"ШЫБЫНҒА ДА ЖОҚ ЗИЯНЫМ": ЖҰМАТАЙ ЖАҚЫПБАЕВ ЖЫРЛАРЫНА ӘДЕБИ ШОЛУ

Уақыты: 18.05.2020
Оқылды: 1884
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Қазақ поэзиясы алыптарының бірі – Жұматай ЖАҚЫПБАЕВ, Есенин айтқандай, «өлеңім – өмірім» деп саналы ғұмырын жыр жолына арнаған шайыр. Ол өзінің отты жырларындай жалын болып, жанардан жасын атып, ғұмыр кешті. Айналасына өлеңнің өрісіне еркін ат шалдырған ғажайып талант иелерін топтастырып, «Жұматай қағанатын» құрғаны да әмбеге аян. Сол қағанаттың «саидтық» шенін алған ақынның қаламдас інісі, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, марқұм Қайрат ӘЛІМБЕКОВ кезінде осы бір естелікті жазып қалдырған екен. Осынау естелік 1991 жылы ақын шығармашылығы жайлы, өмірі тұрғысында жазылған зерттеу еңбектері мен көш-құлаш жинаққа енген. Жалпы, бекзат болмысты шайырдың асыл қасиеттері, ақындығы жайлы жазылған осынау жып-жылы естелікті оқырман назарына қайта бір ұсынуды жөн деп таптық. Бірге оқиық:

«Елуге келгендерді тойлағанда, елуге келмегендерді де ойлайық біз», – депті ақын Төлеужан Ысмайылов. Орынды уәж. Ал сол қазақ поэзиясының шаңырағына бір-бір уық болып қадалған ақындарымыздың уақыт озған сайын сиреп бара жатқаны да өкінішті шындық. Солардың бірі дарынды ақын Жұматай Жақыпбаев еді.

* * *

Жұматай аға жөнінде сөз қозғау маған ертерек те болар. Дегенмен, «игіліктің ерте-кеші жоқ» емес пе? Оның үстіне оның өзі құрған «неомонғол» қағанатындағы «саидтық» дәрежем де бұған құқық береді.

Мен Жұмағаңмен алғаш 1981 жылы ҚазМУ-де танысқан едім. Биофактың кең залындағы ақындармен кездесуге әдеттегідей біздің журналистика, көршілес тіл-әдебиет факультетінің студенттері көп жиналған-тұғын. Көңілді кеш аяқтала бере бәріміз бұрыннан көркем жырына тәнті болып жүрген көрікті ақынды қоршап алып, сұрақты жаудырып жатырмыз. «Ләйлә деген кім? Ол қандай жан? Кенежирен қазір қайда?» деген сияқты сауалдарымызға ағамыз ұяң, мейірімді жымиыспен ғана жауап берді. Мұндай құдіретті ақынмен емен-жарқын сөйлесуге именген біз өзінің түрі мен жырындай сұлу қолтаңбасын қанағат тұттық.

Содан-ақ біз бұл кісімен жиі жүздесіп, жақын араласып кеттік. Мен Жұмағаңмен дәм-тұздас болған он жыл ішінде оның көптеген сырлары мен жырларына қанықтым, бұдан әлдеқайда мол қыры мен сыры жұмбақ күйінде қалды десем болады. Мұның біразы өмір өте келе ашылар, бәлкім.

Осы еске алу қағазға түсерде біздің жігіттердің бірінің Мұқағали жайында: «Осы сыншылар қызық, Мұқаңның биігіне өресі жетпеген соң қоя қоймай ма. Газеттер шұбалтып Мұқаңның өз жырларын басқаны жөн еді. Бәрі өлеңінде тұр ғой!» – дегені ойға оралды. Жұматай ағамыздың жырлары да солай.

«Ноянмын мен де, шыбынға да жоқ зияным,
Қаршыға құстай қаршадай ғана сияғым.
Шұғынық гүлдің төркіні, бірақ сенікі
Қаруым барлық: арманым, ойым, қиялым!
»

Ақынның туған жері – «сал Қуандық сан жырлаған Сарноқай» – Талдықорған облысы Талдықорған ауданының «Жетісу» ұжымшарының елі де, жері де – қазақы қаймағы бұзылмаған шұрайлы мекен.

