"ЖЕТІСУ - ЖЕТІ ТАМЫР БОЙЫМДАҒЫ": СӘЛІМ ЖУСАНБАЕВТЫҢ ӨЛЕҢДЕРІ

Уақыты: 04.10.2020
Оқылды: 2470
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Абыз тау арқа сүйенер 

Алатау саған,
Арқамды сүйеп отырып, 
Бір сөйлеп көрсем деп едім. 
Бір ұқсаң тілін ақынның, 
Сен ұғарыңа сенемін. 

Алшы бір ащы терімді, 
Тентегің соны аңсап жүр. 
Тарқатар едім шерімді, 
Шекпеніңе орап алсаң бір.

Өзіңе сеніп келмесем,
Кім айдап келді бұл маңға. 
Жотама сүйеу сен болшы, 
Жоғалып кетпей тұрғанда.

Киелі мекен жыр қонған, 
Өзіңнен енді төрелік. 
Құлманбет салған қырдағы,
Соқпаққа түссем деп едім. 

Арқамды сүйеп несі мін, 
Сөйлейін деп ем шешіліп. 
Сүйінбай, Жамбыл шыққан бір
Төріңе шығып көсіліп.
 
Алып тау, саған мұң шағып, 
Жыраулар небір өтті дүр. 
Қырыңа келіп қисайып, 
Атаны жырдың шөкті мың. 

Құшағыңдай дарқан өте кең, 
Тыңдаса жұртым түгел ел. 
Айтарымды айтып кетер ем, 
Абыз тау арқа сүйенер.

Аттандыр

Аттандыршы Хан-Тауға,
Қара суықта ақпанда.
Бозала бұлттар аспанды,
Боз кілем жерді жапқанда.
Ысқырып тұрып қара аяз,
Ышқынып қарып соққанда.
Жатқанда кәрі қарт таулар,
Бүркеніп ұлпа ақ қарға.
Көк мұзбен көзін көк сулар,
Көрсетпей бүркеп қатқанда.
Айдынын тастап аққулар,
Жылы жер іздеп, тапқанда.
Қыранның есіп қанаты,
Қырларды сүзіп аққанда.
Қасқырдың ұлып тағаты,
Таусылған шақта ақпанда.
Шибұтта шырша, қайың, тал,
Шынымен сырға таққанда.
Көктемді аңсап арулар,
Көрпесін теуіп жатқанда.
Кернейден шұбап  көк түтін,
Қырдағы үй отын жаққанда.
Аманатымды ақ боран,
Аттандыр, алыс Ақ-тауға. 

Жерұйық Жетісу 

Әлемде сай келетін көркіне кіл,
Не деген көркем едің, шіркін, өңір?!
Жұмақтың шетін басқың келсе жаным,
Жетісу жер жанаты, шетіне кір.

Әулие  Хантәңірі қарлы шыңым,
Көк мұзбен жасырып тұр бар мүсінін.
Шарынның  шатқалдары тас қамалдай,
Жасырып тұрғандай-ақ мәңгі сырын.

Жаннатта жайбарақат жатса халық,
Іленің өзені өтер толқынданып.
Қырымға қыдырмай-ақ қал осында,
Құмына қуырып жеп, қақтап балық.

Төбеңде жымыңдаса шіркін жұлдыз,
Қарағай, қайың талы мүсінді қыз.
Қырынан қызыл алау гүл иіскеген,
Сүйкімді сұлу қызын, құшып жүрміз.

Көлсайым көрік беріп тұр өңірге,
Шын, жұмақ көрем десең жүр еліме.
Суында сылқым қыздың күлкісі жүр,
Шынымен, шоқ түсірер жүрегіңе.

Сапырып сар қымызын, бал-қаймағын,
Қарқара қасиетті кең жайлауым.
Аң, құсқа мекен болса тау қойнауы,
Төсінде текті жұртым жайған малын.

Азырақ құлағың сал бір сәт маған,
Қапшағай тұнық көлі сыр сақтаған.
Алатау бөктерінде көгерген соң,
Ақ басты, ақсақалға ұқсап барам.

Қыратын жасырынған қарағаймен,
Таппайсың іздесең де бар әлемнен.
Көк құрақ, көк майсада көз тоймайтын,
Ән салып шегіртке жүр, бал арамен.

Шынымен,  жұмақ едің не деген бір,
Көбелек қуып қырда немерем жүр.
Алакөл ай сәулесін сүйіп жатыр,
Жаратқаным, не деген шебер едің.

Қырыңа менде бір күн дамылдармын,
Қасиет сенен келген қанымдағы.
Ілияс, Мұқағали іңкәр болған,
Жетісу жеті тамыр бойымдағы.

Қадірін біл

Кейде жиі жалыққанда бос шудан,
Тауға қашып кеткім келіп тұрады.
Бізден гөрі бақытты ма қасқырлар,
Таудан тапқан тапжылмастан тұрағын.

Шу қалада айдыны жоқ аққулар,
Сызылса да сүйкімді емес сүреңсіз.
Барлығы да бақай есеп бақ қуған,
Ой қуғанмен ондайларға біреусіз.

Тек үмітпен көп сүзесің көшені,
Рухыңа іздеп азық қуатты.
Еститінің есі жоқтың өсегі,
Ашкөздердің арандары сияқты.

Өрт алаулап, өзек күйіп ішіңде,
Бауырларды сағынғанда ер көңіл.
Тек ауылды көріп жиі түсіңде,
Тірі өлік-боп оянасың әйтеуір.

Көктемімде гүл теруге баратын,
Қызыл-бұлақ, қызыр едің шіркін, шын.
Кетіп бара жатыр ма екен бала ақын,
Құшағына қысып қызды, сүйкімді.

