"МЕЙМАНАСЫ ТАСЫҒАН НЕ АТАҚ ІЗДЕЙДІ, НЕ ШАТАҚ ІЗДЕЙДІ": МҰЗАФАР ӘЛЕМІ

Уақыты: 13.08.2020
Оқылды: 1500
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Аты Арқаға әйгілі атырап, айдынды көл Маралдыдан мамырлап ұшқан қаз-үйректің қанатынан сусыған тамшының өзі жағаның жасыл құрағына күй шалқытып барып қонар ма дерсің. Қазақ сахарасының Сібірмен тұстасқан, Алтай өлкесімен астасқан тұсындағы қолтық ойпаттың базарына бейіл қойып, ажарына құмартқан ақын-жүрек арманы алысқа самғап кететініне, осы Маралдының айрықша тұмсалығы түрткі болғандай. Қозыкөш жердегі қырларында жидегі сыңсып, қол созым тұстағы шілігінде қарақаты мөлдіреген қайран аруақты мекен! Сөз бастаса дүмбілез дүниені дүрбімен шолғандай ділмарлықтың неше атадан жалғасқан сақи сорабында жортақтай жөнелер шешені, әуелете әнге басса, енжар ұшқан ата қаздай майда желіспен бастап, қатаң қайырып, ақырында жемтікке түскен қырандай шырқау биіктен саз сорғалатар әншілері, ой-хой, несін айтарсың, өнердің өрен төріндей болған бұл мекеннің ду-ду қызған думаны бекзат болмыстылардың шалқар шабытынан бір басылмақ емес. Барқыт белдің үстінде берекесі мен мерекесі шалқыған, адамының аңсары асқақ болса, табиғатының керімдігі көздің де, көңілдің де ырқын алар осынау медиеннің жанды-жансыз тіршілігіне ақын-жүрек ауық-ауық ауады да тұрады. Олай болмай қайтсін, туған жердің түйір тасын тұмарындай қастерлер қазақтың сөз тұшынған арда перзенті Маралдының ақ уыз толқынынан бесігінде-ақ өлең сүзіп өмірге келгендей еді ғой?

Әуелден Әлімбайдың Мұзафары туралы толғанып отырғанымызды Маралдының сұлулығын ежіктей бастағаннан-ақ ұғынған боларсыздар?! Бір кездері, тегеуріні тұғыр болар тасты қақ айырар қуатқа ие шағында, арындаған асау жылдардағы ақындығының басы мен жалғасын парақтап-тарақтап, ел есінде қалар эссе болсын деген тұсында «Өлеңге келер жолда» деп кеңқұлаш толғанған ақынды туған жерінің атын атай бастағанда-ақ білуге болар. Әдебиеттің әлеміне құныға бас қойған зейінді оқырман Маралды мен Мұзафарды егіз деп тұшынар.

Алапат сезім тасқынының астында қалғандай, атырабына деген аңсар мен сағынышқа бөккен шағында, Алатаудың шаттығы үшін құрылған шымылдықтай болған алып шаһарда жатқан ақын айрықша толғанып: «Құс баласы көлдерінің бетінен көрінбейтін Маралды. Жанында жайылған дуадағы тоқтыдай Маралды. Қынасының қызыл реңі қыз жүзіндей алаулаған Маралды. Құяңнан қажыған кәрі шалды көтемге жетсе, құлан-таза құтқартатын шипалы су Маралды. Топырағы тоң майдай томырылған, құнарлы қырларында астығы асқар таудай үйірілген Маралды», – деп өзінің есімімен егіздей болған кір жуып, кіндік кескен өлкесінің өрісін кең, өзегін терең, өркешін шыңдай етіп көрсеткені бар. Бұл да – Мұзафар мен Маралдының егіздігіне алтын айғақ!

Маңғаз жатқан Маралдының жағасында 1923 жылдың қоңыр күзінде дүниеге келген Мұзафар Әлімбаевтың жастық шағы, есею жылдары, толысу кезеңі кілең бір өнегелі ортада, таланттылардың жанында өткен. Ескіше оқыған, Уфадағы медресе «Ғалияны» бітірген, жәдидше мектепте дәріс берген Әлімбай әкей Мұзафарға ерекше ықыласпен қараған. Табиғатынан көп сөзге жоқ, ақиқатты кесіп айтар, айбынды әрі қаталдау әке сүт кенжесіне ерекше емірене қарап, алыс сапарларға шықса, қасынан тастамай ертіп жүретін болған. Белінен бекіген он екі перзенттің шетінен сау қалған үшеу, үшеудің ішіндегі «Ер Төстігіндей» еркесі осы бір тұлымы тұқыл болашақ ақын болса, көпті көрген дімкәс әке қалайша тәлімін тентегінен аяп қалар дейсің? Алайда шарапатқа толы әке сезімі болашақ қалам ұстар құлынының тізгін тартар тоғыз жасқа толған шағында кенет үзіліп кете барды. Мәңгілік сапарға жол алды. Ақынның жас жүрегі жетімдіктің сызын сезді.