Жалпы, бұрынғы заман ақындары ел аралап жүріп, өлең айтып «қаламақы» тапса, олардың бүгінгі ізбасарларына өмір сүру қиын-ақ. Ақындық деген мамандық жоқ бізде. Сондықтан да амалсыз бір шаруаның құлағынан ұстайсың. Мәселен, журналистика. Мұның ақындардың сөз қадірін білуге біршама әсері болса да олардың өз еркімен жүріп-тұрып, шабыты келген шақта жыр жазуына кедергі де жасайтыны бар.

Мен журналистика саласындағы еңбектері ішінен өлең-баяндарына (очерктеріне) тоқталайын. Негізі, Жұмағаң аз жазса да, саз жазатын әдетінен мұнда да аумаған. Мәселен, кейіпкері шопан жігіттің ат ерттеп жатып: «Самолет жасай білгенмен ер-тоқым жасай білмейміз», – деп күйінуінің өзі көп нәрсе айтып тұрған жоқ па? Очерктің басты шарты – нақтылық пен көркемдік десек, Кербұлақ ауданындағы Шоқан атындағы ұжымшардың Еңбек Қызыл Ту орденді комбайншысы Бәкен Үсенов туралы өлең-баянын оқыңыз:

«Қанған соң неше жылғы қырдың шөлі,
Күнгейдің көз арбады ырғын шөбі.
Бидайы белуардан асқаннан соң,
Бір күн сал бригадир де, бір күн сері».

Бұл – ұзақ уақыт құрғақшылықтан кейінгі егіншілердің көңіл-күйі. Тағы тыңдаңыз:

«Көктемде жібіп кепкен кенезесі,
Иіктеп кеткен жоқ па жер өзі осы?!
Көгілдір суреттерді көрсетуде
Бәкеңнің экрандай терезесі.
Көкпенен жөңкіліп бұлт өтсе түрлі,
Тамшылар басқа тиіп көп секірді,
Жаңбырдың сытырынан артық әуен
Бәкенге жер жүзінде жоқ секілді»
.

Бұл, сөз жоқ, поэзия мен публицистиканың тоқайласқан тұсы. Енді алакөлдік балықшы Берікбол Сабдалинов туралы не дейді екен?

«Сырықша тура түскен жарық сынар,
Байлықты буалдырдан алып шығар.
Күніне көрінбесті іздеп тапқан
Әулие, әулие ғой балықшылар».
Мұны және былай дамытады:
«Зулаған құйрық шаншып тағы аңдай боп,
Болар деп болашақта маған бейнет,
Жатамыз кей күндері желдеп кеткен
Түйедей атымызды таба алмай кеп»
.

Әңгіме поэзия мен публицистика туралы ғой. Менің ойымша, Жұмағаңның «Көктеудегі көріністер, сұр тұсақ, қойшы бала және Гарсия Лорка» патетикалық балладасы осы екі жанрды тоқайластырған шығармаларының ішіндегі шоқтығы биігі. Сіз мұны таңданбай оқи алмайсыз. Ақын қазақи тұрмыстың бір көрінісін (тұсақтың өз қозысын алмай, сүзгілеу) сөз ете отырып, әлемдік деңгейге көтеруі бізге алысты жақындатып алып келгендей, айтарын тез түсіндіріп, ұқтырады.

«Тұрмағанмен фашистер күш ап бүгін,
Қайтпайды енді, Пиреней, құшаққа ұлың!
Отан емес, фашистік Испания –
Өз қозысын өлтірген тұсақ-тұғын!»

Иә, мынадай заманда ақындық пен журналистікті қатар алып жүру қиын дедік. Сондықтан да Жұматай облыстық газетте жүргенде қалай жаз шықты, солай редакторға өз еркімен жұмыстан шығаруды өтініп, арыз алып барады екен. Сонда бастық тұрып: «Не, Жұматай, біреу ренжітті ме, әлде басқадай себеп болды ма?», – деп сұрайды екен. Жұмағаң болса: «Кәрия, жаз шығып қалды, Сарноқайға барып ат жүгіртіп, өлең жазып қайтам ба деп едім», – дейтін көрінеді. Бастық: «Е, оның жарасы жеңіл ғой, демалыс не командировка ал», – десе, оған «мен ұзақ жүріп қалуым мүмкін» деп көнбейді екен. Ақыры бастық арызына қол қойып береді. Содан жаз өтіп, күз орталанған тұста Жұмағаң қайтып келіп: «Жұмысқа алуыңызды өтінемін», – деген арыз әкеледі. Бұған дейін лайықты адам табылмаған орынға қайта өзін алады. Сөйтіп осы жағдай бірнеше рет қайталаныпты дейді.

