БАҚЫТ ЖАҒЫПАРҰЛЫ: "ЖАНЫМДЫ ЖЫЛЫТШЫ, КӨКТЕМІМ!"

Уақыты: 17.04.2020
Оқылды: 2847
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Өлең-ғұмыр

Өлең, өлең өмірдің барлығы да,

Сәске түс пен қараңғы, таң нұры да.

Жырға айналып кеткендей жақпар тастар,

Жасыл желек жайлаудың шалғыны да.

 

Гүл көмкерген қара жер, анау аспан,

Уақыт та әр күнді ала қашқан.

Өлең болып сөйлейді ақша бұлт та,

Солар жайлы жаза алсам жаңа дастан.

 

Қиқар құлын кісінеп желідегі,

Қосақталған қос бұзау мөңіреді.

Көгендегі қозы-лақ жамырасып,

У-шумен абыр-сабыр төңірегі.

 

Қазақтың қасиетті даласында,

Өлең боп ағып жатыр қара су да.

Қыз-жігіт өлең айтып сырласып тұр,

Әнеки алтыбақан аясында.

 

Бір арқар шың басында керіліп тұр,

Аңшы жігіт ол да атын тебініп тұр.

Күзгі бақтың сан алуан жемісіндей,

Соның бәрі өлең боп төгіліп тұр.

 

Қансонарда із кесіп құмай тазы,

Түлкі тағдыр жаныңды мұңайтады.

Өлең өріп, өмірді өрнектеген,

Мен жайлы соңғы өлеңді кім айтады?

 

Жаңбыр жыры

Антынан аласармай сезім шынар,

Айдынның тереңінде төзім тұнар.

Аспан болып күрсініп, жасын төккен,

Бәлкім, бұл сенің мөлдір көзің шығар.

 

Таласа татып гүлдер нәр шырынды,

Қайың тұтас сімірсе тамшы мұңды.

Ақ жауын боп құйылып, ағыл-тегіл,

Ақтарып тұрған сен бе бар сырыңды?!

 

Мөлдір моншақ себелеп тамса құмға,

Сексеуілдің тамыры тамсануда.

Сағынышы сейілер, шөлін басып,

Қиядағы қарағай, аршаның да.

 

Жаңбыр жырын жаңғыртып, орман түлеп,

Құйқылжытып құс біткен ән салуда.

Күн күркіреп, найзағай жарқылынан,

Кемпірқосақ керілсе тау шағылға.

 

Ақ жаңбыр арасынан қол бұлғай ма?

Сартап болған сағыныш, аңсарым да.

Тамшы емес, тереземді ұрған түнде,

Жоқ, әлде, сенің нәзік саусағың ба?! 

 

Иең қайда, ақбоз ат?!

(ағаны аңсау)

Қалың шырша, қарағай Түргендегі,

Сендерге аян, кім кетіп, кім келгені.

Асының жайлауына қой өргізіп,

Жан бауыр, Жақан ағам  жүрген жері.

 

Құлазып тұр қия шың, тасы, бәрі,

Сағыныш, шерім қалай басылады?

Жұртына өз қолымен жасап кеткен,

Шатыр-қос бүтін бе екен Асыдағы?

 

Жайқалып тұр ма гүлдер төсіңдегі,

Көрініс қандай көркем кешіңдегі.

Жақан ағам таратып тарихыңды,

Айтатын соның бәрі есімде енді.

 

Қатпар-қатпар қайғыны қозғадың деп,

Жазғырасың, сөгесің, несін мені.

Саған барсам езілер ет жүрегім,

Сондықтан шалғын жайлау, кешір мені.

 

Жылдағыдай желпініп бара алмаймын,

Барғанмен бауырым жоқ, маған қайғың...

Күз келіп ен жайлаудан ел қайтқанда,

Көкемнің көшін күтіп алаңдаймын.

 

Көңілге медет тұтып көп жолдасын,

Іздерінен іздейсің көз жазғасын.

Көшкенде жүгін артып бурылына,

Алыс жолға мінетін бозжорғасын.

 

Ақкөңіл, ниеті пәк, адал аппақ,

Өсіп ем өнегеңді, аға, жаттап.