Жарқын жүзді, тумысынан ақындық қабілеті бар Зейнеп анасы да Мұзафардың алаңсыз асыр салып өсуіне жол аша алмады. Ақ жаулығы желпілдеп, ақ дидары жарқырап үш ұлының амандығын тілеп жүрген тілеуқор кеуде де араға аз жылдар салып барып соғуын тоқтатты. Құдай қосқан қосағының артынан үш жетімекті үркердей шулатып Зейнеп те да бақиға бет түзеген. Сол тұста, ғазиз жүректі анасын қара жер құшағына қымтап тұрып:

Өкінемін ерте өмірдің өткеніне,
Көре алмай қызығымды кеткеніңе.
Өзгелер өз баласын еркелетсе,
Жетімдік сүйегіме жетпеді ме?!
– деп жырлаған Мұзафар еді ғой. Сондай дейміз-ау, он төртінші сарша тамыздың аптабына аңқасын кептірген кез екен. Бар-жоғы он төрт жастағы ақын осылай деп үн қатыпты.

Сонау 1937 жылдың жазында интернаттағы қарны аш, иіні жалаңаш болғанынан емес, жетімдіктен, ата-анаға деген сағынаштан сарғайып, алғаш рет қолына қалам алған. Сонда әдепкі балаң өлеңін осылай өрнектеген: «Жетімдік сүйегіме жетпеді ме?» деп тағдырдан сұрау алып, он жеті шумақ ғазал төккен. Алайда алғашқы ақық жырдан бізге жеткен жалқы қайырым осы ғана.

Тұрлаусыз тағдырдың кермегін татып өсіп, мұқым елдің мұзбалағына айналған шайырдың қиыр-шиыр жолының әр тұсына назар аударып, оны сөз етудің өзі артық шығар?! Дей тұрғанмен, ақынның алмас жырды қынабынан алғаш суырған сәтін айшықтап кетуді жөн деп тапқанымыз бар.

Қазақ әдебиетінің классигі, ғажайып ақын Мұзафар Әлімбаевтың отты жырлары ел жадында. Әр жүректің түпкірінде сақталған сол теңдессіз туындылар қазақ елімен бірге жасай берер мәңгілік мұра. Ұлы қазына.

Тумайды жұртын ақын жылатуға,
Туады жүректерді нұрлантуға.
Өлеңін орамал ғып өтеді олар
Көз жасын адамзаттың құрғатуға.

Айнымас ол – әділдік баласы да,
Қыңбайды күншілдердің табасына.
Жүрегін көпір етіп төсейді ақын:
«Жетсін, – деп, – жұртым бақыт жағасына!»

Шығандап шың басына шығады өнер,
Шын ақын екі туып, бір-ақ өлер.
Алдында әр заманның, әр ұрпақтың
Құламай тіккен туы тұра берер.

Мойнына ауыр да асыл салмақ салған шайыр өз сорабындағы талантының теңеуін, тағдырының тиянақталар тұсы мен алдағы ұлы міндетін осылайша алаулата-жалаулата жеткізген. Адамзаттың көз жасын құрғатар өлең-шарқаты қаншама жанардың тамшысына тиянақ болды десеңізші?! Жетімдіктің сызынан жүрегі шаншып, бозбола шағына ауық-ауық үңіліп, естеліктерін балауса кезеңнен тартып өрнектегенді жаны сүйер қаламгер «күншілдердің табасына қаңбай» жүріп, жүрегін бақыт жағасына бастар «көпір» етіп көпшілікке ұсынғанын да соңында қалған том-том кітап арқылы танимыз.

«Өлең – ақыл суаты мен сезім қуатының тоғысқан жері...» – деп, поэзияға айрықша анықтама берген Мұзафар мұзартына шығу үшін сол том-том кітаптарды парақтау ләзім.

Бұлбұл үнсіз,
Ғашық ділсіз,
Ақын жырсыз
Оңбас-ау.

Тарих сырсыз,
Халық тілсіз,
Батыр мұңсыз
Болмас-ау,
– деп тебіренген ақынның бүкіл мұрасынан інжу теріп, шайырдың болмысын, әдеби танымын, асқақтығы мен алапаттығын көрсетіп, шұрайлы шығармасын, ондағы ғажайып өрнектерін, ерекшелігін, қолтаңбасын, суреткерлігін айшықтау, тегінде оңай дүние еместігін білеміз. Шалқар шабытқа оранған шағында:

Ізімді тасқа да өшпес салып кетем,
Өмірде өз орнымды анық бекем,
Көзімнің тірісінде белгілеймін,
Әйтпесе, аққан жылдар тарих па екен?
! – деп жүрек-жанартауының ыстық ағысын болашақтағы өз тұғырына қарата бұрған Мұзафар Әлімбаев исі қазақтың маңдайына басқан ғажайып ақыны екені шүбәсіз.