Жоқ, бұл күлкі де емес... Жұмағаң Үкімет ақынға жасамаған қамқорлыққа осылай ие болған. Ал есесіне атқұмар, көкпаршыл, қымызшыл ақын халқына қанша шаһқар (шедевр) дүние берді.

Жалпы Жұмағаң қай кезде де тапқыр еді. Қысылтаяңда «Жігіттер, біреу Чернышевскийдің «Что делать?» деген романын «Енді қайттік?» деп аударыпты», – деп бір күлдіріп алып, төте жолды көбіне өзі айтушы еді. Әшейіндегі әзіл-қалжыңдары қандай десеңізші?!

Өзі астанаға келер алдында қызмет істеген Талдықорған қаласындағы әріптес журналистермен қалжыңының өзі бір төбе. Бір-екеуін еске түсірейік. Бірде қызметтес, әріптес ақын досы Әбен Дәуренбековтің үйіне келгенде Гүлзада атты кішкентай қызын басынан сипап отырып былай депті:

– Айналайын, Гүлзада,
Арнайын саған бір жаңа ән,
Әкең сенің – экспорт,
Поштамен келген Құлжадан
.

Бұған қарқ-қарқ күлген Әбекең ризалықтан әңгімені өзі туып-өскен Қытай Халық Республикасына бұрған екен. Енді бірде облыстық радиодағы журналист досы Тоқтасын Сүгірбековке көшеде жолыға қалғанда:

– Ассалаумағаләйкүм, Суан ақын,
Қиярдың бөшкесіндей жуан ақын.
Сені көрсем боламын сүр жегендей,
Бірдеңең қалған жоқ па суаратын
, – деп әзіл тастапты.

Өмірде барынша еркін жүргісі келген ақынды тұрмыс шаужайынан ала беретіні бар емес пе? Оның үстіне жеңгеміз Зайда Елғондинова да белгілі ақын. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деген бар болса да, ең ғажабы, екі ақын бір-бірін түсінісіп, тату-тәтті тіршілік етті. (Оған өзіміз куәміз...) Екеуі, қыздары Айкүн үшеуі осы беріге дейін пәтерде күнелтіп жатты. Осындай жағдайда анандай ақындық, сал-серілік қалыппен журналистиканың қара шаңын қауып, тіршілік ету оңай да емес.

Жалпы Жұмағаңның әдетінде біреуді жамандау, ғайбаттау мүлде жоқ болатын. Айта қалса әзілге орап: «Күрішті жек көрем, оны күріштен де жек көрем», – деп қана қоятын.

Сол тұста біз оқыған ҚазМУ-де, ҚазПИ-де желкілдеп өсіп келе жатқан жас ақындар өте көп еді. «Таланттардың дәл солай шоғырлануы сирек құбылыс», – деп қазір әдебиеттегі аға буын дәл айтады. Мәселен, Ертай Ашықбаев, Шәмшия Жұбатова, Гүлнар Шәмшиева, Гүлнәр Салықбаева, Гүлбаһрам Жебесінова, марқұм Бауыржан Үсенов, Бауыржан Жақыпов, Светқали Нұржанов, Нұрлан Берғазиев, Нұрлан Әбдібеков, Қадірбек Құныпияев, Мұратбек Оспанов... Бұған ҚазПИ-дегі Жания Ералиева, Айсұлу Рүстемованы және басқа оқу орындарындағы бір шоғыр шайырларды қоссаңыз, үлкен бір жасақ шығады емес пе?!