Ойлайтындар бар да шығар жұмақ деп,
Тас қала мен тас көшенің тұрағын.
Көшкендерден бақыттысың бірақ сен,
Тау баласы табаныңда жұмағың.

Қаламына қайтадан жармасады

Ақтарғым кеп санамнан талай сырды,
Көз ілместен қарсы алдым қара түнді.
Қанша азапты қарсы алып аласұрдым,
Аяймын мен сондықтан бар ақынды.

Жүрегіне қайтадан салмақ салып,
Қалжырайды, құлайды шаршап барып.
Қайта көзін отырар тырнап ашып,
Көкжиектен қарсы алып, таң Шолпанын.

Қайта көзін отырар тырнап ашып,
Осылай-ды отты жан жырға ғашық.
Тудырады тынымсыз бір баласын,
Ақын жайлы, бұл жаным бір-ғана сыр.

Көкірегінде көп ойлар  орағытып,
Көзін жұмса көлбеңдеп барады ұшып.
Қалжыраған ақынның қалін ұққан,
Қайт-қайта үреді ала күшік.

Солай күндер түндермен жалғасады,
Қара жерді қайтадан қар басады.
Қара түнмен қайта ақын арбасады,
Қаламына қайтадан жармасады.

Қалмаған дейсің бұл кімнен
Төбеде тұрып төменді,
Күміс күн ғана сүйіп тұр.
Құдіретің жетпей демегін,
Құз жартас сен де биікпін.

Қара жерді құшып жатып-ақ,
Қара басыңды жерге ұрдың.
Құз жартас құлап қақырап,
Қабырғаң талай сөгілді.

Бойыңды жуып жаңбырға,
Тұрушы-ең кербез керіліп.
Қарсылық қылмай тағдырға,
Қара тас қалай берілдің?!

Төменде тұрған төбенің,
Тау қайдан сезсін бар мұңын.
Сүрінбей тұрып кім білген,
Сүрінген жұрттың тағдырын.

Шашылып жатқан шарасыз,
Шағыңды, көріп тұрмын мен.
Қу жалған қатал опасыз,
Қалмаған-дейсің бұл кімнен?!

Айтпайын десем тіл берді

Уралағанға ұран қосамыз,
Маймыл мінезге жақынбыз.
Шындықты көрсек, тұра қашамыз,
Атақ сүйетін батырмыз.

Өз ғұрпын, тілін кесір ғып,
Еліктеу жатқа несі үлгі.
Санасы тәні шешінген,
Безілдек кәнден өсірдік.

Көпке жақпайтын бұл шындық,
Аз тобыр ғана зарлайтын.
Баланы құлша өсірдік,
Қарынның қамын ойлайтын.

Кесек сөйлеуге қорқамыз,
Жағымпаз, жасық жалтақпыз.
Ұрпақ азса ол біздің арқамыз,
Баланы мақтаймыз, мал тапқыш.

Айтпайын десем тіл берді,
Көрмейін десем көз берді. 
Кім кетті және кім келді,
Заман да, адам өзгерді.

Дегенмен тегі бар жұртпыз,
Жұтылып кетпесек екен.
Рухы бірақ өлмеген ұлтпыз,
Құнарсыз тұқым екпесек екен.

Мұзбалақтар мекені

Біздер басқан қыр  жотаны біреулер.
Өңі түгіл түсінде де басқан жоқ.
Біздер көрген мұз құрсанған шыңдарды.
Өзен сүйген жылғаны,
Талай мықты  көрген жоқ.

Біздер терген,
Қырдың гүлін біреулер,
Өңі түгіл түсінде де терген жоқ.
Біздер киген түлкі тұмақ,
Қасқыр ішік біреулер,
Өңі түгіл түсінде де киген жоқ.

Тасты тескен тамшы судың,
Көрдің бе сен ашуын.
Тулап аққан тентек өзен,
Білесің бе басы кім?
Өзенге қармақ лақтырып,
Тірі балық ілдің бе?
Өзегің күйіп жылап тұрып,
Өзге үшін күйдің бе?

Қияны сүзген қыранға,
Қиқулап түлкі ілгізіп.
Тұяғы тимес тұлпарға,
Түсің де болсын, міндің бе?
Ұясынан шыққан күннің де,
Қайда екенін білдің бе?
Мұзбалақтар мекені,
Тауда екенін білдің бе?

Шыныменен

Омырауын қырқаның түлік емген,
Сені ойлаймын туған жер түніменен.
Ай-хой, шіркін, көзімді ашушы едім,
Сыңғырлаған бұлақтың үніменен.

Тау мен тасқа соғылып асау өзен,
Серпілткенде санамды балқып денем.
Күмбірлеген күй еніп тұла бойға,
Жиырмадағы жігіттей шалқып келем.

Қарағай мен қайың тал сыбырласып,
Тіс жармайтын пендеге сырыңды ашып.
Бозбала мен бойжеткен бой тасалап,
Мауқын басып қайтатын ұрын ғашық.

Қарақаттай қыз біткен қызыл ерін,
Құшағында тұншығып шын сүйгеннің.
Шырын сорған арадай шыр айналар,
Дәмі кетпей аузынан бүлдіргеннің.

Қызыл гүл де сезгендей үзілерін,
Жаулап алып жататын қыз жүрегін.
Құстың үні құлаққа қоңыраудай,
Күмбірімен енетін бір білерім.

Ай сәулесі шашырап түніменен,
Төбемізден төнетін күлімдеумен.
Жұлдыз біткен жымыңдап ғашықтардай,
Өліп-өшіп тұратын шыныменен.

Сәлім ЖУСАНБАЕВ

Талғар ауданы

Алматы облысы