Сұрапыл жылдар ызғырығы ашыққан қасқыр қаншығындай құтырып, Отанға жат табанның ізі түскенде қара ниетті фашизмнің ындынына оқ кептеу үшін майдан даласына ерікті түрде аттанған ақынның, Жеңіс туын желбіреткеннен кейін «Балдырған» журналына саналы ғұмырын арнап, балалар әдебиетінің өрісі кең болуға маңдай терін шүмектеткен біртуар қаламгердің ақық жырларына тебіренбеген жүрек қалмаған. Мөлдір мұхитына бас қойып, рухани сусын татпаған жан кемде-кем.

Тірлік пе тек ішіп-жеп терге төгу?
Абырой азаматқа: «Ел!» – деп өлу.
Пендеден адам болу қандай қиын,
Адамнан қандай оңай пенде болу?!
– деп пенделіктен адамдықты жоғары қойған ақын жүрегінен шым-шымдап шыққан шымыр шумақтардың тарих қойнында мәңгі қатталып қалды десек те, ақынның әдебиет жайлы, әлем алыптары туралы тебіреністі толғамдары, асыл ойлары көп насихатталмай жатқаны да шындық. «Поэзия дүниеде жоқ араның балындай, дәру-дәм» – деп толғанғанып, қазақ поэзиясында дара қолтаңбасын қалтырған ақынның сол бір ақық ой, асыл балама-байламдары болашақ қаламгерлерге жарқын жол ашатын темірқазық дүние.

Ең алдымен ақын пайымындағы адамгершілік, ұлы сезімдер, барды бағалай білу яки қанағатшылдық пен қырағылық сынды қасиеттер тұрғысындағы толғамды тізбектеріне мән берелік.

«Әке самайындағы ақты аңдамаған бала өз маңдайындағы бақты бағалай білмейді». Қаламгер 1972 жылдың 5 қыркүйегінде жазған күнделігінде осылай депті. Осы бір «айтасалды» сынды бірауыз сөздің астарында қаншама дүние жатыр? Замана желі ұйытқып, уақыт ұршығы зыр қағып, жарты ғасыр төңкеріліп түссе де, осы бір жалқы пікір ескірді ме? Маңызын жойды ма? Қараша үйлі қазақтың әр шаңырағында бар ма дерсің бұл сөздің кейіпкерлері. «Біреу өлгеннен кейін де ұстаздығынан жазбайды, біреудің тірі жүріп те шәкірт болу қолынан келмейді» – деген аталы сөзіне сол әке самайындағы ақты аңдамас, шәкірт болуға жарамастар мән берсе ғой. Сонда қырық жыл азық болар әке көкірегінің қазынасына дегдарлықпен ден қойып, өнеге алар, барды бағалар еді-ау деп те толғанасың.

Міне, осындай түйінді сөздерді мұра еткен Мұзафар толғамдарының кейбірі, тіпті, жүрек шымырлатса, кейбірі майдан қыл сурғандай көңіл көктемін нұрландырады. Қызық та, ащы да болса астарында ұлы шындық шынжырланып жатқаны да рас. Мәселен:

«Өлсе, өз моласынан өзге адресі жоқ қор пенделер бар».
    ***
«Мейманасы тасыған не атақ іздейді, не шатақ іздейді».
    ***
«Маймылдан батыр шықса да, ақын шықпас».
***
«Далбасалап мақтау да, дәлелсіз даттау да – екеуі де әдебиеттің егінжайындағы арам шөп».

Осылай тізбектеліп кете берер толғамдардың әр қайсысын айшықтап, оны талдауға да болар еді. Оған уақыт келте, сөз қысқа! Сонда да біреуін дәлелсіз дәлмарсуымыз болмасын деген себеппен айғақ етіп көрелік.

«Мейманасы тасыған не атақ іздейді, не шатақ іздейді» – осы сөздің кейіпкері кім? Елдің берекесін кетіріп, ұлтты ұлы жолдан тайдырғысы келіп жүргендерден мұнтаздай қоғам ба біздің кезең? Яки, ұлылардың соңына уын шашып, таланттыларды тұғырынан тайдыруға, жақсыны жаман, ақты қара еткісі келіп тыраштанатындардың адал жүріп, анық басқандармен шамалас екені де өтірік пе? Бейбіт күннің астында, берекелі жердің үстінде, думанмен дәуір кешкен солардың шатақ пен атақты көздеп отырғаны да көмекейінің бүлкілінен білініп қалады емес пе? Бұл тұрғыдан алғанда, ақын байламының әрбір тұсына бейілмен бас шұлғырымыз да хақ!