Міне, осы жастардың рухани ағасы, жырдағы ұстазы болғандардың маңдай алдында Жұматай Жақыпбаев тұрды. Ол басымыз қосыла қалса өзі өлең оқып, біздерге оқытып, әрқайсымыздың болашағымыздан үлкен үміт күтетін. Осындай отырыстың бірінде Жұмағаң тарихтан біраз термелей келіп, «неомонғол империясын» құрғандығын, оған осы бәріміздің мүше, яғни бір-бір «ноян» болғандығымызды айтты. Біз бұл қалжыңды қуана қабылдадық. Нояндықтың мақсаты – жақсы жыр жазу ғана емес, осы әдеби қағанатқа жаңа мүшелер тарту да еді. Сөйтіп, бұл қағанат жыл сайын жаңа нояндармен толыға түсті. Ал алғашқы нояндар «саид» дәрежесіне көтерілді. Далай Қаған, яғни Ұлы Қаған – Жұматай ағамыз әзілдеп былай деуші еді: «Біз – жаңа монғолдармыз! Мына қазақтарға жыр жазуды үйрету үшін тудық. Басты мақсат – өлеңімізбен күллі әлемді «жаулап алу». Біз бұған кәдімгідей болып қалатынбыз. Қағанатымызға «мүше еместер» қасымызға келсе: «О, қазақтар келді!» деп қалжыңдайтын.

Негізі, Жұмағаңды өлеңінен бөліп алып қарай алмаймыз. Өзі қандай мінезге бай, мейірімді, әдемі болса, жырлары да сондай. Мен өз басым Жұматай жырларының мынадай қасиеттерін бөле-жара атар едім: Оның өлеңдерінің ә дегеннен көзге түсетіні – айрықша көркемдігі. Мәселен, басқамыздың өлеңімізді ақ-қара түсті теледидарға теңесек, Жұмағаң жырлары түрлі түсті теледидар тәрізді болып келеді. Оқыңыз:

«Алакөлең аршалы таудың қабағы,
Аспанмен жөңкіп сұр бауыр аппақ жабағы.
Бұйра шыңдардың бетімен қара көлеңке
Сорғышқа құйған сияша жылжып барады
». («Ләйлә». 7-б).

«Сіркіреп жауын секпілбеттеніп жер үсті,
Үйтастардағы қуысқа құстар қонысты.
Жапырақтарға көшпелі гауһар іркілді,
Шұғынық гүлдер алқызыл рюмка болысты
». («Шұғынық гүл төркіні», 9-б.).

Немесе:

«Аяп та сені аурумын қоса көптен мен,
Амалым қайсы азап та бірге шеккенмен.
Жазар ем сені, дәрі қайнатуға болмайды-ау
Өлеңдерімнің ішіндегі ғажап шөптерден». 
(Сонда, 62-б.).

«Жүректі басып, тоқтатып екі өкпемді,
Мейірімімді сол сәт жаңбырша саған төккем-ді.
Ғашық жандардың әдеті ғой деп көктемгі,
Сарғалдақ сонда қып-қызыл болып кеткен-ді
». («Ләйлә», 12-б.)

Мұндай әсем, қайталанбас суреттер Жұмағаңның әрбір өлеңінде дерлік кездеседі және бірлеп емес, қосарлап. Дегенмен, тағы бірін келтірейік:

«Өлкемде өсімдіктің ырғыны – гүл,
Мамырда қаптатады қыр мұны кіл...
Балалық... бұлдырайды гүл ішінен,
Тұрғандай теріс ұстап дүрбіні бір
».

Көріп отырғаныңыздай, бәрі сол түрлі түсті бояуымен көз алдымызға кес-кестейді, елестейді, тіпті түрлі гүлдің әтір иісі мұрын қытықтайды, сыбдыры құлаққа естіледі... Ақынның теңеу, метафораның хас шебері екенін ғана біліп қоймай, жасыл табиғаттың нәзік суретшісі ретінде де мойындайсыз. Негізі, ол – құлақтың емес, көздің ақыны. Соны білетіндіктен де өзі өлеңін оқи бермейтін, жаңа өлең жаза қалса, қағазға мөлдіретіп көшіріп алып не машинкаға бастырып ұсынатын.
Жұматай – халық ауыз әдебиетін де, жазба әдебиетін де жақсы біліп, соның жақсыларын орыс, шетел әдебиетімен салыстыра қарап, өз жолын тапқан ақын. Әйтпесе, оның мына шумағы тумас еді:

«Таңдай қызыл, құмдай сары, шымдай көк
Сан бояулар садақ сапша сынбай көп,
Жерге иілді – романтик ақынның
Қиялының траекториясындай боп
».

Жұматайды біз күйші ретінде де білеміз. Оның «Ләйлә», «Ләйлә келген», «Жұматайдың жұпбасары», «Қажытай» күйлерін қазір Секен Тұрысбеков тартып жүр. Басқа да күйлері бар еді, өзімен қоса кетті. Сүгір күйінің әсерімен жазылған «Көңілім, менің көңілім», «Той. Саржайлау», «Бомбейлік композитор. Құйын» өлеңдері классикалық үлгі ретінде халқына ескерткіш болып қалды деп батыл айтуға болады. Ал аңдап қарасаң, өлеңдерінің ырғағынан да музыка естіліп тұрады. Аллитерация, ассонанстардың жиі жолығысатынын айтпағанның өзінде ішкі ұйқастар қаншама?!

Мәселен:
«Тек сенбі мен жексенбіні жек көрем,
Сені маған көрсетпейтін күндерді
».
        * * *
«Сарноқайдың қазағы сауылдады, жиылды,
Сабалардан күпілдек сары қымыз құйылды.
Сусындары қанғасын, сақал сипап болғасын,
Сары тісті, ақ қасты сұңғылалар қиылды»
.
        * * *
«Балпық бабаң тұсында болып өткен шыңдағы
Айқастарды жырлады, таң атқанша тынбады.
Таң атқанша ел тыңдады, аусылдан да қыңбады,
Таң атқанда ұйықтап, тал түсте де тұрмады...»

Жалпы Жұмағаңның қазақ поэзиясына әкелген «жекеменшік теңеулерін» айтпағанда (ол ғылыми еңбектердің жүгі) тың өлең түр қалыбы да жетерлік. Сондай-ақ, бес буынды, он үш буынды өлеңді орнықтырудағы еңбегі зор.

«...Той қылған көпке інінің ерлігі дұрыс,
Көмектеп, көптеп көрсетер елдігін де ұлыс.
Риясыз думан өткізу ендігі бір іс –
Осыны ойлап сақалы, белдігі күміс –
Жол жорға мініп, келеді жазулы хаттар –
Тәкаппар, шешен, бөрідей азулы қарттар баяғы...», –
деп басталатын «Той, Саржайлау» және:

«Көмкеріп маусым біткенде қырқаны гүлмен,
Көк суы – қымыз көп ішіп жұрт әрі кірген.
Сарноқай тауда той болды – жиренім менің
Кермеде тұрды қалмақтың Бұрханы мінген
Сетері құсап, көзге ілмей жердегі майда
Ит  пенен  құсты.  Қайтейін, көрмедің, Ләйлә!»
, – деп басталатын «Ләйлә» жыр-шоғырындағы («Шұғынық гүл төркіні», 30-бет) жыры ешкімге ұқсамайтын формасымен ғана емес, айтар ойымен де ерекше тұр. Осы арада жылт еткенге жыр арнай бермей махаббатын салып Ләйлә образын сұлулықпен сомдаған ақын тұрақтылығы атап өтерлік. Жұмағаң, меніңше, Ләйлә жыр-шоғыры арқылы тек махаббаттың көңіл сезімін ғана емес, өзінің өмірге, тарихқа, қоғамға деген де көзқарасын білдіріп кетті. Жалпы «тек осы жыр-шоғыры үшін ғана ақынға Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығын беруге болады», – деп айтқан ақын Серік Ақсұңқарұлынікі жөн деп ойлаймын. Расы керек, енді оған сыйлықтың қажеті шамалы. Бірақ біз сол арқылы көркемдік талғамымыздың қаншалықты екенін танытамыз әрі «қонақты киіміне қарай қарсы алатын» да әдетімізден арылып болған жоқпыз ғой.

Сыйлық демекші, егер Жұмағаң тірі болғанда өзіне тән мейірімді жымиыспен: «Кезінде өзі тарап кетерін сезгендей, комсомол сыйлығын бермегені қандай жақсы болған, әйтпесе, қандай ұят болар еді»,– деп айтатын көрінеді. Осы арада тағы бір ұсыныс – енді біз Жұматай Жақыпбаев атындағы сыйлық, стипендия тағайындап, оны ең жас, әлеуметтік жағынан қорғалмаған ақындарға тапсырып отырсақ. Мұны Жазушылар одағы Журналистер одағымен бірлесіп ескерер деген үміттеміз.

Жұматайдың тағы бір қыры – жырдағы өзіне тән әзілге шеберлігі... Мәселен, ағасы Шора Кенежиренді сатып жібергенде:

«Көрмегенің жұрттан қалған мал білем,
Жиренім жоқ, енді менің қалды нем?
Жұрт ағасын айырбастай бастаса,
Шөке, сені өткізер ем алдымен»
, – дейді. Ал өзбек сұлуына арнауында:

«Бір мең үшін екі шаһар төлеген
Хафизша енді жомарт болсам жарады.
Мен де саған Шымкентті берер ем,
Әлібек дос қоса кетіп қалады»
, – дейтін шумақ бар. Ендігі бір тарихи тақырыптағы «Өкініш. Мангу ағашы» деген жырында:

«Жылқы жоқ жүрген теңіздей даланы кешіп,
Жат жұрттықтардан бұйырып тәбәрік-несіп.
Шортанбай жырау жек көрген үндінің шәйін
Төрт ғасыр бұрын тартты олар, амалы нешік?!»
– деп елеусіз ғана әзілдеп жазғанмен мұның арғы жағында үлкен зіл жатыр. Ол – тарихи жағдайлар.

Міне, тарихи сананы ояту – ақынның тағы бір қыры. Мұқылай, Сыба Сартақ, Шеруке секілді тарихи тұлғалардың іс-әрекетін екі жолға, не бір шумаққа сыйғызып, махаббат, не көңіл-күй лирикаларына елеусіз кіргізе салады. Бірақ арғы жағындағы салмағы сол өлеңді жай оқуға мұрша бергізбейді.

Жұмағаңның ұмытылып бара жатқан сөздерді жаңғыртуда да ерен еңбегі бар. Мәселен, өлеңдерін зер салып оқысаңыз, шерік, шаһар, әскере, ақсаң бәңгі, жасыл сеңсең, мыңсайрам тәрізді сөздердің тоттан арылып, жарқырап тұрғанын байқайсыз.

«Шығарған әр ғасырда даңқын ерек,
Қоямын мен олардың нарқын бөлек.
Рулар – көшпенді елдің полктары,
Ал маған «полкым» емес, халқым керек»
.

Осы өлеңдегі позиция Жұмағаңның ақырына дейінгі ұстанымы еді. Қағанаттағы қыз-жігіттердің бәріне бірдей қарады. «Үш жүзге бөлу әкімшілік территориялық бөліністен туған. Бізге осыны сезіну жағы жетпейді, жігіттер. Бізге бірігу қажет», – деп отыратын.

Жұмағаңның өлімі бізге ашық күнде найзағай ойнағандай әсер етті. Тіпті сенгіміз де келмеді... Далай Қағанымыздың арадан кетуі көп ой салды. Соның бірін айтайын. Жазушылар одағы жалпы ақын-жазушылардың тіршіліктегі бет-бейнесін қалдыру үшін бейнеқұрал (видеокамера) сатып алуы, сол арқылы олардың өмірдегі бейнесін ұрпаққа жеткізуі жөн. Сондай-ақ ақын-жазушылар музейін ұйымдастырса. Мұның, бәріне қаржыны үкіметтен сұрау қажет. Өйткені ақынды жалғыз анасы туғанмен, оның еңбегі халық-ананікі ғой. Қалай десек те, халық нағыз ақынын түбі өзі тауып, танып алады. Сондықтан да:

«Бір жігіт кермиық жүз барда,
Маңайын өзіне қаратып,
Мені оқыр басқа бір қыздарға,
Космос ішінде баратып»,
– деп жазғанындай болады әлі. Ақын туралы сөз енді басталады ғой өйткені.

Қайрат ӘЛІМБЕКОВ

1991 жыл

Сурет - ғаламтордан