Екінтіде ер салып ақбозыңа,

Ұлыңа сыр шертіпсің аманаттап.

 

Бір түйсік болды ма екен өн бойыңда,

Қандай үкім тұр күтіп жол бойында?

Тағдырыңның талқаны түгесіліп,

Бақиға бірақ кеттің сол бойында.

 

Ағам өрген қамшы мен шідер қайда?

Ер-тұрманың, бастағы жүген қайда?

Сапарлас, соңғы жолдас өзің едің,

Иең қайда, ақбозат, иең қайда?

 

...Жайқалып тұр ма гүлдер төсіңдегі,

Жазғырасың, сөгесің, несін мені.

Саған барсам езілер ет жүрегім,

Амал не, Асы жайлау, кешір мені!

 

Ұлыма сыр

Жүр балам, Хан жайлауға апарамын,

Тыңдарсың жол-жөнекей сапар әнін.

Қазақтың мал ырысы, малы бағы,

Мал баққан арғы баба-аталарың.

 

Жаз жайлау Шалкөденің қойнауында,

Малшылар абыр-сабыр той қамында.

Қыз қуып, көкпар тартып, бәйге тігіп,

Бір қызық басталатын қойлы ауылда.

 

Сыр шертсем атакәсіп әлемінен,

Жөргегімнен таныс ем әдебімен.

Ат құлағында ойнаған ағалардың,

Қимылына қызыққан бала едім мен.

 

Одан бері қаншама жылдар өтті,

Ұршық уақыт бірдемде зырлап өтті.

Қоңсы қонған байырғы малшылардың,

Дәм таусылып талайы «қырға» кетті.

 

Мына сай – Кеңбұлақ деп аталады,

Қасқа жол көне жұртқа апарады.

Сырын бүгіп ішіне әрбір күннің,

Жатыр әне тауымның жоталары.

 

Төрт түлік қанып ішіп ақ тұмадан,

Кеңбұлақ моншақ суын атқылаған.

Бұл жер ұлым, мен өскен алтын мекен,

Шыбықты ат қып мініп шапқылағам.

 

Мөлдір тамшы сырғанап ақ тастағы,

Жіңішкенің қосылып ақ бастауы.

Кеңбұлақ өзеніне қозы-лақты,

Тоғытып, жасаушы едік көп тоспаны.

 

Ерлер-ай, еңбек еткен нақ күшпенен,

Бейнетқорлық басыма бақ құс деген.

Өргі жақтан, анашым Кеңбұлақтан,

Су таситын иіліп әкпішпенен.

 

Ерте тұрып, ылғи да жай жататын,

Мамаағашқа қаңтарып әйбат атын.

Менің әкем шөлдеген жолаушы үшін,

Күнұзаққа биені байлататын.

 

Әңгіме айтса жүрегін ән кернеген,

Жұбататын біздерді ән, термемен.

Қой емес-ау, ой бағып отыратын,

Әкемнің бір құрдасы Әукен деген.

 

Болсын ұлым, санаң мен зерде мықты,

Талай пенде бұл қырды дөң көріпті.

Қыраттағы дәл мынау көне қорым,

Амал не, насихаты кем болыпты.

Мұқағали ақынның түп атасы,

Мақатай қарт осында жерленіпті.

 

Тізгініңді теже, сәл аялдайық,

Бұл фәниден бәрі де болар ғайып.

Аруақтар рухы үшін аят оқып,

Тіршілікке тәубе етіп амалдайық.

 

Өткеннің бәрі тарих, бүгін аңыз,

Әр белестен талай сыр ұғынамыз.

Ал енді атыңа мін, Сарытөбеден

Өткенде Жіңішкеге бұрыламыз.

 

Ардақты ақсақалдар ғұрыпқа бай,

Өнеге жол қалдырған жүріп талай.

Менің сәби кезімнің суретіндей,

Көзіме ыстық осы Жіңішке сай.

 

Тайымды қырдан-қырға ойнақтатып,

Кеңбұлақ пен біресе Жайдаққа асып.

Қиялыммен арманға қанат байлап,

Өрістен қайтқам талай қой қаптатып.

 

Қабағына мұз қатқан мына жартас,

Қайғыдан қарсы айрылып жылаған тас.

Асауға шалма салып, атпен бірге,

Тұрбектің Тоқтасыны құлаған тас.

 

Демеймін бағанадан жүрдік босқа,

Ауыздықпен алысып құйғыт қасқа.

Қолтығын сөгіп көргін құнаныңның,

Ал қане, тез жетейік кіндік тасқа.

 

Жайдақ – ол  берекенің қамбасындай,

Бағзы бір көш керуеннің жалғасындай.

Алтын кен, Қара аршамен, Айғайтастың,

Алқабы жатушы еді малға сыймай.

 

Ата-баба ізімен жүріп қайтқын,

Әкең өскен мекенді біліп қайтқын.

Бұл жерге кім келмеген, кім жүрмеген,

Көкейге қасиетін іліп қайтқын!

 

Алматы

Алатауым, сағындым ақ бұлтыңды,

Көңіл құсым жетсем деп көп бұлқынды.

Мен саған мәңгі ғашық екенмін ғой,

Сағыныштың азабын шектім түрлі.

 

Сенде өткіздім алаңсыз жас шағымды,

Сағындым ақ жаңбырлы аспаныңды.

Менің нәзік жанымды баурап алдың,

Ей, Алматым, сағынам басқа кімді?

 

Алысқа ұзап  шықсам жат санама,

Сені аңсап, жанарымнан жас тама ма?

Әлемнің бар жақұтын жиып-терсе,

Сендей сұлу бола алмас басқа қала.

 

Қанша ақындар жыр жазды сөзі жақұт,

Кету қиын қасыңнан аз уақыт.

Ару қала Алматым, Алатауым,

Сенде ғұмыр кешудің өзі бақыт!

 

Көктемім

Ойыма оралды өткенім,

Сен мені жазғырма, сөкпегін.

Боз таңнан бозарып тұрмын мен,

Жанымды жылытшы, көктемім.

 

Жерініп жаздың да бағынан,

Күз келсе мұң басып қамығам.

Дақ көріп қаңтардың қарынан,

Көктемім, мен сені сағынам.

 

Сейілтіп көктегі бұлтыңды,

Көктемім, аша ғой құлпыңды.

Жадырап, шаттанып күлейін,

Жадымнан шығармай бұл күнді.

 

Шерімді менің кім ұғынсын,

О, көктем, бәрінен сұлусың.

Болмаса нөсерлет дамылсыз,

Бар күнәм жаңбырмен жуылсын,

Көктемім!         

 

Музаға мұң

Жанымды жабырқатпа қоңыр өлең,

Қалай мен қоштаспақпын сеніменен.

О, Музам, бар шынымды саған айтып,

Басқасынан баз кешіп жеріген ем.

 

Қалт-құлт етіп қамығып күрсінгенім,

Ой мүжіген, қауқарсыз құр сүлдерім.

Жыласам да, биіктен құласам да,

Саған айғақ бар болмыс, тылсым демім.

 

Жақпаспын төреге де, қараға да,

Ағайын, туған іні, ағаға да.

Бірақ менің жүрегім қоңыр өлең,

Өзіңдей қамқор жанды таба ала ма?

 

Муза, саған неге айттым мұның бәрін,

Білесің бір айықпас мұңым барын.

Сен жайлы ойлануды тоқтатам мен,

Кеудеден ұшқан күні шыбын жаным.

 

Өмірдің әрбір атқан таңдарында,

Қия жол, асқар асу заңғарында.

Муза, саған шырылдап мұң шағамын,

Демімменен денемде жан барында.

 

Суық сезім

Дала суық, үй суық, суық бәрі,

Сықырлайды санаңның уықтары.

Сұрқай қоғам қамытын шешер емес,

Қылғындырып деміңді буып тағы.

 

Бір жылылық іздейсің алаңдардан,

Көшедегі қаптаған адамдардан.

Бірақ оны сезе алмай қалтырайсың,

Мейрімсіз сұп-суық жанарлардан.

 

Бірге туған ініге аға суық,

Бөбегінен безінген ана суық.

Әлпештеген әкесін аямайды,

Өзегінен шыққан өз баласы ұрып.

Өз-өзіңнен суынып, сұрқың қашып,

Күй кешесің күйініп, аласұрып.

 

Жылытпайды жүректі суық сезім,

Суық тиіп суланған тұнық көзің.

Дертіңе дәрігерден дауа бар ма?

Инеден бұрын сұқса суық сөзін.

 

Түз тағысы бөрінің түсі суық,

Балтырдан қапқан иттің тісі суық.

Оны қойшы, хайуан ғой...

Неге бірақ,

Ақыл-ойдың иесі кісі суық?

 

Мен атқұмар баламын

(Талшынның тақпағы)

Мен атқұмар баламын,

Қолға қамшы аламын.

Жаз жайлаудың кезінде,

Шалкөдеге барамын.

Ноқта, жүген, құйысқан,

Өмілдірік тағамын.

Атам өзі жасаған,

Ер-тоқымын саламын.

Күреңтөбел тай мініп,

Кең жазықта шабамын.

 

Шабандозбын мен деген,

Жарысатын желменен.

Күреңтөбел тайымның,

Құлақ түбі терлеген.

Ауыздықпен алысып,

Шапқан сайын өрлеген.

Батыр бабам барлығы,

Қолдан намыс бермеген.

Атпен қорғап жерімді,

Жауға қылыш сермеген.

 

Ат жаратып, баптаған,

Түбім түркі, Сақ бабам.

Жалғасымын солардың,

Қазақпын деп мақтанам.

Тай құнанға жеткізсе,

Құнан өсіп ат болған.

Тұлпар ерді сақтаса,

Ері елін сақтаған.

Тау қызымын – Талшынмын,

Атты көрсем шаттанам.

Адам болам мен ертең,

Ел үмітін ақтаған.

 

Балаларыма

Сендерді көрсем ұмытам қайғының бәрін,

Әрдайым аман болыңдар,  тай-құлындарым.

Жаратқан өзің жар болып перзенттеріме,

Татқыза көрме кермек мұң, уайымның дәмін.

 

Шат күлкімен қарсы алып әр ақ таңыңды,

Шытпаңдар қалқам, жабырқап қабақтарыңды.

Анаң мен әкең бақытты балапандарым,

Арман шыңына қақсаңдар қанаттарыңды.

Назарың түскен құлыңның қатарына алып,

Жебей көр Алла, қорғай көр қарақтарымды.

 

Көңілдерің-ай, кіршіксіз күлгенің күміс,

Қылықтарыңнан көремін күнде құбылыс.

Атымды менің жалғайтын кейінгі ұрпаққа,

Болса екен дәйім ұл-қызым түндерің тыныш.

 

Ақ сүтін емген ардақтап аналарыңды,

Қорғаңдар Отан, туған жер, далада гүлді.

Жүрегің таза болса егер, иманың күшті,

Береді Алла тілек пен қалағаныңды.

 

Туған жер

Шұғыла шашқан таң нұры,

Бораны, қары, жаңбыры.

Қырқасы, тауы, шалғыны,

Көзіме ыстық барлығы.

 

Өзіңде өскен бабам да,

Әкем де, менің анам да.

Туған жер, саған тең келер,

Жер бар ма байтақ ғаламда?!

 

Домбыра

Ғажап менің тарихым да, тілім де,

Ұмытқам жоқ, салт-дәстүрдің бірін де.

Аңыз, дастан, күй мен айтыс, жыр-терме,

Жеткен бізге қарт домбыра үнінде.

 

Құт дарыған қасиеті киелі,

Бүкіл қазақ домбыраны сүйеді.

«Нағыз қазақ» өр рухты домбыра,

Сыр ағытқан пернесі мен тиегі.

 

Сан ғасырдың қатпарындай шанағы,

Қос ішекті шертсе саусақ салалы.

Қоңыр үнді домбыраның әуені,

Дүбірлеткен мынау байтақ даланы.

Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ

Алматы қаласы