«Өлең тағына, өнер тағына рұқсатсыз-ақ отырар болар», – деп өзінің тұғырын өрден еншілеген қаламгердің әрбір саф толғамы, асыл ойы ұлт руханиятына қосылған қазына. Ақын қанша жерден адамгершілікті, мейірбандықты, махаббатты, туған жер мен өскен орта, болашақты жырлады, сол тұрғыда терең ой қозғады десек те, оның көп алаңдағаны әдебиет болғаны жасырын емес. Әдебиет ауасымен тыныстап, әдебиет суымен сусын қандырды. Оның келешегіне, болашақ қаламгерлердің кемел шығарма тудыруына өзіндік ой-толғамдарымен өсиет қалдырған бар дерсің.

Мәселен: «Бақталас байлар бірінен-бірі озбақ боп дәулет салыстырғанда, біреуі иттің отыз тісін түгел жұлғызып тастап, алтын салғызыпты. Жазғанына жалтылдақ сөзді, ерсі эпитеттерді үйіп-төгетін біреуді көрсем, иттің аузын алтындатқан сол даңғой байлар есіме түседі». Әжуа аралас ащы мысқылмен көмкеріліп айтылған бұл ескертпенің нарқына жетсе, әрбір қаламгер жүрекпен өрнек салып, жазбасын өшпестей зерлері аян.

Ал енді мына бір ескертпеге зер салайық: «Ешкімнен ұрлап алмаса да әрі өзінікі емес, өзінің төл сөзі деуге сыймайтын өлеңдер, бізде аз емес. Кімнен не оқығаныңды есіңе сақтай алмай дал ұрасың. Бұл менің зердемнің тозғандығы емес, зерлі сөз деп ұсынылған сөздің тозықтығы... Міне, пәле қайда? Қазір не көп, поэзияда вариация көп!» – ақын өлең мазмұндарының, сөз қолданысының ұқсастығына, стильдің айырғысыз қайталануына осылай ащы үн қатса да, бүгінде бұл жалпы әдебиетке қарата айтылған дүние сынды ма қалай? Туған жер түтінінің түзу ұшқанын суреттеу үшін не қотандағы қойдың өріске беттегенін, сол секілді қарабайыр суреттерді шығармаға енгізу үшін томарға сына қаққандай, өзге жазушы бедерлеп қойған баламаны өз шығармасына сыналай енгізіп жатқан жазушылар да жетерлік қой! Сондықтан бұл жалпы әдебиеттің егінжайына қарата сермелген сын-шалғы екені даусыз-ақ!

Хош, орыс классиктерінен тартып, әлем әдебиетінің маңдайы жарық тұлғаларын, ұлы қаламгерлерін тебіреніспен термелеп, асыл ойларын, әдебиеттегі жанкештіліктерін, жазу тәсілдерін, айла-шарғысына дейін зерттеп, соларды тамсана толғаған Мұзафар Әлімбаев аталы сөздің де, асыл ойдың да, ақық жырдың да бұлағын дариядай етіп ұлтына ұсынған ғажайып қаламгер! «Ой өртенгендей лапылдайды, бірақ ойдың өзі отқа салсаң да өртелмейді», – деп өзі айтқандай лапылдаған ойлардың ордалысын-қордалысын қазағына аманаттаған шайырдың әдебиетке зор үлес қосқанын осы бір толғаныспен ақынын сағынған елдің есіне тағы бір мәрте салдық деп білеміз.

Поэзия – ірлікті сүйкімді ету,
Мүмкін емес дейтінді мүмкін ету.
Мың жылғы өткен Қорқыттың  жанын емдеу.

Сусынды сіміріп сап, тағы шөлдеу,
Сүңгімай-ақ, тереңге бойлай жүру,
Жігіт шақта қарттарша толғай білу.
Тұңғиықтың түбінен бәрін көру,
Сығып-сығып жүректің нәрін беру
, – деп өзі жырлағандай, ұлы шығармашылық жолда жүрегінің нәрін сығып жалпақ жұртына мұра еткен, мен таныған Мұзафарым, міне, осындай. Тоқсан төрт жасына қараған шағында өмірін тиянақтап, мәңгілікке жол алған, жүректерде сағыныш сезімін тербеп кеткен ғажайып ақын шығармашылығынан там-тұмдап болса да осылай лағыл тердік. Үшбу ойдың, толғақты толғаныстың кеңқұлаш жалғасы алдағы уақыттың еншісінде. Біздің мұрат – Мұзафарын сағынған жұртпен шайыр мұрасынан шекіп-кертіп отырып сыбаға үзу, елмен бірге еске алу еді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан