.2020
Оқылды: 1899
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Тұмса табиғаттың әрбір көрінісіне қырағылықпен жанар қадап, әр тіршіліктің көктемде дүр оянып, құлпырғанын да, базары тарқаған тіршіліктің тұнжыр тартқанын да ақын жаратылысы ең алдымен байқары және сол саф бейнені мінсіз бедерлері әмбеге аян. Бәлкім, ақын жүрегі сезім мен сезімталдық қасиеттің символы да шығар?! Бүгінде жүрегінен жыр туындатқан, өлең өлкесінде өзіндік ойын қалдырып жүрген жандардың қарасы қалың. Солардың қатарында өзі ұстаз болып, сан шәкіртке білім берсе де, қасиетті қаламды жанына серік еткен Жұмабала БАЛАҚАРАНОВАНЫҢ поэзиясында өмірге деген сүйіспеншілік, өлеңге деген адалдық менмұндалай көрініс беріп тұрады. «Жалын атқан, жалындатқан жастық шақта, əй, қалай, жүріп алдым, əсем жырлар, тұнығыңды байқамай?» – деп өзі жырлағандай, өлең өлкесіне кештетіп ат басын бұрса да, Жұмабала Балақаранова «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп хакім Абай айтқан қағидаға сай, өз өлеңдерін аса жауапкершілікпен мөлдірете жазып келеді. Осынау нәзік жанды ақынның жырларын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Табиғат – көңіл

Ерекше бүгін түрге еніп,
Табиғат тұр тұнжырап. 
Ашушаң тамшы сыр беріп, 
Терезені ұрғылап. 

Осындай тылсым кездерді,
Жақтырмайды жаным тек. 
Жүрегім сыздап сыр берді, 
Жабырқау тартты жер мен көк. 

Құстардың бүгін үндері, 
Естілмейді ерекше. 
Жайдары жаздың күндері,
Сіңіп кетті ме белеске?! 

Осыған төзім жетпей тұр, 
Көңілім бейжай күйге енді.
Самарқау сезім кетпей тұр, 
Сезімді нəзік мұң жеңді. 

Сезімтал жүрек шарқ ұрып, 
Жайдары күнді іздейді. 
Сазгер сезім əн қуып, 
Шуақтан үміт үзбейді. 

Табиғаттың заңында,
Жаздан кейін күз дейді. 
Күздің де əрбір таңында, 
Шуақты күндер «жүз» дейді. 

Қилы-қилы замандар, 
Көңілге сызат салады. 
Пейілі дұрыс адамдар, 
Қыстан да шуақ табады.

Айыптама, асыл жыр

Асыл жырлар, айтпақ сырлар, анамдайсың сен менің, 
Жабырқасам не мұңайсам, желеп-жебеп дем бердің. 
Кеш аштым да ақындықтың маған деген есігін, 
Сенімсіздеу, кібіртіктеп есігіңнен енгенмін.

Сыршыл, нəзік сезімімді сұлу жырлар тербейді,
Осалдықпен сол жырларды тастап кеткім келмейді.
Рас, жалғыз, өз-өзіммен қалған кейбір сəттерде 
Ақ кептердей арман жырлар жүрегімді кернейді. 

Жалын атқан, жалындатқан жастық шақта, əй, қалай, 
Жүріп алдым, əсем жырлар, тұнығыңды байқамай? 
Тəріздімін өзіңменен тым кештетіп кезіккен, 
Шалқар шабыт, жасын жырлар сезімдерді шайқаған.
 
Орта жолдан асқанымда мен өзіңмен кезіктім, 
Сонда-дағы қадірің мен қасиетіңді тез ұқтым. 
Өзің жолдас болдың менің жүрегіме, жаныма, 
Сенің сырлы құдіретіңді мен кешірек сезіппін.
 
Əлдиледің, аяладың, мені, жырым, тербеттің, 
Ерекше бір шабыт беріп, маған қалам серметтің. 
Кеш келсең де өміріме, менің нəзік жаныма, 
Ертіп алып, еркімді алып, кен кеудеге төрлеттің.

Шырт ұйқыда жатсам кейде тереземді қағасың, 
Сан оятып сезімімді, жанды баурап аласың.
Талай-талай терең сырды жазып тастап дәптерге,
Көңіл тыншып, лəззаттанып, содан рахат табасың!

Ақындықтың ауылына атақ үшін келмедім, 
Жазбасыма, асау көңіл, маған ерік бермедің. 
Жазған жырым, айтпақ сырым біреулерге ой салар, 
Кеш келсем де бұл əлемге айып ете көрмегін!

***

Өлең, сөздің бағасын, 
Өрелілер біледі. 
Өресі жоқ надандар
«Ақын көп» деп күледі. 
Өреліге кез келген, 
Өлең өмір сүреді. 
Өлеңменен тербелген, 
Сезім сылқ-сылқ күледі. 
Аялаған сезімді, 
Адам сүйер аймағын. 
Барлық сынға төзімді, 
Өлең – сөздің қаймағы. 
Сезімі жоқ адамға,
Өлеңі не, сөзі не? 
Түкті білмес наданға. 
Асылы не, бөзі не? 
Қызғалдақтай құлпырған 
Сезім - жанның ажары. 
Сезім гүлі қырқылған 
Жан азғындап, азады. 
Сезімсізге бəрі бір, 
Қуаныш та, азап та.
Бұл өмірде бəрі жүр, 
Реніш те, ғажап та. 
Соның бəрін саралар 
Жаны нәзік адамдар. 
Түсінер тек даралар, 
Түсіне алмас надандар. 
Айналаңа, өмірге,
Ақын көзбен қара сен. 
Ақынжанды адамға 
Айналаның бəрі əсем! 
Ақын жанның сезімі – 
Сезімнің ең сұлуы. 
Баршаға ортақ ақынның 
Жүрегінің жылуы.

***

Шабытым, кейде тастап кеткендейсің,
Арындап кейде басып өткендейсің.
Кей кезде алып ұшқан асау көңіл, 
Тұлпардай көсілесің, дес бермейсің. 

Шым-шымдап, кейде шабыт шымырлайсың, 
Өлеңсіз, өр көңілім, жылынбайсың. 
Дауыл боп алай-дүлей соғып өтіп, 
Бар істі тындырғандай жымыңдайсың.
 
Көңілде кейде тұнған шерді бұзар, 
Өлеңде сол дауылдың өрлігі бар. 
Дауылдың бет қаратпас мінезіне,
Ақынның төтеп берер ерлігі бар. 

Өлеңде күллі əлемнің ғажабы бар,
Сансыратқан мұң-шерің, азабың бар. 
Өмірде жасық туған жандардың да, 
Тағдырдың тəлкек еткен мазағы бар. 

Өлеңде шашбаулардың сыңғыры бар, 
Балбұлақтың нәп-нәзік сылдыры бар. 
Аялап, ардақтайтын əр шаңырақ,
Өлеңде нәрестенің былдыры бар. 

Өлеңнің түрлі-түрлі шапаны бар, 
Өлеңде ақындардың атағы бар. 
Елжіреп табиғатқа нұрын төккен, 
Рауандап шыққан күннің шапағы бар.

Өлеңде асқар, биік тау əні бар,
Бұлбұл құстың балауса əуені бар.
Құлпырып қырқаларға сəн беретін,
Қырмызы қызғалдақтың ажары бар.

Өлеңде не іздесең, бəрі де бар,
Өлеңде сұлулардың сəні де бар. 
Нəп-нəзік үлбіреген раушан гүлдей,
Өлеңде ақындардың жаны да бар. 

Өлеңмен дос болғандар жалықпайды. 
Көңілі ешқашанда қамықпайды.
Бар сырын қаламымен бөліскен соң, 
Қанаттанып шабыты шарықтайды. 

***

Сездім де нəзік сезім тербеткенін, 
Ойымды өлеңменен өрнектедім. 
Қаламмен ары-бері із қалдырып,
Аялап сол сезімді, жөргектедім. 

Өмірдің сараладым тың беттерін, 
Санаммен бағаладым сыр өткелін.
Өмір қанша талқыға салса-дағы, 
Мен өзім өзгермедім, сол беттемін.

Кешіріммен қарадым дұшпанға да, 
Күйзелмедім тағдырым қысқанда да. 
Сөйтіп жүріп бірталай белден өттім, 
Көмек бердім, дем бердім ұшқандарға. 

Алдымда талай-талай белес тұрды. 
Тағдыр соған жетуге егестірді. 
Қажырымды қамшылап, қайрат беріп, 
Қиялымды тұлпарға теңестірді.

Арманымды жүргендей төркіндетіп, 
Өткенімді кеземін, еркім кетіп. 
Кейде отырып самалдап, салқындаймын, 
Қиялымның желегін желпілдетіп. 

Ризамын, бір Алла, бергеніңе, 
Жақсы-жаман өмірден көргеніме. 
Ел-жұртымның мұратын мәңгілік қып,
Амандық бер артымнан ергеніме.

Дәстүр

Дəуір мен дəуір алмасты,
Заман мен заман жалғасты.
Халқымның салты, дәстүрі,
Сонда да ұмыт қалмапты.

Жас сəби туса қуанып, 
Жұрттан сүйінші сұралып.
Мəре-сəре боп бар ауыл, 
Шілде жасайтын құралып. 

Аллаға дәйім сыйынып, 
Барша жақсылар сүйініп. 
Бесікке салып сəбиді,
Той жасайды жиылып. 

Қаз-қаз басқан бөбектің,
Қуанышы көп ед тым. 
Тұсауын кесіп жүйріктер, 
Жиылып тағы той етті. 

Ат жалын тартып мінсін деп, 
Ел қатарлы жүрсін деп. 
Сүндеттейтін ұлдарын, 
Мұсылмандықты білсін деп. 

Тұлымшағы желкілдеп,
Бəсіресін мінсе, көлкілдеп. 
Той жасайтын балаға, 
Ержеткенін ел көрсін деп.
 
«Үлкендермен кеңес» деп, 
Ұрпағын ойлап келешек. 
Текті жердің қыздарын, 
Таныстырушы еді ересек.
 
Жүректері қаласса, 
Көңілдері жарасса, 
Құдандал боп кететін, 
Құйрық-бауыр жесетін.
Құдалықтары жарасып, 
Талай жылға кететін. 
Өнегелі бұл істері, 
Ұрпақ-ұрпаққа жететін. 

Тектінің аты текті ғой! 
Талай тектілер өтті ғой. 
Өмірдің өзі мысал ғып, 
Абайды беріп кетті ғой. 

Салтымның өзі текті еді. 
Қандай заманнан өтпеді?! 
Жаңарып,түлеп, көркейіп, 
Бізге де осы жеткені. 

Киелі дəстүр-салтымның, 
Тереңіне бойлайық! 
Келешегі халқымның, 
Ұрпақтың қамын ойлайық!

***
Қайран менің жас шағым, жарқылдаған, 
Ойға-қырға салсам да алқынбаған. 
Шымырлаған қайратым судай тасып, 
Небір істен қаймығып, тартынбаған!

Қайран менің жас шағым, жалындаған! 
Жас тұлпардай қуаты арындаған. 
Қай істі де қасқайып қарсы алатын, 
Ешбір жанға тізерлеп жалынбаған!

Қайран менің жас шағым, ойнақтаған! 
Жақсы-жаман,бар-жоқты ойлатпаған. 
Өмірімнің ең қымбат жақұтысың.
Теңдесі жоқ,мен үшін қымбат бағаң!

Қайран менің жас шағым, жанған өрттей!
Арманымды самғатқан биік көкке.
Өткізіппін өзіңді тыпырлаумен, 
Ел қатарлы тырбанып, жүрмей текке.

Жастық шағым өтті деп өкінбеймін. 
Қайтып бер деп Алладан өтінбеймін. 
Бала-шағам жалғасы жастығымның, 
Солар аман болсын деп мен тілеймін! 

Жас шағымды жап-жақсы өткізіппін. 
Ойда-қырда шаруамен көп жүріппін. 
Өкінбеймін қартайып қалдым-ау деп. 
Қартқа жету арманы көпшіліктің!

Жұмабала БАЛАҚАРАНОВА

Алматы облысы